Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 04 ақпандағы №54 Қаулысы

«Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандартын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

«Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер туралы» 2013 жылғы 15 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 3) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қоса беріліп отырған «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарты бекітілсін.

2. Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

1) «Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларын бекіту туралы»Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 наурыздағы № 361 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 37, 508-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу қағидаларында:

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Қазақстан Республикасынан тұрақты тұрғылықты жерге кету ішкі істер органдары шығуға арналған құжаттарды ресімдегеннен кейін жүзеге асырылады.»;

7-тармақта:

бірінші абзац мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету үшiн Қазақстан Республикасы азаматтарының өздерi немесе олардың заңды өкiлдерi тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдарына мынадай құжаттарды ұсынады:»;

мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

«7) бюджетке мемлекеттiк баждың төленгенiн растайтын құжаттың көшiрмесi.

Кету жөнінде өтініш білдірген адамның өтініші бойынша осы тармақтың      3) және 6) тармақшаларында көрсетілген адамдарда Қазақстан Республикасының аумағында тіркеудің жоқ екені туралы ақпарат «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер қоры мәліметтерінің негізінде ұсынылады.»;

8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«8 Өтініш берушінің тұрақты тұрғылықты жері бойынша ішкі істер органдары Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарда Қазақстан Республикасының шегінен тыс кетуіне бас тарту үшін негiздердiң жоқ екендігіне тексеру жүргiзедi.

Мүдделi мемлекеттiк органдар Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кету туралы өтiнiш бiлдiрген азаматтарға қатысты ішкі істер органдарының сұрау салуларын мемлекеттік органдарға сұрау салу түскен сәттен бастап күнтізбелік он күн ішінде қарайды.»;

9-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кететін Қазақстан Республикасының азаматтарына олардың жасына қарамастан, Қазақстан Республикасы азаматының паспорты ресімделеді. Олардың жеке куәліктері Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеген ішкі істер органына тапсырылады.»;

10-тармақтың тоғызыншы бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелері құжаттар қоса берілген өтінішті Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге арналған құжаттарды ресімдеу үшін өтініш берушінің Қазақстан Республикасындағы соңғы тіркелген жері бойынша уәкілетті органға жібереді. Ішкі істер органы келіп түскен құжаттарды қарайды және өтініш берген сәтте Қазақстан Республикасының аумағында өтініш берушінің тұрақты тіркеуінің болуына қарамастан, Қазақстан Республикасының шегінен тыс тұрақты тұрғылықты жерге кетуге рұқсатты ресімдеу туралы шешім қабылдайды.»;

2) «Көшіп келушілердің Қазақстан Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларын және Көші-қон бақылауын жүзеге асыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасынан заңсыз өтетін, Қазақстан Республикасының аумағында заңсыз болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдарды, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағына келуге тыйым салынған адамдарды есепке алу қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы        21 қаңтардағы № 148 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 29, 388-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Көшіп келушілердің Қазақстан   Республикасына келуінің және онда болуының, сондай-ақ олардың Қазақстан Республикасынан кетуінің қағидаларында:

14-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«14. Бизнес-көшіп келушілер Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген міндеттерді орындамаған жағдайда, ішкі істер органдары жергілікті атқарушы органдардың өтініш хаты негізінде бизнес-көшіп келушілердің болу мерзімін қысқарту туралы шешім қабылдайды.»;

3) «Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларын бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдеріне өзгерістер енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 1 желтоқсандағы № 1427 қаулысында (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 5, 93-құжат):

көрсетілген қаулымен бекітілген Ішкі көшіп-қонушыларды тіркеу қағидаларында:

2-тармақтың 2) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:

«2) уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – ішкі көшіп-қонушыларды тұрғылықты жері бойынша есепке алуды және тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;».

3. Мыналардың:

1) «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 199 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2011 ж., № 22, 278-құжат);

2) «Қазақстан Республикасынан тыс жерлерге тұрақты тұруға шығу үшін құжаттар ресімдеу» мемлекеттік қызмет стандартын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 28 ақпандағы № 199 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 21 қаңтардағы № 21 қаулысының (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2013 ж., № 1, 207-құжат) күші жойылды деп танылсын

4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі                                                       С. Ахметов

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу