Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 07 сәуірдегі №182 Қаулысы

Халықты мемлекеттік медициналық қамтамасыз етудің кейбір мәселелері туралы

«Әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету жөніндегі шаралар туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2020 жылғы 16 наурыздағы № 286 Жарлығы 1-тармағының 2) тармақшасына және  2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 қазандағы №1729 қаулысымен бекітілген Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарды, фармацевтикалық көрсетілетін қызметтерді сатып алуды ұйымдастыру және өткізу қағидаларының 19-тарауын қолдану кезінде 13-тармақтың, 20-тармақтың 4), 10) тармақшаларының, 21-тармақтың 5) тармақшасының қолданылуы Қазақстан Республикасында төтенше жағдай қолданылатын кезеңге тоқтатыла тұрсын.

2. «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы № 915 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2017 ж., № 68-69-70, 426-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының күтпеген шығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидаларында:

2-тармақта:

5) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:

«5) күтпеген шығыстар – жабу кезеңінде Қазақстан Республикасындағы төтенше жағдай кезеңінде және (немесе) әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарын жойғаннан кейін халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде медициналық көмек көрсету жөніндегі шығыстар мен іс-шаралардың ақысын төлеуге жұмсалатын, кенеттен туындауына байланысты тиісті қаржы жылына арналған шығыстарды қалыптастыру кезінде жоспарлау мүмкін болмаған және тиісті қаржы жылында дереу қаржыландыруды талап ететін шығыстар;»;

мынадай мазмұндағы 7) тармақшамен толықтырылсын:

«7) бірыңғай дистрибьютор – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» 2009 жылғы 18 қыркүйектегі Қазақстан Республикасы Кодексінің 77-бабына сәйкес қызметті жүзеге асыратын заңды тұлға.»;

3-тараудың тақырыбы мынадай редакцияда жазылсын:

«3-тарау. Қордың резервін әлеуметтік, табиғи және техногендік  сипаттағы төтенше жағдайлар кезінде пайдалану»;

6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«6. Денсаулық сақтау субъектілері әлеуметтік, табиғи және техногендік  сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған күннен бастап 10 жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша халықтың медициналық көрсетілетін қызметтерге қажеттілігінің өсуіне байланысты медициналық көрсетілетін қызметтердің қосымша көлемдеріне ақы төлеуге өтінім
(бұдан әрі – өтінім) қалыптастырады және оны облыстардың, республикалық маңызы бар қала мен астананың жергілікті атқарушы органдарына келісуге жібереді. Өтінімге міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің түрлері мен көлемдері бойынша қажеттілік сомасының есеп-қисабы қоса беріледі.»;

8-тармақ  мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Денсаулық сақтау субъектілері облыстардың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органдарымен келіскеннен кейін, бірақ әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдай тоқтатылған күннен бастап бір ай мерзімнен кешіктірмей өтінімді қорға жібереді.»;

9-тармақтың екінші бөлігінің төртінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:

«медициналық көмектің өтінім берілетін түрлері мен көлемдерінің әлеуметтік, табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдаймен себептік байланысының негіздемесі;»;

мынадай мазмұндағы 4-тараумен толықтырылсын:

«4-тарау. Резервті төтенше жағдай кезеңінде пайдалану

11. Денсаулық сақтау субъектілері уәкілетті орган айқындайтын тізбеге сәйкес төтенше жағдай кезеңінде 2 жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша эпидемияға қарсы іс-шараларға және халыққа медициналық көмек көрсетуге бағытталған дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, диагностикалық тестілер мен оларға шығыс материалдарының құнын төлеуге арналған өтінімді (бұдан әрі – өтінім) қалыптастырады және оны облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдарына келісуге жібереді.

12. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар мен астананың жергілікті атқарушы органдары өтінім келіп түскен күннен бастап оны 2 жұмыс күні ішінде келіседі және осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша әкімшілік-аумақтық бірлік бойынша жиынтық өтінімді Бірыңғай дистрибьюторға жібереді.

13. Бірыңғай дистрибьютор облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың жергілікті атқарушы органдарынан өтінімдер  келіп түскен күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жиынтық өтінімді қалыптастырып, эпидемияға қарсы іс-шараларға және халыққа медициналық көмек көрсетуге бағытталған дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, диагностикалық тестілер мен оларға шығыс материалдарының құнын төлеу шартын жасасу үшін оны қорға жібереді.

14. Қор осы Қағидалардың 13-тармағында көрсетілген жиынтық өтінім ұсынылған күннен бастап 2 жұмыс күні ішінде Бірыңғай дистрибьютормен эпидемияға қарсы іс-шараларға және халыққа медициналық көмек көрсетуге бағытталған дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың, диагностикалық тестілер мен оларға шығыс материалдарының құнын төлеу шартын жасасады.»;

көрсетілген Қағидаларға қосымшада жоғарғы оң жақ бұрышы мынадай редакцияда жазылсын:

«Әлеуметтік медициналықсақтандыру қорының күтпегеншығыстарды жабуға арналған резервін қалыптастыру және пайдалану қағидаларына 1-қосымша»;

осы қаулыға қосымшаларға сәйкес 2 және 3-қосымшалармен толықтырылсын.

2. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігіне жүктелсін.

3. Осы қаулы 2020 жылғы 1 сәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

Қазақстан Республикасының   Премьер-Министрі                                                                А. Мамин

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу