Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2021 жылғы 24 тамыздағы №575 Қаулысы

«Әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға зейнетақы төлемдерiн тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1500 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға зейнетақы төлемдерiн тағайындау және жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 31 желтоқсандағы №1500 қаулысына мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Әскери қызметшiлерге, арнаулы мемлекеттік және құқық қорғау органдарының, мемлекеттік фельдъегерлік қызмет қызметкерлеріне, сондай-ақ арнаулы атақтар, сыныптық шендер алу және нысанды киiм киiп жүру құқықтары 2012 жылғы 1 қаңтардан бастап жойылған адамдарға зейнетақы төлемдерiн тағайындау және жүзеге асыру қағидаларында:

7-тармақ мынадай мазмұндағы үшінші бөлікпен толықтырылсын:

«Еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін алушы бұрын еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерін тағайындау үшін ұсынылған құжаттарды толықтыратын еңбек өтілі туралы құжаттарды ұсынған кезде еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшерін өзгертуді жүргізілген арттырулар ескеріле отырып, зейнетақы мөлшерін қайта қарау туралы өтінішті берген күннен бастап уәкілетті мемлекеттік орган жүргізеді.»;

8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«8. Бөлімше осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттарды қабылдай отырып және осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес айқындалатын тізбеге сәйкес құжаттарды талап ете отырып, оларды келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні ішінде тиісті уәкілетті мемлекеттік органдарға қағазда немесе электрондық форматта жолдайды.»;

11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

«11. Уәкілетті мемлекеттік органдар Мемлекеттік корпорацияның филиалдарына осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес 1-ИУ, 1-ВС нысандары бойынша зейнетақы төлемдерін жүзеге асыруға арналған үзінділерді (оның ішінде 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдеріне құқығын тіркеген адамдар бойынша) бір данада қағазда немесе электрондық түрде береді, үзінділерді қағазда жолдайтын жағдайда осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес 1-В/Л нысаны бойынша хабарламаны қоса беріледі.

12. Заңда көзделген жыл сайынғы арттыруға, айлық есептік көрсеткіштің, ең төменгі күнкөріс деңгейінің өзгеруіне байланысты зейнетақы төлемдерінің мөлшері өзгерген жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар осы Қағидаларға 4 және 5-қосымшаларға сәйкес 1-BC-арттыру, 1-BC/1-арттыру нысандары бойынша қағазда немесе электрондық форматта зейнетақы төлемдерінің жаңа мөлшері туралы үзінділерді дайындайды және Мемлекеттік корпорацияның филиалдарына бір данада жолдайды, ол осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес 1-В/Л нысаны бойынша хабарламаны қоса береді.

Қызмет өтілінің, ақшалай қамтылым мөлшерінің өзгеруіне байланысты еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің мөлшері өзгерген жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар осы Қағидаларға 2 және 3-қосымшаларға сәйкес 1-ИУ, 1-BC нысандары бойынша қағазда немесе электрондық форматта еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдерінің жаңа мөлшері туралы үзінділерді дайындайды, осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес 1-В/Л нысаны бойынша хабарламаны қоса береді.

Мүгедектік белгіленген жағдайда уәкілетті мемлекеттік органдар осы Қағидалардың 7-тармағының 6) тармақшасында көзделген құжаттарды ұсынған кезде мүгедектік белгіленген күннен бастап осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес 1-BC нысаны бойынша қағазда немесе электрондық форматта үзінділерді дайындайды және осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес 1-В/Л нысаны бойынша хабарламаны қоса бере отырып, Мемлекеттік корпорацияның филиалдарына бір данада жолдайды.

Алушының тегі, аты немесе әкесінің аты (бар болса), банктік шотының нөмірі, туған күні, тұрғылықты жері өзгерген жағдайда алушы бөлімшеге тиісті өзгерістерді растайтын құжаттармен бірге осы Қағидаларға
6-1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша осы өзгерістер туралы өтініш береді.

Жаңа деректемелері бар үзіндіні уәкілетті мемлекеттік орган Мемлекеттік корпорацияның филиалдарына жолдайды.»;

28-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«28. Алушыны төлемнен алуды Мемлекеттік корпорацияның филиалы осы Қағидаларға 9 және 10-қосымшаларға сәйкес 1-Б/ВС, 1-Б/ВС/2 нысандары бойынша қағазда немесе электрондық форматта уәкілетті мемлекеттік орган не оның бөлімшесі ұсынатын хабарламалар негізінде жүргізеді, ол туралы ОДҚ-да тиісті белгі жасалады.»;

32-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:

«Уәкілетті мемлекеттік орган осы Қағидаларға 9 және 10-қосымшаларға сәйкес 1-Б/ВС, 1-Б/ВС/2 нысандары бойынша қағазда немесе электрондық форматта хабарламаларды, қайтыс болған адамдарды жерлеуге арналған біржолғы төлемдерді (өтемақыны) және олардың отбасыларына берілетін біржолғы жәрдемақыларды төлеуге өтінімдерді Мемлекеттік корпорацияның филиалына жолдайды.»;

көрсетілген Қағидаларға 1-қосымша осы қаулыға 1-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

көрсетілген Қағидаларға 3-қосымша осы қаулыға 2-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын;

осы қаулыға 3-қосымшаға сәйкес көрсетілген Қағидаларға 6-1-қосымшамен толықтырылсын;

көрсетілген Қағидаларға 9-қосымша осы қаулыға 4-қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының  Премьер-Министрі А. Мамин

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу