Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2024 жылғы 26 сәуірдегі №336 қаулысы

«Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 мамырдағы №302 қаулысына өзгерістер енгізу және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы

 

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

1. «Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 24 мамырдағы №302 қаулысына мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Алматы агломерациясын аумақтық дамытудың өңіраралық схемасында:

«2. Қоныстандыру, өңірлік және өңіраралық маңызы бар өндіргіш күштерді, көліктік, инженерлік, әлеуметтік және рекреациялық инфрақұрылымдарды орналастыру жүйесін кешенді дамыту шаралары» деген бөлімнің «Өндіргіш күштерді кешенді орналастыру шаралары» деген тарауының «Инновациялық технологиялар паркі» АЭА» параграфының жиырмасыншы және жиырма бірінші бөліктері мынадай редакцияда жазылсын:

 «Сондай-ақ:

дайын ғимараттар мен өнеркәсіптік бағыттағы құрылыстар базасында;

инженерлік коммуникацияларды жүргізе отырып, өнеркәсіптік бағыттағы дайын тез салынатын ғимараттар салу жолымен;

жалға алу шартымен шағын өндірістік кәсіпорындар орналасатын коммуналдық меншіктегі немесе заңды тұлғалардың (мемлекеттік мекемелердің, кәсіпорындардың) жедел басқаруындағы жұмыс істеп тұрған мүліктік кешендерді, ғимараттарды, үй-жайлар мен құрылыстарды пайдалана отырып,
20-дан 60-қа дейін ғимарат (әрқайсысы 100 немесе 200 ш.м) орналастырылатын аудан алаңы 1-2 га шағын индустриялық аймақтар құруды («Арна», «Боралдай», «Қазыбек бек» индустриялық аймақтары аумағында немесе аймақтардан тыс жерлерде) қарастыру керек.

Шағын индустриялық аймақтарды құру шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін өндірістік үй-жайларды алу мүмкіндігін беру арқылы экономика салаларының дамуына ықпал ететін болады. Осылайша, Алматы агломерациясын дамыту шеңберінде өңдеу өнеркәсібінде бәсекеге қабілетті кәсіпорындар құру және жұмыс орындарының санын ұлғайту үшін жағдайлар жасалатын болады.».

2. Осы қаулыға қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп танылсын.

3. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

 

 

Қазақстан Республикасының

Премьер-Министрі                                                             О. Бектенов

 

Қосымша

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу