Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы №18 Қаулысы

«Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1126 қаулысына өзгерістер енгізу туралы

Қазақстан Республикасының Үкіметі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

  1. «Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 30 желтоқсандағы № 1126 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2015 ж., № 75-76, 569-құжат) мынадай өзгерістер енгізілсін:

көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидаларында:

кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

«Осы Мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) 1995 жылғы 30 тамыздағы Қазақстан Республикасының Конституциясына, 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне (ерекше бөлім), «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» 2015 жылғы 23 қарашадағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді және мемлекеттік қызметшілердің мүлкін сенімгерлік басқаруға беру тәртібін айқындайды.»;

5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«5. Мемлекеттiк қызметшi лауазымға кiрiскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде осы адамға заңды түрде тиесілі ақшаны, сондай-ақ мүліктік жалдауға берілген мүлікті қоспағанда, өз меншігіндегі, коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы үлестерді, акцияларды (акцияны) және пайдаланылуы кірістер алуға әкелетін өзге де мүлікті мемлекеттік қызметтi атқару уақытында сенімгерлік басқаруға береді.»;

7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

«7. Тараптардың біреуі мүлікті сенімгерлік басқару шартын бұзған жағдайда, мемлекеттік қызметші бұл туралы жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметін (кадр қызметін)  күнтізбелік отыз күн ішінде хабардар етеді, ал сенімгерлік басқаруға беруге жататын мүлік шарт бұзылғаннан кейін  күнтізбелік отыз күн ішінде осы Қағидаларда белгіленген тәртіппен шарттың нотариат куәландырған көшірмесін жұмыс орнындағы персоналды басқару қызметіне (кадр қызметіне) бере отырып, қайтадан сенімгерлік басқаруға беріледі.».

  1. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

 

Қазақстан Республикасының   Премьер-Министрі                                                                А. Мамин

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу