Emblem
Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
ресми ақпараттық ресурсы
Menu
Emblem
Close button

Депутаттық сауалдар

Дүйсенбі, 23 Қараша 2020, 14:21:14

20 қыркүйекте ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Д. Әділбеков, Е. Сұлтанов, С. Алдашев, Б. Қаниев, А. Құртаев, Е. Мамытбеков, С. Лұқпанов, Л. Рысбекова шағын және орта бизнесті дамытудың проблемалық мәселелеріне қатысты депутаттық сауал жолдады.

Премьер-Министр — Асқар Мамин
 

ШОБ үшін екінші деңгейдегі банктер кредиттерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуге, мемлекеттік қолдау шараларын іске асыру үшін мемлекеттік қаржы секторын құруға бағытталған сындарлы шараларды әзірлеуге қатысты

Кәсіпкерлік субъектілерінің жеңілдікті қаржыландыруға қолжетімділігі кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары шеңберінде екінші деңгейдегі банктердің кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау және кепілдік беру құралдары есебінен қамтамасыз етіледі. Жыл сайын осы мақсаттарға мемлекет қомақты қаражат бөледі, «Даму» қоры мемлекеттік қолдау шараларын іске асыруды және бюджет қаражатының игерілуін бақылауды жүзеге асыратын мемлекет пенбизнес арасындағы байланыстырушы буын болып табылады.

ШОБ-ты нашар кредиттеу себептерінің бірі банктерде бизнесті кредиттеуге бағыттай алатын ұзақ және арзан қаражаттың жетіспеушілігі болып отыр. Осыған байланысты «Даму» қоры бюджет қаражатын банктер мен МҚҰ-ға шарттыорналастыруды жүзеге асырады.

Тәжірибе көрсеткендей, бұл құрал мемлекетке кредит беру нарығындағы өтімділік тапшылығына тікелей әсер етуге, банктерге кредит беру объектілерін өңірлік және салалық бөлуге (инвестициялар немесе айналым капиталы) қатысты шарттар белгілеуге және соңғы қарыз алушыға жеңілдікті сыйақы мөлшерлемесін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Жалпы бұл ШОБ кредиттері бойынша пайыздық мөлшерлемелердің деңгейін төмендетуде маңызды рөл атқарды.

Сонымен қатар қазіргі уақытта бизнестің микрокредиттеуге қажеттілігін ескере отырып, шағын және орта бизнесті кредиттеуде МҚҰ мен лизингтік компанияларды жандандыру мәселесі қаралып жатыр.

Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі жаңа бастама ретінде осы жылдың шілде айында микро және шағын кәсіпкерлік субъектілеріне микрокредит беру іске қосылды. Айналым қаражатын толықтыруға және инвестициялық мақсаттарға арналған кредиттер де 85 % мемлекеттік кепілдік бере отырып, жылдық 6% мөлшерлеме бойынша қолжетімді. Кредиттер бойынша шағын сомаларды, сондай-ақ кредиттер берудің оңайлатылған тетігін ескере отырып, кәсіпкерлерді қаржыландырумен барынша қамтамасыз ету жоспарланған.

Ағымдағы жағдайда Үкімет Ұлттық Банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен бірлесіп, ШОБ кредиттеуді ұлғайту бойынша қажетті ынталандыру шараларын қабылдап жатыр.

ШОБ-қа кредит беру жөніндегі мемлекеттік қаржы орталығын құру нарықтық қатынастардың негізгі қағидаттарын және экономикадағы қаражаттың нақты құнын бұрмалай отырып, нарықтағы бәсекелестік деңгейіне теріс әсер ететіндігін атап өту қажет. Бұдан басқа бұл тәуекелдердің шоғырлануын болжайды және нарықты «арзан ақшамен» қамтамасыз ете отырып, оны қаржылық қамтамасыз етудің тұрақтылығы үшін бюджет қаражатын тұрақты бөлуді талап етеді.

 

Ұйымдастырушылар мен қатысушылардың сөз байласуына жол бермейтін мемлекеттік сатып алу тетігін пысықтауға, сондай-ақ мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзғаны және бюджет қаражатын жұмсағаны үшін лауазымды адамдардың жауапкершілігін күшейтуге қатысты

Қазіргі уақытта «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік сатып алу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) Парламент Мәжілісінің қарауында. Заң жобасының нормалары рәсімдерді оңайлату және артық реттеуді жою нәтижесінде мемлекеттік сатып алуды өткізудің тиімділігін арттыруға бағытталған.

Осыған орай заң жобасында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асырудың жаңа тәсілдері – рейтингтік-балдық шкала пайдаланылатын конкурс, негіздемелік келісімдер пайдаланылатын конкурс және электрондық дүкен енгізіледі.

Осылайша, мемлекеттік сатып алудың электрондық жүйесін кеңінен интеграциялау арқылы веб-портал әлеуетті өнім берушілерге автоматты түрде тиісті рейтинг беріп, жеңімпазды анықтайды деп болжанады.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін жеңілдету үшін сатып алудың жаңа тәсілі – «негіздемелік келісімдер пайдаланылатын конкурс» қолданылатын болады, ол сатып алу мерзімдерін 3-5 жұмыс күніне дейін айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік береді.

Негіздемелік келісімдер типтелген, жиі сатып алынатын тауарларды, жұмыстарды, көрсетілетін қызметтерді (электр энергиясын төлеу, кеңсе тауарлары, бензин және т.б.) орталықтандырылған сатып алу кезінде пайдаланылатын болады.

Электрондық дүкен арқылы сатып алудың жаңа бәсекелестік әдісін енгізу арқылы бір көзден сатып алу үлесі айтарлықтай төмендейді. Осы тәсілді пайдалану мүмкін болмаған жағдайда ғана (интернетке қолжетімділік жоқ, жеткізу мүмкін еместігі және т.б.) бір көзден сатып алу жүзеге асырылатын болады.

Мемлекеттік сатып алу рәсімдерін бұзғаны үшін лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін күшейту бөлігінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасын бұзғаны үшін әкімшілік жауапкершілік «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 207-бабымен регламенттелгенін атап өтеміз.

Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының 16-тармағын орындау үшін жыл соңына дейін Парламент Мәжілісінің қарауына енгізілетін «Квазимемлекеттік сектордың жекелеген субъектілерінің сатып алуы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасыәзірленіп, Президент Әкімшілігіне келісуге жіберілді.

 

Салық заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтыруларды пысықтауға, заңға тәуелді актілердің санын азайту мүмкіндігін қарауға, салық есептілігін қысқартуға және жеңілдетуге қатысты

Салық есептілігін оңтайландыру жөніндегі жұмыс Қазақстан Республикасының салық заңнамасының өзгеруіне қарай кезең-кезеңімен жүргізіледі. Осылайша салық төлеушілер ұсынатын салық есептілігі нысандарының саны 2008 жылғы 70-тен 2019 жылы 37-ге дейін қысқарды.

«Салық төлеушінің кабинеті» веб-қосымшасының реинжинирингі шеңберінде толтыру қателерін толық жойғаннан кейін салық есептемесінің нысаны жүйесінің жіберуімен форматтық-логикалық бақылау енгізілді (нысандардағы қорытынды жолдарды есептеу салық төлеушінің қолмен енгізуінсіз автоматты режимде жүзеге асырылады).

Сондай-ақ салық төлеушілердің есепке алу жүйелері базасында салық есептілігін қалыптастыруға және оларды Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелеріне тікелей жіберуге мүмкіндік беретін арнайы қосымшалар әзірленді және қолданылады. Ағымдағы жылы бірқатар салық төлеушілер аталған тәртіппен оңайлатылған декларация тапсырады.

Салық заңнамасына сәйкес салықтық есепке алу салық міндеттемесін орындаудың толықтығы мен дұрыстығын қамтамасыз етуге бағытталған. Бұл ретте патент немесе оңайлатылған декларация (бұдан әрі – АСР) негізінде арнаулы салық режимдерін қолданатын жеке кәсіпкерлер үшін салықтық есепке алу басқа салық төлеушілермен салыстырғанда айтарлықтай оңайлатылған. Аталған салық төлеушілер үшін АСР қолданған кезде салық салу объектісі шығыстар есепке алынбайтын табыс (кірістер тізбесі айқындалған) болып табылады. Бұл ретте жоғарыда көрсетілген салық салу режимдерін қолданатын және ҚҚС төлеушілер болып табылмайтын жеке кәсіпкерлер «Бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормаларына сәйкес бухгалтерлік есеп жүргізуді және қаржылық есептілік жасауды жүзеге асырмауға құқылы.

Жеке кәсіпкерлер үшін салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелердің орындалуын оңайлату мақсатында салық салу тәртібін айтарлықтай жеңілдете отырып, салық төлеушілердің осы санаты үшін салық режимін енгізу бойынша ұсыныстар пысықталуда.

Бұдан басқа, ағымдағы жылы жеке кәсіпкерлер үшін арнайы салық режимін цифрландыру және оңтайландыру мақсатында «E-Salyq-business» мобильді қосымшасын әзірлеу мәселесі қаралатын болады (Ресей Федерациясы Федералдық салық қызметінің «Менің салығым» қосымшасы мысалында).

Қазіргі уақытта әлеуметтік салықты, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды және жұмыс берушінің міндетті зейнетақы жарналарын қамтитын біріктірілген әлеуметтік төлемді енгізу мәселесі пысықталуда. Осылайша ұсынылған біріктірілген әлеуметтік төлемді енгізу әлеуметтік салықты және жалақы қорынан төлемдерді есептеуді айтарлықтай жеңілдетеді, өйткені салық салынатын бірыңғай база белгіленетін болады.

 

Жер заңнамасын жетілдіруге қатысты

Ауыл шаруашылығы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі және Әділет министрліктері «жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесін (бұдан әрі – ЖМБМК АЖ) құру бойынша жұмыс жүргізуде, ол бойынша жауапты орындаушы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы КеАҚ болып табылады.

ЖМБМК АЖ-да картографиялық ақпаратты және кеңістіктік деректерді жүргізу және басқару, «Электрондық үкімет» порталында жариялау үшін жер учаскелерін, ғимараттарды, құрылыстар мен ғимараттарды және ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді орналастыру бойынша кеңістіктік деректерді ұсыну, мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінде деректерді пайдалану, нарыққа қатысушылар үшін коммерциялық қызметтерді көрсету, Қазақстан Республикасының аумағында жылжымайтын мүлікпен жасалатын операциялар мен мәмілелердің ашықтығын қамтамасыз ету, электрондық түрде жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттарды жүргізу және басқару, жылжымайтын мүлікке жобалық және техникалық құжаттарды электрондық түрде жүргізу және басқару қарастырылған.

Сондай-ақ ЖМБМК АЖ қолданыстағы инфрақұрылымға қосылу мүмкіндігімен бір мезгілде жер учаскелерін берудің жаңа тәртібін көздейді (СЖТ және техникалық шарттар алу).

Қазіргі уақытта тиісті Заң жобасы әзірленді, ол жер учаскелерін тікелей беру және сауда-саттықты, оның ішінде электрондық түрде өткізу арқылы берудің жаңа тәртібін көздейді.

Жер берудің тікелей тетігі жергілікті атқарушы органдардың геопорталдарында ЖМБМК АЖ ақпараттық жүйесінің (бос жер учаскелері) «жария картасында» жер учаскесін таңдау арқылы іске асырылатын болады.

Қазіргі уақытта Заң жобасы Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігіне келісуге жолданды. Үкімет ШОБ секторындағы жағдайды бақылап, бизнестен түсетін ұсыныстарды мұқият зерделейді. Қажет болған жағдайда қолдау мен ынталандырудың қосымша шаралары іске асырылатын болады.

 


Сейсенбі, 03 Қараша 2020, 19:35:18

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаев, А. Күрішбаев, Д. Мусин, Ә. Нұралиев, М. Жұмағазиев, О. Булавкина, С. Дүйсембинов, Ғ. Дүйсембаевтың 2020 жылғы 8 қазандағы №16-13-227 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің «Ауыл – Ел бесігі» жобасына қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. 

Ауылдық елді мекендердің (бұдан әрі – АЕМ) өңірлік стандарттар жүйесіне сәйкестігін айқындайтын кешенді зерттеу жүргізу туралы 

Ауылдық аумақтарды дамыту, оның ішінде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын (бұдан әрі – Жоба) іске асыру мәселелері Өңірлерді дамытудың 2020 – 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) көзделген. 

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардың ұсыныстарын ескере отырып, елді мекендер үшін объектілермен және көрсетілетін қызметтермен (әлеуметтік, инженерлік желілер және басқалар) қамтамасыз етудің нақты көрсеткіштерін қамтитын өңірлік стандарттар жүйесі әзірленді. 

Аталған өңірлік стандарттар жүйесі Мемлекеттік бағдарламада көзделген. 

2019 жылғы сәуірде Елді аумақтық-кеңістікте дамытудың 2030 жылға дейінгі болжамды схемасын (бұдан әрі – Болжамды схема) әзірлеуді сараптамалық-талдамалық сүйемелдеу шеңберінде, оның ішінде өңірлік стандарттар жүйесінің өлшемшарттары мен талаптарын айқындау бөлігінде зерттеулер жүргізілді. 

Ұлттық экономика министрлігі 2021 жылы «Өңірлік саясатты, өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуын сараптамалық-талдамалық сүйемелдеу, өңірлер экономикасының өсу резервтерін анықтау, оның ішінде қалалық және ауылдық елді мекендерде халықтың тұру жайлылығының деңгейін бағалау және мониторингтеу бойынша ұсынымдар әзірлеу» тақырыбында зерттеу жүргізуді жоспарлап отыр. 

Бұл зерттеудің құрамдас бөліктерінің бірі елді мекендердің өңірлік стандарттар жүйесінің объектілерімен және қызметтерімен қамтамасыз етілуіне мониторинг жүргізу болып айқындалған. 

«Ауыл – Ел бесігі» жобасына енгізілген 1 173 тірек және 2 388 спутниктік ауылдарды айқындау критерийлері туралы 

Республикада 6 322 АЕМ бар, онда 7,7 млн адам немесе ел халқының 41,3% тұрады. 

Даму әлеуеті бар ауылдарды анықтау үшін сарапшыларды тарта отырып, жаңа әдістеме әзірленді (ҰЭМ 13.09.2019 ж. № 81 бұйрығы),мұнда әлеует 4 блок бойынша есептеледі: демография, инфрақұрылым, экономика және геокеңістіктік жағдай. Әдістемені әзірлеу кезінде статистикалық модельдеу қолданылды, сондай-ақ бағалаудың 150-ден астам көрсеткіштері, оның ішінде халық санының өсу серпіні, мал шаруашылығы мен өсімдік шаруашылығының жалпы қосылған құны, халықтың жұмыспен қамтылуының өсу серпіні, олардың ірі елді мекендерге жақындығы және басқалары ескерілді. 

Бұл әдістемеде демография халықтың жағдайы мен сапалық құрамын, жалпы ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын сипаттайтын негізгі көрсеткіш және параметр болып табылады. 

Әдістемеге сәйкес жергілікті атқарушы органдар даму әлеуеті бар 3 561 ауылды іріктеп алды, оның ішінде – 1 173 тірек және 2 388 спутниктік ауылдар. 

Мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдардан негізделген ұсыныстар берілген кезде осы әдістеме қайта қаралатын болады. 

Қалған 2 847 ауылдық елді мекенді қаржыландыру мәселесіне қатысты

Әзірленген әдістеме шеңберінде кластерлік тәсіл қолданылды, онда ауылдар оқшауландырылған топтар - кластерлер шеңберінде қаралады (тірек ауылдан 10-15 км радиуста). Бұл ауылдық кластерлер басым қаржыландырылады. 

Бұл тәсіл халықты, әсіресе, жалпы пайдалану инфрақұрылымымен қамту бойынша неғұрлым тұтас көріністі қалыптастыруға мүмкіндік береді. 

Осыған байланысты тірек және спутниктік, оның ішінде шекара маңындағы ауылдарды дамыту мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру кезінде бірінші кезекте қаралады. 

Қалған ауылдардағы инфрақұрылымға жергілікті бюджет және бюджеттен тыс қаражат есебінен қолдау көрсетілетін болады. 

Бұл ретте өңірлік стандарттар жүйесінің талаптары барлық АЕМ-дер үшін міндетті. 

Даму әлеуеті бар ауылдар тізбесіне 900 астам шекара маңындағы ауыл енгізілген, олардың 700 – тірек және спутниктік ауылдар, ал 217 – стратегиялық ауылдар болып табылады, олар мемлекеттік шекараға тікелей жақын (25 км) орналасқан және жеке тізіммен енгізілген. Оларды дамыту «Ауыл – Ел бесігі» жобасында және басқа да мемлекеттік бағдарламаларда көзделеді. 

2004 – 2010 жылдарға арналған ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарламада және жаңа әдістеме негізінде айқындалған әлеуеті төмен ауылдар санының айырмашылығына қатысты 

Ауылдық аумақтарды дамытудың 2004 – 2010 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде сол кезеңдегі АЕМ-нің қолда бар сипаттамаларына бейімделген әдістеме қолданылды. 

2019 жылы Болжамды схема және Мемлекеттік бағдарлама бекітілді. 

Мемлекеттік бағдарламада елді дамыту үшін маңызды институционалдық жағдайлар айқындалған. Олар – экономикалық өсудің «орталықтарын» қалыптастыру және дамыту (оның ішінде ауылдық аумақтарда), өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру, барлық өңірлерде өмір сүрудің базалық деңгейін қамтамасыз ету. 

Бұл ретте ауылдық елді мекендерге басымдық беру үшін көрсеткіштерді есептеу әдістемесі мен модельдері жетілдірілді. 

Қолданыстағы әдістемеден негізгі айырмашылықтар демографиялық және геокеңістіктік талдауларды қамтитын елді мекендерді бағалау блоктары мен критерийлерін қайта қарау болып табылады. Критерийлерді бірыңғай бөлгішке (жалпы қосылған құн) нығайтудың нәтижесінде – халықты жұмыспен қамту және ауыл шаруашылығы салалық құрылымдары бойынша және интернет желісіне қолжетімділікті бағалау жөнінде критерийлер қосылды. Өзекті емес кейбір көрсеткіштер алып тасталды (балл бонитет, жайылым алаңы және т.б.) 

Жаңа әдістеме шеңберінде тірек ауылдар спутниктік ауылдар үшін қызмет көрсету орталығы болып табылады. Сонымен бірге «даму әлеуеті жоғары, орта және төмен» деген түсінік қолданыстан алынды. 

Мұның бәрі даму әлеуеті бар ауылдарды анықтаудағы айырмашылықтың қалыптасуына әсер етті. 

«Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасы Заңының шеңберінде осы уақытқа дейін қоғамдық талдау жүргізбеу себептеріне қатысты 

2015 жылғы мамырда қабылданған «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» Қазақстан Республикасының Заңын (бұдан әрі – Заң) әзірлеу кезінде белгіленген тәртіппен барлық қажетті рәсімдер жүргізілді. Заңды іске асыру шеңберінде «Еңбек және әлеуметтік қамсыздандыру саласындағы ең төмен әлеуметтік стандарттарды бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің м.а. 2015 жылғы 29 шілдедегі № 631 бұйрығы әзірленді, онда осы Заңның көрсеткіштері (айлық жалақының ең төмен мөлшері, күнделікті жұмыстың (жұмыс ауысымының) ұзақтығы, жыл сайынғы ақы төленетін негізгі еңбек демалысы, ең төмен күнкөріс деңгейінің шамасы, ең төмен зейнетақы мөлшері, арнаулы әлеуметтік қызметтердің кепілдік берілген көлемі) есепке алынды. 

Бұл ретте 2015 – 2016 жылдары халықаралық стандарттарға сәйкес Қазақ тағамтану академиясы Қазақстанның 6 өңірінде (ОҚО, ШҚО, Маңғыстау, Қарағанды облыстары, Астана және Алматы қалалары) ең төменгі күнкөріс деңгейінің шамасын ұлғайтты, азық-түлік себетінің құрамын жетілдіру бойынша зерттеулер жүргізілді. Нәтижесінде 2018 жылдан бастап ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік емес бөлігінің 40%-дан 45%-ға дейін ұлғаюы әлеуметтік жәрдемақы алатын Қазақстанның 3 млн астам азаматының табысына тікелей әсер етті. 

Өз кезегінде Қазақ тағамтану академиясы жүргізген зерттеу нәтижелеріне сәйкес ең төменгі күнкөріс деңгейінің азық-түлік емес бөлігінің өзгеруі 4 2017 жылғы 15 сәуірде кәсіподақтар федерациясының, қоғамдық ұйымдардың өкілдерімен, сондай-ақ халық арасында бұқаралық ақпарат құралдары арқылы талқыланды.

Сонымен қатар Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне «Ең төмен әлеуметтік стандарттар және олардың кепілдіктері туралы» ҚР Заңның барлық бағыттары бойынша жұмысты күшейту тапсырылды. 

Ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі функцияларды ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру, барлық тиісті бағдарламалармен үйлесімде «Ауыл – Ел бесігі» жобасын ұлттық жоба ретінде қайта ойластыру мәселесіне қатысты 

Ұлттық экономика министрлігі мемлекеттік жоспарлау және өңірлік саясат, оның ішінде ауылдық аумақтарды дамыту жөніндегі уәкілетті орган болып табылады. 

Ауылдық аумақтарды дамыту ауыл экономикасын жақсарту (ауыл шаруашылығы, сауда, көрсетілетін қызметтер), ауыл халқының жұмыспен қамтылуын арттыру, инфрақұрылымды жаңғырту жөніндегі шаралар кешенін қамтиды. Осы мәселелердің барлығы өңірлік саясат шеңберінде шешіледі және мүдделі орталық және жергілікті атқарушы органдар қабылдайтын шараларды үйлестіруді талап етеді. 

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігінің қызметі салалық сипатта және агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға бағытталған. 

Сондай-ақ Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмасына сәйкес Ұлттық экономика министрлігі «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыруға жауапты. 

Қазіргі уақытта Үкімет «Ауыл – Ел бесігі» жобасына ұлттық жоба мәртебесін беру мәселесін пысықтауда, оны іске асыру «толассыз» сипатқа ие болады. Бұл тірек және спутниктік ауылдарды дамыту, атап айтқанда, ауыл кәсіпкерлерін қолдау, облыс және аудан орталықтарына дейін көліктік қолжетімділікті қамтамасыз ету, ірі тірек ауылдарда тұрғын үй салу және т. б. жөніндегі шараларды күшейту бөлігінде мемлекеттік бағдарламаларды (БЖК, АӨК, «Еңбек», «Нұрлы жол», «Нұрлы жер» және т. б.) түзетуді көздейді. 

Жоғарыда баяндалғанның негізінде Ұлттық экономика министрлігі ауылдық аумақтарды дамыту және «Ауыл – Ел бесігі» жобасын іске асыру жөніндегі үйлестіруші әрі жауапты мемлекеттік орган ретінде жұмысты жалғастыруы орынды деп санаймыз. 

Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан шаралар ауылдағы экономикалық қатынастардың жоспарлы дамуын қамтамасыз етеді, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейі мен сапасын арттырады, ауылдық аумақтардың орнықты дамуына қосымша серпін береді. 

 


Бейсенбі, 29 Қазан 2020, 21:14:59

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Р.Әбдікеров, Н. Бекназаров, А. Лукин, Қ. Сафинов, Л. Сүлейменнің 2020 жылғы 1 қазандағы №16-13-220Д/С көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыруға қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыруға қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектен бастап электрондық аукциондар жүйесі іске қосылды, оның іске қосылуы туралы ақпарат бірқатар қазақстандық БАҚ-та және Ресей, Украина және Әзербайжанның ақпараттық ресурстарында жарияланды. Бүгін Энергетика министрлігінің сайтында 10 жер қойнауы учаскесі бойынша электрондық аукцион өткізу туралы хабарлама орналастырылды, олар бойынша өтініштер келіп түсті және оны өткізу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

«Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексті (бұдан әрі – Кодекс) іске асыру үшін ағымдағы жылы Энергетика министрлігі 4 заңға тәуелді актіні қабылдады (операторды айқындау критерийлері, операторды айқындау, аукцион өткізу қағидалары, жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі комиссия туралы ереже бойынша), оның шеңберінде:

нормативтік құқықтық актілерге сәйкес терминология келтірілді;

аукциондарды өткізу мерзімдері, сондай-ақ электрондық аукциондар операторының іс-әрекеттері регламенттелді;

ақпараттық жүйеде жұмыс істеу шарттары мен тәртібі сипатталды;

электрондық аукционды өткізуге және оған қатысуға өтініштер беруден бастап (қатысу жарналарын төлеуді, электрондық түрде аукцион өткізуді, аукцион қорытындыларының хаттамасын автоматты түрде қалыптастыруды және жеңімпазды айқындауды қоса алғанда) электрондық аукциондарды өткізудің бүкіл процесі автоматтандырылды.

Бұдан басқа Кодексте жеке және заңды тұлғалардың - елдің резиденттері мен бейрезиденттерінің қатысуы көзделеді. Осыған байланысты өтініштерді беру процесін автоматтандыру есебінен қоса берілетін құжаттардың көлемі 3 есеге қысқартылды және мемлекеттік органдардың өзге де ақпараттық жүйелерінен деректерге сұрау салу мүмкіндігі іске асырылды. Айта кету керек, аукциондарды өткізудің электрондық форматы рейдерліктің алғышарттарын анықтауға мүмкіндік береді, өйткені сауда жүйесі аукционға жіберілген қатысушылардың анонимділігін және олардың санын толық қамтамасыз етеді.

Жұртшылықты электрондық аукциондарды өткізуді бақылауға тартуға қатысты ұсынысты іске асыру мақсатында Энергетика министрлігінің сайтында аукциондарды өткізу процесін тікелей трансляциялау жоспарланады, бұл оның ашықтығы мен транспаренттілігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Тікелей трансляция барысында онлайн-режимде аукцион тарихы және қол қою бонусының ағымдағы мөлшері көрсетіледі. Трансляцияны өткізуді нормативтік регламенттеу мәселесін Энергетика министрлігі пысықтап жатыр.

2011 жылдан бастап көмірсутектер бойынша жер қойнауын пайдалану құқығын беруге арналған электрондық аукциондардың операторы болып сауда-саттықты өткізу тәжірибесін ескере отырып, «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ анықталды (оператордың сауда жүйесінде 80 мыңнан астам қатысушы тіркелген және 30 мыңнан астам сауда-саттық өткізілген).

Оператор Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 641-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының ақпараттандыру туралы заңнамасын бұзғаны үшін, сондай-ақ сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтар үшін толық көлемде жауапты болады.

Сонымен қатар, Кодекстің 99-бабының 6-тармағымен аукциондарды тиісті түрде өткізу бойынша оператордың міндеттері анықталған, оның ішінде уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен электрондық аукциондарды өткізуді тоқтата тұру, ауыстыру немесе күшін жою кіреді. Сауда жүйесінде аукционды өткізуге немесе аукционды өткізу рәсіміне кедергі келтіретін техникалық іркіліс фактісі болған жағдайда, оператор бұл туралы уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді және қатысушыларды құзыретті органның интернет-ресурсында ақпаратты орналастыру және қатысушының электрондық поштасына электрондық хабарлама жіберу арқылы осы аукционды жалғастырудың күні мен уақыты туралы міндетті түрде алдын ала хабардар ете отырып, аукционды техникалық іркіліс түзетілген күннен кейін келесі жұмыс күніне ауыстырады. Жер қойнауын пайдалану құқығын беру жөніндегі электрондық аукциондарды ұйымдастыру мәселелері Үкіметтің бақылауында тұр. 


Бейсенбі, 29 Қазан 2020, 19:45:16

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Д. Мусин, Ә. Бектаев, О. Булавкина, С. Дүйсембинов, М. Жұмағазиев, А. Күрішбаев, Ә. Нұралиев, О. Перепечина, Е. Сұлтановтың 2020 жылғы 2 қазандағы №16-13-221 Д/С құс тұмауының таралуына жол бермеу жөніндегі депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құс тұмауының таралуына жол бермеу жөніндегі сауалдарыңызға қатысты келесіні хабарлаймыз.

1) Құс тұмауының өршу себептеріне, тиісті ветеринариялық іс-шаралардың орындалуына жан-жақты тексеру жүргізу;

Россельхознадзордан және Халықаралық эпизоотиялық бюродан құстардың өлімі туралы ақпарат түскен бойда, 2020 жылдың 4 тамызынан бастап Челябі облысынан және 2020 жылғы 26 тамыздан бастап Омбы облысынан Қазақстан Республикасы аумағына тірі құс және құс өнімдерін әкелуге және олардың транзитіне уақытша шектеулер енгізілді.

Құстардың өлімі бойынша алғашқы факт анықталған кезде Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі - Министрлік) жанынан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекцияларының, жергілікті атқарушы органдардың ветеринария басқармаларының қатысуымен жедел штаб құрылды, ол жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдап жатыр.

Ағымдағы жылғы 30 қыркүйекте Төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі ведомствоаралық мемлекеттік комиссияның (бұдан әрі – ВАМК) отырысы өткізілді, оның қорытындысы бойынша орталық және жергілікті атқарушы органдар республика аумағында жоғары патогенді құс тұмауының таралуына жол бермеу шараларын талқылап, шаралар қабылдағанын хабарлаймыз.

2) Құстардың қауіпті ауруларына қарсы міндетті вакцинациялау үшін Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

Ғылыми-техникалық кеңестің (бұдан әрі – ҒТК) хаттамасы негізінде Қазақстан Республикасында жоғары патогенді құс тұмауын бақылау жөніндегі стратегияға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға байланысты Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 23 желтоқсандағы №6 бұйрығымен 2019 жылдан бастап республикалық бюджет қаражаты есебінен жабайы құстардың көші-қон жолдарының бойында орналасқан құс фабрикаларында, осы құс фабрикаларынан 20 шақырымдық аймақта орналасқан халық шаруашылықтарында, сондай-ақ жабайы құстардың көші-қон аудандарында немесе қаупі жоғары аймақтарда орналасқан шаруашылықтарда үй құстарын, ата-енелік құстардың табынын вакциналау жүргізіледі.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 маусымдағы № 16-07/332 бұйрығымен бекітілген жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау және жүргізу қағидаларына сәйкес жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық іс-шараларды жоспарлау жергілікті атқарушы органдардың қолдаухаты негізінде Тізбеге енгізілген аурулар бойынша жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, құс фабрикасының иелері қолданыстағы ветеринариялық заңнама шеңберіндегі міндеттемелерге сәйкес құс тұмауына қарсы құстарды вакциналау туралы дербес шешім қабылдайтыны хабарланады. Құс басын вакцинациялау (жергілікті атқарушы органдардың өтініміне сәйкес ата-енелік табынды қоспағанда) өз есебінен жүргізіледі.

Сонымен қатар, бұл мәселе ветеринария саласындағы қолданыстағы заңнамаға тиісті өзгерістер енгізу үшін ҒТК талқылауына шығарылатынын хабарлаймыз. Қорытындысы бойынша республикалық бюджет қаражаты есебінен өнеркәсіптік табындағы құстардың басын вакциналау үшін вакцина сатып алу мүмкіндігі туралы шешім қабылданады.

3) Індет салдарынан (құс тұмауы) жойылған үй құстары үшін нарықтық құны бойынша өтемақы төлеу;

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген Жеке және заңды тұлғаларға жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың не жануарлардың саулығы мен адамның денсаулығына қауіп төндіретін, алып қоймай залалсыздандырылған (зарарсыздандырылған) және қайта өңделген жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын өтеу қағидалары мен шарттарының 11-тармағына сәйкес алып қойылатын және жойылатын ауру жануарлардың, жануарлардан алынатын өнімдер мен шикізаттың құнын өтеуге негіздеме болып табылатын құжаттарды ұсынған жағдайда құс фабрикаларының иелеріне жойылған құс құнының өтемі төленетін болады.

Сонымен қатар, бүгінгі күні қолданыстағы заңнамаға сәйкес жойылған үй құстары үшін өтемақы төленіп жатқанын және өтемақы төлеу үшін республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлу туралы мәселесі қарастырылып жатқанын атап өтемін.

4) Жұмыртқа өндірудің нақты көлеміне қарамастан, барлық құс фабрикалары үшін бірыңғай норматив белгілей отырып, Субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастыру;

Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде оны іске асыру басталғаннан бері осы уақыт кезеңі ішінде іске асыруға қажетті жоспарланған іс-шаралар, атап айтқанда, өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бар бірқатар салалар үшін тауарлық-спецификалық субсидияларды қысқарту айқындалды.

Бұл ретте, ішкі нарықтың жұмыртқаға қажеттілігін толықтай қамтамасыз етіп отырғанына қарамастан, ағымдағы жылы құс фабрикалары үшін субсидиялау нормативін төмендете отырып, тағамдық жұмыртқаны субсидиялау сақталды.

Бұдан басқа, жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығымен айналысатын тауар өндірушілерді қолдау мақсатында 2020 жылдың қаражаты есебінен 2019 жылдың қараша мен желтоқсан айларында өндірілген тағамдық жұмыртқа көлемі үшін субсидия төленді.

Ағымдағы жылы жергілікті бюджетте құс шаруашылығын дамытуға 12,1 млрд теңге көзделді (етті құс шаруашылығына – 10,7 млрд теңге және жұмыртқа бағытындағы құс шаруашылығына –1,4 млрд теңге) көзделді.

Бұл ретте, дағдарысқа қарсы шараларды жүзеге асыру мақсатында ағымдағы жылдың сәуір айында республикалық бюджеттен құс шаруашылығын дамытуға қосымша 2,5 млрд теңге бөлінді.

Сонымен қатар, жұмыртқа құс фабрикаларының өндірістік қуаттарын негізге ала отырып, субсидиялар нормативтерін саралау құс шаруашылығы саласындағы салалық одақ пен қауымдастықтардың ұсыныстары негізінде белгіленген. Бұл саралау құс фабрикаларын өндірістік қуаттарды ұлғайтуға ынталандыруды көздейді.

5) Ветеринариялық препараттарды мемлекеттік сатып алуды оңтайландыру және үй құстарын сақтандыру бағдарламасын әзірлеу ұсынылады. 

Эпизоотиялық салауаттылықты қамтамасыз ету және вакциналауды уақтылы жүргізу мақсатында Министрлік ветеринариялық препараттарды сатып алуды жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы №7-1/559 бұйрығымен бекітілген диагностикасы, вакцинациялауы және жоюы бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауіпті ауруларының тізбесіне енгізілген жануарлар мен құстардың аса қауіпті ауруларына қарсы уақтылы вакциналанбаған жағдайда, жануарлардың аса қауіпті ауруларының қарқынды таралуы жолымен эпизоотиялық жағдайдың нашарлау қаупі жоғары екенін атап өткен жөн.

Қазақстан Республикасында ветеринариялық препараттарды (вакциналарды және диагностикалық тестілерді) мемлекеттік сатып алу «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні сақтандыру бойынша заңға тәуелді актілер бекітілгенін хабарлаймын – бұл сақтандыру сыйақыларын субсидиялау қағидалары және сақтандыру өнімдерін әзірлеу және бекіту тәртібі («Сақтандыру сыйақыларын субсидиялау қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 19 мамырдағы №172 бұйрығы, «Сақтандыру өнімдерін әзірлеу және бекіту қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2020 жылғы 14 мамырдағы №170 бұйрығы).

Сондай-ақ, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ы оператор ретінде анықталды және сақтандыру бойынша барлық процедуралық іс әрекеттер бекітілді.

Сақтандыру сыйақыларын субсидиялауға АӨК-де түрлі сақтандыру өнімдері бекітілетін болады. Нарықтың өзі жергілікті тәуекелдер мен саланың ерекшеліктерін негізге ала отырып, әртүрлі сақтандыру өнімдерін әзірлеп, ұсынатын болады және сол арқылы бәсекелес орта пайда болады, ал мемлекет АШТӨ-ге осы сақтандыруды сатып алуға көмектесе отырып, қолдау көрсетеді.


Сәрсенбі, 07 Қазан 2020, 10:53:06

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Құл-Мұхаммед, Н. Нұрсипатов, Қ. Қожамжаров, С. Ершов, Д. Нұржігітованың 2020 жылғы 11 қыркүйектегі №16-13-200Д/С Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының кейбір мәселелеріне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының (бұдан әрі – Ұлттық ұлан) қызметін теңгерімді қаржыландыруға, сондай-ақ әлеуетті құрылымдарды үйлестіруді күшейту жөнінде қосымша шаралар қабылдауға қатысты сіздердің депутаттық сауалдарыңызға мынаны хабарлаймын.

Соңғы 5 жылда Ұлттық ұланды республикалық бюджеттен қаржыландырудың жалпы көлемі жыл сайын ұлғайтылып, 391 млрд теңгеден асты. Шығыстардың негізгі өсімі лауазымдық айлықақыны арттыруға, нысанды киім-кешек сатып алуға, әскери қызметшілерге тұрғын үй төлемдеріне және күрделі шығыстарға (оның ішінде материалдық-техникалық жарақтандыру) бағытталған. Ұлттық ұланды қаржыландыруды одан әрі ұлғайту экономикалық жағдайдың тұрақтануын ескере отырып, бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы лауазымын Ішкі істер министрі орынбасарларының бірінің лауазымымен біріктіруге қатысты ұсынылған өзгерісті уәкілетті мемлекеттік органдар қазіргі кезде орынсыз деп санайды. Аталған қоса атқару заңнамаға тиісті өзгерістер енгізуді, сондай-ақ республикалық бюджеттен қосымша қаражат бөлуді талап етеді.

Тұтастай алғанда, Ұлттық ұланның қызметін қаржыландыру және әлеуетті құрылымдарды үйлестіруді күшейту бойынша қосымша шаралар қабылдау мәселесі уәкілетті мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында.

Қосымша


Дүйсенбі, 13 Сәуір 2020, 16:29:03

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Жұмағұлов, М. Бақтиярұлы, С. Бектұрғанов, Н. Жүсіптің 2020 жылғы 13 наурыздағы № 16-13-68 көші-қон мәселесі мен қандастарымыздың тарихи отанына оралу жағдайына қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин


Көші-қон мәселесі мен қандастарымыздың тарихи отанына оралу жағдайына қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

Қазақстандағы көші-қон тұжырымдамасының басым бағыттарына қатысты 

Елімізде Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қыркүйектегі № 602 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы көші-қон саясатының 2017 – 2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – Тұжырымдама) жүзеге асырылуда.  

Тұжырымдама еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының мақсаттары мен міндеттеріне бағытталған қажетті жұмыс күшімен қамтамасыз етуге және республика аумағы бойынша халықты қоныстандыруға арналған оңтайлы жүйені қалыптастыруға, сондай-ақ көші-қон процестерін реттеуге мүмкіндік береді. 

Қойылған мақсаттарға жету үшін Тұжырымдаманы іске асыру жөніндегі іс-шаралар шеңберінде мемлекеттік органдардың тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде:

  • шетелдік және жергілікті жұмысшылардың еңбекақысы арасындағы диспропорцияны тұрақты бақылау (2019 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары шетелдік жұмыс күшін тартатын кәсіпорындарда ҚР еңбек және көші-қон заңнамасының сақталуы бойынша 440 тексеру жүргізді). 

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі шетелдік және қазақстандық жұмыскерлер арасында кемсітушілік фактілеріне жол бермеу және талаптарды сақтамаған жағдайда әкімшілік жауапкершілікті күшейту бойынша заңнамалық өзгерістерді қарастырды. Сонымен қатар, жұмыскерлерге тең санитариялық-тұрмыстық жағдайлар жасау жөніндегі жұмыс берушілердің міндеттерін белгілеу мәселесі пысықталуда. Біліктілігі төмен шетелдік мамандарды азайту арқылы отандық жұмыскерлерді тарту үлесі артады (қазақстандық азаматтардың саны 1, 2-санат бойынша кемінде 70%, ал 3 және 4-санаттар бойынша кемінде 90% болуы шарт); 

  • мүдделі мемлекеттік органдар, жоғары оқу орындары, ғылыми орталықтар, сондай-ақ үкіметтік емес ұйымдар өкілдерінің қатысуымен көші-қон саясатын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар әзірлеу жөніндегі жұмыс тобы құрылды. 

Жұмыс тобының отырыстарында әзірленген ұсыныстарды ескере отырып, еңбек ұтқырлығын арттыру үшін «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасына қосымша тетіктер енгізілді. Атап айтсақ, 2020 жылдан бастап халықтың шамадан тыс қоныстануына жол бермеу мақсатында Алматы қаласы шығу өңірлеріне, ал еңбек күші тапшы өңірлерді қажетті еңбек ресурстарымен қамтамасыз ету мақсатында Ақмола және Қарағанды облыстары қабылдау өңірлеріне қосылды; 

  • шетелде тұратын қандастарымыздың Қазақстан аумағында бизнесті дамытуына ықпал жасау үшін 2019 жыл бойы Отандастар қоры бірқатар іс-шаралар ұйымдастырды. Атап айтқанда, Түркия, Ұлыбритания, Ресей, Швеция, Дания, Норвегия және Финляндия елдерінде орналасқан ҚР Елшіліктерінің қолдауымен қандастарымыз үшін бизнес форумдар өткізілді. Оның аясында қандастарымыз еліміздегі бизнес әлеуеттің дамуымен танысып, өз ісін жүргізу мүмкіндіктерін қарастырды. 

Этникалық қазақтарды тарихи отанына қайтару мәселесі бойынша жаңа, жүйелі шараларға қатысты 

2016 жылдан бастап 2020 жылғы ақпан аралығында Қазақстанда тұрғылықты тұруға 101 375 адам көшіп келді, оның ішінде этникалық қазақтар – 57 773 адамды құрайды. Олар көбінесе Ресейден, Өзбекстаннан, Қытайдан және Қырғызстаннан көшіп келген. 

Шетелдегі этникалық қазақтарды тарихи отанына тарту және оларды еліміздің ішінде бейімдеу мақсатында мемлекеттік органдардың тарапынан мынадай жұмыстар жүргізілуде:

  • 2019 жылғы 15 қарашада этникалық қазақтардың тарихи отанына келгенде қажетті мемлекеттік қызметтерді бір құжаттар тізбесімен электрондық форматта алуына мүмкіндік беретін «бір терезе» қағидаты бойынша бизнес-процестерді оңтайландыру жөніндегі жол картасы бекітілді. Оның аясында оралман мәртебесін, ел аумағында тұрақты тұруға рұқсат және ҚР азаматтығын алу сияқты мемлекеттік қызметтерді композиттік түрде ұсыну көзделді;
  • Қазақстан Республикасы Парламентінің Сенатында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне көші-қон процестерін реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заң жобасы қаралып жатыр. 

Аталған Заң жобасы шеңберінде азаматтық алуға құжаттарды қарау мерзімі 6 айдан 3 айға дейін қысқарту қарастырылған. Сонымен қатар, әкімшілік құқық бұзушылықтар жасаған этникалық қазақтарға Қазақстан Республикасында тұрақты тұруға шектеусіз рұқсат беру көзделді. 

Сонымен қатар, этникалық қазақтар оралман мәртебесін алған жағдайда Қазақстан Республикасы азаматтарына көзделген барлық әлеуметтік қолдауларға қол жеткізе алады. Бұл бағыттағы мақсат – қандастарымызды қоғамға бейімдеу, әлеуметтік қорғау және тең жағдай жасау болып табылады.

Қазақстан азаматтығынан шыққан, ұлты қазақ азаматтар санының өсуіне қатысты 

2000 жылдардың басында елдегі эмиграциялық процестер тұрақтанды, тіпті оң динамика байқалды (2007 жылы + 33 мың адам). Бірақ соңғы жылдары шет елдерге тұрақты тұруға кеткендердің саны қайтадан өсті және жыл сайын 29-42 мың адам шегінде өзгеріп отырады, бұл халықтың 0,2% құрайды. 

Негізінен ел халқы ТМД елдеріне, оның ішінде 87,2% Ресей Федерациясына қоныс аударды. 

Елден кеткендердің этникалық құрамы: орыстар – 132,7 мың адам (67,5%); немістер – 11,8 мың адам (5,9%); украиндар – 12,3 мың адам (6,2%); қазақтар – 7,8 мың адам (4%); татарлар – 4,5 мың адам (2,2%); басқалары – 27,8 мың адам (14,1%). 

Халықтың көшіп кетуінің негізгі себептері: тарихи отанына оралу және туыстарымен қосылу (РФ, Германия, Израиль, Польша); білім алу және кейіннен жұмысқа орналасу (РФ, АҚШ, Канада, Польша, Германия); өмір мен табыстың жоғары деңгейіне ұмтылу (АҚШ пен Еуроодақ); шет елден отандастарды қайтару бойынша мемлекеттік бағдарламалар мен қолдау шараларының болуы (РФ, Польша, Израиль); көршілес мемлекеттердің азаматтары үшін білім гранттарын бөлу (РФ) болып табылады. 

Сонымен қатар, Қазақстан түрлі интеграциялық үдерістерге белсенді қатысушы болғандықтан, көші-қонға Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында еңбек ресурстарының еркін қозғалысы, көптеген елдермен визасыз режимдердің орнатылуы, халықаралық деңгейде жоғары білікті кадрлар үшін бәсекелестіктің күшейтілуі әсер етеді. 

Елімізден халықтың кетуін азайту мақсатында жастардың тегін жоғары білім алуына 54 мың грантқа қосымша 20 мың грант бөлінді, 11 мемлекеттік бағдарлама аясында жұмыс орындарын құру индикаторлары енгізілді, жұмыспен қамту шаралары кеңейтілді. 

Жалпы, елімізде табиғи өсім көрсеткіші тұрақты жағдайда. 

Ақылы негізде шетелден жалақысы жоғары жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметіне қатысты 

Қазақстанда жұмыс ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың қызметі «Халықты жұмыспен қамту туралы» 2016 жылғы 6 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес реттеледі. 

Қазақстан Республикасынан шет елге жұмыс күшiн әкету жұмысқа орналастыратын елдiң банктерiне қызметкердің атына кепілді жарна енгiзу арқылы шарт мерзiмi аяқталғаннан кейiн оның өз елiне оралуына жұмыспен қамтудың жекеше агенттiгі кепiлдiк берген кезде ғана жүзеге асырылады. 

Бүгінгі таңда елімізде 92 жекеше агенттік аталған қызметтерді көрсетеді. Олардың қызметі жеке тұлғамен келісімшарт жасау арқылы жүзеге асырылады. 

Бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде ақылы негізде шетелден жалақысы жоғары жұмыс тауып беруді ұсынатын агенттіктер мен компаниялардың жарнамасы маркетингтік қадам болып табылады. Оларды тежеу үшін мемлекеттік органдар тарапынан бұқаралық ақпарат құралдарында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылады. 

Еліміздің жастарын шетелдерге кетуге үгіттейтін интернет ресурстарындағы ақпаратқа байланысты мемлекеттік органдар тарапынан шетке кетуге бейім аудиториямен жүргізілетін жұмыс жөнінде 

Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі мемлекеттік бастамалар мен бағдарламаларды ақпараттық сүйемелдеуді 2020 жылға арналған «Жасампаздыққа толы жылдар» бірыңғай республикалық медиа-жоспар шеңберінде жүзеге асырады. 

Ақпараттық-түсіндіру жұмысы әртүрлі алаңдарда түрлі форматтар – тақырыптық телебағдарламалар, спикерлердің сөз сөйлеулері, инфографикалар, бейнероликтер, әлеуметтік желілер арқылы жүргізіледі. 

Халықтың шетелдерге кетуі, патриоттық сезімді тәрбиелеу, көші-қон мәселелері республикалық және өңірлік телеарналар эфирінде: «Анығын айтқанда», «Актуально», «Интервью», «Өзекті», «Сұхбат», «Online», «Prime time», «Qoǵamdyq talqylaý», «Masele», «Basty taqyryp», «Ақшам алаңы», «Вечерний прайм», «Время вашего вопроса», «Панорама недели және басқа да бағдарламаларда жарияланады.

Ақпараттық ілгерілету үшін танымал informburo.kz, tengrinews.kz, nur.kz, zakon.kz, kapital.kz, total.kz, newtimes.kz және т. б. интернет-ресурстарда ақпараттар орналастырылады. 

2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап бүгінгі күнге дейін бұқаралық ақпарат құралдарында аталған мәселелер бойынша 2 636 материал жарияланды (оның ішінде республикалық БАҚ-та – 747, өңірлік БАҚ-та – 434, интернет-ресурстарда – 1 505). 

Жалпы, көші-қон мәселесі Үкіметтің тұрақты бақылауында. 


Жұма, 10 Сәуір 2020, 14:18:19

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Л. Сүлейменнің, Д. Нөкетаеваның 2020 жылғы 12 наурыздағы 16-13-75 дәрілік шөптер мен емдік өсімдіктерді шет елге шығарудың заңсыз айналымына қатысты депутаттық сауалға жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының 2020 жылғы 12 наурыздағы отырысында Л. Сүлеймен жария еткен дәрілік шөптер мен емдік өсімдіктерді шет елге шығарудың заңсыз айналымына қатысты Сенат депутаттарының сауалын қарап, келесіні хабарлаймын.

Өсімдік (өсімдіктер дүниесі) іс жүзінде бүкіл экожүйенің өзгеше табиғи қаңқасы болып табылады, бүкіл экожүйенің өз тіршілігін сақтауы, адамның және жануарлар дүниесінің барлық түрлері үшін тіршілік ету жағдайлары мен ортасының қалыптасуы осыған байланысты қамтамасыз етіледі.

Осыған байланысты, «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының арнайы Заңын дайындау және қабылдау қажеттігіне орай Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы тұжырымдамасының жобасын әзірлеп, 2018 жылғы 12 қазандағы ведомствоаралық комиссия заң жобалау қызметі жөніндегі 464-отырысының хаттамасымен мақұлданды (қоса беріледі).

Қазіргі уақытта, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 30 желтоқсандағы № 1033 қаулысымен бекітілген Заң жобалау жұмыстарының 2020 жылға арналған жоспарының 16-тармағына сәйкес «Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобасының (бұдан әрі – Заң жобасы) 17-тармағына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне өсімдіктер дүниесі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – ілеспе Заң жобасы) әзірленіп мүдделі мемлекеттік органдарға қарастыру үшін жіберілді.

«Өсімдіктер дүниесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасында өсімдіктер дүниесі саласындағы мынадай нормалар қарастырылған:

1) қатынастардың, жеке және заңды тұлғалардың, қоғамдық бірлестіктер мен жергілікті өзін-өзі басқару органдарының құқықтары мен міндеттері, мемлекеттік органдардың құзыреті;

2) қорғау және күзету жөніндегі қызметке қойылатын негізгі талаптар;

3) жекелеген объектілер және олардың өсу ортасын күзету мен қорғаудың ерекшеліктері;

4) сирек кездесетін, құрып кету қаупі төнген, ежелгі және эндемикалық түрлерін қорғау;

5) объектілерді интродукциялау, жерсіндіру және будандастыру, өсімдіктердің бөтентекті түрлерінің таралуын реттеу;

6) ғылыми зерттеулер;

7) объектілермен жұмыс істеу саласындағы халықаралық ынтымақтастықты жүзеге асыру;

8) объектілермен халықаралық алмасу және сауда жасау;

9) объектілермен жұмыс істеу саласындағы экономикалық тетік;

10) өсімдіктер дүниесінің объектілерімен жұмыс істеу саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыру;

11) объектілермен жұмыс істеу саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыру;

12) объектілермен жұмыс істеу саласындағы дауларды шешу және заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік.

Осыған байланысты, сауалда қарастырылған кейбір мәселелер жұмыс тобының отырысында депутаттардың, мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдар өкілдерінің қатысуымен қосымша қарастырылатынын атап өтеміз.


Жұма, 10 Сәуір 2020, 14:09:58

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиевтің, М. Жолдасбаевтың ет өндірісін, оның экспорттық әлеуетін дамытуда «Жайылымдар туралы» заңды орындау мақсатында жауапты атқарушы органдардың тиісті міндеттерін белгілеуге қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Бүгінгі күні жергілікті атқарушы органдардың (бұдан әрі – ЖАО) және жер теңгерімінің деректері бойынша республикада 184,5 млн га жайылым алқаптары бар, оның 75,1 млн га босалқы жерлерде орналасқан.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) халықтың және ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің иелігіндегі ауыл шаруашылығы жануарларының ауылдық округтер бөлінісінде жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етілуіне талдау жүргізді.

Мәселен, елді мекендердегі жайылымдық алқаптардың көлемі 20,9 млн. га құрайды. Жеке аулаларда 6,7 млн. шартты ауыл шаруашылығы жануарлары болған жағдайда, жайылым алаңдарына арналған жүктеме нормалары бойынша қосымша 32,4 млн. га қажет етіледі. Елді мекендер үшін жайылымдық алқаптардың тапшылығы Ақтөбе мен Батыс Қазақстан облыстарынан басқа барлық облыстарда байқалады.

Жайылымдық алқаптармен қамтамасыз етілуге жүргізілген талдауға сүйенсек, республикадағы жекелеген ауылдық округтер жайылымдық жерлерге зәру, әсіресе бұл оңтүстік өңірлерде байқалады.

Ауылдық округтер үшін жайылымдардың қажеттігін «Жайылымдар туралы» ҚР Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес Жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспарлар (бұдан әрі – Жоспарлар) шеңберінде жайылымдық жерлерді қайта бөлу есебінен толықтыру жоспарлануда.

Ұйымдастырылған ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерге 73,4 млн. га жайылым бекітіп берілген. Ауыл шаруашылығы жануарларының 3,1 млн. шартты басы болған жағдайда, жүктеме нормалары бойынша 26,3 млн. га жайылым қажет етіледі, резерв – 47,1 млн. га.

Заң нормаларын іске асыру мақсатында Министрлік жергілікті атқарушы органдардың (АШБ, ЖҚБ) қатысуымен Заңның негізгі нормаларын түсіндіру жөнінде селекторлық және көшпелі кеңестер өткізді.

Атап айтқанда, Жоспарларды барлық облыстардың аудандары бөлінісінде әзірлеген, ал Заңға сәйкес оларды ауылдық округтер бөлінісінде әзірлеу және бекіту қажет. Жоспарларды әзірлеу кезіндегі кемшіліктерді жою үшін Министрлік Парламент Мәжілісінің Аграрлық мәселелер комитетімен бірлесіп, Ақмола облысы Шортанды ауданының Дамса ауылдық округі бойынша жоспардың пилоттық жобасын әзірлеп, үлгі ретінде барлық облыстар әкімдіктеріне жіберді.

Қазіргі уақытта ЖАО Дамса ауылдық округі бойынша жоспардың пилоттық жобасына сәйкес 2020-2021 жылдарға арналған жоспарларды әзірлеуде.

Бұдан басқа, 2020 жылы Министрлік Заңның негізгі нормаларын түсіндіру жұмысын одан әрі жалғастыру және ауылдық округ әкімдерін тарта отырып, Заңды практика жүзінде іске асыру тәжірибесімен алмасу семинарларын өткізу үшін өңірлерге шығуды жүзеге асыратын болады.

Бұдан басқа, Министрлік шаруа және фермер қожалықтарының, ауыл шаруашылығы өндірушілерінің жайылымдарды нақты пайдалануына немесе пайдаланбауына объективті және дұрыс мониторинг жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Жер кодексінің 92-бабына негізделген іс-қимылдар тәртібін әзірлеп, облыстардың әкімдіктеріне жіберді.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық жоспардың 43-тармағына сәйкес пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою жөніндегі тиісті тетіктерді күшейте отырып, өндірістік қызметке тарту бөлігінде Министрлік тексеру кезеңдерін және пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлерін алып қою мерзімдерін қысқарту (2 жылдан 1 жылға дейін), сондай-ақ пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жерлеріне салынатын салықты 50 есе ұлғайту бөлігінде жер, кәсіпкерлік және салық кодекстеріне түзетулер әзірледі.

Жалпы жер заңнамасының сақталуын мемлекеттік бақылау бойынша жұмыстар шеңберінде 2016-2019 жылдар аралығында сот арқылы мемлекеттік меншікке 4,1 млн. га пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлер қайтарылды. Сонымен қатар жыл сайын ауыл шаруашылығы айналымына шамамен 2 млн. га жайылым алқаптары, оның ішінде босалқы жерлер тартылады. Мысалы, бұл көрсеткіш 2017 жылы 71 млн. га болса, 2018 жылы 72 млн. га, 2019 жылы 73,4 млн. га болды.

Сонымен қатар осы аралықта пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерге жер салығының базалық мөлшерлемелерін 10 (он) есеге жоғарылату бойынша 2602 нұсқама берілген.

Заңның 9-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдардың құзыретіне жайылымдарды басқару және пайдалану жөніндегі жоспардың іске асырылуын қамтамасыз ету, оны іске асыру қорытындылары туралы жыл сайын ауданның,

облыстық маңызы бар қаланың жергілікті өкілді органына есеп беру, жайылымдарды геоботаникалық зерттеп-қарау негізінде жайылым айналымдарының схемасын әзірлеу және бекіту жайылымдарды ұтымды пайдалану жөніндегі іс-шараларды жүргізу туралы жайылым пайдаланушылар арасында түсіндіру жұмыстарын жүзеге асыру жатады.

Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасының жер заңнамасына сәйкес жер қатынастарын реттеуді жергілікті атқарушы органдар жүзеге асырады.

Жоғарыда айтылғандардың негізінде, Заңды орындау мақсатында жауапты атқарушы органдардың құзыреттерін айқындау мәселесі «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының Заңы мен Заң шеңберінде қарастырылғанын және реттелетіндігін атап өтеміз.

 


Жұма, 10 Сәуір 2020, 13:31:20

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Жұмағазиевтің, Ә. Нұралиевтің, Д. Мусинның, С. Еңсегеновтің 2020 жылғы 7 ақпандағы №16-13-36 дс қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласын дамытуға қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қазақтың ақбас тұқымды ірі қара малын өсіру саласын дамыту туралы Сіздердің депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Біріздендіру, сәйкестендіру шараларын, сондай-ақ цифрландыру бағдарламасын іске асыру, жалпы асыл тұқымды мал шаруашылығының тиімді жүйесін құру мақсатында заманауи нормативтік құқықтық базаны қалыптастыруға қатысты.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2019 жылға арналған жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне асыл тұқымды мал шаруашылығы мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы (бұдан әрі – заң жобасы) әзірленді. Аталған Заң жобасы қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінде қарастырылуда.

Заң жобасының негізгі мақсаты асыл тұқымды мал шаруашылығы жүйесіне халықаралық озық тәжірибені енгізуді қамтамасыз ететін заңнамалық базаны құру болып табылады. Сондай-ақ Заң жобасында асыл тұқымды малдарды индекстік бағалау және малдың шығу тегін нақты анықтауға мүмкіндік беретін молекулярлық-генетикалық сараптама жүргізу сияқты заманауи тәсілдемелер көзделген.

Сондай-ақ Заң жобасында «асыл тұқымды мал», «асыл тұқымдық құндылық», «ауыл шаруашылығы жануарлары» және басқа терминдер халықаралық шарттарға, атап айтқанда Еуразиялық экономикалық одақ шеңберінде ауыл шаруашылығы жануарларымен селекциялық-асыл тұқымдық жұмыс жүргізуді біріздендіруге бағытталған шаралар туралы келісімге сәйкес келтіріледі.

«Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында агроөнеркәсіптік кешенде 2014 жылдан бастап асыл тұқымды мал шаруашылығын есепке алу жүйесі селекциялық және асылдандыру жұмысының ақпараттық базасы арқылы автоматтандырылған форматқа ауыстырылды. Асыл тұқымды мал мәртебесін беру және асыл тұқымдық куәліктер беру, малды бағалау нәтижелері, малдың асыл тұқымдық құндылығын және малдың шығу тегін анықтау жөніндегі барлық іс-әрекеттер ашық қолжетімді ақпараттық базада жүзеге асырылады.

Селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасы арқылы асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуға және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруге ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді субсидиялау тәртібі автоматтандырылды. Мысалы, қазақтың ақ бас тұқымын өсірумен айналысатын фермердің үйде отырып субсидия алуға өтінім беруге мүмкіндігі бар.

Қазіргі заманғы нормативтік құқықтық базаны құру үшін заң жобасында жануарларға индекстік бағалау жүргізу қағидаларын, жануарларға молекулалық генетикалық сараптама жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту көзделген.

Мүдделі органдар мен ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, қазақтың ақбас тұқымы туралы арнайы бағдарламаны қабылдауға қатысты.

Қазақстан Республикасы мемлекеттік жоспарлау жүйесінің талаптарын ескере отырып, жекелеген саланың немесе нақты өңірдің (қаланың, аумақтың) проблемаларын шешуге бағытталған жеке бағдарламаны әзірлеуге жол берілмейді.

Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды және мал шаруашылығы өнімдерін өндіруді субсидиялау арқылы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді мемлекеттік қолдау жөнінде шаралар көзделген.

Жалпы қазақтың ақбас тұқымы туралы арнайы бағдарлама қабылдау мақсатқа сай емес деп санаймыз, себебі осы тұқымды дамыту мен жетілдіру «Білім мен ғылыми зерттеулердің қолжетімділігін арттыру» ғылыми бағдарламасының 101 «Ғылыми зерттеулер мен іс-шараларды бағдарламалық-нысаналы қаржыландыру» кіші бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылуда.

Осылайша, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті «Солтүстік өңірде қазақтың ақбас, әулиекөл тұқымды ірі қара малының шаруашылыққа пайдалы белгілерін жетілдіру жөніндегі бағдарламаны әзірлеу» іс-шарасы бойынша ірі қара малды генетикалық паспорттау жұмыстарын жүргізуде.

Жауапты мемлекеттік органдар мен Қазақтың ақбас тұқымының республикалық палатасы тараптарынан селекциялық және асыл тұқымды жұмыстардың сапасын бағалау тетіктерін жетілдіруге, олардың асыл тұқымды мал шаруашылығының жай-күйіне және дамыту деңгейіне жауапкершілігін нақтылауға қатысты.

Селекциялық және асыл тұқымды жұмыстардың сапасын бағалау тетіктерін жетілдіру мақсатында заң жобасында Республикалық палаталарда мамандардың – бонитерлердің біліктілігін растау көзделген.

Сондай-ақ жоғарыда аталған заң жобасында Республикалық палаталардың жауапкершілігін заңды деңгейде бекіту туралы алғашқы рет жаңа бап қарастырылып отыр.

Жалпы жауапты мемлекеттік органдар мен Республикалық палата тарапынан селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың сапасын бағалау тетіктерін жетілдіру мәселелері Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісіндегі заң жобасын талқылау жөніндегі жұмыс тобының отырысы шеңберінде қосымша қаралатын болады.

Мал шаруашылығы мамандары мәртебесін көтеруге қатысты.

Шалғайдағы жайылымдарда мал шаруашылығымен айналысатын малшылардың балаларын интернатқа орналастыру, олардың жоғарғы оқу орындарына түсу үшін квота, сондай-ақ малшыларды әлеуметтік қолдаудың басқа да шаралары (зейнеткерлік жас ретінде) Үкімет тарапынан саланың дамуына серпін береді.

Бүгінгі таңда ауылдық жерлерде тұратын талапкерлердің жоғары оқу орнына түсу кезінде ауылдық квота есебінен және жалпы білім беру тапсырысы негізінде екі мүмкіндігі бар.

Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 28 ақпандағы № 264 қаулысына (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын мамандықтар бойынша ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін квота мөлшері 30% бекітілген. Мемлекеттік білім беру тапсырысы бойынша ауылдық квота ауылда кадрларға қажеттілік бойынша сұраныстарға барынша жақын.

Қазіргі кезде осы Қаулыға «Ауыл шаруашылығы және биоресурстар» және «Ветеринария» сияқты білім беру бағдарламалары бойынша салаларда ауылдың әлеуметтік-экономикалық дамуын айқындайтын ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар үшін қабылдау квотасын 30%-дан 50%-ға дейін ұлғайту жөнінде өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарлануда.

Сонымен қатар, 2014 жылдан бастап республикада «Мәңгілік ел жастары – индустрияға!» – «Серпін-2050» жобасы іске асырылуда, оған ауыл жастары арасынан шыққан азаматтар ғана қатысады (Алматы, Жамбыл, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары). Олар үшін техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және жоғары білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқуға түсу кезінде 10% мөлшерінде қабылдау квотасы бекітілді.

Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы (бұдан әрі – «Еңбек» бағдарламасы) шеңберінде ауыл тұрғындарын, оның ішінде малшылар үшін мемлекеттік қолдаудың мынадай түрлері көзделген: жаңа бизнес-идеяларды іске асыру үшін микрокредиттер, мемлекеттік гранттар беру, «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне тегін оқыту. Ауыл тұрғындары асыл тұқымды малды өсіру үшін осы құралдарды пайдалана алады.

2019 жылы 17 774 микрокредит, оның ішінде ауылдық жерлерде – жалпы сомасы 59,6 млрд теңгеге 15 633 (жылдық жоспардың 93,8%) берілді.

«Еңбек» бағдарламасы бойынша кәсіпкерлікті дамытудың негізгі салалары мал шаруашылығы, өсімдік шаруашылығы және қызмет көрсету (қоғамдық тамақтану пункттері, шаштараздар, ТҚС және т.б.) сияқты ауыл шаруашылығы салалары болып табылады.

Ағымдағы жылы «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде ауылдағы кәсіпкерлікті дамытуға 43,3 млрд.теңге сомаға 11294 микрокредит беру жоспарланған.

Бұрынғы асыл тұқымдық зауыттар мен шаруашылықтарға шоғырланған селекциялық асыл тұқымдық жұмыстың жоғары деңгейі бар қазақтың ақбас тұқымды малының сапалы асыл тұқымдық тектік қорын сақтауға қатысты

2020 жылдың 1 қаңтарына Палатада тіркелген қазақтың ақбас асыл тұқымды малының саны 356,514 мың басты құрайды. Палата құрамына 302 фермерлік шаруашылық кіреді, соңғы он жылда осы тұқымның асыл тұқымды мал басының саны 240 мың басқа артты, ал өнімділік 12-17%-ға артты. 2019 жылы 42 мыңнан астам қазақтың ақбас тұқымды басы сатылды, бұл барлық нарықтың 65%-дан астамын құрайды.

Қазақтың ақбас тұқымының генеалогиялық құрылымы көптеген туыстық топтардан, генеалогиялық және зауыттық желілерден, сондай-ақ типтерден көрініс тапқан. Оның ішінде жануарлардың 54%-ы 31 зауыттық желіге, 8 туыстық топқа және 47 түрлі генетикалық топқа жатады.

Қазақтың ақбас тұқымының гендік қорын сақтау және дамыту мақсатында Республикалық палата бұрынғы асыл тұқымды зауыттар мен шаруашылықтар базасында Батыс, Солтүстік, Орталық және Шығыс Қазақстанның 4 алдыңғы қатарлы шаруашылықтарында бұқашықтарды өнімділігі бойынша сынау жұмыстарын жүргізуде. Бұқашықтарды жеке азықтандыруды есепке алу жүйесі бойынша канадалық заманауи технология енгізілуде, ол генотип бойынша үздіктерді анықтауға мүмкіндік береді.

Жалпы қазіргі кезеңде тұқымның генетикалық әлеуетін арттыруға бағытталған қазақтың ақбас тұқымымен селекциялық асылдандыру жұмыстарын ұйымдастыру бойынша іс-шаралар кешенді түрде жүргізілуде.

 


Жұма, 13 Наурыз 2020, 16:25:14

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Құл-Мұхаммед, Т. Мұқашев, Қ. Қожамжаров, Т. Мұсабаев, Н. Нұрсипатов және Д. Нұржігітованың 2020 жылғы 7 ақпандағы №16-13-38 еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің заңнаманы жетілдіруге, трансшекаралық өзендер жөніндегі ынтымақтастыққа, сондай-ақ су қауіпсіздігі мәселелері бойынша Парламенттік тыңдаулардың ұсынымдарын іске асыруға және Үкіметтің жеке отырысында орталық және жергілікті атқарушы органдардың күштері мен құралдарының өңірлерде су тасқынына қарсы іс-шараларды жүргізуге дайындығы мәселесін қарауға, сонымен бірге дербес орган құру мүмкіндігін хабарлауға қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, қосымшаға сәйкес ақпарат жолдаймын. 

Қосымша (қазақ тілінде)

Қосымша (орыс тілінде)

 


Сейсенбі, 10 Наурыз 2020, 14:31:18

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Шелпеков пен М. Бортниктің Маңғыстау облысындағы «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға қатысты 2020 жылғы 7 ақпандағы №ДЗ-34 депутаттық сауалдарына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті Бақтыбай Ақбердіұлы, Михаил Михайлович!

Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар «Құрық-Жетібай» автомобиль жолын күрделі жөндеу жобасын қаржыландыруға қатысты Сіздердің депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

2018 жылы жалпы құны 11,1 млрд. теңгені құрайтын аталған автомобиль жолын күрделі жөндеуге жобалық-сметалық құжаттама әзірленген болатын.

Алайда еліміздің барлық өңірлерінде автомобиль жолдарын салу, реконструкциялау және жөндеу бойынша толыққанды жұмыстар жүргізіліп жатқанын ескере отырып, бюджеттік қаражаттың шектеулілігіне байланысты бір уақытта барлық жобаларды іске асыру мүмкін болмады.

Бұл ретте осы автожолдың транзиттің дамуына және жергілікті тұрғындардың қатынауына маңызы зор екендігін ескере отырып, осы жобаның іске асырылуын бастауға қаражат бөлу мәселесі ағымдағы жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде белгіленген тәртіппен қаралатын болады.

Күрделі жөндеу жүргізілгенге дейін, осы автожолдың техникалық жай-күйі автожолдарды күтіп-ұстау шеңберінде орындалатын жол-жөндеу жұмыстарының есебінен сақталатын болады.


Сейсенбі, 10 Наурыз 2020, 14:25:45

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Құл-Мұхаммед, Т. Мұқашев, Қ. Қожамжаров, Т. Мұсабаев, Д. Нұржігітова және Н. Нұрсипатовтың 2020 жылғы 7 ақпандағы №16-13-37 Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктеріне қатысты депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасындағы өткізу пунктеріне қатысты мынаны хабарлаймын. 

Өткізу пункттерін және шекараны кесіп өту орындарын жайластыру, инфрақұрылымды құру және оны басқару саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі бағытына қатысты 

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекарасындағы өткізу пункттерінің инфрақұрылымын дамыту және техникалық жарақтандыру бойынша жобаны іске асыру Инфрақұрылымды дамытудың 2020 – 2025 жылдарға «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде көзделген. 

Осылайша, Ресей Федерациясымен шекарада 2020 – 2025 жылдар аралығында кезең-кезеңмен 27 автомобиль және 11 теміржол өткізу пункттерін реконструкциямен қамту жоспарлануда. Осы шараларды іске асыру Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) мен Ресей Федерациясы Көлік министрлігінің арасындағы өткізу пункттерінің жұмыс істеуі жөніндегі бірлескен іс-қимыл жоспары шеңберінде жүргізілетін болады. 

Осы жоспарды іске асыру үшін Министрлік реконструкциялаудың нақты мерзімдері мен жүзеге асыру кезеңдері айқындалған Өткізу пунктерін реконструкциялау жөніндегі жол картасын әзірледі және оған қол қойды, ол Ресей Федерациясының Көлік министрлігінде қол қойылу сатысында. 

2020 жылы аяқталуы ағымдағы жылдың соңына көзделген Қырғызстан Республикасымен шекарада «Қордай» өткізу пунктіне реконструкциялау жүргізу жоспарлануда. 

Бұл ретте Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы қалған өткізу пункттерін реконструкциялауды 2025 жылдың соңына дейін іске асыру жоспарлануда. 

Сондай-ақ 2020 жылдың соңына дейін бюджеттік қаражат есебінен Қазақстан-Өзбекстан шекарасындағы «Б. Қонысбаев» өткізу пунктін реконструкциялау және техникалық жарақтандыру жұмыстарын аяқтау жоспарлануда. 

Қытай Халық Республикасының Үкіметтік жеңілдік қарызы шеңберінде Қытай Халық Республикасының (4 автомобиль және 1 теміржол), Өзбекстан Республикасының (4 автомобиль), Түркіменстан Республикасының (1 автомобиль) шекараларында 10 автомобиль және 1 теміржол өткізу пунктін жаңғырту және техникалық жарақтандыру жүргізу жоспарлануда. 

Өткізу пункттерін (автомобиль, теміржол, әуе) құру, күтіп ұстау және дамыту бойынша қызметтерді бір мемлекеттік органға (Министрлікке) жүктеуге қатысты 

Бүгінгі күні Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес Қытай Халық Республикасымен, Өзбекстан Республикасымен және Түркіменстан Республикасымен шекарадағы өткізу пункттерін дамыту кедендік рәсімдерді жүргізуге байланысты Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жүзеге асырады. 

Өз кезегінде, Қырғызстан Республикасымен және Ресей Федерациясымен Кедендік одақ ынтымақтастығының шеңберінде Қазақстан-Ресей және Қазақстан-Қырғызстан шекарасындағы өткізу пункттері Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің (бұдан әрі – Шекара қызметі) теңгерімінде. 

Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарадағы өткізу пункттері инфрақұрылымын жақсарту жөнінде кешенді шаралар қабылдау мақсатында 2019 жылғы 25 қазанда Үкіметтің жанындағы Мемлекеттік шекара комиссиясының отырысы өтті. 

Осы отырыстың қорытындысы бойынша Шекара қызметі өткізу пункттерін салу және реконструкциялау жұмыстарын жүргізу үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің теңгеріміне береді. Осы жұмыстар аяқталғаннан кейін өткізу пункттері Шекара қызметінің теңгеріміне қайтарылатын болады. 

Сонымен бірге Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасы арқылы авиациялық, автомобиль, теңіз, өзен және теміржол өткізу пункттерін дамыту саласындағы мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру мәселелерін бірыңғай үйлестіру мақсатында осы бағыт бойынша функцияларды жүктей отырып, Министрліктің жанынан жекелеген бөлек құрылымдық бөлімше ашу мәселесі пысықталуда. 

Ресей Федерациясының тәжірибесі бойынша Қазақстан Республикасының мемлекеттік шекаралық саясаты тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдауға қатысты 

Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қазақстан Республикасының шекаралық саясаты тұжырымдамасын әзірлеу мәселесіне бастама жасады, оны Мемлекет басшысы қолдады. Осыған байланысты осы бағыт бойынша жұмыстар уәкілетті мемлекеттік органдармен және ұйымдармен бірлесіп белгіленген тәртіппен жүргізілетін болады.

Жалпы алғанда көтеріліп отырған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында және олардың шешімдері көрсетілген шаралардың шеңберінде жалғастырылатын болады. 

 


Сейсенбі, 10 Наурыз 2020, 14:25:27

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Р. Әбдікеров пен С. Ершовтың 2020 жылғы 6 ақпандағы электр энергиясын аумақтық сату жөніндегі ұсыныстарға қатысты №16-13-27д/с депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті Рысқали Қалиақбарұлы, Сергей Михайлович!

Электр энергиясын аумақтық сату жөніндегі ұсыныстарға қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Электр энергетикасы және табиғи монополиялар салаларындағы мемлекеттiк реттеу электр энергиясын тұтынушылардың сұранысын барынша қанағаттандыру және нарықта бәсекелестiк жағдайлар жасау жолымен электр энергиясы нарығына қатысушылардың құқықтарын қорғау мақсатында жүзеге асырылады.

Бүгінгі күні электр энергиясының соңғы тарифі оны өндіруге (55%), тасымалдауға (40%) кеткен шығындардан және энергиямен жабдықтаушы ұйымдардың үстемеақыларынан (5%) тұрады.

Бұдан басқа, энергиямен жабдықтаушы ұйым бағасының құрылымы электр энергиясын өндіру көзіне және оны жүйелік оператордың желілері бойынша беруге байланысты ерекшеленуі мүмкін.

Сонымен қатар соңғы тұтынушы үшін тарифтің негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Осыған байланысты Қазақстан Республикасының электр энергетикасы және табиғи монополиялар саласындағы заңнамасын жетілдіру жұмысы аясында энергиямен жабдықтаушы ұйымдарға тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында энергия өндіруші ұйымдардан электр энергиясын сатып алуды жүзеге асырудың басым құқығын беру мәселесі қаралып жатыр.

Мүдделі мемлекеттік органдардың қатысуымен көрсетілген ұсыныстарды қарау нәтижелері бойынша Ұлттық экономика министрлігі ағымдағы жылғы мамыр айында қосымша ақпарат жібереді.

Жалпы электр энергетикасы мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. 


Жұма, 06 Наурыз 2020, 10:19:16

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаты В.В. Волковтың зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларға мемлекеттік әлеуметтік медициналық сақтандыру бойынша медициналық қызметтер ұсынуға қатысты 2020 жылғы 24 қаңтардағы №16-13-14 д/с депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті Владимир Васильевич!

Сіздің зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) жүйесі бойынша медициналық қызметтер ұсынуға қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз.

Қаржы министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап МӘМС-ті енгізе отырып 2020 - 2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте (бұдан әрі – РБ) Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына (бұдан әрі – Қор) жарна төлеуден босатылған азаматтардың 15 санаты бойынша мемлекеттің жарналарына, оның ішінде зейнеткерлерге жалпы сомасы 1 154868,4 млн теңге атап айтқанда: 2020 жылға – 316975,2 млн теңге, 2021 жылға – 390631,9 млн теңге, 2022 жылға – 447261,3 млн теңге сомасында қаражат көзделген.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы» Заңның (бұдан әрі – Заң) 5-бабына сәйкес отставкадағы судьялардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алуға құқығы жоқ, өйткені зейнеткерлік заңнамаға сәйкес судьялардың «зейнетақы төлемдерін алушылар» деген мәртебесі жоқ.

«Қазақстан Республикасында зейнетақымен қамсыздандыру туралы» Заңға сәйкес өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын отставкадағы судьяларға жасына байланысты зейнетақы төлемдері немесе еңбек сіңірген жылдары үшін зейнетақы төлемдері тағайындалмайды, отставкадағы судьялар бюджет қаражаты есебінен өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын адамдар санатына жатады және зейнетақы төлемдерін алушылар болып табылмайды.

Бұл ретте, отставкадағы судьяларға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым зейнетақы төлемдеріне жатпайды, өйткені «Сот жүйесі мен судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңмен реттеледі.

Осыған байланысты, Жоғарғы Сот жоғарыда аталған Заңға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым алатын судьяларды мемлекет есебінен МӘМС-ке жарналар төлеуден босатылатын адамдар санатына қосу бөлігінде түзету енгізу жөніндегі мәселеге бастама жасап отыр, бұл ретте алдын ала есептеулер бойынша жылына 18 миллион теңге мөлшерінде қосымша қаражат талап етіледі.

Бұл ретте, Денсаулық сақтау министрлігі қазіргі уақытта мемлекет халықтың 15 санатын (балалар, зейнеткерлер, мүгедектер, «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен наградталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, сондай-ақ I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен наградталған көп балалы аналар) жарналар төлеуден босататынын атап өтеді және бұл шамамен 10,8 млн. адамды құрайды, бұл объективті себептер бойынша кірістер ала алмайтын немесе кірістері жоқ ел халқының жартысынан көбі.

Жоғарғы Соттың ұсынысы заңнамада белгіленген тәртіппен мүдделі мемлекеттік органдармен пысықталуда.

Ағымдағы жылғы 10 ақпанда МӘМС жүйесі бойынша медициналық қызмет ұсыну мәселелері Денсаулық сақтау, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау және Қаржы министрліктерінің өкілдерін шақыра отырып, Жоғарғы Сотта өткен жеке кеңесте қаралып, онда Денсаулық сақтау министрлігі Заңның 14-бабының шеңберінде МӘМС-ке жарналарды төлеу тетігін ұсынғанын атап өтеміз.

Заңның 14-бабының 4-1-тармағына сәйкес «жарналарды дербес төлейтін адам» (дербес төлеушілер) санаты бойынша МӘМС-ке жарналар төлеуді олардың өздері не олардың пайдасына үшінші тұлға жүзеге асырады. Басқша айтқанда, зейнетақы төлемдерін алушы болып табылмайтын зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьялар үшін МӘМС-ке жарналарды Жоғарғы Сот республикалық бюджет есебінен төлей алады.

Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараты бойынша 2020 жылға осындай адамдар саны 620 адамды құрайды, оның ішінде қазіргі уақытта 72 адам (оның ішінде 56 адам – бірыңғай жинақтау зейнетақы қорынан зейнетақы төлемдерін алушылар, 16 адам – республикалық бюджет қаражаты есебінен жасы бойынша зейнетақы төлемдерін алушылар) зейнетақы төлемдерін алушылар ретінде сақтандырылған болып табылады.

Қалған адамдар үшін МӘМС-ке жарналар төлеуге арналған шығыстардың сомасы айына 1,2 млн теңгені немесе жылына 14 млн теңгені құрайды. Сот органдарына көрсетілген қаражатты бөлу мәселесін белгіленген тәртіппен Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығару жоспарлануда.

Баяндалғандарды назарға ала отырып, ұсынылып отырған тәртіп ағымдағы жылғы 1 сәуірден бастап зейнеткерлік жасқа толған отставкадағы судьяларды МӘМС жүйесіндегі медициналық көмекке құқықпен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.


Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020, 10:51:26

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Еламанов, М. Бақтиярұлы және Д. Нұржігітованың Қызылорда облысында электр желілерін салуға кететін шығыстарды қаржыландыруда нысаналы даму трансферттерін іріктеу қағидаларына өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруға қатысты 2020 жылғы 6 ақпандағы №16-13-28 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Қызылорда облысында кернеуі 35 кВ (қоса алғанда) электр желілерін салуға, реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңартуға кететін шығыстарды қаржыландыру бөлігінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 25 ақпандағы №126 бұйрығымен бекітілген Нысаналы даму трансферттерін қарау және іріктеу қағидаларына (бұдан әрі – Қағидалар) өзгерістер енгізу мәселесін қарастыруға қатысты депутаттық сауалды қарастырып, мынаны хабарлаймыз.

Қағидалардың 5-1-тармағына сәйкес кернеуі 35 кВ жоғары кіші станциялар мен электртаратушы желілерін салуға, реконструкциялауға, кеңейтуге және жаңартуға арналған шығыстар республикалық бюджеттен қаржыландырылады.

Қызылорда облысының және Парламент депутаттарының ұсыныстарын ескере отырып, республикамыздың тұтынушыларын электр энергиясымен тұрақты және үздіксіз қамтамасыз ету мақсатында электр энергетикасы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) көтеріліп отырған ұсынысты қолдайтынын хабарлайды.

Осы ұсынысты жүзеге асырған жағдайда, уәкілетті органның ақпараты бойынша республикалық бюджет есебінен 2020-2023 жылдарға қажет қаражат көлемі 13,2 млрд теңгені құрайтыны анықталып, оның ішінде Қызылорда облысына қажетті бюджеттік қаражат 7,6 млрд теңгені, ал 2020 жылға – 1 млрд теңгені құрайды.

Аталған мәселе республикалық бюджеттің шығыстарын ұлғайтуды көздейтіндіктен, бюджет заңнамасының талаптарына сәйкес оны Республикалық бюджет комиссиясының отырысында қарастыру талап етіледі. Комиссия мүшелері қолдау көрсеткен жағдайда, жоғарыда көрсетілген қағидаларға тиісті өзгерістер енгізілетін болады.

Атқарылған жұмыстар нәтижесі бойынша уәкілетті орган Сіздерге қосымша ақпарат ұсынатын болады.


Сейсенбі, 25 Ақпан 2020, 18:57:33

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиевтің, Ж. Жолдасбаевтың, Қ. Қожамжаровтың, Е. Мамытбековтің Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округінің ауылдық елді мекендерін дамытуға қатысты 2020 жылғы 6 ақпандағы № 16-13-29 депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Жамбыл облысы Байзақ ауданы Бурыл ауылдық округінің ауылдық елді мекендерін дамытуға қатысты сауалдарыңызға сәйкес мынаны хабарлаймын.

2019 жылы «Ауыл – Ел бесігі» жобасын (бұдан әрі – жоба) іске асыру басталды. Жобаның мақсаты ауылдық елді мекендердің (бұдан әрі – АЕМ) инфрақұрылымын жаңғырту арқылы өмір сүру сапасын жақсарту болып табылады.

Жоба Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 27 желтоқсандағы №990 қаулысымен бекітілген Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына енгізілген.

Жоба шеңберінде жалпы ел бойынша даму әлеуеті бар 3 561 тірек және спутниктік ауыл анықталды, оның ішінде Жамбыл облысы бойынша – 238 (67 тірек және 171 спутниктік ауыл), оған Бурыл ауылы тірек ретінде, Құмжота ауылы спутниктік ретінде кірді.

2020 жылы Жамбыл облысы бойынша жоба аясында 5 АЕМ-де (Сарысу ауданы Саудакент ауылы, Жамбыл ауданы Аса ауылы, Қордай ауданы Қордай ауылы, Меркі ауданы Меркі ауылы, Шу ауданы Төле би ауылы) инфрақұрылымдық мәселелерді шешуге республикалық бюджеттен 2 млрд теңге бөлінді.

Жобада 2027 жылға дейін даму әлеуеті бар АЕМ-нің ауылдық инфрақұрылымын жаңғырту болжанып отыр. Осы мақсаттар үшін республикалық және жергілікті бюджеттерден 900 млрд теңге сомасында қаражат бөлу жоспарлануда.

Қосымша қаржыландыру есебінен 2020 жылы Жамбыл облысының 20 ауылында инфрақұрылым салу және жөндеу бойынша 92 жобаны жүзеге асыру көзделген.

Бурыл ауылындағы орта мектепті күрделі жөндеуден өткізуді қаржыландыру мәселесі қажетті жобалау-сметалық құжаттама ұсынылғанда 2021 жылы Жоба шеңберінде қаралатын болады.

Жамбыл облысы әкімдігінің ақпараты бойынша Бурыл ауылында 300 орындық орта мектептің құрылысына жобалау-сметалық құжаттама әзірленді (16.04.2018 ж. № 19-0133/18 МС, жобаның құны 1 181,6 млн теңге). Мектептің құрылысы облыстық бюджет есебінен 2020 жылы басталатын болады.

Құны 161,5 млн. теңге болатын «Байзақ ауданы Бурыл ауылында 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы» (10.12.2019 жылғы №ОҚПЭ-0208/19 МС), құны 331,4 млн. теңге болатын «Байзақ ауданы Бурыл ауылындағы дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы» (05.02.2020 жылғы №19-0036/20 МС) жобаларын қаржыландыру 2020-2021 жылдары жергілікті бюджет қаражаты есебінен жоспарланған.

Құны 888,2 млн теңге болатын «Байзақ ауданы Бурыл ауылында су қабылдау құрылыстары мен су құбыры желілерінің құрылысы» жобасы бойынша (18.10.2019 жылғы №РЭ-0135/19 МС) Жамбыл облысы әкімдігі 2020 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланған жағдайда оны қаржыландыруды қарау үшін Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне бюджеттік өтінім жолдады.

Жалпы өңірлердің бюджеттік инвестициялық жобаларын қаржыландыру мәселелері 2020 жылға арналған республикалық бюджет нақтыланған жағдайда республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне сүйене отырып қаралатын болады.


Сейсенбі, 25 Ақпан 2020, 18:49:39

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ж. Жолдасбаевтың, Ә. Нұралиев, Е. Мамытбеков, Қ. Қожамжаровтың Жамбыл облысы Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру бойынша 2 жобаны қаржыландыруға қатысты 2020 жылғы 7 ақпандағы № 16-13-32 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Сіздердің Жамбыл облысы Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру бойынша 2 жобаны қаржыландыруға қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Жамбыл облысын газдандыруға 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджетте 7 жобаға (Талас ауданының 3 елді мекені, Сарысу ауданының 14 елді мекені, Шу ауданының 18 елді мекені, Жамбыл ауданының 13 елді мекені, Жуалы ауданының 15 елді мекені және Байзақ ауданының 21 елді мекені) 22,7 млрд. теңге сомасында шығыстар, оның ішінде: 2020 жылға – 6,6 млрд теңге, 2021 жылға – 12,4 млрд теңге, 2022 жылға – 3,7 млрд теңге көзделген.

Жамбыл облысының әкімдігі (2020 жылғы 10 ақпандағы № 02-926) Қазақстан Республикасының Энергетика министрлігіне Қордай ауданы бойынша 2 жобаны қаржыландыруға жалпы сомасы 345 млн теңгеге бюджеттік өтінім жіберді:

1) «Жамбыл облысы Қордай ауданының Соғанды, Алға, Көгадыр, Мұзбел, Кенен, Үлкен Сұлутөр, Сұлутөр, Көктөбе, Отар, Гвардейский, Аңырақай, Бел – 12 елді мекеніне тартылатын газ құбырын салу» жобасына 200 млн теңге (2019 жылғы 20 желтоқсандағы № 19-0453/19 мемлекеттік сараптама, жобаның құны – 4 млрд теңге);

2) «Жамбыл облысы Қордай ауданында «Отар» АГТС құрылысы» жобасына 145 млн теңге (2019 жылғы 29 қарашадағы № 04-0281/19 мемлекеттік сараптама, жобаның құны – 1 млрд теңге).

Қордай ауданының 12 елді мекенін газдандыру бойынша 2 жобаны қаржыландыру мәселесі республикалық бюджеттің қаржылық мүмкіндігін ескере отырып, 2020 жылға арналған республикалық бюджетті ықтимал нақтылау кезінде немесе бюджет заңнамасында белгіленген жоспарлы тәртіппен қаралатын болады.


Сейсенбі, 25 Ақпан 2020, 18:07:52

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Жұмағазиев, Ә. Бектаев, Р. Әкімов, Б. Еламанов, Д. Мусин, Ә. Нұралиев, М. Тағымов, Н.Төреғалиевтің 2020 жылғы 27 қаңтардағы № 16—13-20 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Ветеринария және мал шаруашылығы саласында қолданылатын биопреператтардың сапасына қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Жыл сайын республика аумағында Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2014 жылғы 30 қазандағы № 7-1/559 бұйрығымен бекітілген профилактикасы, диагностикасы және жойылуы бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың аса қауiптi ауруларының тізбесіне енгізілген 19 ауруға қарсы ветеринариялық профилактикалық шара жүргізіледі.

Анықтама: Бүгінгі таңда республика аумағында жануарлардың аса қауіпті ауруларына қарсы ветеринариялық препараттар (вакциналар, диагностикумдар, сынақ жүйелері, дезинфекциялағыш заттар т.б) өндіретін 19 кәсіпорын жұмыс істейді. Олардың 7-еуі Алматы қаласында, 4-еуі Ақмола облысында, 3-еуі – Алматы облысында, 2 –еуі Павлодар облысында, 1-еуі Шығыс Қазақстан облысында, 1-еуі Жамбыл облысында және 1-еуі Нұр-Сұлтан қаласында орналасқан.

GMP стандарттарының талаптарына сай биокомбинат салуға қатысты

Жоғарыда айтылған 19 отандық өндірушінің 4-еуі (Алматы қаласында орналасқан «Антиген» ғылыми-өндірістік бірлестігі» ЖШС, «Биовет» ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС, «ДиаВак-АБН» ғылыми-өндірістік орталығы» ЖШС және Ақмола облысының Степногорск қаласындағы «BIOTRON» ЖШС) GMP стандарттарына сәйкес сертификаттаудан өткен ветеринариялық препараттарды өндіреді.

Отандық тауар өндірушілерді қолдау мақсатында Жамбыл облысы Қордай ауданының Гвардейский кентіндегі Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитетінің «Биологиялық проблемалардың ғылыми-зерттеу институты» РМК және Алматы қаласындағы «Сана0К» Инновациялық кәсіпорыны» ЖШС 2 кәсіпорнынан ауыл шаруашылығы жануарларының аса қауіпті 6 ауруына қарсы вакциналар «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының нормалары қолданбай, олардың патенттері негізінде тікелей Шарт жасау арқылы сатып алынады.

Соңғы 3 жылда жыл сайын отандық кәсіпорындардан барлық сатып алынған ветеринариялық препараттардың орта есеппен 58 %-ы сатып алынды, оның ішінде, 2017 жылы – 59,6 %, 2018 жылы – 47,6 %, 2019 жылы – 64,2 %.

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдардың ветеринария саласындағы бөлімшелері бұл кәсіпорындардан тиісті облыс әкімдіктерінің қаулысымен бекітілген профилактикасы, диагностикасы жергілікті бюджет қаражаты есебiнен жүзеге асырылатын жануарлардың энзоотиялық ауруларының тізбесіне енгізілген аурулардың профилактикасы бойынша ветеринариялық препараттар сатып алады.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің (бұдан әрі – Министрлік) Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Еуразиялық экономикалық одақтың ветеринариялық дәрілік заттар өндірісіне қойылатын талаптарды енгізу жөніндегі Еуразиялық экономикалық комиссия Кеңесінің 2016 жылғы 3 қарашадағы № 77 шешімімен бекітілген халықаралық GMP стандартына сәйкес тиісті өндірістік тәжірибенің қағидаларын енгізу бойынша іс-шаралар жоспарын әзірледі және барлық отандық ветеринариялық препараттар өндірушілерге жолдады.

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институты сияқты ұйымдарға мемлекет тарапынан қолдау көрсету немесе қолданыстағы мемлекеттік бағдарламаларды сәйкес келтіру, елдің ішкі нарығын қамтамасыз ету мақсатында биопрепараттар өндірісінің көлемін ұлғайту жөнінде шаралар қабылдауға қатысты

Қазақ ғылыми-зерттеу ветеринария институтында (бұдан әрі – Институт) ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге және ветеринариялық препараттар өндіруге қажетті ғылыми кадрлар мен еңбек ресурстары бар.

Институт биотехнология саласында шет елдерден әкелінетін препараттардан экономикалық толық тәуелсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бәсекеге қабілетті биопрепараттар өндірісін әзірлеу, енгізу және ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізуде.

Институт Халықаралық эпизоотиялық бюромен, Пирбрайт, Вейбридж, (Англия), АНСЕС (Бельгия), ПИВЕТ (Польша) және басқа халықаралық ғылыми орталықтармен іскерлік байланыс орнатылған. Сондай-ақ ҚХР-ның, Англияның, Францияның, Ресейдің, Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан және т.б. мемлекеттердің ғылыми орталықтарымен белсенді келіссөздер, бірлескен жобаларды ресімдеу және ғылыми делегациялар алмасу жүргізіп отырады.

Институт базасында биокомбинат құрылысына қатысуға әлемдегі биопрепараттар өндіретін жетекші компаниялардың бірі – «Берингер Ингельхайм» (Мериал) компаниясы өз келісімін берді. Бұл компания жыл сайын Қазақстан бойынша 1,6 млрд. теңгеден астам қаржыға сатып алатын аусылға қарсы вакцинаны өндірудің технологиясын енгізуге дайын.

Ветеринариялық препараттардың сапасын бақылау бойынша тәуелсіз мемлекеттік ғылыми-бақылау ұйымын құру мүмкіндігін қарастыру қажеттігіне қатысты

«Ветеринария туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі ветеринариялық препараттарды, жемшөп қоспаларын тіркеу сынақтарын, байқаудан өткізуді, сондай-ақ препараттарға шағым түскен кезде олардың серияларын (партияларын) бақылауды жүзеге асыру мақсатында республикалық мемлекеттік кәсіпорын нысанында мемлекеттік ветеринариялық ұйымдар құрады. Көрсетілген заңға сәйкес бұл функция Министрліктің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің «Ветеринария бойынша ұлттық референттік орталық» РМК-ге (бұдан әрі – «ВБҰРО» РМК) жүктелген.

«ВБҰРО» РМК 2019 жылы II-IV топтағы микроорганизм мен гельминттермен жұмыс істеуге рұқсат алды, бұл аталған топтардағы аурулардың қоздырғыштарымен жұмыс істеуге мүмкіндік береді.

Баяндалғандардың негізінде ветеринария және мал шаруашылығы саласындағы биопрепараттарға байланысты мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында болатынын хабарлаймын.

 


Дүйсенбі, 24 Ақпан 2020, 12:21:52

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Д. Нөкетаева, М. Бақтиярұлы, С. Бектұрғанов, Б. Жұмағұлов, С. Ершов, Н. Жүсіп, А. Қапбарова, Н. Төреғалиев, Л. Сүлеймен, Б. Еламанов, С. Еңсегеновтің 2020 жылғы 24 қаңтардағы № 16-13-10 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің атаулы әлеуметтік көмектің (бұдан әрі – АӘК) жаңа тетіктеріне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

АӘК-ті тағайындауда отбасының жиынтық табысын есептеу кезінде кәсіпкерлік қызметтен түскен табыстарды есепке алуға қатысты

2019 жылы АӘК-ті 485,9 мыңнан астам отбасы немесе 2,5 млн адам алды. Еліміздің мемлекеттік бюджетінен бұл мақсаттарға 244,2 млрд теңге бөлінді. 

Сонымен қатар 2019 жыл бойы отбасылардың табысы туралы дәйексіз мәліметтер беру (73,8 мың отбасы) фактілері анықталды, бұл АӘК-ті заңсыз тағайындауға (артық төлеуге) әкеп соқты. 

Бұдан басқа, АӘК алушылардың ішінде 33 мыңнан астам адам жеке кәсіпкерлер болып табылды, олардың ішінде шамамен бір мыңға жуық адамның 2018 жылдың қорытындысы бойынша 1-ден 10 млн теңгеге дейін табыстары болды, үш мыңнан астамы өз қызметін тоқтата тұрды, белсенді кәсіпкерлердің көпшілігі табыстарының жоқ екенін немесе ең төменгі табыстарын көрсетті. 

Тұрғындармен кездесулер өткізу кезінде бірыңғай жиынтық төлемді төлеушілердің көпшілігі «тәуелсіз жұмыскерлер» ретінде қандай қызмет түрімен айналысады деген сұраққа жұмыс істемеу және АӘК-ті қосымша шарттарсыз алу мақсатында тек қажетті төлемді төлегенін ашық айтқанын атап өту қажет. 

2019 жылғы 2 қыркүйектегі Мемлекет басшысының Қазақстан халқына арнаған «Cындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында АӘК-тің төлем тетігін оның ашықтығын, әділдігі мен жұмысқа деген ынтасын қамтамасыз ету мақсатында түзету тапсырылды. 

Осыған байланысты 2020 жылдан бастап АӘК ұсынудың жаңа тәсілдері қолданылады. 

АӘК-ті есептеу тетігінің өзгеруімен қатар АӘК-ті тағайындаудың бұрынғы жүйесін алушылардың жоғарыда көрсетілген теріс пайдалану фактілерін болдырмау жөнінде шаралар қабылданды. 

Қазіргі уақытта кәсіпкерлік қызметтен түскен кірістер, оның ішінде «тәуелсіз жұмыскерлердің» қызметінен түскен кірістер кемінде 25 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде ескеріледі. 

Сондықтан АӘК мөлшерінің тартымсыздығын ескере отырып, кәсіпкерлік бастаманы дамыту мүмкіндігі бар отбасылар мемлекеттік көмекті алушылардан қарағанда, қызметін дамытқанын жөн көреді. 

Сонымен бірге, аз қамтылған санатындағыларға Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде кәсіпкерлік қызметті дамытуға жәрдемдесу тетігі оңайлатылды. 

Бала 7 жасқа толғанға дейін оның күтіміне қатысты 

Қазақстан Республикасы Еңбек кодексінің 99-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес бала үш жасқа толғанға дейін оның күтіміне ақы төленбейтін демалыс беріледі. 

Біздің негізгі міндетіміз белсенді жұмыспен қамтылуына және кәсіпкерлікпен айналысуына мүмкіндік жасай отырып, жағдайы төмен және көп балалы отбасыларға әлеуметтік көмек көрсету, оның ішінде олардың еңбек әлеуетін ынталандыру. 

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды балабақшаларда орындармен қамтамасыз ету деңгейі 2019 жылдың соңында 98,5 %-ды құрағанын атап өткен жөн. Осы жылы Қазақстан Республикасында білім және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының шеңберінде бұл көрсеткішті 100%-ға жеткізу жоспарлануда. 

Көрсетілген мәселелер Үкіметтің ерекше бақылауында. 


Бейсенбі, 20 Ақпан 2020, 17:05:50

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ғ. Дүйсембаев, Б. Еламанов, С. Еңсегеновтің 2020 жылғы 25 қаңтардағы жүн саласын дамытуға қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің жүн саласын дамытуға қатысты сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

2015-2019 жылдар кезеңінде жеңіл өнеркәсіпте кәсіпорындар санының 845-тен 1071-ға дейін өсуі байқалады, оның негізгі үлесі (60%) тігін кәсіпорындарына, тоқыма бұйымдарын өндіру бойынша кәсіпорындарға 30% және былғары мен оған жататын өнімдер өндірісіне 10% тиесілі. 5 жыл ішінде жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2015 жылы 71,6 млрд. теңгеден 2019 жылы 112,7 млрд. теңгеге дейін өсті. 2019 жылы жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2018 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 13,5% өсті. 

Өсім тоқыма бұйымдары өндірісінде 16,1% және киім өндірісінде 8,2% болды. Қазіргі уақытта жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын қолдау өнім экспортын ілгерілету, еңбек өнімділігін арттыруды ынталандыру, тауарларды ішкі нарықта жылжыту және т. б. сияқты өңдеуші өнеркәсіпке бағытталған жүйелі шаралар шеңберінде көрсетіледі.

Толығырақ ақпарат қоса беріледі.


Бейсенбі, 20 Ақпан 2020, 16:59:59

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Б. Бекназаров, А. Қапбарова, Н. Бекназаровтың 2020 жылғы 27 қаңтардағы №16-13-19 «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын (бұдан әрі – «Оңтүстік» АЭА) дамыту мәселелеріне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағын (бұдан әрі - «Оңтүстік» АЭА) дамыту мәселелеріне қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. 

Жұмыс істеп тұрған тоқыма кәсіпорындарын қолдау мақсатында қазіргі уақытта АЭА аумағына «AZALA Textile» ЖШС, «Alliance» СӨК компаниялар тобының тоқыма кәсіпорындарын қоса отырып, оның аумағын кеңейту мәселесі пысықталуда. 

АЭА аумағында ерекше салық режимі қолданылады, оған сәйкес осы аймаққа қатысушылар мүлік, жер салығын, корпоративтік табыс салығын, АЭА аумағында сатылатын тауарларға қосылған құн салығын төлеуден босатылады.

Сондай-ақ, коммуналдық қызметтерге тиімді тарифтер және шетелдік жұмыс күшін тартудың оңайлатылған қағидаларын қолдану есебінен артықшылықтар бар. 

Толығырақ ақпарат қоса беріледі. 

Қосымша 


Сейсенбі, 21 Қаңтар 2020, 16:00:47

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлы, Л. Сүлеймен, Н. Жүсіп, Н. Төреғалиев, Д. Нұржігітова, Д. Нөкетаеваның 2019 жылғы 23 желтоқсандағы мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011 – 2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асырудың нәтижесінде 2011 – 2018 жылдар аралығында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесі 25% өсіп, бүгін 86% құрап отыр. Аталған кезеңде мемлекеттік БАҚ-тағы қазақ тіліндегі контенттің үлесі 56%-дан 73%-ға дейін, ал мемлекеттік органдарда қазақ тілінде құжат айналымының үлесі 88%-дан 93%-ға дейін өсті. Сонымен қатар «Қазтест» бағалау жүйесі, қашықтықтан оқыту порталдары мен тіл орталықтары іске қосылды.

Интернет кеңістігіндегі қазақ тілінің қолданылу аясын кеңейту мақсатында «Tilalemi.kz», «Atau.kz» ономастикалық, «Emle.kz» орфографиялық, «Termincom.kz» терминологиялық порталдары құрылып, халыққа сәтті қызмет етуде.

«Қазақстан Республикасындағы тiл туралы» Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі − Заң) 23-бабына сәйкес қазақ тілін меңгерудің талаптары қолданыстағы Ұлттық стандарттарда айқындалып отыр.

Заңның 25-бабына сәйкес уәкілетті орган орталық және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдарында Қазақстан Республикасының тiл заңнамасының сақталуын бақылауды жүзеге асырады. «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодекстің 75-бабында Заңды бұзғаны үшін жауапкершілік қарастырылған.

«Кинематография туралы» Заңның 9-бабына сәйкес еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін фильмдер міндетті түрде қазақ тілінде дубляжбен, субтитрлармен немесе кадр сыртындағы аудармамен қамтамасыз етіледі.

Мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту жұмысы 2019 жылғы 31 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы тіл саясатын іске асырудың 2020 − 2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) шеңберінде жалғасады. Атап айтқанда, Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік қызметшілердің, мемлекеттік қызметтерді ұсынатын ұйымдар, сондай-ақ ұлттық компаниялар қызметкерлерінің мемлекеттік тілді білуі тұрғысынан «Қазтест» жүйесі бойынша В1, В2 және С1 деңгейлеріне сәйкес біліктілігін тексеру көзделіп отыр. Сонымен қатар «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымына орналасуға үміткерлерге «Қазтест» жүйесі бойынша шекті мәнді белгілей отырып, тестілеуден өткізу жоспарлануда.

Жалпы, Мемлекеттік бағдарламада мемлекеттік тілдің беделін арттыру мақсатында білім, өнер, БАҚ, кинематография салаларында сапалы қазақ тілді контентті өндіру, үздік әлем әдебиетін қазақ тіліне аудару, терминологиялық қорды жүйелендіру, тілді үйренуді және қолдануды жеңілдететін қосымшаларды ойлап табу қарастырылған. Мемлекеттік бағдарламаның ерекшеліктерінің бірі 60 млн. сөзқолданыстан тұратын қазақ тілінің ұлттық корпусын құру болып табылады.

Сонымен бірге, 2020 жылы Заңға көрнекі ақпарат мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу жоспарланып отыр.

Орта білім беру жүйесінде шет тілдерді оқытуды 3 − 5 сыныптан бастау мәселесіне келсек, орта білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандартына сәйкес бүгінгі күні ағылшын тілі 1-сыныптан бастап ойын түрінде оқытылуда. Алдағы уақытта бастауыш, негізгі орта, жалпы орта білім беру деңгейлерін латын графикасына көшіру жоспарланып отыр. Осыған сәйкес ағылшын тілін ата-аналардың қалауына қарай 2-ші сыныптан немесе 5-ші сыныптан бастап оқыту көзделуде.

Сіздердің сауалдарыңызға орай Мәдениет және спорт министрлігіне, мүдделі мемлекеттік органдарға мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін қосымша пысықтап, жүргізілген жұмыстың қорытындылары туралы Үкімет пен депутаттық корпусты хабардар ету тапсырылды.


Жексенбі, 05 Қаңтар 2020, 12:15:47

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлының, С. Бектұрғановтың, Б. Жұмағұловтың, Н. Жүсіптің, С. Ершовтың, Н. Төреғалиевтің, Р. Әкімовтың, Д. Әділбековтың және Е. Мұқаевтың Ақмола облысы Красный Яр ауылында қоныс аударушыларды жайластыру жөніндегі проблемалық мәселелерге қатысты 2019 жылғы 21 қарашадағы № 15-13-375 депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің Ақмола облысы Красный Яр ауылында қоныс аударушыларды жайластыру жөніндегі проблемалық мәселелерге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын. 

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан Республикасы этникалық қазақтардың елге ерікті түрде оралуын ынталандыру саясатын жүргізуде. 

2009 – 2011 жылдар кезеңінде «Нұрлы көш» бағдарламасы (Үкіметтің 2008 жылғы 2 желтоқсандағы № 1126 Қаулысы) іске асырылды. 

Оның мақсаты этникалық қазақтарды тарихи отанында ұтымды орналастыру, олардың жайғасуына және кірігуіне жәрдемдесу болып табылады. 

Бағдарлама 6 облыста іске асырылған (Ақмола, Ақтөбе, Шығыс Қазақстан, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан (қазіргі Түркістан облысы). Мониторинг нәтижелері бойынша осы облыстарда Бағдарлама бойынша 2604 үй мен 1016 пәтер салынды. 

2010 жылы Көкшетау қаласының Красный Яр ауылының «Нұрлы Көш» шағын ауданында (бұдан әрі – шағын аудан) 276 отбасы үшін 138 екі пәтерлі тұрғын үй салынды. 

Сондай-ақ, 2010-2011 жылдар аралығында электрмен жабдықтаудың сыртқы инженерлік желілері салынды, 2012 жылы 138 үйге жөндеу жүргізілді, ал 2016 жылы 84 пәтерді жылыту жұмыстары жүргізілді. 

Қазіргі уақытта шағын ауданда Монғолиядан, Қырғызстаннан, Өзбекстаннан, Ресейден, Қытайдан, Тәжікстаннан, Түрікменстаннан келген 274 отандасымыз (1057 адам) тұрады (оның ішінде 42 отбасы ағымдағы жылы 41 млн.теңгеге атаулы әлеуметтік көмек алды, тағы 35 отбасына 1,8 млн. теңгеге материалдық көмек көрсетілді). Қазіргі уақытта олардың барлығы Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылады. 

Үкімет 2009 – 2011 жылдары республикалық бюджеттен қаражат бөліп, кейіннен оларды Бағдарламаға қатысушылар қайтарғанын атап өткен жөн. Бұл ретте жалға берілетін тұрғын үй «Қазақстанның тұрғын-үй құрылыс жинақ банкі» АҚ-ның депозиттік кредит беру бағдарламасы арқылы тиімді шарттарда берілді, ол бойынша тұрғын үй құнының 50%-ін жинаған кезде қатысушыларға жеңілдікті 5%-дық мөлшерлеме бойынша пәтерді сатып алу мүмкіндігі берілді. 

Тұрғын үй құрылыс жинақтары бойынша барлық шарттар аталған бағдарламаның 215 қатысушысымен жасалған, оның ішінде тек 2 қатысушы ғана өз міндеттемелерін адал орындап, тұрғын үйдің меншік иелері болды, ал қалған қатысушылар жалға берілетін тұрғын үйде тұрып жатыр және бұл ретте шарттардың талаптарын орындамайды. 

Сонымен қатар, жергілікті атқарушы органдар шағын ауданды әлеуметтікэкономикалық дамыту жұмыстарын жүргізуде. Ұзындығы 1,8 км асфальтбетон төселген жолды жөндеу жұмыстары жүргізілуде, 280 орындық балабақша салу жоспарланып, тиісті құжаттама әзірленуде.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы шеңберінде 2020 жылға арналған республикалық бюджеттен ауылдың әлеуметтік және инженерлік-көліктік инфрақұрылым объектілерін күрделі және ағымдағы жөндеуге 854,3 млн.теңге бөлінді. 

Бүгінгі таңда орталық және жергілікті атқарушы органдар осы шағын ауданның тыныс-тіршілігін жақсарту және одан әрі экономикалық дамыту, бұрынғы репатрианттарды тиісінше орналастыру үшін қажетті шаралар қабылдауда. 

Сонымен бірге, Сіз көтерген мәселелерді жан-жақты қарау мақсатында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, сауалда көрсетілген фактілерге кешенді тексеру жүргізу, оларға қағидатты баға беру және нәтижелері бойынша Сіздің мекенжайыңызға тиісті ақпарат жіберу тапсырылды. 

Жалпы оралмандардың, ішкі қоныс аударушылардың қоныс аудару мәселелері Үкіметтің тұрақты бақылауында. 


Жұма, 06 Желтоқсан 2019, 16:13:03

Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Бектаевтың және Ә. Құртаевтың 2019 жылғы 8 қарашадағы қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын өткізу туралы

Сіздердің қазақтың әйгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау мен өткізуге қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Әйгілі палуанның 150 жылдық мерейтойы Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2018 жылғы 25 тамыздағы № 228 бұйрығымен бекітілген 2019 – 2021 жылдарға арналған мерейтойлар мен атаулы күндердің тiзбесiне енгізілген.

Жалпы алғанда, Қажымұқан Мұңайтпасұлын ұлықтауға арналған шаралар елімізде тұрақты түрде өткізіліп тұрады. Мысалы, Мәдениет және спорт министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп қазақ күресінен Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған жастар арасында дәстүрлі спорттық турнирлерді жыл сайын ұйымдастырады. 2021 жылы республикалық және халықаралық турнирлерді жоғары деңгейде, сондай-ақ ұлттық спорт ойындарын, Қажымұқанға арналған көрмелер және т.б. шараларды өткізу көзделіп отыр. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы шеңберінде Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен түсірілген «Күш атасы – Қажымұқан» атты анимациялық фильм 2017 жылдан бастап көрсетілуде. Осы жылдан бастап Қажымұқан Мұңайтпасұлының өмірі жайында «Қажымұқан» атты көркем фильм түсіріліп, ол 2021 жылдан бастап еліміздің телеарналарынан көрсетілетін болады.

«Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау және пайдалану туралы» 1992 жылғы 2 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңының 18-бабы 10-1) тармақшасына сәйкес монументті өнердің жаңа құрылыстарын орнату жөніндегі жұмыстарды облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергiлiктi атқарушы органдары жүргізеді. Осылайша, Заңның аталған нормасын жүзеге асыру мақсатында Түркістан облысында Қ. Мұңайтпасұлына арнап 7 ескерткіш қойылған, осы жылы Ақмола облысының Степногорск қаласында да палуанға ескерткіш орнатылды.

Сонымен қатар, Мәдениет және спорт министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын дайындау және өткізу бойынша Іс-шаралар жоспарын әзірлеу тапсырылды, онда халықаралық экспедициялар өткізу, кесенелер орнату, музейді жөндеу, ескерткіш пен мемориалдық тақталар орнату, Қажымұқан Мұңайтпасұлы мен оның туыстарының жерленген орнын абаттандыру мәселелері бойынша шаралар қарастыру болжанған.

Сондай-ақ, «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» арнайы жобасын іске асыру және Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласында айтылған ұлы тұлғаларды насихаттау шеңберінде келешек ұрпақтың бойында патриоттық сана-сезімдерді қалыптастыру үшін 2021 жылы барлық әкімдіктер Қ. Мұңайтпасұлын еске алуға арналған өңірлік, республикалық және халықаралық деңгейдегі спорттық, мәдени-бұқаралық шараларды өткізуді жоспарлап отыр. Қазақтың белгілі палуаны Қажымұқан Мұңайтпасұлының 150 жылдық мерейтойын мерекелеу Үкіметтің ерекше бақылауында және тиісті деңгейде аталып өтетін болады.

Жоғарыда баяндалғандардың негізінде Мәдениет және спорт министрлігі депутаттық корпусты жоспарланған мерейтой шеңберінде өткізілетін жұмыстар туралы қосымша хабардар етеді.

Қосымша

 


Бейсенбі, 28 Қараша 2019, 17:28:51

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары А. Смағұлов, Н. Әбдіров, А. Базарбаев, Г. Бижанова, Н. Дулатбеков, Б. Мамраев, Н. Сабильяновтың 2019 жылғы 30 қазандағы ауылдық жерде шағын көлемді құрылыстар салу үшін рұқсат беру құжаттарын жеңілдетуге қатысты сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің ауылдық жерде шағын көлемді құрылыстар салу үшін рұқсат беру құжаттарын жеңілдетуге қатысты сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз.

Дүниежүзілік Банктің «Doing Business» рейтингі шеңберінде Қазақстанда құрылыс саласындағы рұқсат беру рәсімдерін оңтайландыру (тәртіп, мерзім, құжаттар тізбесі) бойынша жұмыс жүргізілді.

Бүгінгі күні шағын көлемді объектілерге (дүкендер, моншалар, базалар және т.б.) эскиздік жобаны әзірлеу үшін қажетті бастапқы рұқсат құжаттарының толық топтамасын беру мерзімі 6 жұмыс күнін және эскизді келісу 10 жұмыс күнін құрайды. Бұл рәсімдер толығымен автоматтандырылған және қызмет «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетіледі.

Толық ақпарат қоса беріліп отыр.

 

Қосымша

 


Бейсенбі, 28 Қараша 2019, 17:15:25

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, ауыл шаруашылығы жануарларын ҚР аумағынан әкетуге тыйым салуға қатысты 2019 жылғы 11 қазандағы № 15-13-305 сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздің мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға, сонымен қатар ауыл шаруашылығы жануарларын Қазақстан Республикасының аумағынан әкетуге тыйым салуға қатысты сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 15 наурыздағы № 108 бұйрығымен бекітілген Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау қағидаларында (бұдан әрі – Субсидиялау қағидалары) бір уақытта кемінде 1000 бас сиятын бордақылау алаңдарына бордақылауға өткізілген немесе ауыстырылған бұқашықтардың құнын арзандатуды субсидиялау қарастырылған.

Бұл ұсақ және орта фермерлерді бұқашықтарды ел ішіндегі арнайы бордақылау алаңдарына өткізуге ынталандырады, өйткені олар кейіннен бір басына 40-тан 60 мың теңгеге дейін субсидия алатын болады.

Мәселен, 2018 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейінгі кезеңде жалпы 8,9 млрд теңге субсидия төленіп, барлығы 322,7 мың бас бордақылауға тапсырылды.

Бұдан басқа, Субсидиялау қағидаларында ірі қара малды сою және етін бастапқы қайта өңдеумен айналысатын ет комбинаттарының сиыр еті өндірісінің құнын (қосылған құны жоғары дайын өнімді өндіруге және экспорттауға бағдарланған) сиыр етінің килограммына 175 теңге мөлшерінде субсидия нормативімен арзандату бойынша норма көзделген (норма 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енгізіледі). Бұл қолдау шарасы ет комбинаттарын жүктеу және ет сату нарығында делдалдарды болдырмау мақсатында енгізілді.

Сондай-ақ, «Сыбаға» кредиттеу бағдарламасын жүзеге асыру шеңберінде импорттық асыл тұқымды ірі қара малдың аналық мал басын сатып алу қарастырылған.

Бұл ретте аналық мал басын сатып алуға кредит беру кезіндегі талаптарда фермерлердің қарыз мерзімі ішінде аналық мал басын сатпау міндеттемесі қарастырылған.

Ағымдағы жылдың 15 қазанындағы жағдай бойынша жыл басынан бері Қазақстан Республикасынан басқа елдерге 119 596 бас ірі қара мал (бұдан әрі – ІҚМ) шығарылған, оның ішінде 110 927 бас түрлі жастағы бұқалар (92,7%), 8 669 бас аналық мал (7,3%). Басқа елдерге 228 545 бас ұсақ мүйізді мал (бұдан әрі – ҰММ) экспортталды, оның ішінде 152 104 бас аналық мал (66,5%), 76 441 бас қошқар мен ісектер (33,5%). Елдер бойынша талдау экспортталған жануарлардың жалпы санынан ауыл шаруашылығы жануарларының барынша экспорты ІҚМ бойынша – 99 524 бас (83,2%), ҰММ – 184 046 бас (80,5%) Өзбекстан Республикасына келетінін көрсетеді.

Жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, сондай-ақ Өзбекстан Республикасына экспортталатын жануарларға талдау және мониторинг жүргізу мақсатында Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – АШМ) Жұмыс тобын құрды.

Жұмыс тобы жүргізген мониторинг нәтижелері бойынша Ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру қағидаларының талаптарын, ветеринариялық-ілеспе құжаттарды ресімдеу және беру тәртібін сақтау бойынша бұзушылықтар анықталды.

Қазіргі таңда, АШМ ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендірудің ақпараттық жүйесін жетілдіруде.

Экономикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында АШМ және Қаржы министрлігінің (2019 жылғы 10 қазандағы № 368 және № 1118) «Ауыл шаруашылығы жануарларын әкетудің кейбір мәселелері туралы» бірлескен бұйрығымен Қазақстан Республикасының аумағынан ІҚМ және ҰММ аналық бастарын және төлдерін (ұрғашысын) әкетуге алты ай мерзімге тыйым салынды.

Жоғарыда көрсетілген мәселелер Үкіметтің ерекше бақылауында.

 


Сәрсенбі, 20 Қараша 2019, 12:49:25

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депуттатары С. Еңсегеновтың, М. Бортниктің «Атырау – Астрахань» автожолының 616-674 км учаскесін ЕҚҚДБ-мен кредиттік келісім бойынша қаражатты үнемдеу есебінен II санаттан І санатқа ауыстыруға қатысты сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

«Атырау – Астрахань» автомобиль жолының 616-674 км учаскесін Еуропа қайта құру және даму банкімен (бұдан әрі – Банк) кредиттік келісім бойынша қаражатты үнемдеу есебінен II санаттан І санатқа ауыстыруға қатысты мынаны хабарлаймыз.

Құрылыс нормаларына сәйкес (ҚР ҚНжЕ 3.03-09-2006) I техникалық санаттағы автожолды салу үшін негіздеме ретінде учаскенің қарқындылығы болып табылады, ол тәулігіне 7000-нан астам автомобиль болуға тиіс. Соңғы жылдардың статистикалық деректеріне сәйкес жобалау кезінде жоғарыда көрсетілген учаскеде автокөлік құралдарының қарқындылығы тәулігіне 5500 автомобильді құраған.

Осыған байланысты автожол учаскесі II техникалық санатқа жобаланып, жоба Мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алды.

Бүгінгі күні ұзындығы 217 км 616-833 км учаскесі бойынша конкурстық рәсімдер өткізілді және мердігерлік ұйымдармен жалпы сомасы 51,1 млрд. теңгеге құрылыс мерзімі 2022 жылға дейін келісімшарттарға қол қойылды. Халықаралық қаржы институттарының қағидалары бойынша жобаларды іске асыру кезінде келісімшарттардың талаптарында баға эскалациясы көзделген.

Сонымен қатар, аталған қарыз қаражаты есебінен «Атырау қаласын айналып өту» автомобиль жолын салу көзделген. Бүгінгі күні жобалау жұмыстары жүргізілуде. Жобалау аяқталғаннан кейін «Атырау қаласын айналып өту» автомобиль жолын салу құны айқындалатын болады.

Банктің қарызы бойынша үнемдеудің соңғы сомасы бағалардың эскалациясына болжамды шығыстарды шегеру арқылы, сондай-ақ «Атырау қаласын айналып өту» жобасының құны айқындалғаннан кейін есептелетін болады.

Одан басқа, Банкпен жоғарыда көрсетілген автомобиль жолының учаскесін І техникалық санатқа ауыстыру бойынша келіссөздер жүргізу қажет. Банкпен келіссөздер нәтижелері бойынша және болжанатын үнемдеуді ескере отырып, осы мәселе бойынша шешім қабылданатын болады. Қабылданған шешім туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі сіздерге қосымша хабарлайтын болады.

 


Сәрсенбі, 20 Қараша 2019, 12:39:25

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты депутаттары Ә. Бектаевтың, Р. Әкімовтың, Б. Еламановтың, М. Жұмағазиевтің, Д. Мусиннің, Ә. Нұралиевтің, М. Тағымовтың, Ғ. Дүйсембаевтың, Н. Қылышбаевтың, Н. Нұрсипатовтың ауыл шаруашылығын субсидиялау бағдарламаларын қаржыландырудың проблемалық мәселелері туралы сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің ауыл шаруашылығын субсидиялау бағдарламаларын қаржыландырудың проблемалық мәселелеріне қатысты сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға арналған бюджет қаражаты тиімділігінің өлшемшарттарын анықтауға қатысты

Қазақстан Республикасы Президентінің «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 57-тармағын және «Бірге» жалпы ұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды орындау шеңберінде Ауыл шаруашылығы министрлігі 2017 – 2021 жылдарға арналған агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша жұмыс жүргізуде, онда мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігін бағалау әдістемесін әзірлеу көзделген, мемлекеттік қолдау алатын бизнестің қарсы міндеттемелерін енгізу бойынша шарттар әзірленуде. 

Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау бойынша міндеттемелерді төлеу үшін қаржыландыру көздерін айқындау және облыстарда субсидиялар төлеу бойынша берешектердің туындау себептерін айқындау бойынша талдау жүргізуге қатысты

Бүгінгі күні ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялаудың кейбір түрлері бойынша төленбеген міндеттемелер бар, олардың бірі 36,7 млрд.теңге сомасына асыл тұқымды мал шаруашылығын, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын дамыту бағдарламасы болып табылады.

Осыған байланысты, асыл тұқымды мал шаруашылығы, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға және инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі жұмсаған шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға қосымша қаражат көлемін бөлудің тиімділігіне талдау жүргізу үшін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2019 жылғы 23 қазандағы № 376 бұйрығымен Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталары депутаттарының, «Атамекен» ҰКП, Ұлттық экономика министрлігі және Қаржы министрлігі өкілдерінің қатысуымен жұмыс тобы құрылды.

Жұмыс тобының бірінші отырысы ағымдағы жылғы 29 қазанда өтті. Республикалық бюджеттен мал шаруашылығын дамытуды субсидиялауға және инвестициялық субсидиялау бағдарламасына төлеуге қосымша қаржыландыру қажеттілігі туралы жұмыс тобының түпкілікті қорытындысы мен ұсынысы ағымдағы жылғы қараша айында қалыптастырылып, қосымша ұсынылады. 

Сонымен бірге, инвестициялық субсидиялау бағдарламасын қосымша қаржыландыру бойынша мәселені шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі Қаржы министрлігімен бірлесіп, қаржылық сауықтыруды субсидиялау, кепілдік беру және сақтандыру, кредит және лизинг, ҚҚС бағдарламалары бойынша босатылған қаражатты қайта бөлу мәселесін пысықтауда.

Инвестициялық субсидияларды төлеу инвестициялық жоба пайдалануға берілгеннен кейін жүзеге асырылатын атап өткен жөн. Осыған байланысты аталған бағдарлама бойынша қосымша қаржыландыруға қажеттілік өз жобаларын пайдалануға енгізген инвесторлардың өтінімдер санының көп түсуі есебінен пайда болды. 

Бұдан басқа, жергілікті атқарушы органдардың тарапынан ауыл шаруашылығы өндірісіне субсидиялар төлеу бойынша міндеттемелерді өтеу бойынша шаралар қабылдануда. Осылайша, ағымдағы жылы Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарының жергілікті атқарушы органдарын басым дақылдарды субсидиялауға жергілікті бюджеттен 8,4 млрд теңге қаржы бөлінді.

Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға арналған қаржыландыру көлемін анықтау және тоқсан сайынғы қаржыландыру жоспарын құруға қатысты 

Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялау жергілікті бюджет жалпы сипаттағы трансферттер (бұдан әрі – ЖСТ) есебінен және республикалық бюджет есебінен жүзеге асырылады.

Ұлттық экономика министрлігі ЖСТ көлемдерін айқындау кезінде жергілікті бюджеттің кірістері мен шығыстарын, оның ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2014 жылғы 11 желтоқсандағы № 139 бұйрығымен бекітілген Жалпы сипаттағы трансферттердің есеп-қисаптар әдістемесіне (бұдан әрі – Әдістеме) сәйкес жоспарлы кезеңге арналған инфляцияны және өңірлердің ішкі жалпы өнімін ескереді.

Бұл ретте жергілікті атқарушы органдар субсидиялауға қосымша қаражат қажет болған жағдайда Ауыл шаруашылығы министрлігіне қосымша қажеттіліктің негіздемесі бар бюджеттік өтінімді ұсынады, ол бюджет процесінде қаралады және Республикалық бюджет комиссиясының жұмыс органына жіберіледі.

Басқа мақсаттарға бөлінуі мүмкін емес ауыл шаруашылығына арналған бюджет қаражатының ең төменгі мөлшерін белгілей отырып, жалпы сипаттағы трансферттерді бөлу тетігіне өзгерістер енгізуге қатысты

Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика министрлігі Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының қарауындағы «Республикалық және облыстық бюджеттер, республикалық маңызы бар қалалар, астана бюджеттері арасындағы 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасын (бұдан әрі – Заң жобасы) әзірледі. Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 45-бабы 4-1-тармағына сәйкес жалпы сипаттағы трансферттердің көлемідері туралы заңға тиісті саланың (аяның) орталық немесе жергілікті уәкілетті органдарының ұсынысы бойынша шығыстардың жекелеген бағыттарын жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең төмен көлем қоса беріледі. 

Шығыстардың жекелеген бағыттарын жергілікті бюджеттен қаржыландырудың ең төмен көлемдерін тиісті саланың (аяның) орталық немесе жергілікті уәкілетті органдары айқындайды.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің ұсынысы бойынша Заң жобасына агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға бағытталатын ағымдағы қаражаттың ең төмен көлемі мынадай көлемде қоса беріледі: 2020 жылға – 174,5 млрд. теңге, 2021 жылға – 180,4 млрд. теңге, 2022 жылға – 183,7 млрд. теңге.

Осыған байланысты, жергілікті бюджеттердің шығыстарында жергілікті атқарушы органдар агроөнеркәсіптік кешенді субсидиялауға арналған шығыстарды белгіленген ең төменгі көлемнен төмен емес көлемде ескеруі тиіс. 

Сонымен қатар, 2019 жылғы 3 маусымда Әдістемеге Ауыл шаруашылығы министрлігі ұсыныстарының негізінде «Ауылшаруашылық өнімінің әлеуеттік көлемі» ауыл шаруашалығы саласында жаңа көрсеткішті қолдануды көздейтін өзгерістер енгізілді. 

Осылайша, Заң жобасында 2020 – 2022 жылдарға арналған жалпы трансферттердің көлемі әр өңір бойынша ауыл шаруашылығы өнімінің әлеуетті көлемін ескере отырып анықталады.

Ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға арналған бюджет қаражатын басқа мақсаттарға пайдаланғаны үшін жауапкершілікті күшейтуге қатысты

Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 85-бабы 9-1-тармағына сәйкес бюджеттің атқарылуы барысында облыстық бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері қарыздар, гранттар, Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан берілетін нысаналы трансферттер қаражаты есебінен қаржыландырылатын бағдарламаларды (кіші бағдарламаларды) қоспағанда, қаражатты ағымдағы қаржы жылына бекітілген (нақтыланған) республикалық бюджетте көзделген нысаналы даму трансферттері бойынша бір бюджеттік бағдарлама (кіші бағдарлама) ішінде облыстар республикалық маңызы бар қалалар және астана арасында тиісті облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың жергілікті атқарушы органдарымен келісу бойынша бюджетті атқару жөніндегі орталық уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен қайта бөлуге құқылы. 

Бүгінгі күні, бюджеттік бағдарламалардың әкімшілері бюджеттік бағдарламалардың көрсеткіштері бойынша алған міндеттемелерге қол жеткізбегені үшін барлық жауапкершілікті түсіне отырып, ең үлкен қосымша қажеттілігі бар субсидиялау бағдарламаларына басқа субсидиялау бағдарламаларына арналған бюджеттік қаражаттарды қайта бөлуді қарастырады.

Сонымен бірге, Қазақстан Республикасының Бюджеттік кодексі 45-бабының 4-2-тармағына сәйкес жергілікті атқарушы органдар шығыстардың жекелеген бағыттарын жалпы сипаттағы трансферттер көлемдері туралы заңда (облыстық мәслихат шешімінде) белгіленген ең төмен көлемдерден төмен көлемде жергілікті бюджеттен қаржыландырған жағдайда, осы тармақтың бірінші бөлігіне сәйкес енгізілген өзгерістер ескеріле отырып, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың, аудандардың, облыстық маңызы бар қалалардың әкімдері Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауапты болады.

Осыған байланысты, бүгінгі күні бюджеттік қаражатты, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өндірісін субсидиялауға бөлінетін қаражатты басқа мақсаттарға пайдаланғаны үшін жауапкершілік мәселесі бюджеттік заңнамада жеткілікті деңгейде реттелген деп санаймын.


Сәрсенбі, 20 Қараша 2019, 12:25:51

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ә.Ә. Бектаевтың Түркістан облысының жобаларын қаржыландыруға қатысты сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздің Түркістан облысының жобаларын қаржыландыруға қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Сіздің сауалыңызда көрсетілген Түркістан облысы жобаларының ішінде «ОҚО Мақтаарал ауданы Иіржар ауылдық округі Дихан елді мекеніндегі газ өткізгішінің құрылысы» жобасына 638 487 мың теңге көлемінде, оның ішінде жылдар бойынша: 2021 жылы – 100 000 мың теңге, 2022 жылы – 538 487 мың теңге қаржы қаралған.

Сауалда көрсетілген қалған жобаларды қаржыландыру мәселесі заңнамада белгіленген тәртіппен «2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын Қазақстан Республикасының Парламенті Сенатында талқылау кезінде не болмаса республикалық бюджеттің қаржылық мүмкіндіктерін ескере отырып, 2020 жылға арналған республикалық бюджетті ықтимал нақтылау кезінде қаралатын болады.


Сәрсенбі, 20 Қараша 2019, 12:17:47

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Д. Нұржігітованың Қаракөл шаруашылығы саласын дамыту бойынша сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздің қаракөл шаруашылығы саласын дамыту бойынша депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты, қой басының санын есепке алуды енгізуге қатысты

«Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес шаруашылықтарға селекциялық және асыл тұқымдық жұмысты енгізуді реттеу функциялары қойлардың өсімділігі бағыттары бойынша республикалық палаталарға (бұдан әрі – РП) берілді.

Мысалы, 2016 жылдан бастап «Қаракөл қой тұқымдары» республикалық палатасы (бұдан әрі – Палата) жұмыс істейді. Қазіргі уақытта Палата 12 шаруашылықты біріктіріп отыр, онда 122,7 мың бас асыл тұқымды мал тіркелген.

Ғылыми және селекциялық жұмысты қолдау мақсатында РП ұсыныстары негізінде селекциялық және асыл тұқымдық жұмысқа тартылған әрбір аналық мал басы үшін қой шаруашылықтарын субсидиялау жүзеге асырылады. Субсидия нормативі асыл тұқымды мал басына 2500 теңгені, тауарлық мал басына 1500 теңгені құрайды.

4 мыңнан астам қой өсіру шаруашылығын қолдау шараларымен қамту үшін ағымдағы жылы осы мақсаттарға жергілікті бюджеттен 4,0 млрд.теңге бөлінді.

Қойлардың қаракөл және биязы жүнді тұқымдарын өсіру қолдан ұрықтандыру әдісімен жүзеге асырылатынын, бұл жоғары шығынды және білікті мамандардың болуын талап ететінін ескере отырып, 2015 жылдан бастап қолдан ұрықтандыруды ұйымдастыруға қой шаруашылықтарының шығындарын субсидиялау жүзеге асырылуда. Бұл мақсаттарға ағымдағы жылы 361,8 млн.теңге бөлінді.

Ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша мамандарды оқытуға және әлеуметтік қолдауға қатысты

Ауыл шаруашылығы министрлігінің деректері бойынша ауыл шаруашылығы саласын жоғары білікті мамандармен қамтамасыз ету үшін жыл сайын мемлекет ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша 1943 грант бөледі. Мамандарды дайындаумен 12 білім беру гранты бойынша 25 жоғары оқу орны айналысады. Жыл сайын 2948 білікті студент оқу бітіріп шығады.

Бұл ретте, аграрлық бейінді мамандарды жұмысқа орналастыру бойынша «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы жүргізген талдау көрсеткендей, түлектердің тек 54%-ы ғана мамандығы бойынша, 12%-ы мамандығынан бөлек жұмысқа орналасқан, 34%-ы жұмысқа орналаспаған. Көбінесе аграрлық мамандықтарға кәсіби бағдарланбаған талапкерлер түседі. Мемлекеттік білім гранты бойынша білім алған түлектер өңірлерге бармайды, осының салдарынан АӨК кадрларының тапшылығы туындайды.

Қалыптасқан жағдайды шешу үшін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2019 жылғы 28 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 47-бабы 17-тармағына ауыл жастары қатарынан ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуға түскен азаматтарға жоғары оқу орнын бітіргеннен кейін меншік нысанына қарамай аграрлық бейінді ұйымдарда кемінде 3 жыл міндетті жұмыспен өтеу бөлігінде өзгерістер енгізілді.

Бұдан басқа ауылдық жерлерде жұмысқа орналасқан жас мамандарды әлеуметтік қолдау мақсатында «Дипломмен ауылға» бағдарламасы жүзеге асырылуда.

Аталған бағдарлама жас түлектер мен мамандарға мемлекеттен бір реттік материалдық көмек ала отырып, ауылдық елді мекендерде жұмысқа орналасуға, өзінің тұрғын үйін салу үшін төмен пайызбен кредит алуға мүмкіндік береді.

Мемлекеттен әлеуметтік көмек:

1) біржолғы көтерме жәрдемақы сомасы 70 АЕК (2019 жылға 176 750 теңге);

2) тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін жыл сайынғы 0,01% сыйақы мөлшерлемесімен 1500 АЕК (2019 жылға 3 787 500 теңге) мөлшерінде 15 жылға дейінгі мерзімге кредит; 

3) қала жағдайында осы қызмет түрімен (ветеринария) айналысатын мамандар үшін 25% үстемеақы мөлшерлемесі түрінде беріледі.

Қой терісін өңдеу және сыртқы киімдер тігу цехын ұйымдастыруға қатысты

Сыртқы киім нарығы конъюнктурасының өзгеруін ескере отырып, соңғы жылдары қаракөлге деген сұраныс төмендеуде. Осыған байланысты ішкі нарықта да, сыртқы нарықта да қозы етіне үлкен сұраныс болғандықтан, барлық қаракөл шаруашылықтары өндірісті ет өндіру бағытына қайта бағдарлады.  

Республикада 17 былғары кәсіпорны бар, оның ішінде 3 кәсіпорын тері және қой терісінен дайын бұйымдар жасап шығарады. Олардың өндірістік қуаты 330 мың ұсақ мал терісін құрайды, бұл ретте кәсіпорындардың орташа жүктемесі 16%-ды құрайды.

Кәсіпорындар тұрақты жұмыс істейді, алайда тапсырыстардың жоқтығына байланысты өнімді өткізу проблемасын бастан кешіруде, өндірісті жаңғырту қажет.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының Қазақстан халқына Жолдауын «қарапайым заттар экономикасын» дамыту шеңберінде іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулыларында (2018ж. 11.12. №820, 2016ж. 19.04. №234) былғары кәсіпорындарын инвестициялау және айналым қаражатын толықтыру үшін басым жобаларға кредит беру және субсидиялау көзделген.

Бұл ретте жеңіл өнеркәсіп өнімі халық тұтынатын тауарларға жататынын және «қарапайым заттар экономикасы» салаларының бірі болып табылатынын ескере отырып, Қазақстан Республикасы Үкіметі отырысының 2019 жылғы 5 наурыздағы № 8 хаттамасымен 2019 – 2021 жылдарға арналған жеңіл өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жол картасы мақұлданды. 

Жол картасында кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету, тауарлардың заңсыз айналымымен күрес, қазақстандық қамту үлесін арттыру, экономикалық ынталандыру шаралары, сондай-ақ мемлекеттік қолдаудың жүйелі шаралары бойынша 52 іс-шара көзделеді.

Атап айтқанда, жол картасында кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын ескере отырып, әрбір өңір бөлінісінде жеңіл өнеркәсіп тауарларын сатып алу кезінде мемлекеттік органдардың, мемлекеттік ұйымдар мен мемлекеттің қатысу үлесі 50 және одан да көп пайызды құрайтын заңды тұлғалардың сатып алуындағы жергілікті қамту үлесін жыл сайын өткен қаржылық жылдың көрсеткішінен 20 пайыздық тармаққа арттыру шаралары көзделген.

Қазіргі уақытта қолданыстағы заттай нормаларға сәйкес қаракөл қорғаныс және ішкі істер министрліктері құрылымдарының полковниктері мен жоғары басшы құрамының сыртқы киімдерінің жағалары мен бас киімдерін дайындау кезінде пайдаланылады.

2017 – 2019 жылдары Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің бөлімшелері үшін қаракөл бұйымдарын сатып алуға арналған шығындар 28,5 млн теңгені құрады, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігі бөлімшелерінің шығындары 20,5 млн теңгені құрады.

Өз кезегінде, мемлекеттік сатып алуда жергілікті қамтудың болу талаптарын енгізу ішкі нарықта қаракөл өнімдеріне сұраныстың болуына және жалпы қой өсіру шаруашылықтарын дамытуға мүмкіндік береді.

Жалпы аталған саланы дамыту бойынша қолданыстағы мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде жұмыс жалғастырылатын болады.


Бейсенбі, 07 Қараша 2019, 11:17:41

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Жұмағазиевтің, М. Тағымовтың теміржол тасымалдары саласындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасына және «Ақтөбе-Нұр-Сұлтан» бағытында жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Теміржол тасымалдары саласындағы тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасына және «Ақтөбе-Нұр-Сұлтан» бағытында жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз етуге қатысты келесіні хабарлаймын. 

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің ақпаратына сәйкес теміржол тасымалдары саласында тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты болдырмау жөніндегі жол картасы шеңберінде билеттерді қайта сатуды болдырмауға және жол жүру құжаттарын сату кезінде бақылауды күшейтуге мүмкіндік беретін «Күту парағы» функциясы бар «Mobius» жүйесі енгізілді. 

Сондай-ақ іс-шараларға бара жатқан ұйымдасқан жолаушылар тобы үшін өтінім беру және қайта тіркеу мерзімдері өзгертілді. Осындай өтінімдер берілген жағдайларды билет сатушы алыпсатарлар түрлі жолдармен пайдаланған. Бүгінгі күні жолаушыларды ресімдеу әрбір орынға жеке жол жүру құжаты арқылы жүргізіледі және қайта тіркеуге жатпайды. 

Сонымен бірге жолаушылар вагондары паркін жаңарту мақсатында жыл сайын мемлекеттік қолдау шаралары қабылданып, соның шеңберінде жолаушыларды тасымалдаушылар тапшылықты төмендету мақсатында қажеттіліктің бір бөлігін жабу үшін вагондарды сатып алады. 

2019 жылы жолаушылар вагондарының паркі 63 бірлікке жаңартылып толығады.  

Паркті жаңарту бойынша жоспарлы жұмыс жалғасатын болады. Жыл сайын бюджеттік кредит беру қаражаты есебінен 150 бірлік вагон сатып алу жоспарлануда, олар 2020-2025 жылдарға арналған әзірленіп жатқан «Нұрлы жол» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қарастырылатын болады. 

2012 жылдан бастап 2018 жылға дейінгі кезеңде «Нұр-Сұлтан-АқтөбеНұр-Сұлтан» бағытында 2017-2018 жылдардың қорытындысы бойынша орташа толымдылығы 70% болатын коммерциялық жолаушылар пойызы (Тальго) жолға шықты.  

Ағымдағы жылы «Нұр-Сұлтан-Ақтөбе-Орал-Ақтөбе-Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша баламалы жолаушы поезы (Тальго) аялдама пункттерімен әр бағытта 3 құрамнан қатынай бастады. 

Осыған байланысты, коммерциялық пойыздың жұмыс істеуі (Тальго) тоқтатылды.

Жалпы, жолаушыларды тасымалдауды қамтамасыз ету мәселелері, оның ішінде Ақтөбе қаласына баратын жолаушыларды тасымалдау мәселесі жауапты мемлекеттік органдардың тұрақты бақылауында тұр. 

 


Бейсенбі, 07 Қараша 2019, 11:15:05

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Ә. Нұралиевтің, М. Жолдасбаевтың Жамбыл облысының Қордай ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана және 270 төсектік аудандық аурухана құрылысына қаражат бөлуге қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Жамбыл облысының Қордай ауылында ауысымына 250 адам қабылдайтын аудандық емхана (бұдан әрі – емхана) және 270 төсектік аудандық аурухана (бұдан әрі – аурухана) құрылысына қаражат бөлуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

Жамбыл облысы әкімдігінің (бұдан әрі – әкімдік) ақпараты бойынша Қордай ауылында емхананың жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеу үшін жергілікті бюджет қаражатынан 22,4 млн. теңге бөлінді. Мердігер ретінде «Лидер Проект Дизайн» ЖШС анықталды, жобалық-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға берілді (қорытынды алудың болжамды мерзімі 2019 жылғы қараша). 

Аурухана құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасын әзірлеуге қаржы бөлу 2019 жылдың соңына дейін бюджетті нақтылау барысында жоспарланып отыр. Аурухана мен емхана құрылысының болжамды құны 9,2 млрд. теңгені құрайды. 

Қордай ауданының емханасы бар аудандық ауруханасын салу мәселесі 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру шеңберінде қарастырылған, бірақ құжаттаманың (жобалау-сметалық құжаттама, экономикалық және салалық қорытындылар) болмауына байланысты республикалық бюджет комиссиясының 2019 жылғы 27 шілдедегі № 20 шешімімен осы шығыстар қолдау таппады. 

Сонымен бірге, 2020 – 2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде емхана құрылысына жалпы құны 3,3 млрд. теңге шығыстарға өтінім берілмеген.

Жоғарыда баяндалғандарды ескере отырып, Қордай ауылындағы емхана мен аурухананы қаржыландыру мәселесі қажетті құжаттаманы ұсынған жағдайда, бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау мүмкін болғанда және республикалық бюджеттің мүмкіндігіне қарай 2021 – 2023 жылдарға арналған республикалық бюджетті қалыптастыру кезінде қаралатын болады. 

 


Бейсенбі, 07 Қараша 2019, 11:12:27

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Н. Төреғалиеваның, Е. Мұқаевтың, Ғ. Дүйсембаевтың Ақжайық ауданы Чапаев ауылы мен Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы бойындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына республикалық бюджеттен 3,5 млрд теңге мөлшерінде қаражат бөлу туралы сұрауына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Ақжайық ауданы Чапаев ауылы мен Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы бойындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына республикалық бюджеттен 3,5 млрд. теңге мөлшерінде қаражат бөлу бойынша сіздердің депутаттық сұрауларыңызға келесіні хабарлаймыз.

Бөрлі ауданы Жарсуат ауылы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысы бойынша

Мемлекеттік сараптаманың 2019 жылғы 11 сәуірдегі № 09-0040/19 қорытындысына сәйкес Бөрлі ауданы Жарсуат ауылының Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары бойынша жобаның құны 2,1 млрд. теңгені құрайды. 2019 жылғы 31 шілдедегі № 52 мемлекеттік инвестициялық жобаның экономикалық қорытындысына сәйкес жобаны республикалық бюджеттен қаржыландыру және жергілікті бюджеттен қоса қаржыландыру болжанып отыр.

Парламент Мәжілісіне енгізілген «2020 - 2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» ҚР Заңының жобасында аталған жобаны бастауға шығыстар көзделмеген.

2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру бойынша рәсімнің аяқталуына байланысты бұл мәселені 2020 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде қарастыруға болады деп санаймыз.

Ақжайық ауданы Чапаев ауылы бойындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмысы бойынша

Қазіргі таңда, БҚО әкімдігі Ақжайық ауданы Чапаев ауылы бойындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарына ЖСҚ әзірледі. Жобаның құны 1,5 млрд теңге. Мемсараптама алу мерзімі ағымдағы жылдың қараша айы.

Баяндалғанның негізінде, Ақжайық ауданы Чапаев ауылы бойындағы Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстарын қаржыландыру мәселесі 2021-2023 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасын қалыптастыру кезінде бюджет заңнамасында белгіленген тәртіппен қарастырылатын болады.


Бейсенбі, 07 Қараша 2019, 11:04:31

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Д.Ж. Нөкетаеваның балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасын жақсарту жөніндегі шараларға қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздің балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру сапасын жақсарту жөніндегі шараларға қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, осы бағытта заңнамалық, ұйымдастырушылық-практикалық шаралар кешені қабылданып жатқанын хабарлаймыз. 

Балалардың сауықтыру лагерьлерін инспекциялауға қатысты 

Ағымдағы жылғы 1 қаңтардан бастап білім беру ұйымдарында балалардың демалысы мен сауықтырылуын қамтамасыз ету бойынша бақылау функциялары заңнамалық түрде енгізілді («Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» ҚРЗ 52-бабы). 

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өкіміне (2016 жылғы 11 мамырдағы № 36-р бекітілген) сәйкес жергілікті атқарушы органдар жыл сайын балалардың сауықтыру ұйымдарын (бұдан әрі - БСҰ) дайындау және пайдалануға қабылдау жөніндегі ведомствоаралық өзара іс-қимыл комиссиясының жұмысын ұйымдастырады. 

Анықтама: 2019 жылдың жазғы кезеңінде республикада 13 153 сауықтыру лагерлері мен алаңдары жұмыс істеді, оның ішінде 11 295 – мектеп жанындағы, 236 – стационарлық қала сыртындағы, 1 622 – шатырлы, спорттық, киіз үй. 

1-10 сынып оқушыларының жалпы санынан сауықтырумен (лагерьлерде) 2 млн. 858 мың бала немесе 96,7% қамтылды (2018 жылы - 2 млн. 558 мың бала немесе 90,9%). 

Өрт қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылаудың шеңберінде 2019 жылғы мамыр - тамыз аралығында Ішкі істер министрлігі Төтенше жағдайлар комитетінің аумақтық бөлімшелері 183 БСҰ өртке қарсы талаптарға сәйкестігін тексерді. 844 өрт қауіпсіздігі талаптарын бұзушылық, 152 объектілердің бұзушылықтармен пайдаланылу фактілері анықталды, 84 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, бірінші басшыларға белгіленген бұзушылықтарды жою туралы ұйғарым берілді. 

Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті ағымдағы жылдың жазғы демалыс кезеңінде демалуды, тамақтануды, ауыз сумен қамтамасыз етуді ұйымдастырудың белгіленген талаптарына сәйкестігі, қажетті тұрмыстық жағдайлардың болуы мәніне санитариялық- эпидемиологиялық бақылау жүргізді, оның ішінде ерекше тәртіп бойынша 159 тексеру, бастамашылық өтініштер бойынша 551, жоспардан тыс 151 тексеру жүргізілді. 

Бақылау қорытындысы бойынша санитариялық-эпидемиологиялық талаптардың 100-ден астам бұзушылықтары анықталды және жойылды (тамақ өнімдерін зертханалық зерттеудің қанағаттанарлықсыз нәтижелері, тағам дайындау технологиясының бұзылуы, тамақ өнімдерін сақтау кезінде тауарлық көршілестіктің сақталмауы, ыдыс жуу режимінің бұзылуы). Медициналық тексеріп-қараудан уақтылы өтпегені үшін 26 қызметкер жұмыстан шеттетілді, жол берілген бұзушылықтар үшін басшылар мен кінәлі адамдарға қатысты әкімшілік айыппұл салу туралы 134 қаулы шығарылды, 122 ұйымның басшыларына ұйғарым берілді. 227 БСҰ-да аумақтарға дезинсекциялық, кенеге қарсы, дератизациялық өңдеу жүргізілді. 

Тағамнан улану мен жұқпалы аурулардың алдын алу мақсатында БСҰ-ның басшыларына, медицина қызметкерлеріне 614 семинар ұйымдастырылды, 2256 дәріс оқылды, 6245 әңгіме жүргізілді, 21 рет теледидардан, 113 рет радиодан сөз сөйленді, газеттерде 98 мақала жарияланды. 

Жүргізілген профилактикалық жұмыстың нәтижесінде 2019 жылдың жазғы сауықтыру маусымы кезеңінде балалар арасында топтық тамақтан улану және инфекциялық аурулар жағдайлары тіркелген жоқ. 

Балалардың жекелеген санаттарын жазғы демалыспен қамтуды бақылау және мониторингілеу Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын (бұдан әрі – Мемлекеттік бағдарлама) іске асыру шеңберінде «Ұлттық білім беру дерекқоры» ақпараттық жүйесі арқылы жүргізіледі. Балаларды жазғы демалыспен қамту көрсеткіштері сондай-ақ Қазақстан Республикасында білім беруді және ғылымды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының жобасында көзделген. 

Жыл сайын жазғы демалыс кезінде балалардың сапалы және қауіпсіз демалысын қамтамасыз ету мәселелері Үкімет отырысында қаралады. Ағымдағы жылғы 21 мамырдағы Үкімет отырысының хаттамалық тапсырмасына сәйкес Білім және ғылым министрлігі санаторийлер, турбазалар, ұлттық парктер, жоғары оқу орындары жанынан лагерьлер ашу, сондай-ақ жұмыс істемейтін лагерьлерді реанимациялау арқылы балалар лагерьлерінің желісін кеңейтудің Жол картасын (бұдан әрі – Жол картасы) 1 бекітті. 

Жол картасын іске асыру шеңберінде жергілікті атқарушы органдар 2023 жылға қарай қала сыртындағы лагерьлер мен аз шығынды демалыс нысандары желісін 440 мыңнан астам оқушыларды қамтитын 1 121 ұйымға дейін ұлғайтуды жоспарлауда, бұл балаларды қала сыртындағы демалыспен қамту көрсеткішін 7,4% - дан 15%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. 

Бұдан әрі балалардың сапалы және қауіпсіз жазғы демалысын, БСҰ-ның белгіленген талаптарға сәйкестігін қамтамасыз ету жөніндегі шаралар Мемлекеттік бағдарлама мен Жол картасын іске асыру барысында қабылданатын болады. 

Талаптарға сәйкес келмейтін лагерьлерді конкурсқа жібермеуге және тапсырыс берушінің балалардың демалу орындарынан орналасу қашықтығын 70 км-ден асырмай шектеуге қатысты 

Балалардың жекелеген санаттарының жазғы демалысын ұйымдастыру бойынша конкурстарды осы қызметтерге тапсырыс берушілер «Мемлекеттік сатып алу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабының 4) тармақшасына сәйкес өткізеді, онда әлеуетті өнім берушіге қойылатын бірыңғай біліктілік талаптары, атап айтқанда, материалдық, еңбек және қаржы ресурстары бойынша белгіленген. 

Заңның 4-бабының 2) тармақшасында мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру әлеуетті өнім берушілерге мемлекеттік сатып алуды өткізу рәсіміне қатысу үшін тең мүмкіндіктер беру қағидаттарына негізделеді деп айқындалған. 

Сондай-ақ, ҚР Кәсіпкерлік кодексінің 8-бабында бәсекелестікті шектеуге немесе жоюға, тұтынушылардың құқықтары мен заңды мүдделеріне қысым көрсетуге бағытталған қызметке, жосықсыз бәсекелестікке тыйым салынады. 

Одан бөлек, қашықтық факторы бойынша шектеу тағы да белгілі бір табиғи-климаттық жағдайлармен аймақтардағы (Маңғыстау, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстары) балалардың жазғы демалысына теріс әсер етуі мүмкін. 

Конкурсты өткізу кезінде бағаларды тапсырыс беруші ұйым белгілеген бағадан 20% - дан астам төмендетуге қатысты

Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік Кодексінің 116-бабына сәйкес кәсіпкерлік субъектілерінің өндірілетін тауарларға, жұмыстарға, көрсетілетін қызметтерге бағаны дербес белгілейді, осыған орай, БСҰ қызметіне бағаның құлдырауы байқалады. Аталған мәселені шешу үшін әлеуметтік көмек көрсетілетін балалар үшін жазғы демалысты ұйымдастыру үшін мемлекеттік сатып алуды өткізу барысында Заңының 26 бабына, Мемлекеттік сатып алуды жүзеге асыру ережелеріне сәйкес 2 демпингке қарсы шаралар қолданылады. Шекті бағадан жиырма пайыздан астамға төмен бағалар демпингтік деп танылады және әлеуетті өнім берушілердің конкурсқа одан әрі қатысуы олар төмендетілген сомаға тең мөлшерде қосымша соманы енгізген жағдайда мүмкін болады. 

Бұдан басқа, баға демпингін болдырмау үшін мемлекеттік білім беру мекемелерінің білім алушылары үшін БСҰ қызметтерін бір көзден алу тәсілімен сатып алу мүмкіндігін беретін бұйрық3 бекітілді. Сонымен қатар, аталған норма БСҰ-ға жолдама алу үшін белгілі бір сомаға сертификаттар бере отырып, балалардың жазғы демалысын қаржыландырудың ваучерлік жүйесін пайдалануға мүмкіндік береді. Ата-аналарға ұсынылған БСҰ ішінен бір лагерь таңдау мүмкіндігі беріледі, бұл үшін бүгінгі күні Booking.com, GoTour.kz және т. б. интернет сервистеріне ұқсас балалар қала сыртындағы лагерьлерінің электрондық каталогының жобасы әзірленуде. 

Қосымша білім берумен және мектептен тыс тәрбиемен айналысатын сауықтыру лагерлерін қосылған құн салығын (бұдан әрі-ҚҚС) төлеуден босатуға қатысты 

«Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» Қазақстан Республикасының Кодексіне (бұдан әрі - Кодекс) сәйкес:

 - білім беру қызметімен айналысуға лицензиясы бар білім беру ұйымдары көрсететін қосымша білім беру бойынша қызметтерді іске асыру бойынша айналымдар ҚҚС-тан босатылады (Кодекстің 394-бабының 29) тармақшасы); 

- әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдар мүлік салығын салық базасына 0,1 пайыздық ставка бойынша есептейді, сондай-ақ жер салығын есептеу кезінде тиісті ставкаларға 0,1 коэффициент қолданады (Кодекстің 510-бабы 3-тармағының 7) тармақшасы, 521-бабы 3-тармағының 2) тармақшасы); 

- корпоративтік табыс салығының сомасын айқындау кезінде әлеуметтік салада қызметін жүзеге асыратын ұйымдар есептелген корпоративтік табыс салығының сомасын 100 пайызға азайтады (Кодекстің 290-бабының 1-тармағы); 

- он алты жасқа толмаған балаларға арналған балалар лагерьлеріне жолдамалардың құны, жеке тұлғаның салық салынатын табыстарынан алынып тасталады (Кодекстің 341-бабы 1-тармағының 35) тармақшасы). 

Жоғарыда айтылғандарға байланысты Кодексте білім беру саласындағы қызметті жүзеге асыратын ұйымдар үшін ынталандырудың қажетті шаралары көзделген. 

Балаларды сауықтыру саласындағы қызметті (балалар лагерьлерін) лицензиялауға қатысты 

БСҰ қызметінің рұқсат беру - хабарлама жүйесін енгізу мәселесі балалардың жазғы демалысының сапасы мен қауіпсіздігін арттыру қажеттілігін ескере отырып, жан-жақты зерделеуді, кәсіпкерлерге барынша аз жүктеме кезінде тұтынушылардың құқықтарын тиімді қорғауды талап етеді және «Рұқсаттар және хабарламалар туралы» және «Білім туралы» Қазақстан Республикасының заңдарына өзгерістер енгізумен байланысты. 

Осыған орай, аталған мәселе мүдделі мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы өкілдерінің қатысуымен ағымдағы жылғы қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Кәмелетке толмағандардың ісі және олардың құқықтарын қорғау жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысына шығарылатын болады. 

Көрсетілген бағыттардағы жұмыс жалғасады және Үкіметтің, уәкілетті орталық және жергілікті атқарушы органдардың тұрақты бақылауында болады. 


Жұма, 25 Қазан 2019, 15:46:46

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттарына Д. Нөкетаеваның, Т. Мұқашевтің 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобасы шеңберінде Алматы қаласына бөлінген қаражат туралы сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы заң жобасы шеңберінде Алматы қаласына бөлінген қаражат туралы депутаттық сауалдарыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймын. 

2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер туралы 

Үш жылдық трансферттер шеңберінде Алматы қаласының бюджеті кірістерінің болжамы 2020 жылы – 625,2 млрд теңге, 2021 жылы – 671,5 млрд теңге, 2022 жылы – 721,4 млрд теңге көлемінде айқындалды. 

Кірістер болжамында 2020 жылдан бастап жергілікті бюджеттерге берілетін, шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығының түсімдері ескерілген.

Шағын және орта бизнестен түсетін корпоративтік табыс салығы түрінде Алматы қаласының бюджеті бағалау бойынша қосымша 2020 жылы 144,9 млрд теңге, 2021 жылы - 160,8 млрд теңге, 2022 жылы - 176,8 млрд теңге алады. 

Микро және шағын бизнестің табыстарына салынатын салықтардан босату жөніндегі қосымша шараларды ескере отырып, Алматы қаласы бюджетінің теңгерімділігі мәселесі Парламентте 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің көлемі туралы Заң жобасы шеңберінде пысықталатын болады.

Алматы қаласының 2020-2022 жылдарға арналған бюджет шығыстарының болжамы өңірдің ерекшеліктерін ескереді (бюджеттік қызмет алушылар санының өсуі, климаттық жағдайлар, жолдардың ұзындығы және басқа да факторлар). 

Мәселен 2020-2022 жылдары халық санының жыл сайын орта есеппен 50 мың адамға (2020 жылы 1 млн 930 мыңнан 2022 жылы 2 млн 30 мыңға дейін) өсуі ескерілген. Даму бюджетінің болжамында қосымша жергілікті кірістер ескерілген. Осыны ескере отырып, Алматы қаласының дамуының меншікті бюджеті

2019 жылы 57,3 млрд теңгеден 2022 жылы 97,0 млрд теңгеге дейін біртіндеп ұлғайтыла отырып салынған. 

2019 жылға жоспарланған Алматы қаласы бюджетінің ағымдағы шығыстары жыл сайын инфляцияның болжамды деңгейіне (еңбекақыдан басқа) ескерілді және индекстелді. Бұдан басқа, Алматы қаласының мәселелерін шешуге республикалық бюджеттен нысаналы трансферттер бөлінеді. 

2019 жылы бекітілген республикалық бюджетте 60,4 млрд теңге сомасында нысаналы даму трансферттерін бөлу көзделген. 

2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Алматы қаласының бюджетіне 2020 жылға арналған жылу-энергетикалық жүйе, әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымы үшін 64,0 млрд теңге көлемінде нысаналы даму трансферттері көзделген. 

Алматы қаласы үшін (1,25) арттыру коэффициентін қолдану шығыстарды ұлғайтуға және алып қоюды орта есеппен 60 млрд теңгеге азайтуға мүмкіндік берді. 

Арттыру коэффициентін 1,25-тен 1,4-ке дейін арттыру республикалық бюджетке түсетін жүктемені орташа есеппен 40 млрд теңгеге ұлғайтады. Арттыру коэффициентін жоғарылату мәселесі республикалық бюджеттің мүмкіндіктерін ескере отырып қаралатын болады. 

Білім және ғылым министрлігі орта білім беру объектілерін салуға, қайта жаңартуға және сейсмикалық күшейтуге бағытталған бюджет қаражатының ең төменгі көлемін анықтады, олар 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер көлемі туралы Заң жобасында бекітілді. 

Алматы қаласының бюджет шығыстарының жалпы болжамы 2020 жылы - 431,6 млрд теңге, 2021 жылы – 462,1 млрд теңге, 2022 жылы – 493,5 млрд теңге көлемінде айқындалған. 

Алматы қаласы бюджетінің кірістері мен шығыстарының болжамын ескере отырып, мынадай бюджеттік алып қоюлар айқындалды: 2020 жылға – 193,6 млрд теңге, 2021 жылға – 209,5 млрд теңге, 2022 жылға – 227,9 млрд теңге. 

Сонымен қатар 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің қолданылу кезеңінде Алматы қаласының мәселелері, оның ішінде республикалық бюджеттен берілетін нысаналы трансферттер қаражаты есебінен шешілетін болады.

Мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік білім беру тапсырысын іске асыруға арналған шығыстарды есепке алу туралы 

2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің есептерінде Алматы қаласы үшін мектеп жасына дейінгі балалар санының жыл сайын орта есеппен 3 мың адамға өсуі ескерілді (2020 жылы 163,4 мыңнан 2022 жылы 167,8 мыңға дейін).

Осыны ескере отырып, Алматы қаласының мектепке дейінгі білім беру мен оқытуға арналған шығыстары 2020 жылы – 19,1 млрд теңгені, 2021 жылы – 22,0 млрд теңгені, 2022 жылы – 23,1 млрд теңгені құрады. 

Денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығындарын есепке алу туралы 

Ағымдағы жылы денсаулық сақтау ұйымдарының күрделі шығындары 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттердің есептерінде ескерілмеген.

Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитеті «2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасының қорытындысында медициналық мекемелерді күрделі жөндеуге және оларды материалдық-техникалық жарақтандыруға арналған шығыстарды нысаналы трансферттер бөлу арқылы көздеуді ұсынды. 

Атаулы әлеуметтік көмек көрсету туралы 

2019 жылға арналған республикалық бюджетті түзету кезінде қаражатты қайта бөлу шеңберінде атаулы әлеуметтік көмек төлеуге арналған шығыстар 3,4 млрд теңге сомасына ұлғайтылды. 

Жалпы Алматы қаласы бойынша атаулы әлеуметтік көмек төлеуге республикалық бюджеттен 2019 жылы 47,4 мың алушыға 5,3 млрд.теңге қарастырылған. 

МЖӘ міндеттемелері бойынша шығыстарды есепке алу туралы 

Ағымдағы жылы 2020-2022 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттерді айқындау кезінде ағымдағы шығындар болжамдарында жергілікті атқарушы органдардың МЖӘ жобалары бойынша ағымдағы міндеттемелерді өтеуге арналған шығыстары ескерілді (2019 жылға арналған жоспар). 

Алматы қаласындағы МЖӘ жобалары бойынша міндеттемелерді орындауға арналған жыл сайын 7,0 млрд.теңге сомасында шығындар ескерілді. 

Жергілікті жол желісін дамытуға қатысты 

2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында Алматы қаласының жолдарын салуды қаржыландыруға 29 132 410 мың теңге көзделген, оның ішінде: 

2020 жылға - 9 504 173 мың теңге; 

2021 жылға - 11 208 427 мың теңге; 

2022 жылға - 8 419 810 мың теңге. 

Бұдан басқа Алматы қаласы бойынша шеттерді дамыту бағдарламасы шеңберінде 2019 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау барысында қаражатты ішкі қайта бөлу жолымен Алатау ауданының шағын аудандарында жол салуға (2019 жылғы 1 қазанда Парламентке енгізілді) 2 млрд.теңге сомасында қаражат бөлу қолдау тапты.

Көлік инфрақұрылымын салу үшін 81 жер учаскесін сатып алуға қатысты 

2019 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджет жобасында Алматы қаласының жолдарын салу үшін жер учаскелерін алуға республикалық бюджетті нақтылау шеңберінде 6 056 360 мың теңге сомаға қаражатты ұлғайта отырып, 12 468 187 мың теңге қарастырылған. 

Жалпы Алматы қаласының проблемалық мәселелерін шешу Үкіметтің тұрақты бақылауында. 

 


Жұма, 25 Қазан 2019, 14:31:12

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Ғ. Дүйсембаевтың Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылында және Мақат ауданы Доссор кентінде тазарту ғимараттарын салуға қосымша қаражат бөлу мәселесі бойынша сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Атырау облысы Исатай ауданы Аққыстау ауылында және Мақат ауданы Доссор кентінде тазарту ғимараттарын салуға қосымша қаражат бөлу мәселесі бойынша депутаттық сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз. 

2019 жылға арналған нақтыланған республикалық бюджетте Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің шығыстары шеңберінде осы жобаларды іске асыруға 1,0 млрд. теңге көзделген, оның ішінде:  

- «Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруға – 500,0 млн теңге;  

- «Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентіндегі кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруға – 500,0 млн теңге.  

Бұл ретте, 2019 жылға арналған республикалық бюджетті 3-ші нақтылау шеңберінде осы жобаларды қосымша қаржыландыруға қаражат мәлімделмеген.  

Сонымен қатар, «2020–2022 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасында осы жобаларды қаржыландыруды аяқтауға 4,454 млрд теңге қарастырылған, оның ішінде:  

2020 жылға – 1,0 млрд теңге, оның ішінде:  

- «Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруға – 500,0 млн теңге;  

- «Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентіндегі кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруға – 500,0 млн теңге қарастырылған.

2021 жылға – 2,397 млрд теңге, оның ішінде:  

- «Исатай ауданы Аққыстау ауылындағы кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруды аяқтауға – 903,652 млн теңге;  

- «Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентіндегі кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруға – 1,493 млрд теңге.  

2022 жылға «Атырау облысы Мақат ауданы Доссор кентіндегі кәріз желілері мен ғимараттарының құрылысы» жобасын іске асыруды аяқтауға 1,056  млрд теңге қарастырылған.


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 09:22:54

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты С. Еңсегеновтың 2019 жылғы 5 шілдедегі алкоголь өнімдерін сатуға шектеулер енгізуге және алкоголь өнімін мемлекеттік реттеу кезінде реттеушілік әсерді талдаудың міндетті рәсімін жүргізуді алып тастауға қатысты сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Үкімет халық арасында салауатты өмір салтын қалыптастыру және азаматтардың өмір сүруіне қолайлы жағдайлар жасау, елдің тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз етуге ықпал ететін олардың денсаулығын нығайтуға бағытталған  саясатты ұстанады. 

Дүниежүзілік денсаулық ұйымының статистикалық мәліметтері бойынша  (15 және одан жоғары жастағы ғаламшар ауқымында жан басына шаққанда таза этанол литріндегі алкогольді тұтыну деңгейі бойынша) Қазақстанда алкогольді тұтыну деңгейінің 2010 жылғы 9,3 литрден (34-орын) 2016 жылы 7,7 литрге дейін (73-орын) төмендеуі байқалады. 

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметтеріне сәйкес  соңғы бес жылда маскүнемдікпен ауыру 57,5 %-ға 2014 жылы 36307-ден 2018 жылы 15421-ге дейін азайған.  

Халықтың мінез – құлықтық қауіп факторларының алдын алу (темекі және темекі емес өнімдері мен алкогольді пайдаланудан бас тарту) мәселелері бойынша халықтың ақпараттандырылуын арттыру Қазақстан Республикасының денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016 – 2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының негізгі міндеттерінің бірі болып табылады. 

2018 жылы жалпы білім беру мекемелерінде, жоғары оқу орындарында, жұмыс ұжымдарында, медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсету ұйымдарында алкогольді тұтынудың алдын алу бойынша жалпы саны 700 мыңнан астам адамды қамтитын 42 мыңнан астам іс-шара өткізілді. 

Республикалық және өңірлік маңызы бар бұқаралық ақпарат құралдарында 400 мыңнан астам іс-шара ұйымдастырылды.  

Ішкі істер министрлігі қоғамдық орындарда алкоголь ішу, алкогольді заңсыз бөлшек саудада сату, мас күйінде көлік жүргізу фактілерін болдырмайды, сондай-ақ мас күйіндегі адамдарды айықтыру үшін арнайы денсаулық сақтау ұйымдарына оқшаулайды.  

Тек ағымдағы жылдың басынан бері қоғамдық орындарда алкоголь ішкені үшін Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің (бұдан әрі – Әкімшілік кодексі) 440-бабы бойынша 75 мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның  4,4 мыңнан астамы уақытша бейімдеу және уытсыздандыру орталықтарына орналастырылды.  

Алкогольдік өнімдерді сату бойынша жас  және уақытша шектеулерді бұзудың 1,3 мыңнан астам фактісі анықталды.  

Сондай-ақ, Қаржы министрлігі тұрақты негізде заңсыз алкоголь өнімін  анықтау және жолын кесу  бойынша жұмыс жүргізіп жатқанын  атап өткен жөн, осылайша 2018 жылы 2 849 құқық бұзушылық фактілері анықталып, айналымнан  5 963 мың литр алкоголь өнімі, 312,2 мың литр этил спирті және 23 097,9 мың қорап темекі бұйымдары тәркіленді, сондай-ақ заңсыз алкоголь өнімін дайындайтын жасырын 23 цех анықталды. 

Қазіргі уақытта Денсаулық сақтау министрлігі әзірлеген «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» Қазақстан Республикасының Кодексі және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы жобаларының шеңберінде мынадай мәселелер пысықталуда: 

  • кәмелетке толмағандардың мамандандырылмаған сауда орындарында алкоголь өнімдерін бөлшек саудада сатуға және алкогольді ішімдіктерді пайдалануына тыйым салуды енгізу; 
  • кәмелетке толмағандардың алкогольді пайдаланғаны үшін ата-аналарының немесе кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің әкімшілік жауапкершіліктерін енгізу; 
  • Әкімшілік кодексіне мейрамханаларда, барларда және дәмханаларда алкоголь өнімдерін 23-00-ден келесі күні сағат 8-00-ге дейін, этил спиртінің көлемдік үлесі отыз пайыздан асатын алкоголь өнімін 21-00-ден келесі күні сағат  12-00-ге дейін олардың аумағынан тыс алып шығып бөлшек саудада сатқаны үшін жауапкершілікке тарту бөлігінде нормалар енгізу.  

Оқу орындарынан 100 метр радиуста алкоголь ішімдіктерін сатуға тыйым салуды енгізуге қатысты 

Білім беру мекемелерінен 100 метр радиуста алкоголь өнімдерін сатуға тыйым салу «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне этил спирті мен алкоголь өнімінің өндірілуін және айналымын мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2014 жылғы 18 маусымдағы Қазақстан Республикасының Заңымен балаларды алкогольді өнімнен қорғау жөніндегі мемлекеттік реттеудің мақсаттарына қол жеткізбеуге және талаптардың бірдей еместігіне байланысты күшін жойғанын атап өткен жөн.

Бүгінгі таңда елді мекендерде балабақшалардың, білім беру объектілерінің, мектепке дейінгі курстардың, шағын орталықтардың белсенді құрылысы байқалады, нәтижесінде жеке кәсіпкерлік субъектілерінің көпшілігі тыйым салынған  100 метрлік аймақта болуы мүмкін, бұл сөзсіз бизнес субъектілеріне уақытша және қаржылық қосымша шығындарға әкеп соғады.

Еуразиялық экономикалық одақтың шеңберіндегі кедергілерге қатысты

Еуразиялық экономикалық одақ туралы шарттың 28-бабының 2-тармағында ішкі нарық экономикалық кеңістікті қамтып, онда ЕАЭО туралы шарттың ережелеріне сәйкес тауарлардың, тұлғалардың, көрсетілетін қызметтер мен капиталдың еркін қозғалысы қамтамасыз етіледі деп белгіленген. 

Алайда қазіргі таңда, Еуразиялық экономикалық одақтың барлық мемлекеттерінде алкоголь өнімдерінің өзара саудасында кедергілер мен шектеу шаралары бар, осыған байланысты Қазақстан Республикасында 2015 жылғы 1 қаңтардан бастап импорттық алкоголь өніміне қатысты қамтамасыздырылған төлем енгізілген болатын.  

Алкогольді өнімдерді мемлекеттік реттеу кезінде реттеушілік әсерді талдауға қатысты 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексінде  бизнес субъектілерінің қызметіне шамадан тыс жүктемемен және негізсіз араласумен байланысты мемлекеттік органдар тарапынан реттеушілік әсердің жаңа шараларынан тосқауыл қоюды қамтамасыз ететін және болжамдалған жүктеменің әсер ету дәрежесін анықтауға мүмкіндік беретін реттеушілік әсерді талдау институты көзделген.  

Бұдан басқа, Мемлекет Басшысы 2019 жылы 24 мамырда Ұлттық инвесторлар кеңесінің отырысында өз сөзінде қолайлы іскери ортаны қамтамасыз ету, кәсіпкерлікті тиімді қолдау, бәсекелестікті дамыту және қорғау бойынша міндеттерді айқындады.

Осылайша, жоғарыда көрсетілген тапсырмаларды жүзеге асырудың бір құралы бизнесті реттеуді қатаңдату орындылығын объективті бағалау немесе оның болмауын қамтамасыз ететін реттеушілік әсерді талдаудың рәсімі болып табылады.

Баяндалғанның негізінде, алкоголь өнімін мемлекеттік реттеу кезінде реттеушілік әсерді талдаудың міндетті рәсімін алып тастау туралы ұсыныс қолдау таппайды.


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 09:20:05

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары М. Бақтиярұлының, С. Еңсегеновтың, Д. Нөкетаеваның, Н. Төреғалиевтің, Б. Еламановтың, Е. Мұқаевтың, Р. Әкімовтың 2019 жылғы 26 маусымдағы Уақытша арнайы лингвистикалық сараптама тобының қызметін тоқтатуға қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Уақытша арнайы лингвистикалық сараптама тобының (бұдан әрі – сараптама тобы) қызметін тоқтатуға қатысты 

Сараптама тобының құрамына Қазақстан Республикасының Парламенті Палаталарының аппараттары мен Үкіметінің өкілдері кіреді, сондықтан оның қорытындылары көрсетілген мемлекеттік органдардың лингвист-сарапшыларының ортақ позициясын білдіреді. Сараптама тобы қызметінің нәтижесінде келісудің тиісті деңгейлерінде сараптамадан өтуі барысында ратификациялауға жататын халықаралық шарттардың қол қойылған мәтіндеріне елеулі өзгерістер енгізу практикасы тоқтатылды.

Мұндай тәсіл халықаралық шарттар мәтіндерінің теңтүпнұсқалы болмауына байланысты контрагенттермен нота алмасу фактілерінің санын айтарлықтай қысқартуға мүмкіндік берді. Мұндай фактілер Қазақстан Республикасының имиджіне кері әсерін тигізгендіктен, Парламент депутаттары тарапынан қатаң сынға алынған болатын. 

Құрылған уақыттан бері  сараптама тобы 500-ден (бес жүзден) астам халықаралық шарттардың жобаларын сараптамадан өткізгенін атап өту қажет. 

Ағымдағы жылдың өзінде сараптама тобы Қазақстан Республикасы қызметінің түрлі салаларын қамтитын 26 халықаралық құжатты қарап, олардың мемлекеттік тілдегі мәтіндерінің сапасын арттыру бойынша ұсыныстар берді. Халықаралық шарттардың жобаларын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар сараптама тобының ескертулері мен ұсыныстарын басшылыққа алады.  

Осыны ескере отырып, сараптама тобының жұмысын жалғастыру орынды деп есептейміз. 

Мемлекеттік органдардың жауапкершілігі мәселесі қолданыстағы заңнамада реттелгенін атап өтеміз. Айталық, «Қазақстан Республикасының халықаралық шарттары туралы» Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 7-тармағына сәйкес халықаралық шарттардың теңтүпнұсқа мәтіндерінің біріне қазақ және орыс тілдеріндегі аудармаларының сәйкес болуын оны жасауға жауапты Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік органы қамтамасыз етеді. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасының Үкіметі Регламентінің  104-тармағында Парламент Мәжілісіне енгізілетін заң жобасының мемлекеттік және орыс тілдеріндегі мәтіндерінің теңтүпнұсқалы болмағаны үшін жауапкершілік заң жобасын әзірлеуге тікелей жауапты бірінші басшының орынбасарына жүктелетіні көзделген. Қазіргі уақытта Үкімет Регламентіне осы жауапкершілікті мемлекеттік органдардың бірінші басшыларына жүктеу бөлігінде өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылып жатыр.  

Заң жобалары мәтіндерінің бірізділігі мен теңтүпнұсқалылығына қатысты  

Ұлт терминологиясын біріздендіру шеңберінде құрамына Парламент палаталарының депутаттары, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігінің, Парламент Палаталары аппараттарының, Премьер-Министр Кеңсесінің өкілдері және т.б. кіретін Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминологиялық комиссия (бұдан әрі – Комиссия) тұрақты негізде жұмыс істейді. Аталған комиссия шешімдерімен бекітілген терминдер мемлекеттік тілдегі құжаттарды әзірлеу барысында негізге алынады.  

2018 жылы Комиссияның 6 отырысы өтті. Комиссия отырыстарында  3 300 термин бекітілді. 

Үстіміздегі жылы Комиссияның 5 сәуірде және 28 маусымда 2 отырысы өтіп 1909 термин бекітілді.  

Терминдерді біріздендіру, ұлттық терминологияны дамыту, терминологиялық қорды толықтыру, сонымен бірге  Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық терминология комиссиясы мақұлдаған терминдердің жүйелі түрде бірізді қолданылуын іске асыру мақсатында «Termincom.kz» сайты жұмыс істейді. Аталған сайтта баршыға қол жетімді болу үшін бүгінгі күнге дейін бекітілген терминдер орналастырылған. Сонымен бірге жүйелі түрде жоспарға сай терминология тақырыбына арналған республикалық семинарлар, конференциялар ұйымдастырылып өткізіліп отырады. Аталған шаралар сұрақ-жауап форматындағы офлайн және онлайн түрінде өткізіледі.  

Сонымен қатар, сіздердің сауалдарыңызда атап өтілгендей, қазіргі уақытта құзыретті мемлекеттік органдардың түрлі сипаттағы объективтік және субъективтік себептерге байланысты заң жобаларын орыс тілінде әзірлеу тәжірибесі қалыптасқан. Бұл мәселені Үкімет пен заң шығару бастамасы құқығына ие ҚР Парламенті депутаттарының тығыз іс-қимылы арқылы шешуге болады деп пайымдаймыз.  

Бұл ретте, заң шығару процесінің аталған субъектілері заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеуге ниет білдірген жағдайда ҚР Әділет министрлігінің Заңнама және құқықтық ақпарат институты заңнамалық актілердің жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу бойынша құқықтық, ғылыми-әдістемелік жәрдем көрсетуге әзір екенін хабарлаймыз. 

Депутаттық сауалдар жауаптарының сапасына қатысты 

Парламент депутаттары тарапынан Үкімет Басшысының, Үкімет мүшелерінің атына жіберілетін депутаттық сауалдарға сапалы әрі толық жауап беру мәселесі ҚР Үкіметінің ағымдағы жылғы 29 сәуірдегі және 14 мамырдағы отырыстарында қаралып, мемлекеттік органдарға Үкімет қорытындыларының, сондай-ақ депутаттық сауалдарға жауаптарды сапалы дайындау және мерзімдерін қатаң сақтау тапсырылды.  

Бұдан басқа, Үкіметтің заң шығару қызметі және Парламентпен өзара ісқимыл бойынша жұмысты жақсарту туралы мәселе ағымдағы жылғы 16 шілдеде мен төрағалық еткен кеңесте қаралып, оның қорытындысы бойынша мемлекеттік органдарға депутаттық сауалдарға берілетін жауаптардың сапасын арттыру туралы тапсырмалар берілді. 

Бұл мәселе Үкіметтің тұрақты бақылауында.  


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 09:18:12

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Б. Әйтімованың «Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторының қызметі туралы 2019 жылғы 26 маусымдағы сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

«Лотереялар және лотерея қызметі туралы» қолданыстағы Заң (бұдан әрі ‒ Заң) Қазақстан Республикасында лотерея және лотерея қызметі саласында қоғамдық қатынастарды реттейді, лотереяларды өткізудің тәртібін және шарттарын айқындайды, сондай-ақ лотерея және лотерея қызметі саласында мемлекеттік реттеудің ұйымдастырушылық негіздерін орнатады. 

Заңға сәйкес еліміздің аумағында жүлде қоры сату сомасының кемінде елу пайызын құрайтын тираждық және жедел лотереяларды өткізуге ғана рұқсат етілген.

2017 жылы Қазақстан Республикасының Үкіметі «Сәтті Жұлдыз» АҚ (бұдан әрі ‒ Қоғам) Дүниежүзілік және Еуропалық лотереялық қауымдастықтардың тұрақты мүшесі болып табылатын лотереяның операторы етіп анықтады. Аталған қауымдастықтар мүшелерінің қызметі әлеуметтік жауапкершілікке және лотерея ойындарының жоғары деңгейде ұйымдастырылуына бағытталған, бұл ұтыстардың ашықтығы мен кездейсоқтығының кепілі болып табылады. 

Заңның талаптарына сәйкес тираждық лотереяның жүлде қорының ұтыс ойынын өткізу кезінде оператор тираждық комиссия құрады және телеарналарда немесе интернет желісінде ұтыстарды айқындау рәсімін тікелей эфирде көрсете отырып жүлде қоры ұтыс ойынының көрсетілімін қамтамасыз етеді. 

Анықтама: Кепо тираждық лотереясы бойынша 7-арнада тираждық лотереялардың күнделікті көрсетілімі, әр сәрсенбі сайын 6/49 тираждық лотереясы бойынша, әр сенбі сайын TeleBingo тираждық лотереясы бойынша. 

Таратылған лотерея билеттері, түбіртектер немесе өзге де құжаттар, тіркелген лотерея мөлшерлемелері туралы, өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан түскен түсім, төленген ұтыстар туралы ақпарат байланыс желілеріне қосылған аппараттық-бағдарламалық кешен арқылы Заңның 8-бабының 3-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінде (бұдан әрі ‒ Министрлік) орналасқан Лотерея есептілігінің орталығына келіп түседі.

Бұдан басқа, Заңның 14-бабына сәйкес лотерея операторы өткізілген лотерея билеттерінен, түбіртектерден немесе өзге де құжаттардан, тіркелген лотерея мөлшерлемелерінен түскен түсім мен жүлде қоры арасындағы айырманың кемінде он пайызын спортты дамытуға тоқсан сайын бағыттауға міндетті. 

Министрлік Қоғаммен және «Туризм және спорт индустриясы қоры» корпоративтік қорымен (бұдан әрі ‒ Қор), соның ішінде спортты дамытуға аударымдарды жасаудың тәртібін көздейтін, спортты дамыту саласында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 

2018 жылғы 30 маусымдағы жағдай бойынша Министрліктің ақпаратына сәйкес Қорға Қоғам аударған қаражаттың көлемі 40,0 млн теңге құрады. Сонымен қатар, 2018 жылғы маусымда Министрлік Қорды Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетіне (бұдан әрі ‒ ҰОК) алмастыру туралы шешім қабылдады. Ағымдағы жылғы шілдедегі жағдай бойынша Қоғам ҰОК-қа 128 млн. теңге аударды. 

Жоғарыда айтылғанның негізінде Министрлік лотерея қызметі саласындағы мемлекеттік реттеуші ретінде «Сәтті Жұлдыз» АҚ лотерея операторының қызметіне бақылау жүргізеді. 


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 09:15:45

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Д. Нөкетаеваның, С. Бектұрғановтың, М.Бақтиярұлының, С. Ершовтың, Н. Төреғалиевтің, Ж. Нұрғалиевтің, А. Мұсахановтың, Б. Жұмағұловтың жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін салық жүктемесін төмендетуге және жеңіл өнеркәсіптің дайын өнімдеріне кедендік баж салығын арттыруға қатысты 2019 жылғы 26 маусымдағы депутаттық сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Өндірістің толық циклі бар отандық жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындарын салықтардан (қосылған құн салығынан, корпоративтік табыс салығынан) белгілі бір мерзімге босатуға қатысты (салықтық демалыс) 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында икемді салық жүйесі және кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға бағытталған салықтық жеңілдіктер мен преференциялардың кең спектрі жұмыс жасайды. 

Осылайша мемлекет шағын және орта бизнес үшін салықтарды есептеу мен төлеудің оңайлатылған тәртібін көздейтін мынадай арнаулы салық режимдері түрінде салық салудың жеңілдетілген жүйесін ұсынады: 

  • патент негізіндегі арнаулы салық режимі; 
  • оңайлатылған декларация негізіндегі арнаулы салық режимі; 
  • тіркелген шегерім пайдаланылатын арнаулы салық режимі. 

Сондай-ақ арнайы экономикалық аймақтың (бұдан әрі – АЭА) қатысушылары үшін салық заңнамасымен корпоративтік табыс салығынан, жеке табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан және жер учаскелерін пайдаланғаны үшін төлемнен босату көзделген. 

Инвестициялық басым жобаларды іске асыратын ұйымдарға корпоративтік табыс салығынан, жер салығынан, мүлік салығынан, шикізат және (немесе) материалдар импортын қосылған құн салығынан босату, сондай-ақ кеден баждарын салудан босату, мемлекеттік заттай гранттар беру түріндегі салықтық жеңілдіктер көзделген. 

Жоғарыда көрсетілген салықтық ынталандыру шараларынан басқа, салық төлеушілер преференциялар объектілерінің құнын және (немесе) осындай объектілерді, оның ішінде жеңіл өнеркәсіп саласы бойынша, реконструкциялау мен жаңғыртуға арналған кейінгі шығыстарды шегерімге жатқызу үшін инвестициялық салықтық преференцияларын қолдануға құқылы. 

Осылайша жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары үшін салықтық жеңілдіктер түрінде мемлекеттік қолдау шаралары жеткілікті көзделген. 

Ал корпоративтік табыс және қосылған құн салықтары бойынша салықтық демалыс беру мәселесіне қатысты, бұдан бұрын жаңадан құрылған кәсіпорындар үшін алғашқы үш жылда кәсіпкерлердің іскерлік белсенділігін ынталандыру және жаңа өндірістердің дамуын қолдауға бағытталған салықтарды төлеуден босату тәжірибесі енгізілген болатын.  

Алайда, бұл жеңілдік кәсіпкерлікті ынталандырудың тиімді құралы болмады, себебі жеңілдік шағын және орта бизнес субъектілеріне кәсіпкерлік қызметтерін қайта тіркеу арқылы салықтан жалтаруға мүмкіндік берді. 

Осылайша корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығынан салықтық демалыс беру мәселесі қолдау таппайды. 

Сонымен қатар қазіргі таңда қызметінің бастапқы кезеңінде инвесторларға жүктемені азайту мақсатында инвестициялық салықтық кредитті енгізу мәселесі қарастырылуда.  

Импортталатын дайын өнімге кедендік әкелу бажының мөлшерлемелерін кедендік құнынан 50% - ға дейін ұлғайтуға қатысты 

Еуразиялық экономикалық одақ (бұдан әрі – ЕАЭО) туралы шартқа сәйкес ЕАЭО аумағында Бірыңғай кедендік тариф қолданады, оған сәйкес жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне қатысты кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері 0% - дан 17,5% - ға дейін құрайды. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы ДСҰ-ға кіру кезінде қабылдаған міндеттемелерге сәйкес кейбір тауарларға қатысты БКТ-да көзделгеннен төмен кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін қолданады. Осылайша ДСҰ алдындағы міндеттемелерге сәйкес жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне кедендік әкелу бажы кеден құнының 0-ден 15% - ға дейін құрайды. 

Бұл ретте ДСҰ-ға мүше болу шарттары бойынша жоғарыда айтылған деңгейлердегі кедендік мөлшерлемелердің ұлғаюы бұзушылық болып табылады және өтемақылық талқылауға әкеп соғуы мүмкін. 

Баяндалғанды ескере отырып, жеңіл өнеркәсіп өнімдеріне кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелерін 50%-ға дейін арттыру жөніндегі мәселені пысықтау мүмкін емес. 

Жалпы жеңіл өнеркәсіпті дамыту мәселелері Үкіметтің бақылауында екенін атап өтеміз. 


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 09:13:34

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Н. Төреғалиевтің, Б. Әйтімованың, Ғ. Дүйсембаевтың, Е. Мұқаевтың, Д. Нөкетаеваның Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің «НИВА» спорттық-сауықтыру кешеніне (бұдан әрі – Кешен) күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлу мәселесіне қатысты 2019 жылғы 26 маусымдағы депутаттық сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Өздеріңізге белгілі, қазіргі уақытта көрсетілген Кешен Университет жанында жұмыс істейді және Кешен мен Университеттің инфрақұрылымын жабдықтау мен жаңарту бойынша шаралар жалпы қабылданып отыр.  

«Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» 2001 жылғы 16 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 60-бабына сәйкес объектілер мен олардың кешендерінің құрылысы (реконструкция, қалпына келтіру, кеңейту, техникалық қайта жарақтандыру, жаңғырту, күрделі жөндеу) белгіленген тәртіппен бекітілген егжей-тегжейлі жоспарлау жобаларына және бас жоспар негізінде орындалатын құрылыс жобасына сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасы бойынша жүзеге асырылады. 

Осыған байланысты, қазіргі уақытта жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп, мемлекеттік сараптамаға жіберілді және «НИВА» спорттықсауықтыру кешеніне күрделі жөндеу жүргізуге қаражат бөлу мәселесі республикалық бюджетті келесі үш жылдық кезеңге қалыптастыру шеңберінде заңнамада белгіленген тәртіппен қарастырылатын болады. 


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 09:00:36

Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаты Н.Н. Нұрсипатовтың әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлеріне тұрғын үй төлемдерінің қолданыстағы моделін жетілдіруге қатысты 2019 жылғы 25 маусымдағы сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

2013 жылдан бастап 2017 жылға дейін мұқтаж әскери қызметшілер мен олардың отбасы мүшелеріне тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін мақсатты өтемақыларды көздейтін норма қолданыста болды.

2018 жылдан бастап әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз етудің жаңа моделі (2013 жылдан бастап іске қосылған арнаулы мемлекеттік органдардың моделіне ұқсас) іске қосылды, онда тұрғын үй жалдағаны (жалға алғаны) үшін нысаналы өтемақының орнын тұрғын үй төлемдері ауыстырды, оның мөлшері әскери қызметші әскери қызметін атқаратын өңірге байланысты.

Бүгінгі күнде әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тұрғын үймен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен қомақты қаражат бөлінді (2013 жылдан 2019 жылға дейінгі кезеңде 460 млрд. теңгеден астам). Осы мақсатқа шығыстар 2019 жылы (129,9 млрд. теңге) 2013 жылдың деңгейімен (14,7 млрд. теңге) салыстырғанда 9 есеге артты.

Көрсетілген шығыстардың ұлғаюына әсер ететін басты факторлар тұрғын үйге мұқтаж әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлері (12,0 мыңнан 99,0 мың адамға дейін) және олардың отбасы мүшелері (31,0 мыңнан 261 мың адамға дейін) санының артуы, сондай-ақ тұрғын үй жалдау бағасының жыл сайынғы өсуі болып табылады, нәтижесінде ол кредиторлық берешектің пайда болуына әкеп соқтырады.

Кредиторлық берешектің пайда болу себептерін анықтау мақсатында Қаржы министрлігі ағымдағы жылдың 15 мамырынан бастап Ішкі істер министрлігіне, Ұлттық қауіпсіздік комитетіне және Қорғаныс министрлігіне көрсетілген мемлекеттік органдардың әскери қызметшілері мен қызметкерлеріне тұрғын үйді жалдау (жалға алу) үшін ақшалай өтемақы мен тұрғын үй төлемдерін төлеу үшін бөлінетін бюджет қаражатын мақсатты пайдалану мәселесі бойынша тексеруді бастады. 

Сіздің ұсынып отырған түзетулеріңіз осы мәселенің әлеуметтік маңыздылығына және әскери қызметшілер мен арнаулы мемлекеттік органдар қызметкерлері мен олардың отбасы мүшелерінің жағдайын нашарлатуы мүмкін екенін ескере отырып, мүдделі мемлекеттік органдардың жан-жақты қарауын және пысықтауын талап етеді.

Бұл жұмысты Қаржы министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, Мемлекет басшысының әскери қызметшілерді тұрғын үймен қамтамасыз ету жүйесін жетілдіруге қатысты тапсырмасы және әзірлеу жоспарланған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй қатынастары мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы шеңберінде жүргізетін болады. 


Сәрсенбі, 09 Қазан 2019, 08:54:30

Қазақстан Республикасының Сенат депутаттары А. Нұралиевтің, Ж. Нұрғалиевтің, Р. Әкімовтың,Б. Еламановтың, А. Мұсахановтың, М. Жұмағазиевтің, Д. Мусиннің 2019 жылғы 31 мамырдағы сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Тамақ өнеркәсібін дамыту мәселелерін кешенді шешу, сондай-ақ өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіру көлемдерін өсіруді қамтамасыз ету мақсатында ағымдағы жылғы 5 наурыздағы  Үкімет отырысының № 8 хаттамасымен Тамақ және өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі 2019 – 2021 жылдарға арналған жол картасы (бұдан әрі – Жол картасы) мақұлданды, ол мынадай 6 бағыт бойынша 26 іс-шараны іске асыруды көздейді: 

  • шикізат базасын (сүт, ет, қант қызылшасын, жемістер мен көкөністерді өңдеу, құс шаруашылығы) дамыту;  
  • тамақ және өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын техникалық және технологиялық қайта жарақтандыру;  
  • өңдеуші кәсіпорындардың инфрақұрылымын дамыту;  
  • логистикалық инфрақұрылымды дамыту;  
  • ғылыми қамтамасыз ету;  
  • отандық тауарларды ішкі және сыртқы нарықтарда ілгерілету.  

Сонымен қатар, 13 Кодекс пен 29 заңға 1000-нан астам түзетулерді қамтитын «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді мемлекеттік реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы Парламент қарауында жатыр.  

Аталған түзетулер ауыл шаруашылығы саласының проблемаларын жүйелі шешуге бағытталған және басқалармен қатар ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеуді, аграрлық ғылымды дамыту, жаңа технологиялар трансфертін ынталандыру, тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нормаларды көздейді.

Бұдан басқа, ағымдағы жылғы 19 маусымдағы № 27 Қазақстан Республикасының Президентінің Жарлығымен бекітілген «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауалды бағдарламасын және «Бірге» жалпыұлттық акциясы барысында алынған ұсыныстарды іске асыру жөніндегі іс-қимыл жоспарының 57-тармағына сәйкес ағымдағы жылдың қазан айының соңына дейін Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер, оның ішінде: 

  • АӨК-ті қосылған құны жоғары өнімді өндіруге және экспортқа қайта бағдарлауға; 
  • отандық ауыл шаруашылығы өндірушілерін қолдауға және олардың өнімдерін өткізу мүмкіндігін кеңейтуге; 
  • өңдеуші өндірістерді жаңғыртуға / салуға трансұлттық компанияларды тартуға бағытталған өзгерістер енгізу көзделіп отыр. 

Сіздердің сауалдарыңызда айтылған мәселелер бойынша тиісті мемлекеттік органдардың жүргізіп жатқан жұмысы туралы толық ақпарат қосымшада беріледі. 
 

Қосымша

Өңдеу өнеркәсібінде еліміздің ғылыми әлеуетін пайдалана отырып, салалық ғылыми-техникалық бағдарламаларды қалыптастырудың тиімді жүйесін ұйымдастыру, ресурс үнемдейтін жаңа технологияларды әзірлеуге және азықтүлік және өңдеу өнеркәсібіндегі ғылыми әлеуетті дамыту үшін бюджеттік қаржыландыру көздерін қажетті көлемде белгілеуге қатысты 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі қойылған тапсырмаларды шешу мақсатында аграрлық ғылым мен білімді, сондай-ақ АӨК субъектілерінің білім тарату жүйесін, оларды бизнес пен технология трансфертінің қажеттіліктеріне қайта бағдарлауды реформалау бойынша шаралар қабылдауда.    

Мысалы, ғылыми зерттеулердің сапасын жақсарту үшін Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығына қайта құрылымдау жүргізілді, нәтижесінде жұмыс істеп тұрған 23 ҒЗИ-дің 13-і қалды, ауыл шаруашылығы тәжірибелік станциялары мен тәжірибелік-өндірістік шаруашылықтардың саны 18-ге артты, сондай-ақ 22 білім тарату орталығы құрылды. 

Алғаш рет ағымдағы үш жылдық кезеңге арналған ғылыми зерттеулердің тақырыптары салалық қауымдастықтардың қатысуымен қалыптастырылды, бұл ғылыми ұйымдар жұмысының бағытын бизнестің қажеттілігіне қарай бағыттады.  

АҚШ пен Бразилияның тәжірибесі бойынша аграрлық парктер мен өңірлік орталықтар жүйесі құрылады, олар инновациялардан келетін әсерге қол жеткізуде технологиялар жолсеріктері мен фермерлер үшін көмекшілердің рөлін атқаратын болады. Олардың негізгі бағалау өлшемшарты тиісті аумақтағы өнімділіктің нақты өсімі болады. Екінші жағынан, аталған жүйе отандық ғалымдардың әзірлемелерінің қажеттілігін бағалауға мүмкіндік береді. 

Бұдан басқа, Назарбаев Университетінің үлгісі бойынша Қазақ ұлттық аграрлық университеті, С. Сейфуллин атындағы Қазақ аграрлық техникалық университеті, Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық техникалық университеттерінің әлемнің жетекші аграрлық университеттерінің франшизін тарту, бірлескен білім беру бағдарламаларын құру және бірлескен ғылыми зерттеулер жүргізу бойынша жұмыстар басталды. 

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін ресурс үнемдейтін технологияларды енгізуге тарту үшін ағымдағы жылы инвестициялық салымдар кезінде шығыстардың бір бөлігін субсидиялауға қосымша 27,5 млрд.теңге, ауыл шаруашылығы техникасын жаңартуға – 26,7 млрд. теңге бөлінді.

Ғылыми зерттеулерді қаржыландыру көлемін ұлғайту мақсатында ғылыми зерттеулерді қаржыландыру бойынша бизнес шығындарының бір бөлігін субсидиялау енгізіледі, ол бизнес пен ғылымның өзара іс-қимыл тетігін іске қосуға мүмкіндік береді, сондай-ақ тамақ және өңдеу өнеркәсібінде инновацияларды енгізу ауқымын едәуір жеделдетеді. Тиісті заң жобасын Парламент Мәжілісі мақұлдады. 
 
Озық тағамдық технологиялар трансфертін дамытуға қатысты 

Қазіргі уақытта Ауыл шаруашылығы министрлігі озық азық-түлік технологияларының трансфертін жүзеге асыру үшін трансұлттық компанияларды тарту бойынша шаралар қабылдауда. 

Мәселен, 2018 жылы Түркістан облысында ҚХР-ның «Golden Camel» компаниясы қуаттылығы тәулігіне 100 тоннаға дейін түйе және бие сүтін өңдейтін зауытты іске қосты.  

Павлодар облысында Lactalis компаниясы (Франция) 840 басқа арналған сүт кешенін пайдалануға енгізді. Алматы облысында «Empire Food» (Иран) қуаттылығы ауысымына 100 бас ІҚМ және 1500 бас ұсақ мал соя алатын ет комбинатын пайдалануға енгізді.  

Сонымен қатар, ет өңдеу секторына «Taison Food» (АҚШ), «Dunbia» (Ұлыбритания), «Grand Farm» (ҚХР), «Baumann» (Германия), «Inalca/Cremonini» (Италия), «Cedar Meats» (Австралия) сияқты трансұлттық компанияларды тарту бойынша жұмыстар жүргізілуде. 

Бұдан басқа, 2018 жылғы қазанда Солтүстік Қазақстан облысында крахмал, глютен, азықтық өнімдер, биоэтанол өндіруге арналған қуаттылығы жылына 220 тонна бидай өңдейтін «БиоОперейшн» ЖШС бидайды тереңдете өңдейтін инновациялық зауыт іске қосылды. 

Өндіріске технологиялар трансфертін енгізу бойынша нақты жұмыстар Алматы облысының жүгеріні терең өңдеу кәсіпорны "Жаркент крахмал-сірне зауыты" ЖШС-да жүргізілуде. Нәтижесінде кәсіпорын Орта Азияда теңдесі жоқ жаңа өнім түрін – глюкозалы - фруктозалы шәрбат жасап шығарды. 

Тағамдық өнімдердің сапасы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін салалық ұлттық стандарттарды әзірлеуге және отандық өнімді тұтынушы елдердің халықаралық стандарттарымен үйлестіруге қатысты 

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында тамақ өнімдеріне қойылатын міндетті талаптар Еуразиялық экономикалық одақтың (Кеден одағының) (бұдан әрі – Одақтың ТР) техникалық регламенттерінде белгіленген: 

Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігіне, сондай-ақ оны таңбалауға қойылатын жалпы талаптарды белгілейтін (2) көлденең техникалық регламенті: 

  • «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»; 
  • «Тамақ өнімдерін таңбалау бөлігінде». 

Өнімнің жеке тобына қойылатын ерекше талаптарды белгілейтін (10) тік техникалық регламенті: 

  • «Астық қауіпсіздігі туралы»; 
  • «Май өнімдеріне арналған техникалық регламент»; 
  • «Жемістер мен көкөністерден алынатын шырын өнімдеріне арналған техникалық регламент»; 
  • «Мамандандырылған тамақ өнімдерінің жекелеген түрлерінің, оның ішінде диеталық емдік және диеталық профилактикалық тамақтанудың қауіпсіздігі туралы»; 
  • «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігіне қойылатын талаптар»; 
  • «Сүт және сүт өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»»; 
  • «Ет және ет өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»; 
  • «Алкоголь өнімінің қауіпсіздігі туралы»; 
  • «Балық және балық өнімдерінің қауіпсіздігі туралы»; 
  • «Табиғи минералды суды қоса алғанда, буып-түйілген және ауыз судың қауіпсіздігі туралы». 

«Құс етінің қауіпсіздігі туралы» және «Азық және азықтық қоспалардың қауіпсіздігі туралы» ЕАЭО ТР 2 жобасы әзірленуде. 

2014 жылғы 14 қазандағы Қазақстан Республикасының Заңымен ратификацияланған Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа (бұдан әрі - Шарт) сәйкес Одақтың ТР-ын әзірлеу үшін негіз ретінде тиісті халықаралық стандарттар (стандарттау жөніндегі халықаралық ұйымдар қабылдаған ережелер, директивалар, ұсынымдар және өзге де құжаттар) қолданылады. 

Осылайша, жоғарыда көрсетілген Одақтың ТР-ы халықаралық стандарттардың талаптарын ескере отырып әзірленді (Алиментариус кодексі - Біріккен Ұлттар Ұйымының Азық-түлік және ауыл шаруашылығы ұйымының халықаралық комиссиясы мен Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы, стандарттау жөніндегі халықаралық ұйым (ИСО) және Еуропалық Одақтың директивалары қабылдаған тағамдық халықаралық стандарттардың жиынтығы). 

«Стандарттау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес стандарттау қағидаттарының бірі халықаралық және өңірлік  стандарттар негізінде ұлттық стандарттарды әзірлеу болып табылады, бұл өз кезегінде саудадағы техникалық кедергілерді жоюға, отандық өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттыруға және экспортты жылжытуға әкеледі. 

Бүгінгі таңда Бірыңғай мемлекеттік нормативтік техникалық қорында аталған саланың 2 577 стандарты бар, олардың 2 112-сі – мемлекетаралық стандарт (МЕМСТ) және 465  ұлттық стандарт (ҚР СТ). 

Салалар бөлінісінде негізгі бағыттар бойынша стандарттармен қамтамасыз етілу мынадай: ет және ет өнімдері (232 МЕМСТ және 60 ҚР СТ), сүт және сүт өнімдері (230 МЕМСТ және 76 ҚР СТ), дәнді-бұршақты, бұршақты дақылдар және олардың өңделген өнімдері (245 МЕМСТ және 76 ҚР СТ), жемістер, көкөністер және олардың өңделген өнімдері (319 МЕМСТ және 44 ҚР СТ), балық және балық өнімдері (164 МЕМСТ және 9 ҚР СТ) және басқалары. 

2019 жылға арналған Мемлекеттік стандарттау жоспарына тамақ өнеркәсібі саласында 193 стандарт әзірлеу енгізілді. 

 


Сейсенбі, 08 Қазан 2019, 19:29:19

Қазақстан Республикасының Сенат депутаттары Ә. Құртаев, А. Бейсенбаев, С. Еңсегенов, М. Жолдасбаев, М. Көбенов, Е. Мамытбеков, Е. Сұлтанов, М. Бақтиярұлы, Н. Қылышбаевтың Қазақстанда киіктерді қорғау туралы мәселесіне қатысты 2019 жылғы 29 наурыздағы сауалына жауап.
Премьер-Министр - Аскар Мамин

Киіктерді қорғау бойынша жеке заң қабылдауға қатысты

Табиғатты қорғау заңнамасының бұзылуына жол берген азаматтарға, оның ішінде қызмет бабын пайдаланып, браконьерлік жасаған лауазымды тұлғаларға қатысты жазалаудың қатаң шараларының қолданылуын көздейтін киіктерді қорғау бойынша жеке заң қабылдауға қатысты.

Қазіргі кезде Парламент Мәжілісінің қарауындағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының шеңберінде депутаттар табиғатты қорғау заңнамасы бұзылған жағдайда мүлікті міндетті түрде тәркілеу бөлігінде браконьерлікпен күресуге бағытталған түзетулерге бастамашылық жасады (Үкіметтің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 11-8/270 зп қорытындысымен қолдау тапты).

Сондай-ақ Бас прокуратура Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылға арналған заң жобалау жұмыстарының жоспарына сәйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық және қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасын әзірлеуде, оның шеңберінде браконьерлікпен күресті күшейту жөнінде шаралар қабылдау болжануда.

Сонымен қатар Қылмыстық кодекстің 337-бабының төртінші бөлігінде және 361-бабында құқық қорғау органдарының қызметкерлері қызмет бабын пайдаланып браконьерлік жасаған жағдайда оларға қатысты лауазымдық өкілеттіктерін теріс пайдаланғаны үшін жауапкершілік көзделген.

Осыған байланысты киіктерді қорғау бойынша жекелеген заң жобасын әзірлеуді орынсыз деп есептейміз.

Киіктерді пайдалануға мораторий енгізуге қатысты

Киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға мораторий енгізуге қатысты.

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 15-бабына сәйкес жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiн, олардың бөліктерін немесе дериваттарын алып қоюға айрықша жағдайларда Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша жол беріледі.

ҚК 339-бабында пайдалануға тыйым салынған жануарларды, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз алуға, иемденуге, сақтауға, өткізуге, әкелуге, әкетуге, салып жіберуге, тасымалдауға немесе жоюға, заңсыз олжалауға жазалау көзделген.

Сондай-ақ Заңға сәйкес киіктер таралымын сақтау және өсімін молайту мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 25 шілдедегі № 969 қаулысымен 2020 жылға дейін Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында киіктерді, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға тыйым салынған.

Сонымен қатар АӨК бойынша заң жобасы шеңберінде Үкімет жабайы тірі жануарларды, оның ішінде сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген санатқа жатқызылған түрлерді экспорттауға қорытынды (рұқсат беру құжаты) және лицензия беру бөлігінде ұлттық заңнаманы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының «Тарифтік емес реттеу шаралары туралы» 2015 жылғы 21 сәуірдегі № 30 шешімімен сәйкестендіруге бағытталған түзетулерге қолдау білдірді. Көрсетілген нормалар жабайы жануарлардың заңсыз айналымына, сондай-ақ фаунаның бөтен тектес түрлерін республика аумағына қоныстандыруға тосқауыл қоюға мүмкіндік береді.

Осылайша, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлерін аулауға тыйым салу, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған жануарлар түрлерінің бөліктері мен дериваттарын олжалағаны, сатып алғаны, өткізгені, сатқаны үшін қылмыстық жауапкершілік Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында бұрыннан көзделген, яғни қосымша мораторийлер мен басқа да тыйым салу шараларын белгілеудің қажеті жоқ.

Браконьерлік жасаған тұлғалардың тәркілеу бойынша

Браконьерлік жасаған тұлғалардың мүлкін, сондай-ақ қылмыс құралдарын, оның ішінде браконьерлік мақсатта пайдаланылған автокөлік құралдарын тәркілеу мәселесі бойынша.

АӨК бойынша заң жобасы шеңберінде депутаттар қылмыс құралдарын, оның ішінде браконьерлік мақсаттарда пайдаланылатын автокөлік құралдарын міндетті түрде тәркілеу жөніндегі түзетулерге, сондай-ақ браконьерлікпен күресуге бағытталған басқа да бірқатар өзгерістерге бастамашылық жасады (Үкіметтің 2019 жылғы 18 сәуірдегі № 11-8/270 зп қорытындысымен қолдау тапты).

Сонымен бірге ҚК 48-бабына сәйкес браконьерлер қылмыс жасаған жағдайда қылмыс жасау кезінде пайдаланылатын мүлік меншік түріне қарамастан міндетті түрде белгіленген тәртіппен сот шешімі бойынша тәркіленеді.

«Қорғалжын-Теңіз» аумағында киіктерді қорғайтын Ұлттық парк құру бойынша

«Қорғалжын-Теңіз» аумағында киіктерді қорғау бойынша Ұлттық парк, сондай-ақ мамандар даярлау орталықтарын құруға қатысты.

Қазақстанның он әкімшілік аумақтық бірлігінде киіктің 3 таралымы мекендейді. Осылайша, Ақтөбе және Қостанай облыстарында киіктерді, олардың қоныс аудару жолдарын және шоғырлану орындарын сақтау үшін «Ырғыз-Торғай» және «Алтын Дала» табиғи резерваттары құрылды.

Бұдан басқа, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен өсімдіктердің, оның ішінде киіктердің санын қалпына келтіру мақсатында Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2008 жылғы 18 желтоқсандағы № 1183 қаулысымен Қорғалжын мемлекеттік табиғи қорығының аумағы кеңейтілді. Кеңейту учаскелері киіктердің Бетпақдала таралымы жиналатын жерлерді қамтиды.

Қазіргі кезде Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университеті базасында киіктерді сақтау және өсімін молайту орталығы құрылған.

Сондай-ақ АШМ Батыс Қазақстан облысында киіктерді қорғау үшін аумақты кеңейту мақсатында Бөкейорда табиғи резерватын құруды жоспарлауда.

Қызылорда облысында Халықаралық Аралды құтқару Қоры жабайы жануарларды (құландар, киіктер, қарақұйрықтар) жартылай ерікті жағдайда бағып күтетін Жабайы жануарларды жерсіндіру және көбейту орталығын құру мәселесін пысықтауда.

Осы көрсетілген орталықтар базасында киіктерді сақтаумен айналысатын мамандар даярлайтын курстар ашу көзделген. Осы баяндалғандардың негізінде киіктерді сақтау бойынша Ұлттық парк және мамандар даярлау орталықтарын құру орынсыз.

Киіктерді қорғау ұйымын құру туралы

Заманауи цифрлық технологиялармен жарақтандырылған киіктерді қорғаудың жаңа ұйымын құрып, оған Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром» ӨБ» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының функцияларын беру мәселесі бойынша.

«Охотзоопром» ӨБ» республиканың биологиялық әртүрлілігі мен гендік қорын сақтау мақсатында жануарлар мен өсімдіктер дүниесін қорғауды, молықтыруды және орнықты пайдалануды қамтамасыз ету үшін құрылған. «Охотзоопром» ӨБ 44 ұтқыр топтың күшімен 123 млн га алқапта сирек кездесетін жануарлар түрлерін, оның ішінде киіктерді қорғаумен және оларға мориторинг жасаумен айналысады.

Қорғау іс-шараларына инспекторлық құрамның 256 адамы жұмылдырылған, олар 239 бірлік жол талғамайтын көлік құралдарымен, байланыс құралдарымен, қызметтік қарумен, нысандық киіммен және қорғау қызметін жүзеге асыру үшін басқа да материалдық-техникалық құралдармен жарақтандырылған.

Сирек кездесетін және жойылып бара жатқан тұяқты жануарлардың түрлері мен киіктерді қорғауды барынша жедел және тиімді қамтамасыз ету мақсатында тікұшақ пен ұшақ пайдаланылады.

Ішкі істер департаменттерімен және АШМ ОШЖДК облыстық аумақтық инспекцияларымен бірлесіп жұмыс істеу қорғау іс-шараларының ажырамас бөлігі болып табылатынын атап өтуіміз керек. 2017 – 2018 жылдар аралығында «Охотзоопром» ӨБ-нің инспекторлық құрамы АШМ ОШЖДК облыстық аумақтық инспекцияларының қызметкерлерімен 222 бірлескен рейд және ішкі істер органдарының қызметкерлерімен бірге 312 рейд өткізді.

Өткізілген қорғау іс-шараларының нәтижелері бойынша көрсетілген кезеңде 386 қылмыстық жазаланатын әрекет анықталды. Көрсетілген қылмыстық істер санынан құқық қорғау органдары істері 15 %-ын тоқтатты, 11 %-ы уақытша тоқтатылды, істердің 47 %-ы сотқа жеткізілді, ал қылмыстық істердің 27 %-ы тергелу үстінде.

Қолданылып жатқан шаралар арқылы сирек кездесетін тұяқты жануарлар түрлері мен киіктер санының жылдан жылға көбейіп келе жатқаны байқалады.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы кең ауқымды «Киік» табиғат қорғау акциясы басталды, ол мүдделі мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерімен (АШМ, ІІМ, БП, ҰҚК, Қаржымині) бірлесіп, «Охотзоопром» ӨБ күшімен тұрақты түрде (сәуір-мамыр) өткізіліп тұратын болады және киіктерге, сондай-ақ Қазақстан Республикасы аумағында басқа да жабайы фауна түрлеріне браконьерлік жасауға, олардың дериваттарын өткізуге және сатып алуға маманданатын ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау және олардың жолын кесу жөнінде жедел іс-шаралар өткізуді көздейді.

Қазіргі кезде АШМ «Охотзоопром» ӨБ-нің бұдан былайғы қызметін жетілдіру бойынша ұсынымдар дайындау үшін оған аудит жүргізуде.

Атқарылған жұмыс нәтижелері бойынша АШМ Сіздерді қосымша хабардар ететін болады.

Киіктерді қорғау жөнінде қоғамдық қор құру туралы

2007 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы Даму Бағдарламасының қолдауымен Қазақстанда «Қазақстанның биоәртүрлілігін сақтау қоры» құрылды. Қордың міндеті биоәртүрлілікті сақтау саласындағы проблемалық мәселелерді шешу бойынша, оның ішінде киіктерді қорғау және өсімін молайту бойынша жобаларды қаржыландыру болып табылады.

Қордың қызметі кезінде биоәртүрлілікті орнықты басқару бойынша жобаларға шамамен 3 млн АҚШ доллары, оның ішінде киіктер таралымын сақтауға 250 мыңнан астам АҚШ доллары бөлінді.

Сонымен бірге жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және орнықты пайдалану мәселелерімен Франкфурт зоологиялық қоғамы (Германия қаржыландыратын «Қазақстан биологиялық әртүрлілікті сақтау қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі және Германияның табиғат пен биоәртүрлілікті қорғау одағының (NABU) қолдауымен «Жаңа экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу орталығы» сияқты үкіметтік емес ұйымдар айналысады.

Көрсетілген ұйымдар негізінен халықаралық ұйымдардың гранттары есебінен қаржыландырылады және жануарлар дүниесін, оның ішінде киіктерді қорғау және мониторингтеу, мүдделі мемлекеттік органдармен өзара тығыз іс-қимыл жасай отырып, жергілікті халық арасында табиғатқа жанашырлықпен қарауды насихаттау бойынша жобаларды іске асырады.

Баяндалғандардың негізінде, киіктерді қорғау бойынша жеке қоғамдық қор құру орынсыз.


Сейсенбі, 08 Қазан 2019, 19:27:37

Қазақстан Республикасы Парламент Сенатының депутаттары А. Мұсаханов, Ж. Нұрғалиев, Р. Әкімов, Б. Еламанов, М. Жұмағазиев, Д. Мусин, Ә. Нұралиев, Н. Қылышбаевтың Қазақстанда қой шаруашылығын дамыту мәселесіне қатысты 2019 жылғы 12 сәуірдегі сауалына жауап.
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Қой шаруашылығын дамытуды қолдауға қатысты

Қой шаруашылығын дамытуды және өнім сапасын жақсартуды қолдауға қатысты.

2018 жылдың қорытындысы бойынша республикада қой басы 2017 жылмен салыстырғанда 2,2%-ға артты және 16 399,3 мың басты құрады. Ауыл шаруашылығы кәсіпорындары мен шаруа қожалықтарының иелігіндегі қой басының саны тұрақты өсуде, бұл қойдың жалпы санының 44 %-ын құрайды.

Қой шаруашылығының экспорттық әлеуетін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап қой етін жаңа экспорттық нарықтарға шығару бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі таңда қой етін экспорттау үшін Қытай Халық Республикасы, Иран Ислам Республикасы, Өзбекстан Республикасы, Ресей Федерациясы, Біріккен Араб Әмірліктері және Бахрейн нарықтары ашық. Осылайша, 2018 жылы республикада 150 мың тонна қой еті өндірілді оның ішінде 3,8 мың тонна қой еті экспортталды.

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде қой шаруашылығын дамытудың қолдау шараларын қарастырды. Сонымен, фермерлік шаруашылықтарды қолдау мақсатында 2018 жылдан бастап «Алтын асық» жеңілдетілген кредит беру бағдарламасы қалпына келтірілді, оның шеңберінде қой басын және ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу, сондай-ақ айналым қаражаттарын толықтыру қаржыландырылады.

Бүгінгі таңда 743 шаруа қожалығы 280,6 мың аналық қой басын сатып алу үшін кредит алды. Сондай-ақ «Аграрлық несие корпорациясы» және «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамдары ауыл халқына мал шаруашылығын, оның ішінде қой шаруашылығын жүргізуге және ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіруге мерзімі 5 жылға 6 млн. теңгеге дейін кредит қаражатын бөлуде.

Сонымен қатар жаңадан құрылатын шаруа қожалықтарын жайылым алқаптарымен қамтамасыз ету, шалғайдағы жайылымды суландыру жолымен оларды игеру және қой шаруашылығы өнімін өндірудің технологиялық тізбегін құру бойынша шаралар жалғастырылатын болады.

Қой шаруашылығын дамыту бойынша негізгі шаралар ғылыми негізделген тәжірибеге сүйене отырып әзірленуі қажет екенін айта кету керек. Осыған байланысты, 2018 – 2020 жылдарға арналған ғылыми зерттеулерді нысаналы қаржыландыру бағдарламасы шеңберінде қой шаруашылығы саласында тиімді технологиялар мен қойлар селекциясын әзірлеу, қой шаруашылығында модельдік фермаларды құру бойынша зерттеулер мен іс-шаралар жүргізілуде, сондай-ақ қой өсіру шаруашылықтарын ақпараттық және консультациялық сүйемелдеу жүзеге асырылуда.

Осы мақсаттарға жыл сайын республикалық бюджеттен 853,4 млн. теңге қарастырылған.

Бүгінгі таңда «Агроинженерия ғылыми-өндірістік орталық» ЖШС «Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндірісі ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-мен бірлесіп қойларды қолдан ұрықтандырудың жылжымалы пунктін, шалғайдағы жайылымдар жағдайында пайдалану үшін энергияны үнемдеудің баламалы көздерін қолдана отырып шопанға арналған мобильді үйді әзірлеу және жасау мәселелері бойынша ғылыми-техникалық жұмыстарды атқаруда.

Сондай-ақ «ҚазМШжЖШӨҒЗИ» ЖШС-нің базасында тұрақты негізде қой шаруашылығында селекциялық және асылдандыру жұмысын жетілдіру және қой тұқымдары мен типтерін шығару бойынша ғылыми жұмыстар жүргізілуде. Осылайша қазіргі уақытта мал шаруашылығындағы селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде қойдың 25 тұқымы бекітілген және тіркелген.

Бұдан басқа, қой шаруашылығына мамандарды даярлау, мамандардың кәсіби біліктілігін арттыру және озық ғылыми әзірлемелерді өндіріске енгізу мақсатында «ҚазМШжЖШӨҒЗИ» ЖШС базасында 2018 жылы қой өсіру шаруашылықтарына 7 оқыту семинарлары өткізілді, 2019 жылы 15-тен артық оқыту семинарларын өткізу жоспарлануда.

Қой шаруашылығы саласында кәсіби бірлестіктер мен республикалық үйлестіру кеңесін құруға қатысты

Қой шаруашылығы саласында құрылған Республикалық палаталарды біріктіруге және жеке қой өсіру шаруашылықтарының аудандық, өңірлік кәсіби бірлестіктерін, сондай-ақ қой шаруашылығы бойынша республикалық үйлестіру кеңесін құруға қатысты.

Асыл тұқымды мал шаруашылығы туралы» Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 28-2-бабының 5-тармағына сәйкес Қазақстан Республикасының аумағында қой шаруашылығы, жылқы шаруашылығы және құс шаруашылығы республикалық палаталары қойлардың, жылқылардың және құстардың әр өнімділік бағыты бойынша біреуден құрылады. Бұл ретте Заң бірнеше республикалық палаталарды бір палатаға біріктіруге жол береді. Өз кезегінде өнімділігі бойынша қой тұқымдары келесі бағыттарға бөлінеді: биязы жүнді, биязылау, ұяң жүнді, қылшық жүнді және елтірілі. Осыған байланысты қой шаруашылығы бойынша бұрын құрылған республикалық палаталарды бір республикалық палатаға біріктіру мәселесі республикалық палата қатысушыларының кеңейтілген жиналысында қарастырылуы және олардың ортақ шешімі негізінде қабылдануы тиіс.

Жайылымдарды тиімді пайдалану, жеке қой өсіру шаруашылықтарының аудандық және өңірлік бірлестіктерін және қой шаруашылығы бойынша республикалық үйлестіру кеңесін құру, сондай-ақ АШМ өзге де салалық мәселелерін талқылау мәселелері бойынша ағымдағы жылдың төртінші тоқсанында қой шаруашылығы бойынша республикалық палаталар өкілдерінің, ғалымдардың, қой шаруашылығындағы ғылыми зерттеу институттары өкілдерінің қатысуымен семинар-кеңес өткізу жоспарланған.

Семинар-кеңес шеңберінде аталған мәселелер бойынша пысықталған шешімдердің нәтижелері бойынша АШМ Сіздерді қосымша хабардар етеді.


Сейсенбі, 08 Қазан 2019, 19:26:19

Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының депутаты Ә. Бектаевтың жоғары немесе жоғарғы оқу орнынан кейінгі білімді шетелде алатын жастарға мемлекеттік жәрдем көрсетуге қатысты 2019 жылғы 12 сәуірдегі сауалына жауап.
Премьер-Министр - Аскар Мамин

 

Шетелде білім алу үшін жастарға арналған жаңа бағдарламаға қатысты

Шетелде жоғары немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін жастарға мемлекеттік қолдаудың жаңа бағдарламасына қатысты.

Қазіргі уақытта «Болашақ» халықаралық стипендиясымен қатар шетелде білікті кадрлар даярлау шетел үкіметтерімен немесе ведомстволарымен жасалған шарттар мен келісімдер шеңберінде жүргізілуде.

Осылайша, көрсетілген халықаралық шарттар шеңберінде жыл сайын Венгрия (250 орын), Қытай Халық Республикасы (125 орын), Тәжікстан Республикасы (50 орын), Украина (20 орын), Польша Республикасы (11 орын), Мысыр Араб Республикасы (7 орын), Беларусь Республикасы (6 орын), Латвия Республикасы (6 орын), Біріккен Араб Әмірліктері (5 орын), Моңғолия (5 орын), Қырғыз Республикасы (5 орын), Әзербайжан Республикасы (5 орын), Словак Республикасы (4 орын), Вьетнам Социалистік Республикасы (3 орын) сияқты елдермен білім алушылармен баламалы алмасу жүзеге асырылады.

Сондай-ақ 2018 жылдан бастап Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі мен Француз Республикасы Еуропа және сыртқы істер министрлігі арасындағы «Абай-Верн» бағдарламасын іске асыру туралы келісім шеңберінде (2018 жылғы 19 сәуірде қол қойылды) жыл сайын Францияның жоғары оқу орындарына 90 магистрант және 10 докторант оқуға жіберіледі. Бұл ретте, қазақстандық тарап 3 жыл бойы толығымен тұру шығыстарын магистранттар үшін айына 800 еуро және докторанттар үшін 1 200 еуро құрайтын стипендияны қаржыландырады. «Абай-Верн» бағдарламасының мысалында тегін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар басқа елдермен халықаралық келісімдер жасау бойынша жұмыс жүргізілуде.

Осылайша, бакалавриат, магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша шетелде оқуға ниет білдірген ауыл жастары үшін, оның ішінде «Болашақ» бағдарламасы бойынша түспеген адамдар үшін жатақханалардан орын және Стипендиялар ұсына отырып, тегін оқытуды ұсыну шаралары аталған халықаралық шарттар мен келісімдер шеңберінде көзделген.

Баяндалғанды ескере отырып, жастарға олардың шетелде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алуы үшін көмек көрсету жөніндегі жаңа бағдарламаны қабылдауды орынсыз деп санаймыз.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ына шетелде білім алатын жастарға жәрдемдесуді жүктеуге қатысты

ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ-ына қазақстандықтарға нақты ақпарат беруді жүктеуге, келіп түсетін азаматтарға визалық, әдістемелік көмек көрсетуге, әкімшілік кедергілерді шешуге, олармен тұрақты байланыс жасауға, елге оралғаннан кейін жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге бойынша функцияларды жүктеуге қатысты.

«Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ «Болашақ» бағдарламасының әкімшісі ғана емес, шетелдік әріптестермен жасалған халықаралық шарттардың әкімшісі болып табылады.

Осыған байланысты, аталған шарттар шеңберінде Орталықтың жарғылық қызметіне визалық қолдау, міндетті медициналық тексеру, жазатайым жағдайлардан және кенеттен аурулардың туындауынан медициналық сақтандыру, халықаралық шарттар шеңберінде жұмысқа орналасуға жәрдемдесу жөніндегі іс-шараларды қамтамасыз ету жөніндегі функцияларды енгізу бойынша жұмыс басталды.

«Болашақ» халықаралық стипендиясына талаптарды күшейтуге қатысты

«Болашақ» халықаралық стипендиясына талаптарды күшейту және шетелдік іргелі оқу орындарының тізімін үздік-30 дейін қысқарту бөлігінде өзгерістер енгізуге қатысты.

Қазіргі уақытта 2018–2025 жылдарға арналған «Болашақ» халықаралық стипендиясын дамыту жоспарын іске асыру шеңберінде (Шетелде кадрлар даярлау жөніндегі республикалық комиссияның 2017 жылғы 7 желтоқсандағы № 17-32-10.1 хаттамасымен бекітілді) «Болашақ» бағдарламасын кезең-кезеңмен жаңғырту бойынша мынадай шаралар қолданылуда:
 

  • магистратураға үміткерлер үшін ағылшын тілін білуге қойылатын талаптар, іріктеу критерийлерін арттыру;
  • барлық қолданыстағы квоталық санаттарды жою.

«Болашақ» бағдарламасы шеңберінде жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының санын қысқартуға қатысты осындай шаралар әр түрлі бағыттар бойынша оқу үшін елдер мен мамандықтарды таңдауда үміткерлерді шектеуге алып келуі мүмкін екенін хабарлаймыз. Осыған байланысты, жетекші шетелдік жоғары оқу орындарының санын үздік-70-тен үздік -30-ға дейін қысқартуды орынсыз деп санаймыз. Жалпы, шетелде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім алу үшін жастарды қолдау жөніндегі жұмыс жалғасуда.


Бейсенбі, 29 Қазан 2020, 21:45:18

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ. Ержан және Ф. Қаратаевтың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №ДС-141 Шардара су қоймасын қайта жаңарту және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Шардара су қоймасын қайта жаңарту және гидротехникалық құрылыстардың жай-күйіне қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

Шардара су қоймасы ирригациялық, энергетикалық және ауыз су мұқтаждарына арналған ағынды көпжылдық реттеуді жүзеге асыратын бірыңғай кешен болып табылады.

Осы құрылысжай Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 желтоқсандағы №933 қаулысына сәйкес ерекше стратегиялық маңызы бар мәртебесі бар объектісіне жатады.

Стратегиялық объекті жұмысының сенімділігі мен тұрақтылығын арттыру мақсатында 2010 жылы Шардара су қоймасына көпфакторлы зерттеу жүргізілді.

Көпфакторлы зерттеу қорытындысының нәтижесі бойынша Шардара және Арнасай бөгеттерінде, сондай-ақ Қызылқұм магистральдық каналында жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу туралы шешім қабылданды.

2017 жылы жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу жобасына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы алынды. Құны 8,6 млрд. теңге болатын жобаны іске асыру 2019 жылы басталды. Қазіргі уақытта жоба бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары 40 пайызға орындалды және оларды 2021 жылы аяқтау жоспарлануда.

Сонымен қатар, «Шардара ГЭС» АҚ өтінішіне байланысты уәкілетті мемлекеттік орган жоба бойынша қосымша іздестірулер жүргізуді жоспарланды. Іздестіру нәтижелері «Шардара ГЭС» АҚ өкілдерімен талқыланып және жобаны одан әрі іске асыру бойынша тиісті шешімдер қабылданады.

Жалпы алғанда жобаны одан әрі іске асыру барлық мүдделі тараптардың бірыңғай келісілген позициясы шеңберінде жүзеге асырылады және уәкілетті мемлекеттік органның тұрақты бақылауында болады.

Бұдан басқа, ағымдағы жылдың 1 қарашасына дейін Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі меншік нысанына қарамастан (республикалық, коммуналдық, жеке) барлық гидротехникалық құрылысжайларға жоспарлы тексеру жүргізеді.

Тексеру барысында бөгеттердің қауіпсіздігі саласындағы талаптардың бұзылуы анықталған кезде гидротехникалық құрылысжайлардың меншік иелеріне қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес шаралар қабылданады.

Жалпы алғанда, су шаруашылығы құрылысжайларының барлық меншік иелерінің Қазақстан Республикасы су заңнамасының талаптарын сақтауын, оның ішінде су шаруашылығы жүйелері мен құрылысжайларының тиісті техникалық жай-күйін қамтамасыз етуді, сондай-ақ олардың қауіпсіздігін бақылау тұрақты негізде жүзеге асырылады.


Бейсенбі, 29 Қазан 2020, 20:14:18

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н. Әшімбетов, Б. Оспанов, Н. Әлтаев, С. Звольский, М. Теміржанов, А. Тасболатов, Е. Барлыбаевтың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №ДС-140 «жоғары патогенді құс тұмауының» таралуына қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Қауіпті вирустық инфекция – «жоғары патогенді құс тұмауының» таралуына қатысты сіздердің сауалдарыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймын.

Құстардың өлімі басталғаннан бері жағдайға тұрақты мониторинг жүргізіп, құс тұмауының таралуына жол бермеу бойынша шаралар қабылдау үшін Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі жанынан Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті аумақтық инспекцияларының және жергілікті атқарушы органдардың ветеринария бөлімдерінің қатысуымен Жедел штаб құрылды.

Сонымен қатар, құс тұмауының таралуына жол бермеу бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы толық ақпаратты қосымшаға сәйкес жолдаймыз.

 

Қосымша


Бейсенбі, 29 Қазан 2020, 20:08:42

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ш. Нұрымов, С. Әбдірахманов, В. Божко, Н. Жұмаділдаева, Р. Ким, Н. Микаелян, А. Мурадов, Ю. Тимощенко, Ш. Хахазов, Т. Сыздықовтың 2020 жылғы 30 қыркүйектегі №ДС-147 Алматы облысы Ұйғыр ауданының суару каналдары мен су қоймаларын жөндеуге қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің Алматы облысы Ұйғыр ауданының суару каналдары мен су қоймаларын жөндеуге қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймын.

Алматы облысы бойынша барлығы 583,2 мың га суармалы жер бар, оның ішінде 476 мың га пайдаланылады.

Ислам Даму Банкімен бірлесіп, Алматы облысында 35,4 мың га жердің ирригациялық жүйесін қалпына келтіру жобасы іске асырылып жатыр.

Жобаны іске асыру кезеңі: 2018 – 2024 жылдар. Жалпы құны – 5,5 млрд теңге.

Қазіргі уақытта Ақсу және Ескелді аудандарында суару желілерін реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, Алматы облысындағы 12,4 мың га алаңдағы ирригациялық-дренаждық жүйелерді реконструкциялауды көздейтін ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жөніндегі жобаның екінші фазасын (ИДЖЖЖ-2) іске асыру жалғастырылуда.

Жобаны іске асыру кезеңі: 2015 – 2021 жылдар. Жалпы құны – 7,9 млрд теңге.

Сонымен қатар, су шаруашылығы объектілері («Добын-1», «Добын-2» су қоймалары, Бақ Кетпен, Үлкен Ақсу және 537 км суару каналдары) республикалық меншіктен коммуналдық меншікке берілді (Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитеті төрағасының 2020 жылғы 21 сәуірдегі №229 бұйрығы және Алматы облысы әкімдігінің 2020 жылғы 28 сәуірдегі №184 қаулысы).

Аталған су шаруашылығы объектілері Алматы облысының коммуналдық меншігінде болуына байланысты жобаны іске асыруға республикалық бюджетте қаражат көзделмеген.

Алматы облысының әкімдігі жобаны ағымдағы жылы облыстық бюджет қаражаты есебінен іске асыруды бастауды жоспарлап отыр. 2021 жылғы республикалық бюджетті нақтылау кезінде Үкімет жобаны іске асыруды жалғастыруға қаражат бөлу туралы мәселені қарайтын болады.

Қазіргі уақытта Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Алматы облысының әкімдігімен бірлесіп 332 км коллекторлық-дренаждық желіні коммуналдық меншіктен республикалық меншікке беру бойынша белгіленген тәртіппен жұмыс жүргізіп жатыр.


Дүйсенбі, 01 Маусым 2020, 17:03:23

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Қ. Ержан, Е. Бектұрғанов, М. Ерман, З. Балиева, Д. Мыңбай, Ф. Қаратаев, З. Аманжолова, Ш. Өтемісов, А. Перуашев, К. Абсатиров, Е. Барлыбаев, Б. Дүйсембинов, Д. Еспаева, М. Қазбекова, Е. Никитинская, В. Косарев, А. Қоңыровтың 2020 жылғы 6 мамырдағы №ДС-90 Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың салдарларына қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің Түркістан облысының Мақтаарал ауданындағы су тасқыны салдарынан орын алған техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарларына қатысты сауалыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз. 

Өзбекстан Республикасының аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуына байланысты Түркістан облысы әкімінің биылғы 2 мамырдағы №3 шешімімен жергілікті ауқымдағы техногендік сипаттағы төтенше жағдай жарияланды. 

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің төтенше резервінен қаражат бөлу туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің биылғы 13 мамырдағы №291 қаулысымен Түркістан облысының әкімдігіне төтенше жағдайдың зардаптарын жоюға аудару үшін, оның ішінде: 

  • Мақтаарал ауданының су астында қалған Достық, Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Өргебас және Фирдоуси елді мекендерінің тұрғындарына өтемақы түрінде келтірілген зиянды (залалды) 100 000 теңгеден өтеу үшін 650 млн теңге; 
  • тұрғын үйлерді салу үшін 4 млрд теңге;
  • Мырзакент елді мекеніндегі инженерлік инфрақұрылым құрылысын жүргізу үшін 3,738 млрд теңге; 
  • Өргебас және Фирдоуси елді мекендеріндегі сумен жабдықтау жүйесін қайта жаңарту және қалпына келтіру үшін 562 млн теңге; 
  • көлік инфрақұрылымын қалпына келтіру үшін 1,05 млрд теңге бөлінді.

Техногендік сипаттағы төтенше жағдайлардың салдарынан бес елді мекенде (Жеңіс, Жаңа Тұрмыс, Достық, Өргебас және Фирдауси) 1 030 тұрғын үй зардап шекті. 

Жүргізілген техникалық зерттеп-қараудың нәтижелері бойынша 437 үй жаңа құрылысқа жатады (соның ішінде 235 үй Үкіметтің төтенше резервінің қаражаты есебінен). 

Су тасқынынан зардап шеккен залалды алдын ала бағалау қорытындысы бойынша Үкіметтік комиссия Достық, Жаңа Тұрмыс және Жеңіс кенттерінің тұрғындарын көшіру және Мырзакент кенті аумағында орналасқан жаңа шағын ауданда оларға арналған үйлер салу туралы шешім қабылдады. 

Осы мақсатта елді мекеннің шетіне 70 га алаңымен жер учаскесі бөлінді. 

Әзірленген үлгілік жобаларға сәйкес әрбір үйдің жалпы алаңы 100 шаршы метрді құрайды, бөлме саны 4 болады. 

Құрылыс алаңдарында 32 құрылыс компаниясы, 900 жұмысшы және 60 бірлік арнайы техника жұмыс істеп жатыр. 

Тұрғын үй құрылысын биылғы 1 тамызға дейін аяқтау жоспарланған. 

Сонымен қатар, Жетісай және Мақтаарал аудандарында әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету мақсатында Түркістан облысы әкімдігінің ұсынысы бойынша заңнамада белгіленген тәртіпте Өзбекстан Республикасының аумағындағы Сардоба су қоймасы бөгетінің бұзылуы салдарынан су тасқынынан зардап шеккен Түркістан облысының Мақтаарал және Жетісай аудандарының агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне өтемақы төлеу үшін 2020 жылға арналған республикалық бюджетте шұғыл шығындарға Қазақстан Республикасы Үкіметінің резервінен 3490,8 млн теңге сомасында қаражат бөлу бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің «Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық-мелиоративтік экспедициясы» РММ (бұдан әрі – ГГМЭ) күн сайын жер асты суларының деңгейін өлшеу жүргізілуде. 

ГГМЭ-ның көпжылдық бақылауының деректері бойынша шаю кезеңінен бастап (ақпан-наурыз) және суару кезеңі аяқталғанға дейін (қыркүйек-қазан) барлық су басқан ауылдық округтерде жер асты суларының орналасу деңгейі сыни белгіге (1-2 метр) дейін көтеріледі. Бұл жағдай қолданыстағы коллекторлық-дренаждық желілердің техникалық жай-күйінің нашарлауына байланысты болып отыр. 

Осыны ескере отырып, аталған ашық көлденең коллекторлық-дренаждық желілер «Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру. 2-кезек» жобасына енгізілді, оларды іске асыру 2019 жылдан бастап басталды және 2021 жылы аяқталатын болады. Бұдан басқа, аталған жобаның шеңберінде суармалы жерлердің мелиоративтік жағдайын жақсарту мақсатында жер асты суларының деңгейін төмендету үшін 149 бірлік тік дренаж ұңғымасын салу көзделуде. 

Сонымен бірге, су басқан ауданда эпидемиологиялық жағдайдың шиеленісуіне жол бермеу мақсатында Денсаулық сақтау министрлігінің Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасымен Түркістан облысының Мақтаарал ауданында су тасқыны салдарын жою бойынша санитариялық-эпидемияға қарсы іс-шаралар жоспары (бұдан әрі – Жоспар) бекітілді. 

Жеңіс, Өргебас, Достық, Фирдоуси, Жаңатұрмыс елді мекендерін су басқаннан кейінгі өткен уақытта аурушаңдық деңгейінің артуы, оның ішінде инфекциялық аурушаңдық тіркелген жоқ. СОVID-19 коронавирус инфекциясымен ауырған 7 адамның 5-уі жазылды, 2-уі инфекциялық ауруханада ем алуда. Елді мекендерді су басу оқиғасымен және адамдардың эвакопунктерде болуымен аурудың байланысы жоқ. 

Аурушаңдықтың мониторингі Мақтаарал ауданының санитариялықэпидемиологиялық қызметі мен аудандық аурухананың мамандарымен Жоспарға сәйкес жүргізіледі, эвакуацияланғандарды медициналық қамтуға Сарыағаш, Келес, Шардара, Жетісай, Асықата, Мырзакент, Атакент аудандық ауруханалардың мамандары жұмылдырылған. 

Сумен жабдықтау көздері мен су құбыры жүйелерін және эпидемиологиялық тәуекелді объектілерді дезинфекциялау бойынша ісшаралардың орындалуына бақылау ұйымдастырылған. Фирдоуси елді мекенінде 2 ұңғымаға дезинфекция жасалынды. 

Түркістан облысындағы төтенше жағдайды және оның салдарын жою мәселелері Үкіметтің ерекше бақылауында тұр.


Жұма, 10 Сәуір 2020, 13:43:05

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Н. Әлтаев, Б. Оспанов, Н. Әшімбетов, Е. Барлыбаев, А. Дәуренбаев, Ж. Дүйсебаев, А. Ералиев, Б. Жылқышиев, С. Звольский, С. Қаныбеков, Р. Ким, А. Қоңыров, М. Теміржанов, Ф. Қаратаевтың 2020 жылғы 7 ақпандағы №ДЗ-36 ауылшаруашылық субсидиялары мен жеңілдетілген кредиттер беру жөніндегі депуаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің ауылшаруашылық субсидиялары мен жеңілдетілген кредиттер беру жөніндегі сауалдарыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймын.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға қатысты

Асыл тұқымды мал басының санын арттыруды ынталандыру, жалпы мал басына қатысты асыл тұқымды малдың үлес салмағын, сондай-ақ мал шаруашылығы өнімін өндіру көлемін ұлғайту, оның сапасы мен бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында мемлекет ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді жергілікті бюджеттен тікелей субсидиялау арқылы екі бағыт бойынша ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерді қолдау жөнінде шаралар қабылдайды:

- асыл тұқымды мал шаруашылығын дамыту;

- мал шаруашылығы өнімдерін өндіру.

Субсидияларды төлеу рәсімі селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстың ақпараттық базасының (САЖАБ) автоматтандырылған жүйесінде жүзеге асырылады.

Агроөнеркәсіптік кешен (бұдан әрі – АӨК) субъектілерін мал шаруашылығында мемлекеттік қолдау ірі шаруашылықтарды қолдауға ғана емес, сондай-ақ шағын және орта шаруашылықтарды қолдауға бағытталғанын атап өткен жөн.

2019 жылдың қорытындысы бойынша асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялау бағдарламасы бойынша АӨК 24 644 шаруашылық субъектісі субсидияланды. "Ірі қара малдың аналық мал басымен селекциялық және асыл тұқымдық жұмыстарды жүргізу" бағыты бойынша жалпы сомасы 18,1 млрд.теңгеге 12 682 шаруашылық субсидия алды, оның ішінде мал басының саны 50-ден 100-ге дейінгі 6 565 ұсақ шаруашылық, 100-ден 300-ге дейінгі 4 771 орта шаруашылық және 300-ден жоғары 1346 ірі шаруашылық, "сүт өндірісінің құнын арзандату" бағыты бойынша жалпы сомасы 11,2 млрд.теңгеге 398 шаруашылық субсидия алды, оның ішінде 600-ден жоғары жемдік мал басы бар 45 шаруашылық, 400-ден жоғары жемдік мал басы бар 38 шаруашылық, 50-ден жоғары жемдік мал басы бар 201 шаруашылық.

Өз кезегінде Ауыл шаруашылығы министрлігі (бұдан әрі – Министрлік) 2020 жылдың сәуір айында сыйымдылығы кемінде 1000 бас бордақылау алаңдары үшін бұқашықтарды бордақылау шығындарын арзандатуға бағытталған субсидиялау түрін алып тастауды жоспарлауда.

Бұдан басқа, ішкі нарықтың молығуына байланысты сыйақы мөлшерлемесін арзандатуды қолдау шараларын сақтай отырып, жұмыртқа бағытындағы құс фабрикаларының өндірістік қуаттарын кеңейтуге инвестициялық шығындарды өтеу арқылы жұмыртқа өндірісін субсидиялауды алып тастау ұсынылады.

Бұл ретте, құс еті өндірісінің құнын арзандату бағыты бойынша нақты өндірістің талабы 500 тоннаға дейін төмендетіледі және сатылған немесе қайта өңделген килограмм үшін 60 теңге мөлшерінде бірыңғай норматив көзделген.

АӨК субъектісі инвестициялық салынымдар кезінде жұмсаған шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға қатысты

Қазіргі уақытта Министрлік инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялау қағидаларына өзгерістер енгізуде. Атап айтқанда, «бір жолғы 20 000 бастан бастап ұсақ мал бордақылайтын нысандарды құру және кеңейту, бір жолғы 1000 бастан бастап ұсақ малдан бастап сервистік-дайындау алаңдарын құру» жобасының паспортында бір жолғы ұстаудың қуаты 20 000 бастан 5000 басқа дейін төмендетілетін болады.

«Қуаты жылына 20 мың тоннадан асатын құс етін өндіруге арналған объектілерді құру және кеңейту» жобасының паспортында кезеңдік іске асыру кезінде бастапқы қуаты жылына 2 мың тоннадан асатын құс етін өндіруге арналған объектілерді құруға және кеңейтуге арналған жобалар субсидияланады.

Сондай-ақ, «өндірістік қуаты тәулігіне 50 тоннадан басталатын сүт өңдеу объектісін құру және кеңейту» жобасының паспортында сүт өңдеу объектісінің өндірістік қуатын 50 тоннадан 1 тоннаға дейін төмендету жоспарлануда.

Қуаты 5 000 тонна астық сақтау қоймаларын және қуаты 1 000 тонна көкөніс сақтау қоймаларын салуға қатысты

Астық сақтау қоймаларының құрылысын инвестициялық субсидиялау бағыттарының тізбесіне енгізу кезінде астықты қабылдауды, өңдеуді, тазартуды, кептіруді, сақтауды, ішкі орнын ауыстыруды және тиеп жөнелтуді қамтамасыз ететін астық сақтау объектілерін субсидиялау мақсаты қойылады.

Яғни, астық қоймасы – бұл кондициялық емес астықты (мысалы, ылғалдылығы жоғары, арамшөп қоспасы және т.б.) қабылдауды, оны өңдеуді, қажет болған жағдайда кептіруді, сондай-ақ дайын кондициялық астықты сақтауға арналған жай ғана қоймалық үй-жай емес, оны сапалы сақтауды және одан әрі тиеп жөнелтуді қамтамасыз ету мақсатында ішкі ауыстыруды жүзеге асыратын мамандандырылған кешен.

Осыған ұқсас, көкөніс сақтау қоймаларының құрылысын инвестициялық субсидиялау бағыттарының тізбесіне енгізу кезінде сақтауға салынған өнімнің сапалы сақталуын қамтамасыз ететін салқын (қажет болған жағдайда) және желдеткіш жабдығы, қойма техникасы бар көкөністерді сақтау жөніндегі объектілерді субсидиялау мақсаты қойылады.

Өз кезегінде көкөніс қоймасы – бұл тек дайын кондициялық тауарды сақтауға арналған қоймалық үй-жай ғана емес, ал кондициялық емес өнімді қабылдауды, оны өңдеуді, желдетуді, сондай-ақ оның сапалы сақталуын қамтамасыз ету мақсатында ішкі ауыстыруды және оны одан әрі тиеуді жүзеге асыратын мамандандырылған кешен.

Бұл ретте мұндай кешендерді күтіп ұстау және жұмысқа қабілетті күйде ұстау қомақты шығындарды талап етеді және тиісінше осыған ұқсас экономикалық қуаты аз объектілерді салу тиімді емес.

Жылыжай кешендерінде тиісті жабдықтың болуына қатысты

Инвестициялық субсидиялау бағдарламасының «жылыжай кешенін салу және кеңейту» жобасының паспортына (бұдан әрі – жоба паспорты) сәйкес жылыжай кешені мыналарды қамтиды: жылу энергиясының автономды көздері (қажет болған жағдайда), термоаккумулятор, жылыту жүйесі және климаттық бақылау жүйесі, ауаны автоматты түрде жете ылғалдандыру, жарықтандыру, көмірқышқыл газын өндіру, сору жүйесі, жасанды субстратта жерсіз өсіру технологиясы, дақылдарды аз көлемде өсірудің автоматты жүйесі (тамшылатып суару, қоректік ерітінділерді дайындау тораптары, су дайындау).

Яғни, инвестициялық субсидиялау бағдарламасы шеңберінде маусымаралық кезеңде өнімді үздіксіз жеткізуге қабілетті күрделі (инновациялық, жоғары технологиялық) объектілерді субсидиялау көзделеді, бұл ретте шығыны аз жеңілдетілген пленкалы жылыжайларды субсидиялаумен қамту міндеті қойылмайды.

Осылайша, мемлекеттің қатысуы өзін-өзі ақтау мерзімін қысқарту және тиісінше олардың толық қуатқа тез арада шығуы мақсатында осындай шығыны көп объектілерді (бұл жағдайда өнеркәсіптік көлемде өнім өндіретін жылыжай) құру кезінде қолдау көрсету және ішкі нарықтың көкөністермен ерте қанықтыру болып табылады. Бұл ретте, мемлекеттік бюджеттің шектеулі болуы жағдайында шығыны аз және тез өтелетін жобаларға (бұл жағдайда оңайлатылған пленкалы жылыжайлар) қаражат «шашу» орынсыз.

Жеңілдікті кредиттік бағдарламаларға қатысты

2019 жылы шағын және орта шаруа және фермер қожалықтары шамамен 25 мың жеңілдікті кредит алды, бұл ретте қарыздың орташа мөлшері орта есеппен 17-18 млн. теңгені құрады.

Осының барлығы «ҚазАгро «ҰБХ» АҚ (бұдан әрі - Холдинг) еншілес компанияларын қаржылай қолдау шараларын негізгі алушылар шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері болып табылатынын куәландырады.

Ірі инвестициялық жобаларды қаржыландыру мәселесіне қатысты, «Аграрлық кредит корпорациясы» АҚ-ның ішкі нормативтік құжаттарына сәйкес «Іскер» және «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламаларын қоспағанда, сыйымдылығы 1000 бастан кем бордақылау алаңдарын бір мезгілде ұстауға кредит беруге жол берілмейтінін атап өтеміз.

Осылайша, жоғарыда аталған талап шетелдік сатып алушылардың талаптарын қанағаттандыратын ірі экспорттық ет партияларын қалыптастыру мүмкіндігін қоса алғанда, бордақылау алаңдарының тиімді жұмыс істеуі және қарыз алушыға кредиттік жүктемені төмендетуге ықпал ететін субсидиялар алу мақсатында қабылданды.

Сонымен қатар, 2019 жылғы 3 желтоқсанда Қазақстан Республикасы Үкіметінің отырысында субсидиялардың тиімділігіне жүргізілген талдау, сондай-ақ азық-түлік тауарларының импортын алмастыру жөніндегі іс-шараларды ескере отырып, мемлекеттік қолдау бойынша жаңа тәсілдер мақұлданды.

Мәселен, жаңа тәсілдер шеңберінде өзін-өзі қамтамасыз ету деңгейі бар тауарлық-ерекше субсидияларды (өнім бірлігі үшін) алып тастау жоспарлануда.

Бұл ретте, Қазақстан Республикасының агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында 2020 жылдан бастап мал шаруашылығындағы тауарлық-ерекше субсидияларды қысқарту көзделген. Осыған байланысты тиімсіз субсидияларды нәтижеге бағдарланған субсидиялармен ауыстырып, мемлекеттік қолдау шараларын белгілеу ұсынылады.

Тұтастай алғанда, мемлекеттік саясат шағын, орта және ірі бизнес өкілдері үшін субсидия алуға тең қол жеткізуді қамтамасыз етуге бағытталған.

Қазіргі уақытта субсидиялау процесі автоматтандырылған және субсидия алуға өтінім беру Qoldau.kz веб-порталы арқылы электрондық түрде жүзеге асырылады. Субсидияларды төлеу не төлемеу туралы шешімді адами фактордың ықпалынсыз ақпараттық жүйе қабылдайды, мұның өзі процеске қатысушылардың өзара іс-қимыл жасауын жоққа шығаратындықтан, субсидияларды төлеу кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға мүмкіндік береді.

Статистикаға сүйенсек, 2019 жылдың қорытындысы бойынша субсидия алушылардың саны 107 мыңды құрады, оның ішінде алушылардың 60-70%-ы шағын және орта фермер қожалықтары. Осылайша, өтінім беру тәртібі барлық фермерлер үшін бірдей. Бұл ретте, қазіргі уақытта АӨК субъектілерін мемлекеттік қолдау тәсілдерін, оның ішінде оларға қойылатын талаптарды қайта қарау бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Бұдан басқа, жаңа тәсілдерге сәйкес инвестициялық субсидиялар машина-трактор паркін жаңартуды ынталандырады, жаңа сүт-тауар фермаларын, ет бағытындағы құс фабрикаларын, бақтарды, жылыжайларды, жемістер мен көкөністерді және т. б. сақтау инфрақұрылымын жаңғыртуға және құруға жәрдемдесетін болады.

Осылайша, инвестициялық субсидиялар паспорттарының тізбесі импорт алмастыруға және АӨК экспорттық әлеуетін іске асыруға баса назар аудара отырып қайта қаралатын болады.

Жалпы, субсидиялау қағидаларына өзгерістер импорт алмастыруды ескере отырып, мемлекеттік қолдау шараларын жетілдіруге бағытталған және ішкі нарық толыққанға дейін орта мерзімді перспективада іске асырылуы мүмкін.


Сейсенбі, 10 Наурыз 2020, 14:13:50

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты А. Платоновтың 2020 жылғы 12 ақпандағы № ДЗ-45 халықтың газ жабдығын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жүйелі шаралар қабылдауға қатысты депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Құрметті Артур Станиславович!

Сіздің халықтың газ жабдығын қауіпсіз пайдалану мәселелері бойынша жүйелі шаралар қабылдауға қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймын.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үйкоммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2019 жылғы 26 желтоқсандағы Заңына (бұдан әрі – Заң) сәйкес тұрғын үй қатынастары саласындағы уәкілетті мемлекеттік органның және жергілікті атқарушы органдардың құзыреті кеңейтілді және оларға: 

  • жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларының елді мекендер шекаралары шегінде тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау салаларындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бақылау субъектілеріне қатысты мемлекеттік бақылау, сондай-ақ елді мекендер шекаралары шегінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қадағалау субъектілеріне қатысты қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуына мемлекеттік қадағалауды жүзеге асыруы; 
  • елді мекендердің шекаралары шегінде тұрғын үй қорын басқару, газ және газбен жабдықтау салаларындағы, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде қауіпті техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының сақталуы бойынша тексеру парақтарын және тәуекел дәрежесін бағалау өлшемшарттарын әзірлеу және бекіту жөніндегі функциялар беру бойынша нормалар көзделген. 

Сондай-ақ, осы Заңда жергілікті атқарушы органдардың тұрғын үй инспекцияларының лауазымды тұлғаларына мемлекеттік инспектор мәртебесі берілген. 

Қазіргі уақытта қабылданған нормаларды орындау үшін қабылдау мерзімі ағымдағы жылғы наурызда болатын заңға тәуелді актілер әзірленуде, бұл тұрғын үй инспекцияларына әлеуметтік инфрақұрылым объектілерінде бақылау мен қадағалауды жүргізуге мүмкіндік береді. 

Штаттық бірліктермен қамтамасыз ету мәселесі «Жергiлiктi атқарушы органдардың штат санының лимиттерiн бекiтудiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2004 жылғы 15 желтоқсандағы №1324 қаулысына сәйкес пысықталатын болады, оған сәйкес жергілікті атқарушы органдар тұрғын үй инспекциясының құрылымы мен шекті штат санын олардың штат саны лимитінің шегінде белгілейді.


Жұма, 06 Наурыз 2020, 10:22:34

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ю. Тимощенко, В. Божко, С. Абдрахманов, Н. Жұмаділдаева, Р. Ким, Н. Микаелян, А. Мурадов Ш. Нұрымов, Ш. Хахазовтың «Қоғамдық келісім» КММ мамандарының еңбекақысын арттыруға қатысты 2020 жылғы 5 ақпандағы № ДЗ-29 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

«Қоғамдық келісім» КММ мамандарының еңбекақысын арттыруға қатысты Сіздердің сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз.

Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесіне (бұдан әрі – Қаулы) сәйкес «В» блогының азаматтық қызметшілері «Білім беру», «Денсаулық сақтау» және «Өзге де салалар» салаларына бөлінген.

«Қоғамдық келісім» КММ мамандары мәдениет саласы мамандары сияқты бір блокқа – «Өзге де салалар» «В» блогына жатқызылған. Өз кезегінде, «Өзге де салалар» «В» блогы буындар және қызметкерлердің жоғары, бірінші, екінші санаттарын ескере отырып сатылар бойынша бөлінген.

Осылайша «Өзге де салалар» «В» блогына жатқызылған қызметкерлердің лауазымдық айлықақысын анықтау қағидаты «Қоғамдық келісім» КММ мамандары үшін де, мәдениет саласы қызметкерлері үшін де бірыңғай болып табылады.

Осыған орай Қаулыға сіздер ұсынып отырған өзгеріс талап етілмейді.

Бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы кейінгі жылдары бірнеше рет ұлғайтылғанын атап өткен жөн.

Мәселен, 2019 жылдың өзінде ол екі есеге ұлғайды:

  • 2019 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2018 жылғы 5 қазандағы «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында айтқан тапсырмасы бойынша ең төменгі жалақы мөлшері 1,5 есеге немесе 42,5 мың теңгеге дейін арттырылды, тиісінше азаматтық қызметшілердің де жалақысы ұлғайды^ 
  • 2019 жылғы 1 маусымнан бастап Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының 2019 жылғы 27 ақпанда «Нұр Отан» партиясының «Азаматтық қызметшілерге, мемлекеттік бюджет қаражаты есебінен ұсталатын ұйымдардың қызметкерлеріне, қазыналық кәсіпорындардың қызметкерлеріне еңбекақы төлеу жүйесі туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2015 жылғы 31 желтоқсандағы № 1193 қаулысы кезекті XVIII съезінде берген тапсырмасына және Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес азаматтық қызметшілердің жалақысы орта есеппен 30%-ға дейін арттырылды.

Одан басқа, Қаулының 6-тармағына сәйкес ұйымдардың басшыларына ұйымның қаражатты үнемдеу есебінен қызметкерлердің лауазымдық айлықақыларына ынталандыру үстемеақыларын белгілеу, сыйлықақы беру және материалдық көмек көрсету құқығы берілген (кредиторлық берешегі болмаған кезде).

Осыған байланысты бюджеттік саладағы қызметкерлердің еңбекақысын арттыру елдің экономикалық даму қарқынына және республикалық бюджеттің мүмкіндіктеріне қарай кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Мемлекеттік және азаматтық қызметшілерге еңбекақы төлеу мәселелері Қазақстан Республикасы Үкіметінің тұрақты бақылауында.

 


Бейсенбі, 05 Наурыз 2020, 16:55:47

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары М. Айсина, З. Аманжолова, И. Аронова, М. Ерманның Ұлттық ақпараттық кеңістіктің үйлесімді дамуын қамтамасыз ету шаралары кешенін іске асыруға қатысты 2020 жылғы 5 ақпандағы №ДЗ-28 депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті депутаттар!

Ұлттық ақпараттық кеңістіктің үйлесімді дамуын қамтамасыз ету және ақпараттық ортада балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі шаралар кешенін іске асыру жөніндегі сіздің сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз.

Бүгінгі күні елімізде ақпараттық саладағы заңнаманы дамытуға, интернет желісі мониторингінің тиімділігін арттыруға, сондай-ақ қазіргі заманғы ақпараттық технологияларды қауіпсіз пайдалану мәселелерінде ата-аналар мен балалардың ақпараттық сауаттылығын арттыруға бағытталған шаралар қабылдануда.

2018 жылғы шілдеден бастап «Балаларды денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) қолдануда, ол қоғамның, ең алдымен, ата-аналардың, педагогтердің, психологтардың, балалық шақ, тәрбиелеу және әлеуметтендіру саласындағы басқа да мамандардың Қазақстанда балалардың ақпараттық қауіпсіздігін заңнамалық қамтамасыз етуге аса әлеуметтік қажеттілігіне жауап болды.

Заңды қабылдау жастардың ақпараттық қауіпсіздігі проблемасын қайта пайымдауға және медиа-саланың балаларды тәрбиелеуге кері әсерінің алдын алу жөніндегі жұмысты жандандыруға, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар әкелетін әлеуметтік тәуекелдерді азайтуға мүмкіндік берді.

Білім беру ұйымдары мен байланыс операторлары үшін тек «іріктелген», қауіпсіз интернет қызметтерін ұсыну жөніндегі талаптарды заңнамалық бекіту жолымен балаларды олардың денсаулығы мен дамуына зиян келтіретін ақпараттан қорғауға бағытталған нормалар енгізілді. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексте білім беру ұйымдарының аталған талапты сақтамағаны үшін жауапкершілігі көзделген (ҚР ӘҚБтК 156-1 бабы).

Мәселен, тиісті мемлекеттік органдар 2019 жылы интернет-кеңістікте бала құқықтарының бұзылуына байланысты 6,4 мыңнан астам жағдайды анықтады.

Анықтама. Порнографияны тарату - 3779; есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтары мен прекурсорларын насихаттау - 1851; жасына қарай таңбалау бөлігінде заң нормаларын бұзу – 506; суицидті насихаттау - 133; қатыгездік пен зорлық - зомбылықты насихаттау - 125; баланың денсаулығына, адамгершілік және рухани дамуына зиян келтіретін ақпаратты орналастыру – 43; кәмелетке толмағанның жеке басын анықтауға мүмкіндік беретін ақпаратты, дербес немесе биометриялық деректерді тарату-19.

Хабарлама жұмысының нәтижелері бойынша интернет-ресурстар әкімшіліктері бала құқықтарының бұзылуына байланысты 1,5 мыңнан астам материалды алып тастады («В Контакте» - 1491, «Instagram» - 17 «Facebook» - 4).

Әлеуметтік желіде немесе интернет-ресурста құқыққа қарсы контентті тарататын топты тапқан интернет желісін пайдаланушыларға күмәнді болып табылатын қандай да бір материалға шағым беру мүмкіндігі жасалған.

Келіп түскен барлық шағымдар бойынша жедел түрде орналастырылған материалдар құқықтық бағаланады және материалды оқшаулау немесе жою бойынша шаралар қабылданады.

Осы бағыттағы жұмыс жалғасуда және Үкіметтің тұрақты бақылауында. Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізіліп жатқан жұмыс туралы депутаттық корпусты хабардар ету тапсырылды.

Қосымша


Сәрсенбі, 04 Наурыз 2020, 17:07:41

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Б. Смағұлдың Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп қайта атауға қатысты 2020 жылғы 12 ақпандағы №ДС-39 депутаттық сауалына жауап

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Құрметті Бақытбек Смағұлұлы!

Солтүстік Қазақстан облысы М. Жұмабаев ауданында орналасқан «Қарақоға» шекара заставасының атауын «Батыр Баян атындағы шекара заставасы» деп қайта атау туралы депутаттық сауалыңыз тиісті мемлекеттік органдармен жан-жақты пысықталып, мынаны хабарлаймыз.

Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік комитеті, ономастика саласындағы уәкілетті мемлекеттік орган мен Солтүстік Қазақстан облысының әкімдігі Сіздің ұсынысыңызды қолдайтынын білдірді.

Осы ұсынысты жүзеге асыру мақсатында, алдағы уақытта тиісті құжаттар әзірленіп, Қазақстан Республикасының Президенті Әкімшілігіне және Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанындағы Республикалық ономастика комиссиясының қарауына ұсынылатын болады.

Аталған мәселе бойынша оң қорытынды алынған жағдайда, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тиісті шешімі қабылданатын болады.

Сонымен қатар, ел тарихында өзіндік орны бар тарихи тұлғаларымыздың бірі Батыр Баянның есімін мәңгі есте қалдыру мақсатында, республика бойынша бірқатар шаралар жүзеге асырылған. Мәселен, Ақмола, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан облыстарында, Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында батырымыздың есімі берілген көшелердің бар екенін қосымша атап өтеміз.


Дүйсенбі, 20 Қаңтар 2020, 18:03:43

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары — «Ақжол» фракциясының депутаттары А. Перуашевтің, Е. Барлыбаевтың, Е. Никитинскаяның, К. Абсатировтың, Б. Дүйсенбиновтың, Д. Еспаеваның, М. Қазбекованың, сондай-ақ «Nur Otan» фракциясының депутаттары Н. Сабильяновтың, А. Құрманованың, С. Ахметовтың, Ж. Омарбекованың Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге қатысты 2019 жылғы 18 желтоқсандағы № ДС-200 депутаттық сауалына жауап. 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруге қатысты сауалдарыңызға мынаны хабарлаймын. 

1997 жылы Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылымын жетілдіру мақсатында Қазақстан Республикасы Президентінің 1997 жылғы 23 мамырдағы № 3528 Жарлығына сәйкес Семей облысы Шығыс Қазақстан облысының аумағына қосылған болатын. 

Семей қаласының аумағы 27,8 мың ш.м құрайды (2 кенттік және 32 ауылдық елді мекен бар). 2019 жылғы 1 қарашада халық саны 349,9 мың адам болды.

Шекара Аумағы бұрынғыдай ал орталығы Семей қаласында болатын жаңа әкімшілік-аумақтық бірлік құру және республикалық маңызы бар қала мәртебесін беру елеулі бюджет шығындарына алып келеді, соның ішінде: 

  • қала әкімінің, қалалық мәслихат аппараттарын, қала басқармаларын, сондай-ақ орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерін құруды және ұстауды; 
  • құрылатын мемлекеттік органдарды жабдықтауды (әкімшілік ғимараттарды салу және жалға алу, жиһаз, қызметтік көлік, компьютерлік, кеңсе техникасын және басқаларды сатып алу) қажет етеді. 

Бұған қоса мемлекеттік ұйымдардың, мекемелердің және кәсіпорындардың филиалдарын құру қажет болады. 

Қаражатты әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, шағын және орта бизнесті қолдауға, елді мекендерді абаттандыруға, жаңа жұмыс орындарын құруға жұмсау неғұрлым тиімді болмақ, бұл қаланың дамуына жаңа түрткі болады. 

Мәселен, бүгінгі күні Семей қаласының және оның әкімшілік аумағының әлеуметтік-экономикалық дамуына, халықтың өмір сүру сапасын арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. 

Семей қаласының бюджеті ағымдағы жылы 2018 жылмен салыстырғанда 48%, 2014 жылмен салыстырғанда 2,8 есе өсіп, 66,4 млрд теңгені құрады.

Қаржыландыру көлемінің айтарлықтай ұлғайтылуы қаланың әлеуметтік саласын, сондай-ақ инфрақұрылымын дамытудағы негізгі мәселелерін шешуге мүмкіндік берді. 

Жолдардың жай-күйін жақсартуға үлкен көңіл бөлінген. Соңғы екі жылда 58 км автомобиль жолына жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазақстанның Даму банкімен бірлесіп, «Семей қаласының қоғамдық көлігін жаңарту» жобасы бойынша 170 жаңа автобус сатып алынды. 

Қаланы және оның бюджеттің 4-деңгейіне өткен 6 ауылдық округін абаттандыруға 2019 жылы шамамен 1,7 млрд теңге бөлінді. 

Су құбыры желілері бар «Затон» су тоғанын реконструкциялау аяқталып, Тихомировская тармағы маңайында Ертіс өзен арқылы өтетін кәріз дюкерін, Степной кенті су құбырын және Мұқыр ауылында су құбыры желілерін қайта құру жұмыстары басталды. 

Семей қаласында көпфункционалды мәдени-спорт кешенінің құрылысы аяқталды. 

Еуропа Қайта құру және Даму Банкімен қаланың сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін, қаланың көшелерін жарықтандыруды жаңғырту бойынша 3 жобаға кредиттік шарт жасалып, іске асырылуы басталды. 

Тұрғын үй құрылысы шеңберінде 2019 жылы 12 көпқабатты тұрғын үй пайдалануға берілді, бұл 695 отбасын баспанамен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 

Бұдан басқа Қазақстан Республикасының Президенті Қ.К. Тоқаевтың Шығыс Қазақстан облысына іссапарының қорытындылары бойынша берілген тапсырмасына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 8 қаңтардағы № 742 қаулысымен Шығыс Қазақстан облысының Семей қаласын әлеуметтік-экономикалық дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. 

Бес жылдық жоспарда тұрғын үй құрылысын дамытуға, сумен және жылумен жабдықтау жүйелерін, автомобиль жолдарын, қоғамдық көлікті, әлеуметтік объектілерді (мектептер, балабақшалар, ауруханалар, спорттық модульдер және т.б.) жаңғыртуға 260,2 млрд. теңге сомаға 56 іс-шараны іске асыру көзделген. 

Сонымен қатар Елбасының тапсырмасын орындау мақсатында облыстық мәслихат сессиясының 2019 жылғы 5 қарашадағы № 34/385-VI шешімі негізінде Семей қаласының 2050 жылға дейінгі даму стратегиясы (бұдан әрі – Стратегия) бекітілді. 

Стратегия орта мерзімді кезеңге жоспарлауды, қала аумағын дамыту бағдарламаларын, әлеуметтік-экономикалық даму болжамдарын, кешенді даму жоспарларын, бас жоспарын, сондай-ақ қала аумағын жинақы салу жоспарларын қалыптастыру үшін негіз болып табылады. 

Стратегия екі кезеңнен тұрады: 

  1. Соңғы 10 жылда қаланың дамуын, күшті және әлсіз жақтарын, қала дамуының мүмкіндіктері мен әлеуетті қауіптерін анықтай отырып, талдау. 

  2. 2050 жылға дейін қаланың дамуын жоспарлау. Осы мақсатта 5 бағытты іске асыру қарастырылған: қаланың креативті экономикасы; адам капиталын дамыту; қоршаған ортаны қорғау, төтенше жағдайлардың алдын алу және туындауынан қорғау; Smartcity/цифрландыру және қалалық жоспарлау. Стратегияда қойылған мақсаттарға қол жеткізуді сипаттайтын 28 мақсатты индикатор әзірленді. 

Бүгінгі таңда Үкімет пен Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі қабылдаған шаралар семейліктердің өмір сүру сапасын айтарлықтай жақсартуға және оның одан әрі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен өзін-өзі қамтамасыз етуі үшін жағдай жасауға мүмкіндік береді. 

Сонымен бірге Қазақстан Республикасы Президентінің тапсырмасына сәйкес Үкімет Семей қаласына ерекше тарихи орталық мәртебесін беру мәселесін пысықтайтын болады. 

Жоғарыда айтылғандардың негізінде бүгінгі күні Семей қаласына республикалық маңызы бар қала мәртебесін беруді мезгілсіз деп санаймыз. 

 


Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2020, 10:27:08

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары К. Мұсырман, Б. Мамраев, Б. Жылқышиевтің мемлекеттік басқарудың жекелеген мәселелерін жетілдіру туралы 2019 жылғы 4 желтоқсандағы депутаттық сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Мемлекеттік басқарудың жекелеген мәселелерін жетілдіру туралы депутаттық сауал қаралды.

«Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді насихаттау» 017 бюджеттік бағдарламасының әкімшісі ретінде Ақпарат және қоғамдық даму министрлігін айқындау бойынша «2019-2021 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заңда жоғарыда көрсетілген бюджеттік бағдарламаның атауы «Ішкі саяси тұрақтылықты қамтамасыз ету және қазақстандық патриотизмді нығайту» деп көзделген.

Осы бағдарлама шеңберінде бөлінетін қаражат негізінен:

- БАҚ-та жыл патриоттары және олардың жетістіктері туралы материалдарды жариялауға жұмсалады. Бұл азаматтардың рухани бірлігін қалыптастыруға және топтастыруға ықпал етеді.

- мемлекеттік рәміздерді танымал етуге және оларға құрметпен қарауға.

- Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық комиссияның отырыстарын өткізуге, Қазақстан патриоттарының республикалық форумын ұйымдастыруға және өткізуге, сондай-ақ мемлекеттік рәміздерді насихаттау жөніндегі имидждік материалдарды шығаруға жұмсалады.

Аталған іс-шаралар қазақстандық патриотизм мен ұлт бірлігін нығайтуға, еліміздің құндылықтары мен жетістіктерін насихаттауға, мемлекеттік рәміздерді қолдану және насихаттау бойынша жұмыстар туралы халықтың хабардар болудеңгейін арттыруға бағытталған.

Осыған байланысты, бюджеттік бағдарламаны Мәдениет және спорт министрлігінде сақтау орынды деп пайымдаймыз.

Ойын бизнесі және лотерея қызметі жөніндегі функцияларды Ұлттық экономика министрлігіне беру мәселесі бойынша «Лотереялар және лотерея қызметі туралы» және «Ойын бизнесі туралы» Заңдарға сәйкес бұл бизнестің екі түрі кәсіпкерлік қызметке жатады.

Өз кезегінде Ұлттық экономика министрлігі (бұдан әрі – ҰЭМ):

- кәсіпкерлікті дамыту саласындағы саясатты қалыптастырады;

- жеке кәсіпкерлік субъектілерінің қызметін мемлекеттік бақылау және қадағалау саласындағы мемлекеттік органдардың қызметін ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асырады;

- бизнеске мемлекеттік қолдау шараларын ұсынуды үйлестіреді.

Осылайша, ҰЭМ-ге аталған функцияны беру мүдделер қақтығысына әкеп соқтыруы мүмкін.

Министрліктердің аумақтық бөлімшелерінің, облыстық басқармалардың функциялары мен құзыреттеріне талдау жүргізу, сондай-ақ аудандық әкімдіктер мен ауылдық округтердің штат санын қысқарту бойынша 

Қазіргі уақытта ҰЭМ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, жергілікті атқарушы органдардың оңтайлы базалық құрылымын қалыптастыру жөнінде жұмыс жүргізуде.

Аталған жұмыстың мақсаты:

- облыстық басқармалар арасында;

- орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелері мен облыстық басқармалары арасында;

- облыстық басқармалар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында қайталанатын функцияларды анықтау және жою.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарының 5-тармағын іске асыру шеңберінде мемлекеттік қызметшілердің штат санын 25%-ке кезең-кезеңімен қысқарту бойынша тәсілдер әзірленуде.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің мәліметтері бойынша, 2019 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша мемлекеттік аппараттың штат саны 96 991 бірлікті құрайды, оның ішінде орталық басқару органдарында – 50 614 бірлік, жергілікті басқару органдарында – 46 377 бірлік. Шамамен 9 мың бірлік бос орын сақталуда. Сонымен қатар, жергілікті деңгейде ауылдық округтердің аппараттарын оңтайландыру қатарынан алып тастау ұсынылады. Олардың саны орта есеппен 5-7 бірлікті құрайды және көбінесе бір қызметкерге бірқатар мамандықтарды орындау жүктелген. Бюджеттің төртінші деңгейін енгізу жағдайында мұндай оңтайландыру олардың жұмыс сапасына әсер етеді. Бұдан басқа, жергілікті деңгейде штаттық санындағы сәйкессіздік сақталады. Сараланған тәсілді қолдану жергілікті атқарушы органдардың штат санын қысқартудағы сәйкессіздікке әкеп соқтыруы мүмкін. Мемлекеттік қызметшілерді қысқарту жөніндегі міндетті Мемлекеттік қызмет істері агенттігіне бекіту туралы

«Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық заңның 14-бабының 2) тармақшасына сәйкес Үкімет министрлердiң ұсынуы бойынша министрлiктер туралы ережелердi, олардың аумақтық органдарындағы және өздеріне ведомстволық бағынысты мемлекеттік мекемелердегі адам санын ескере отырып, солардың штат санының лимиттерiн бекiтедi. «Әкімшілік рәсімдер туралы» Заңның 1-бабының 2-21-тармағына сәйкес штат санын қысқарту – оңтайландырудың бір шарасы, яғни орталық және (немесе) жергілікті атқарушы органдардың штат санын қысқартуға, шығыстарын қысқартуға және (немесе) қайта бөлуге бағытталған, оның ішінде функцияларын бәсекелес ортаға беруге байланысты шаралар кешені. Бұл ретте, мемлекеттік органның міндеттері деп оның қызметінің негізгі бағыттары түсініледі. Сонымен қатар, Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметінің негізгі бағыты – қаралып отырған салада саясатты қалыптастыру. Өз кезегінде, штат санының лимиттерін бекіту, функцияларды бәсекелі ортаға бере отырып, шығыстарды қайта бөлу туралы Үкіметтің тиісті актісін дайындау ҰЭМ-ге жүктелген. Осыған байланысты Мемлекет басшысының тапсырмасын орындауды ҰЭМ-де сақтау орынды деп санаймыз.

Жалпы, берілген ұсыныстар жүргізіліп жатқан жұмыс шеңберінде қаралатын болады.


Сәрсенбі, 15 Қаңтар 2020, 10:15:30

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары – «Ақ жол» ҚДП фракциясының мүшелері Б. Дүйсенбинов, А. Перуашев, Е. Никитинская, К. Абсатиров, Д. Еспаева, Е. Барлыбаев, М. Қазбекованың 2019 жылғы 13 желтоқсандағы шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты депутаттық сауалдарына жауап 

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Шетелдік жұмыс күшін тартуға қатысты сіздердің депутаттық сауалдарыңызды қарап, келесіні хабарлаймыз.

Шетелдік жұмыс күшін тарту бойынша мемлекеттік органдардың ресми есептерінде еңбекші көшіп-қонушылардың есебін жүргізу бойынша

Халықтың көші-қоны саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеттерінің бірі шетелдік жұмыс күшін тартуға квота белгілеу арқылы ішкі еңбек нарығын қорғау және экономика қажеттілігін білікті шетел мамандарымен қамтамасыз ету болып табылады.

Ішкі еңбек нарығын қорғау бойынша шаралар шеңберінде шетелдік жұмыс күшін тартатын 2100 кәсіпорында кадрлардағы жергілікті қамту 96% деңгейінде қамтамасыз етілді.

2017 жылдан бастап рұқсат беру және ұзарту үшін салық алымы енгізілді, ол санатына қарай 137-ден 250 АЕК-ке дейін белгіленеді (санаты мен біліктілігі неғұрлым төмен болса, салық алымы соғұрлым жоғары болады).

2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша жергілікті атқарушы органдар жұмыс берушілерге 23520 рұқсат берді, олар 7.5 млрд. теңге мөлшерінде салық алымын төледі (2017 және 2018 жылдардың қорытындысы бойынша жұмыс берушілер салық алымдарын тиісінше 9,1 және 8,5 млрд. теңгеге енгізді).

Қазіргі уақытта ішкі еңбек нарығын қорғауды күшейту мақсатында 2020 жылға шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квота 40%-ға төмендеді және 29,3 мың бірлік мөлшерінде бекітілді.

Сонымен қатар, қазақстандық азаматтар меңгерген кәсіптер мен мамандықтар бойынша шетелдік жұмыс күшін тарту тәртібін қатаңдату бойынша шаралар қарастырылуда, оның ішінде:

- шетелдік жұмыс күшін тартуға арналған квотаны қалыптастыру кезінде комиссияның жұмысын күшейту;

- шағын кәсіпкерлік субъектілерінің кадрлардағы жергілікті қамту бойынша шарттарды орындауы (қазақстандық азаматтардың саны 1, 2-санаттар бойынша 70%-дан, ал 3 және 4-санаттар бойынша 90%-дан кем болмауға тиіс);

- жергілікті кадрлар және т.б. есебінен жұмыс күшіне қажеттілікті қанағаттандыру мүмкін болған кезінде 4-санат бойынша рұқсат беруден бас тарту үшін негіздерді кеңейту көзделген.

Жоғарыда көрсетілген шараларды қабылдау ішкі еңбек нарығын қосымша қорғауға және жергілікті атқарушы органдарға қазақстандық азаматтарды жұмысқа орналастыруға мүмкіндік береді.

Жеке секторда жұмыс істейтін заңсыз еңбек иммигранттарын көлеңкелік сектордан шығару мақсатында 2013 жылғы желтоқсанда, жұмыс беруші жеке тұлғаларда үй шаруашылығында жұмыс істейтін (қызмет көрсететін) еңбек иммигранттарына рұқсаттар беру бойынша режим енгізілген. Рұқсатты ішкі істер органдары береді.

Осы тетікті енгізу Қазақстан аумағында заңсыз мигранттардың еңбек қызметін реттеуге және мемлекеттік бюджетті толықтыруға мүмкіндік берді.

Еңбекші иммигрантқа оның Қазақстан Республикасының аумағында болуының заңдылығын, сондай-ақ рұқсат алуға арналған өтініште көрсетілген кезеңге екі айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде жеке табыс салығы бойынша алдын ала төлемнің төленгенін растайтын құжаттар ұсынылған кезде рұқсат беріледі.

2019 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша ішкі істер органдары еңбекші иммигранттарға 502 253 рұқсат берді (оның ішінде: бірінші рет – 395 344, ұзартылған – 106 909), 6 млрд теңгеден астам қаражат мемлекеттік бюджетке түсті.

Барлығы 5 жыл ішінде бюджетке шамамен 18 млрд теңге түсті. Түскен қаражат өңірлердің әлеуметтік-экономикалық дамуына, оның ішінде жұмыссыз азаматтарды қайта даярлауға, біліктілігін арттыруға бағытталады.

Шетелдік еңбек мигранттарының Қазақстаннан шығарған қаражат көлемі туралы

Ұлттық Банктің бағалауы бойынша 2019 жылдың 1-жартыжылдығында Қазақстан Республикасының резидент жеке тұлғаларының Өзбекстан Республикасына аударымдары $60,0 млн Тәжікстан Республикасына – $7,4 млн, Өзбекстан Республикасынан ҚР-ның резидент жеке тұлғаларының пайдасына – $17,0 млн, Тәжікстан Республикасынан – $1 млн құрады.

Төлем балансының деректері бойынша бейрезидент жеке тұлғалардың пайдасына резидент жеке тұлғалардың шетелге ақша аударымдары басым түрде ТМД елдеріне және алыс шетелдің жекелеген елдеріне жіберіледі.

Еңбекақы төлеу қорына түсетін жүктемеге қатысты

Қазіргі уақытта Еңбекақы төлеу қорына (бұдан әрі – ЕТҚ) түсетін жүктеме номиналды мәнде 31%-ды құрайды.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы (бұдан әрі – ЭЫДҰ) елдерінде және Қазақстанда ЕТҚ-ға тиімді жүктеме бойынша жүргізілген салыстырмалы талдау Қазақстандағы тиімді мөлшерлеме (жүктеме) 25,5%-ды құрайтынын көрсетті, бұл ЭЫДҰ елдеріндегі жүктеменің орташа мәнінен 10%-ға төмен, ол 35,5%-ды құрайды.

Қазақстан Республикасы Президентінің 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Жолдауына сәйкес Үкіметке әлеуметтік және зейнетақы жүйелерінің тұрақтылығы арасындағы теңгерімді қамтамасыз ету, сондай-ақ бизнестің дамуын ынталандыруды сақтау үшін бизнестің әлеуметтік аударымдарын жинау көлемі мен тетіктері бойынша шоғырландырылған шешім әзірлеуге тапсырма берілді.

Осы мақсатта 2022 жылдан бастап әлеуметтік салықты, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жарналарды және жұмыс берушілердің міндетті зейнетақы жарналарын қамтитын біріккен әлеуметтік төлемді енгізу туралы ұсыныс қаралуда.

Жеке табыс салығын және міндетті зейнетақы жарналарын есептеуді және төлеуді өзгеріссіз қалдыру ұсынылады.

Жеке табыс салығын, міндетті зейнетақы жарналарын және біріккен әлеуметтік төлемді төлеу «Азаматтарға арналған үкімет» КЕАҚ-да бірыңғай төлем құжатымен жүргізілетін болады.

Осылайша, ұсынылып отырған біріккен әлеуметтік төлемді енгізу ЕТҚ-дан түсетін салық пен төлемдерді есептеуді едәуір жеңілдетеді, өйткені жарналарды есептеу кезінде қолданылатын әртүрлі шегерімдер алып тасталады.

Сауалда көтеріліп отырған мәселелер бойынша жұмыс жүргізілуде және Үкіметтің бақылауында.

 


Сейсенбі, 03 Желтоқсан 2019, 14:19:52

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Ф. Қаратаев, Қ. Сұлтанов, Н. Сабильянов, С. Ахметов, Н. Әлтаев, Н. Әлімжанов, Н. Әшімбетов, Е. Бектұрғанов, Б. Жылқышиев, Қ. Ержан, У. Қайназаров, М. Махамбетов, Ш. Өтемісов, Ә. Бектұрғанов, С. Қаныбеков, А. Қожахметов, Ж. Дүйсебаевтың 2019 жылғы 30 қазандағы мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

Сіздердің мемлекеттік тілді дамыту мәселесіне қатысты депутаттық сауалдарыңызды қарап, мынаны хабарлаймын. Өңірлерде тілдерді дамыту жӛніндегі дербес басқармаларды сақтау мәселесі бойынша Жергілікті атқарушы органдардың базалық құрылымы «Қазақстан Республикасының жергілікті мемлекеттік басқару базалық құрылымын бекіту туралы және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 маусымдағы № 608 қаулысымен бекітілген, ол облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдіктерінде тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың болуын көздейді. 

Жоғарыда көрсетілген қаулыға сәйкес облыстардың және республикалық маңызы бар қалалардың әкімдері өңірлердің әлеуметтік-экономикалық даму ерекшеліктерін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдардың құрылымын жылына 1 реттен көп емес өзгертуге құқығы бар.

Қазіргі уақытта тілдерді дамыту жөніндегі дербес басқармалар 9 облыста жұмыс істейді, қалғандарында тілдерді дамыту міндеттері Ішкі саясат (Ақмола және Қызылорда облыстары), Мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі (Маңғыстау және Павлодар облыстары, Шымкент қаласы), Тілдерді дамыту және архив ісі (Нұр-Сұлтан қаласы), Мәдениет (Түркістан облысы) басқармаларына, Тілдерді дамыту және латын графикасына көшу орталығына (Алматы қаласы) жүктелген.

Сіз көтеріп отырған тілдерді дамыту жөніндегі басқармалардың дербестігін сақтау мәселесі Ұлттық экономика министрлігі жергілікті атқарушы органдардың құрылымын талдау бойынша жүргізіп жатқан жұмыстың шеңберінде мұқият зерттеледі. Мемлекеттік тілдерді оқыту орталықтарының ӛңірлердегі қызметі мәселесі бойынша Республика аумағында 89 мемлекеттік тілдерді оқыту орталығы (бұдан әрі − орталықтар) жұмыс істейді. Республикалық деңгейде олардың қызметін Шайсұлтан Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ғылыми-практикалық орталығы үйлестіреді.

2011 − 2019 жылдар аралығында орталықтарда қазақ тілін 500 мыңға жуық адам оқыды. 2010 − 2016 жылдар аралығында Маңғыстау, Батыс Қазақстан, Атырау облыстарындағы және Алматы қаласындағы орталықтар жабылды.

Сонымен қатар қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру бойынша қабылданып жатқан шаралар шеңберінде аталған өңірлердің жергілікті атқарушы органдарына орталықтарды ашу мәселесін қарау тапсырылды.

Баяндалғанның негізінде Мәдениет және спорт, Ұлттық экономика министрліктеріне, мүдделі мемлекеттік органдарға көтерілген барлық мәселелерді қосымша пысықтап, жүргізілген жұмыстың қорытындылары туралы Үкімет пен депутаттық корпусты хабардар ету тапсырылды.


Бейсенбі, 07 Қараша 2019, 11:20:13

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Ә. Бектұрғановтың жоғары білім беруді кредиттік жан басына қаржыландыру контексінде білім беру грантының құрылымын қалыптастыру әдістемесін қайта қарау қажеттілігіне қатысты сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздің жоғары білім беруді кредиттік-жан  басына қаржыландыру контексінде білім беру грантының құрылымын қалыптастыру әдістемесін қайта қарау қажеттілігіне қатысты депутаттық сауалыңызды қарап, мынаны хабарлаймыз. 

«Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 62-бабына сәйкес мемлекеттік білім беру кәсіпорындарын, басқа да ұйымдық-құқықтық нысандардағы білім беру ұйымдарын қаржыландыру мемлекеттік білім беру тапсырысы негізінде жүзеге асырылады және оның көлемі жан басына шаққандағы нормативтік қаржыландыру бойынша айқындалады. 

Бұл ретте, білім беру қызметінің нормативі1 білім беру процесіне байланысты шығыстар (білім беру процесіне қатысатын қызметкерлердің еңбекақы қоры, оқу шығыстары) мен білім беру ортасына қажетті шығыстар (білім беру процесіне қатыспайтын қызметкерлердің еңбекақы қоры, ғимараттарды ұстау және қызмет көрсету шығыстары) енді. 

Сіздің грант құнынан білім беру ортасына шығындарды шегеру жөніндегі ұсыныстарыңызға қатысты, оны қабылдау коммерциялық емес акционерлік қоғам нысанындағы  жоғары оқу орындарының толық қаржыландырылмауына (білім беру ортасы шығыстарына қаражатты орналастыру мүмкіндігінің болмауынан), олардың материалдық-техникалық базасының нашарлауына, шығындардың болуына, грант құнының төмен мөлшеріне байланысты мемлекеттік білім беру тапсырысынан жеке меншік жоғары білім ұйымдарының бас тартуына әкеп соғуы мүмкін, бұл жастардың жоғары білім алуға қол жеткізуіне теріс әсер етеді. 

Қазіргі таңда жоғары білімнің қолжетімділігін арттыру, жастардың шетелдік жоғары оқу орындарына кетуін болдырмау мақсатында республикалық бюджет есебінен қаржыландыру жыл сайын бөлінетін мемлекеттік тапсырыстың көлемін ұлғайтуға бағытталған. Осылайша, ұлғаю 2017 жылы 10 мың орынды, 2018 жылы 20 мың орынды құрады. Осы мақсаттарға республикалық бюджеттен қосымша  2017 жылы – 603,3 млн.теңге, 2018 жылы – 4 959,5 млн.теңге, 2019 жылы – 22 681,1 млн.теңге бөлінді.

Сонымен қатар, Қазақстан Республикасын 2015 – 2019 жылдарға арналған индустриалды-инновациялық дамытудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде еліміздің 11 жоғары оқу орны жалпы сомасы  6 млрд.теңге болатын 49 заманауи оқу-зерттеу зертханаларымен жарақтандырылды. Қазіргі таңда Дүниежүзілік банк қаражаты есебінен 7 педагогикалық жоғары оқу орнының материалдықтехникалық базасын нығайту жүзеге асырылуда. 

Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жоғары оқу орындарының академиялық және басқару дербестігін кеңейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» 2018 жылғы 4 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңында жоғары оқу орындарына басқарушылық және қаржылық дербестік берілді, олар коммерциялық емес акционерлік қоғам болып қайта құрылды және қаражаттарды тарту мен қаржы қаражатын жұмсауға, оларды жоғары оқу орнын дамыту үшін жинақтауға қабілетті. Қазіргі уақытта, жоғары оқу орындарындағы 50-90 % табыс жоғары оқу орны айқындайтын ақылы білім беру қызметтері есебінен қалыптастырылады. 

Осыған орай, бүгінде мемлекететтің саясаты жоғары оқу орындарына академиялық және қаржылық бостандық беруге бағытталған және олардың материалдық-техникалық ұстауы жеке меншік қаражат есебінен жүзеге асырылады. 

Сонымен қатар, менің өкіміммен Қазақстан Республикасы Үкіметінің жанынан Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Б.М. Сапарбаевтың төрағалығымен Жоғары оқу орындарын оңтайландыру мәселелері жөніндегі комиссия құрылды. Аталған комиссияның негізгі міндеті жоғары білімі бар кадрларды даярлаудың сапасын, оның ішінде тұрақты қаржыландыру есебінен  арттыру туралы ұсыныстар мен ұсынымдарды әзірлеу болып табылады. 

Жалпы алғанда, көрсетілген бағыттардағы жұмыс жалғасады және Үкіметтің тұрақты бақылауында. 

 


Бейсенбі, 07 Қараша 2019, 10:50:06

Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісінің депутаттары С. Сейдумановтың, Ф. Қаратаевтың «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК қызметі туралы сауалына жауап
Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Сіздердің «Сарайшық» мемлекеттік тарихи-мәдени мұражай-қорығы» РМҚК (бұдан әрі – Музей-қорық) қызметі туралы депутаттық сауалдарыңызға келесіні хабарлаймын.

Ағымдағы жылы Музей-қорықтың қызметін қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 52,2 млн теңге қарастырылған, сондай-ақ Музей-қорық көрсетілетін ақылы қызметтен түскен табыстарды белгіленген тәртіппен қызметті дамытуға пайдаланады.

Сарайшық қалашығын консервациялау мен қалпына келтіруді қамтамасыз ету үшін 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасында 58,0 млн.теңге және Музей-қорықтың қызметін қамтамасыз етуге 163,1 млн. теңге қарастырылды. 

Сонымен қатар Мәдениет және спорт министрлігіне 2020-2022 жылдарға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде Музей-қорықтың материалдық техникалық базасының мәселелерін қосымша қарау тапсырылды. 

Музей-қорықты дамыту туралы Меморандум аясында Сапар орталығын ашу жоспарлануда. Бүгінгі күні жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде және жұмыстар аяқталған соң қолданыстағы заңнамаға сәйкес оның мемлекеттік сараптамасы жүргізілетін болады. Бұл ретте қалпына келтіру кезінде пайдаланылатын материалдардың сапасына, оның ішінде осы жердің саз балшығын пайдалануға назар аударылады. 

Қалпына келтіру жұмыстарын дербес жүргізу мәселесі бойынша Музей-қорықтың негізгі жарғылық қызметі мұражай ісін ілгерілету, мәдениет саласында ғылыми-зерттеу, мәдени-білім беру және танымдық-туристік қызметті жүзеге асыру, тарихи-мәдени мұраны сақтау және оны танымал ету болып табылатынын атап өткен жөн.  

Осыған байланысты Музей-қорық қызметкерлерінің ғылыми-реставрациялау жұмыстарын дербес жүргізуі оның белгіленген қызметіне сәйкес келмейді. 

Сонымен қатар заңнамаға сәйкес ғылыми-реставрациялау жұмыстарын тиісті лицензиясы мен материалдық-техникалық базасы бар ұйымдар жүргізе алады. Бүгінгі таңда «Қазреставрация» РМК мамандандырылған кәсіпорнымен Сарайшық қалашығының аумағында консервациялау жұмыстары жүргізілді және кейінгі жылдары қалпына келтіру жұмыстары жалғасады. 

Музей-қорықтың мұрағаттық материалдарын анықтау бойынша ү.ж. 3 қазанында Ресей Федерациясының (Астрахань, Волгоград) қалаларына экспедиция ұйымдастырылды. Қазіргі уақытта жүргізілген экспедиция барысында Сарайшық қалашығының тарихына қатысты алынған материалдар зерттелуде. 

Ағымдағы жылдың соңына дейін 2020-2022 жылдарға қарастырылған бюджет шеңберінде ғылыми жобаларға конкурс жарияланып, онда Музей-қорық өз жобаларымен Сарайшық қалашығына қатысты археологиялық жұмыстарды жүргізу және шетелдік көздерден алынған мұрағаттық материалдарды анықтау үшін қатысады.

Сонымен қатар 2020 жылы республикалық деңгейде Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу жоспарланып отыр. 

Осыған байланысты 2020 жылға арналған тиісті жоспар жобасы әзірленді. 

2019 жылғы 10-11 қазанда Музей-қорықта Түркия, Ресей, Қытай, Германия елдерінің отандық және шетелдік ғалымдарының қатысуымен «Жошы ұлысы және Сарайшық-Қазақ мемлекеттілігінің бастауында» атты халықаралық ғылымитәжірибелік конференция өтті. 

Осы іс-шара аясында Музей-қорықтың виртуалды нұсқасы таныстырылды. 

Келесі жылы Музей-қорықта Керуен сарайдың, ортағасырлық Сарайшық қалашығы цитаделінің қақпасын қалпына келтіру және Сарайшық қалашығының маңында Қасым ханға монументалды ескерткіш орнату сияқты іс-шаралар өткізу жоспарлануда. 

Қазіргі уақытта ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізуге ғылыми-жобалау құжаттамасы әзірленуде. 

Сондай-ақ 2020 жылы ортағасырлық Сарайшық қалашығының қорғау аймақтарын анықтау бойынша жұмыстар жүргізілетін болады. 

Бұдан басқа, 2020 жылы республикалық және өңірлік БАҚ-тарда атаулы күнді міндетті түрде ақпараттық сүйемелдеу жоспарланып отыр. 

Аталған іс-шаралар Музей-қорықтың қызметін жандандыруға бағытталған. Осыған байланысты Сарайшық Музей-қорығын дамытуға арналған Үкіметтің жекелеген кешенді шешімін әзірлеу және қабылдау орынсыз.  

Баяндалғанның негізінде, осы бағыттағы жұмыс жалғасатын болады және Үкіметтің бақылауында тұр. 

 


 


Дүйсенбі, 21 Қазан 2019, 14:46:42

Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Б. Смағұлдың Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге және оған дайындалуға қатысты сауалына жауап.

Премьер-Министр — Асқар Мамин

 

Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтуге және оған дайындалуға қатысты Сіздің депутаттық сауалыңызды қарастырып, келесіні хабарлаймын. 

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасын әзірледі. 

Онда археологиялық, реставрациялық, ғылыми-зерттеу жұмыстарын, «Алтын Орда» экспедициясын өткізуді қарастыратын бірқатар іс-шаралар жоспарланған. 

Мемлекеттік деңгейде республиканың барлық өңірлерін қамтитын ауқымды іс-шаралар өткізілетін болады. 

Сіздің ұсыныстарыңыз аталған жоспар жобасында өз көрінісін тауып, бүгіннен бастап олар бойынша жұмыс басталды. 

Бірінші. Жақын арада өтетін Нұр-Сұлтан қалалық ономастикалық комиссиясының отырысында елорда көшелерінің біріне Жошы ханның атын беру және ескерткіш орнату мәселелері қарастырылады. 

Екінші. Қарағанды облысының әкімдігі 2020 жылы Қарағанды қаласында Жошы ханға ескерткіш орнатуды ұсынып отыр. 

Сонымен қатар, осы әкімдік келесі жылы Ұлытау ауданында Жошы ханға ескерткіш орнату мәселесін қарастыратын болады. 

Бұдан басқа, Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 31 мамырдағы № 360 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында Қазақстанның өңірлік деңгейдегі туристік картасының (ТОП-50) объектілерінің тізімі көзделген. Аталған тізімде «Ұлытау» тарихи-мәдени кешені белгіленген, онда жылына шамамен 10 000 адамды қабылдай алатын көрнекі орындар, туристік бағыттар мен музей бойынша экскурсиялар туралы ақпаратты қамтитын туристік қызметтер ұсынылатын болады. Кешенге Алтын Орда кезеңіне жататын Жошы хан, Алаша хан және Домбауыл кесенелері кіреді. 

Үшінші. Мәдениет және спорт министрлігі ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүргізу және Жошы хан мен Алаша хан кесенесінің аумағын абаттандыру мәселесін пысықтауда. 

Жошы хан кесенесіне жақын орналасқан Жошы ордасы қалашығына зерттеу жүргізіліп, Ұлытау өңірінің археологиялық картасы дайындалады, сонымен қатар ҚХР, Иран және Түркия архивтерінен алынған деректер негізінде Сарайшық қалашығына байланысты құжаттар жинағы шығарылады. 

Мәдениет және спорт министрлігі Халықаралық Түркі академиясымен бірлесіп 2020-2022 жылдары қосымша бірқатар археологиялық, этнографиялық, антропологиялық, ғылыми-зерттеу және басқа да жұмыстар жүргізуді жоспарлап отыр. 

Төртінші. Ұлытау өңірінің туристік әлеуетін дамыту үшін алдағы жылы «Алтын Орда» экспедициясын өткізу, Ұлытау өңірінде республикалық маңызы бар Алаша хан, Жошы хан, тарихи және мәдени ескерткіштерінің аумағында визит-орталығы мен этноауыл құру жоспарлануда. Туристік маршруттар мен соқпақтар әзірленіп, кемпингтік тұрақтар, туристерге баратын жерлерде санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылады. 

Баспасөз турлары аясында Жошы ханның кесенесін шетел журналистері баратын объектілер қатарына енгізу бойынша күш жұмсалмақ. Барлық іс-шаралардың қорытындысы бойынша шетелдік БАҚ-та, «The Astana Times» газетінде ағылшын тілінде, Қазақстан Республикасының шет елдердегі мекемелерінің интернет-ресурстарында және мемлекеттік органдардың ресми порталдарында жарияланымдар шығады. 

Қарағанды облысының әкімдігі Қызылорда, Жезқазған, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Арқалық қалалары мен Ұлытау ауданы орталығы арасындағы жолдарға жөндеу жұмыстарын жүргізеді. Алматы-Жезқазған, Шымкент-Жезқазған бағыттары бойынша авиарейстерді іске қосу мәселесі пысықталуда. 

Бесінші. Білім және ғылым министрлігі Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында 2019 жылдың 11 қазан айында «Жошы Ұлысы тарихының мәселелері» атты тарихшылардың VII Ұлттық конгресін өткізеді. Аталған халықаралық конференцияға отандық және шетелдік ғалымдар қатысады, сондай-ақ оның қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында бірқатар мақалалар шығарылады. 

Ағымдағы жылы өңірлік деңгейде Тараз, Атырау және Қарағанды қалаларында ғылыми конференциялар өткізу жоспарлануда, олар 2020 жылы Ақмола облысының Бурабай ауылында және Өскемен және Павлодар қалаларында жалғасады. 

Қазіргі уақытта Мәдениет және спорт министрлігі Ұлытау өңірінің тарихы мен мәдениеті кесенелерін ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұрасының тізіміне енгізу мәселесін пысықтауда. 

Баяндалғанның негізінде Алтын Орданың 750 жылдығын атап өту мәселесі Үкіметтің ерекше бақылауында. 

 



Жаңалықтар тізбегі
29 Қараша 2020, 09:57
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №88
27 Қараша 2020, 10:12
Әлихан Смайылов ЕЭК Кеңесінің онлайн отырысына қатысты
26 Қараша 2020, 18:51
Қазақстанның Тұңғыш Президенті жаңа Жеңіл атлетика спорт кешеніне барды
26 Қараша 2020, 18:47
Нұрсұлтан Назарбаев Қ. Қуанышбаев атындағы мемлекеттік академиялық қазақ музыкалық драма театрына барды
26 Қараша 2020, 18:41
Мемлекет басшысы Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясниковичпен әңгімелесті
26 Қараша 2020, 18:38
Мемлекет басшысы Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақовты қабылдады
25 Қараша 2020, 17:24
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтті
25 Қараша 2020, 16:54
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №783 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:43
Мемлекет басшысы Nur Otan партиясының кезектен тыс ХХ съезіне қатысты
25 Қараша 2020, 16:42
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 20 қарашадағы №779 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:39
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 18 қарашадағы №770 Қаулысы
25 Қараша 2020, 16:35
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 17 қарашадағы №769 Қаулысы
24 Қараша 2020, 19:53
ЖЭК дамыту және процестерді цифрландыру — ҚР Президентінің энергетика саласын дамыту жөніндегі тапсырмалары қалай іске асырылуда
24 Қараша 2020, 18:45
Нұрсұлтан Назарбаев «University Medical Center» корпоративтік қорының басқарма төрағасы Юрий Пяны қабылдады
24 Қараша 2020, 17:40
Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен «Nur Otan» партиясының Саяси кеңесі Бюросының отырысы өтті
24 Қараша 2020, 16:13
ЕАЭО нарығы, өнеркәсіптік кооперация және тауар айналымы: Қазақстан экономикалық интеграция жүйесінде қалай дамуда
24 Қараша 2020, 14:07
ҚР Үкіметінің отырысы, 24.11.2020
24 Қараша 2020, 12:11
Қазақстанда орманды алқаптарда 2 млрд және елді мекендерде 15 млн ағаш отырғызылады - ЭГТРМ
24 Қараша 2020, 11:47
Е. Тоғжанов COVID-19 қарсы отандық вакцина шығаратын зауыттың салыну барысымен танысты
24 Қараша 2020, 11:36
Соңғы 5 жылда ҚР-да 1 334 км магистральдық газ құбыры және 20 мың км астам тарату желілері салынды 
24 Қараша 2020, 10:01
А. Мамин: елдегі экологиялық ахуалды жақсарту — Үкіметтің басым міндеті
24 Қараша 2020, 09:39
Үкіметте елді мекендерді газдандыру мәселесі қаралды
23 Қараша 2020, 19:27
ҚР Премьер-Министрі А. Мамин COVID-19 жөніндегі ВАК отырысын өткізді 
23 Қараша 2020, 18:29
Қасым-Жомарт Тоқаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына барды
23 Қараша 2020, 17:02
Электромобильдер өндірісі, жаңа зауыт және экспорттық нарықтарға шығу — Қазақстанның машина жасау саласын жаңа шынайылық жағдайында дамыту
23 Қараша 2020, 14:30
24 қараша күні Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтеді
23 Қараша 2020, 14:21
Сенат депутаттарының шағын және орта бизнесті дамыту туралы сауалы
23 Қараша 2020, 13:46
Үкімет отандық бизнестің қызметінің жағдайын жақсарту шараларын қарастыруда
22 Қараша 2020, 09:58
Видеодайджест: «Аптаның айшықты оқиғалары» №87
21 Қараша 2020, 16:38
Қазақстан мен Өзбекстан премьер-министрлері Түркістан қаласында келіссөз өткізді
20 Қараша 2020, 18:25
Асқар Жамбакин ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі лауазымына тағайындалды
20 Қараша 2020, 16:09
Қасым-Жомарт Тоқаев ресейлік делегациямен кездесті
20 Қараша 2020, 13:40
Инновациялық технологиялар, электрондық құжаттама және шығындарды азайту: денсаулық сақтау саласында цифрландыру қалай дамуда
19 Қараша 2020, 20:20
Қауіпсіздік Кеңесінің Төрағасы Нұрсұлтан Назарбаев Президенттің көмекшісі – Қауіпсіздік Кеңесінің хатшысы Әсет Исекешевті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:49
Мемлекет басшысы «География және су қауіпсіздігі институты» АҚ басқарма төрағасы Ахметқал Медеуді қабылдады
19 Қараша 2020, 18:48
Елбасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының басқарма төрағасы Абылай Мырзахметовті қабылдады
19 Қараша 2020, 18:41
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгіновті қабылдады
19 Қараша 2020, 17:53
Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне қатысты
19 Қараша 2020, 17:19
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 13 қарашадағы №762 Қаулысы
18 Қараша 2020, 21:19
Қазақстан Президенті Шетелдік инвесторлар кеңесінің жиынына қатысты
18 Қараша 2020, 16:22
Мемлекет басшысы Конституциялық Кеңестің Төрағасы Қайрат Мәмиді қабылдады
18 Қараша 2020, 14:44
Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаеваны қабылдады
17 Қараша 2020, 19:37
ВАК Мемлекет басшысының тапсырмалары аясында COVID-19 таралуына жол бермеу жөнінде бірқатар шешім қабылдады  
17 Қараша 2020, 18:46
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы №760 Қаулысы
17 Қараша 2020, 18:38
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 12 қарашадағы №758 Қаулысы
17 Қараша 2020, 15:58
Мемлекет басшысы Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңес хатшылығының Атқарушы директоры Қайрат Сарыбайды қабылдады
17 Қараша 2020, 13:39
ҚР Үкіметінің отырысы, 17.11.2020
17 Қараша 2020, 13:29
Сатып алушы мобильді қосымша арқылы тауардың заңдылығын тексере алады — Е. Жамаубаев
17 Қараша 2020, 13:03
Қазақстан бірқатар тауарларды міндетті таңбалауды енгізуде — Б. Сұлтанов
17 Қараша 2020, 11:34
Қазақстан «цифрлық» жұмыспен қамту орталықтарының және сырттай мүгедектікті белгілеу форматына көшуде — ҚР ЕХӘҚМ
Депутаттық сауал
© 2019 - 2020 Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің Баспасөз Қызметі.
SoftDeCo компаниясының жобасы.