13 Ақпан 2024, 17:35
13 ақпанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.
Қазақстан Үкіметінің отырысында 2024 жылғы қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров, қаржы министрі Мәди Такиев, ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетов баяндама жасады.
Н. Байбазаров биылғы қаңтар айының қорытындысы бойынша ел экономикасының өсу қарқыны 3,9%-ды құрағанын жеткізді. Оның ішінде нақты сектор – 3,8%-ға, ал қызмет көрсету саласы – 3,5%-ға өсті. Салалар арасында ең жоғары өсуді құрылыс, көлік және қоймалау, ақпарат және байланыс, сондай-ақ өңдеу өнеркәсібі көрсетті.
Ұлттық банк басшысының орынбасары биыл қаңтар айында теңге бағамы 1 АҚШ доллары үшін 448,17 теңгеге дейін 1,4%-ға нығайғанын айтты. Жыл басынан Ұлттық қордан республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін валюта сату теңгеге едәуір қолдау көрсетті.
Биылғы қаңтар айында мемлекеттік қаржының атқарылу көрсеткіштері туралы ҚР қаржы министрі Мәди Тақиев баяндады. Ол мемлекеттік бюджетке шамамен 1 трлн теңге (жоспар 111,5% орындалды), республикалық бюджетке 521 млрд теңге (жоспар 78,4%-ға орындалды) түскенін атап өтті. Кірістер бойынша жоспардың орындалмауы 143 млрд теңгені құраса, оның ішінде салықтар бойынша – 151 млрд теңге.
ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтің айтуынша, ең кемі 6% деңгейінде тұрақты экономикалық өсімді қамтамасыз ету Үкіметтің осы жылға және орта мерзімді кезеңге арналған басым міндеті болып қала береді.
Биыл біздің алдымызда инфляцияны 6-8% аралығында ұстап тұру міндеті тұр. Ол үшін мемлекеттік органдар Инфляцияны бақылау және төмендету жөніндегі шаралар кешенінің сапалы орындалуын қамтамасыз етуі тиіс. Премьер-Министрдің сөзінше, жалпы қаржылық тәртіпті күшейту, нәтижесіз шығыстарды жою және мемлекеттік бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру маңызды.
Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз
Жазылу