А. Мамин Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкімет жұмысы туралы есеп берді

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин Парламенттің екі палатасы депутаттарының бірлескен отырысында Үкіметтің 2020 жылғы жұмысы және экономиканы одан әрі дамыту бойынша қабылданып жатқан шаралар туралы есеп берді.

Үкімет басшысы 2020 жылдың қорытындысы бойынша нақты сектор Қазақстан экономикасы тұрақтылығының негізгі факторына айналғанын атап өтті. Әлемдік және өңірлік экономикалардағы белгісіздікке қарамастан, өңдеу саласы 3,9% деңгейінде өсім көрсетті.

2004 жылдан бері алғаш рет өңдеу өнеркәсібінің үлесі (13,1%) ЖІӨ-дегі тау-кен өнеркәсібінің үлесінен (12,5%) асып түсті. Фармацевтика 47%-ға өсуімен, дайын металл бұйымдары 20%-ға, машина жасау 16%-ға, оның ішінде автомобиль жасау 53%-ға, вагондар мен локомотивтер өндірісі 39%-ға арту қарқынымен ерекшеленді.

Еліміз бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 16,8%-ға өсіп, 15,3 млн м² құрады, бұл құрылыста сенімді өсімді қамтамасыз етті (11,2%) және Қазақстанға бір адамға жаңа тұрғын үйді беру бойынша ТМД елдері арасында бірінші орын алуға мүмкіндік берді. Ауыл шаруашылығында ЕАЭО елдері арасында ең жоғары өсім, сондай-ақ соңғы 7 жылдағы ең жоғары көрсеткіш байқалды.

ҚР алтын-валюта резервтері 23,1%-ға – $35,6 млрд-қа дейін өсті. Сыртқы сауданың оң сальдосы $8,9 млрд-ты құрады.

Ұлттық экономиканы индустрияландыру аясында 2020 жылы 916 млрд теңге сомасына 201 жоба іске асырылды. Жобалардың басым бөлігі АӨК, металлургия, құрылыс индустриясы, машина жасау, химия өнеркәсібінде жүзеге асырылды. Бұл 19 мың тұрақты жұмыс орнын құруға жол ашты.

Пандемия кезеңінде төтенше жағдай режимі мен шектеу шаралары қолданылған жағдайда әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау үшін 2020 жылы дағдарысқа қарсы шаралардың 3 пакеті қабылданып, іске асырылды. Бұл — халық пен бизнесті қолдаудың шұғыл шаралары, әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау жөніндегі жедел шаралар, Экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі кешенді жоспар.

Экономикалық өсімді қалпына келтіру мәселелері бойынша заң қабылданды, оған 14 кодекске және 9 бағыт бойынша 71 заңға түзетулер енгізілді. Шағын және орта бизнесті жеңілдікпен несиелендіру құралдары айтарлықтай кеңейтілді. Айналым капиталын қаржыландыру ұлғайтылды. Кредиттерді жеңілдікті шарттармен қайта қаржыландыру, сондай-ақ кредиттер бойынша төлемдерді кейінге қалдыру ұсынылды. Зардап шеккен салалар үшін салықтық ынталандыру шаралары қабылданды.

Жұмыспен қамту шараларымен 1,4 млн қазақстандық қамтылды. Зейнетақылар мен мемлекеттік жәрдемақылардың мөлшерін 10-12% индекстеу жұмыстары жүргізілді. Мұғалімдердің еңбекақысы 25%-ға, медицина қызметкерлерінің, сондай-ақ мәдениет және мұрағат ісі қызметкерлерінің еңбекақысы 50%-ға, құқық қорғау және арнайы қызмет қызметкерлерінің еңбекақысы 30-дан 70%-ға дейін өсті.

«Еліміздегі күрделі әлеуметтік-экономикалық жағдайға қарамастан, біз халық алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелерді орындадық», — деді А. Мамин.

Биылғы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстанның ЖІӨ 1,6%-ға өсті. Бұл ретте экономиканың барлық салаларында өсім қамтамасыз етілді. Негізгі драйверлер өңдеу өнеркәсібі (7,2%), оның ішінде машина жасау (21,1%), химия өнеркәсібі (9,8%), фармацевтика (25,7%) және жеңіл өнеркәсіп (5,5%) болды.

Құрылыс секторында (11,3%) және тұрғын үйді пайдалануға беруде (12,5% немесе 4,6 млн м²) жоғары өсу қарқыны қамтамасыз етілді. Ауыл шаруашылығында тұрақты өсу қарқыны байқалады (3,1%).

Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі тау-кен өндірісін есепке алмағанда 25,5%-ды құрады.

Екінші ай қатарынан көрсетілетін қызметтер секторында – сауда (6,7%), байланыс (11,6%), жылжымайтын мүлік операциялары (1,3%), қаржы және сақтандыру қызметінде (1,6%) күшейе түскен оң динамика байқалады.

Премьер-Министр Үкіметтің алдына 2021 жылдың қорытындысы бойынша экономикалық өсімді 3,5-4,0% деңгейінде қамтамасыз ету, сондай-ақ жұмыспен қамту шараларымен 1,2 млн адамды қамту міндеті қойылғанын атап өтті. Бұл халықтың нақты табысын 5%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Жалпы сомасы 8 трлн теңге болатын 415 инвестициялық жобаны іске асыру мақсаты қойылды. 17 млн м² тұрғын үйді пайдалануға беру, 200 мектеп салу және 30 медициналық мекеме ашу, 6 мың шақырым автожолды жөндеу және салу жоспарлануда.

«Біздің алдымызда қол жеткізілген көрсеткіштерді одан әрі нығайту және әлеуметтік-экономикалық дамудың жаңа сын-тегеуріндерін еңсеру міндеті тұр», — деп атап өтті А. Мамин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу