Ауылдарды сумен жабдықтауда Алматы, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары көш бастап тұр

Ауылдық және қалалық елді мекендерді сумен жабдықтау мәселелері Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев, Қостанай, Ақмола және Алматы облыстарының әкімдері баяндама жасады.

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың айтуынша, 2021 жылдың қорытындысы бойынша сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету 96%-ды, оның ішінде қалаларда – 98,1%-ды, ауылдарда 93%-ды құрады. Жекелеген өңірлерде артта қалушылық байқалады. Ауылдық елді мекендерде ауыз сумен қамтудың ең төменгі деңгейі Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Қалалық жерде сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету бойынша Жамбыл облысы артта қалып отыр.

Сумен жабдықтау қызметтерімен Солтүстік Қазақстан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарының қала тұрғындары 100% қамтылған. Ауылдық елді мекендерді аталған қызметпен қамтамасыз ету бойынша көшбасшылар қатарында Алматы, Атырау, Қызылорда және Маңғыстау облыстары бар.

Сумен қамтамасыз ету деңгейін арттыру үшін көрсеткіштері төмен және көш соңында қалған өңірлерге басым негізде қаражат бөлінеді. Осы жылы бұл мақсаттарға нақтылауды ескере отырып, республикалық бюджеттен 215 млрд теңге көзделген, оның ішінде қалаларға 120 млрд теңге және ауылдық елді мекендерге – 95 млрд теңге. Бұл жыл қорытындысы бойынша қала халқының 98,5%, ал ауыл халқының 94,7% сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деді Қ. Өскенбаев.

Елімізде барлығы 6 302 ауылдық елді мекен бар, оның ішінде 4 759-ы сумен жабдықтау қызметтерімен қамтылған. Аталған қызмет түрімен қамтамасыз етілмеген ауылдардың 511-інде орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау жұмыстарын жалғастыру жоспарланып отыр. Ал халық саны аз бір мыңнан астам ауылда жергілікті бюджет қаражаты есебінен кешенді блок-модульдер орнатылатын болады. Оның ішінде, осы жылы 120 ауылдың тұрғын орталықтандырылған су жүйесімен қамтамасыз ету және халық саны аз 220 ауылда кешенді блок-модульдер орнату жоспарлануда.

«Біз ауыл тұрғындарының сумен қамтамасыз етілу барысына мониторинг жасау үшін Интерактивті карта әзірледік. Аталған карта интернетте қолжетімді және онда сумен жабдықтау қызметтерімен қамтамасыз ету, қаржыландыру көлемі, халық саны, тозу деңгейі және басқа да өзекті ақпарат көрсетілген», — деді ол.

Халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда екенін ескере отырып, жергілікті атқарушы органдар Интерактивті картаға деректердің сапалы және уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуі қажет. Халықпен кері байланыс орнату мақсатында азаматтардың барлық өтінішін қабылдау мен өңдеуге арналған Е-өтініш бірыңғай платформасы арқылы картаға қосымша функцияларды қосу бойынша шаралар қабылданды.

Мемлекеттің ел азаматтарын сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету жөніндегі саясаты жақсы нәтижелер беріп отыр. Сондай-ақ шешімін таппаған бірқатар проблемалық мәселелер де бар. Бүгінгі күнге дейін орталықтандырылған су жүйесімен жабдықтау құрылысы жоспарланған 54 ауылда іздестіру және барлау жұмыстар келесі өңірлерде жүргізілмеген. Атап айтсақ, Түркістан облысы бойынша 30 ауылда, Алматы облысында 7 ауылда, Батыс Қазақстан облысында 5 ауылда және Жамбыл облысы бойынша 5 ауылда бұл бағытта жұмыстар атқарылмаған. Халықтың көші-қонына байланысты 50 ауылдық елді мекенде су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу қажет.

Мәселен, Алматы облысының Кеңдала ауылында халық пайдаланып жүрген су құбыры желісі 1969 жылы салынған және бүгінгі таңда ауыл халқын ауыз сумен толықтай қамтамасыз ету үшін реконструкциялауды қажет етеді. Министр соңғы бес жылда халық саны 5,8 мыңнан 9,5 мың адамға дейін артқанын атап өтті. Мұндай ауылдарда су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарын жүргізу үшін бюджеттен шамамен 40 млрд теңге қаражат қажет. Осыған байланысты, аталған ауылдық елді мекендердің тұрғындарын сумен 100% қамтамасыз ету үшін әкімдіктер су құбыры желілерін кеңейту жұмыстарына қажет жобалық-сметалық құжаттамалар әзірлеуі қажет.

Қайырбек Өскенбаев салынған су құбыры желілері іс жүзінде әкімдіктердің теңгерімінде қалатынын не болмаса білікті мамандары мен арнайы мамандандырылған техникасы жоқ кәсіпорындар мен ұйымдарға берілетінін атап өтті. 

«Әкімдіктердің ақпаратына сәйкес, 275 ауылда сумен жабдықтау желілеріне әкімдіктер қызмет көрсетсе, 335 ауылда бұл жұмысқа бейінделмеген кәсіпорындар қызмет көрсетеді. Бұл өз кезегінде желілердің тез арада тозуына әкеп соғады және қайта қалпына келтіру үшін қосымша шығынды талап етеді. Осыған байланысты су желілеріне тиісті қызмет көрсету үшін “бір аудан – бір кәсіпорын” қағидаты бойынша су арналарын ірілендіру ұсынылады. Бұл шара көрсетілетін қызмет сапасын және жұмыс тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді», — деді министр.

Сондай-ақ ол жергілікті атқарушы органдар жергілікті бюджет қаражаты есебінен жарғылық капиталын ұлғайту арқылы су арналарының материалдық-техникалық базасын жақсарту жөнінде шаралар қабылдауы қажет екенін атап өтті. Мемлекет басшысы тапсырмаларының іске асырылуы жергілікті атқарушы органдардың бірлескен және үйлесімді жұмысына тікелей байланысты.

Серікқали Брекешев халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің басым міндеттерінің бірі екенін атап өтті. Су кодексіне сәйкес ведомство елді мекендердің шекарасына дейін сумен жабдықтау жөніндегі функцияларды жүзеге асырады және топтық су құбырларын салу және реконструкциялау жөніндегі бюджеттік бағдарламаның әкімшісі болып табылады.

«Қазіргі таңда республика бойынша барлығы ұзындығы 15,5 мың километр 76 топтық су құбыры бар. Оның ішінде ұзындығы 13,4 мың километрді құрайтын 39 топтық су құбыры республикалық меншікте. Олар 1,4 млн адамы бар 655 ауылдық елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз етуде», — деді ол.

2021 жылы Ақмола, Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстарында су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 5 объекті пайдалануға берілді. Сондай-ақ тестілік режимде Ақтөбе, Қарағанды және Қызылорда облыстарындағы 3 объекті бойынша сапалы ауыз су беріледі. Соның нәтижесінде 800 километр желі салынды. Жалпы 5,8 мың адам тұратын 5 ауылдық елді мекенде сапалы ауыз суға қол жеткізілді және 203 мың халқы бар 51 ауылдық елді мекен мен 3 қалада сумен жабдықтау жағдайы жақсартылды.

Биыл 2010 жылы басталған Есқұла су құбырын пайдалануға беру жоспарланған. Сонымен қатар Алматы, Атырау, Қарағанды, Қызылорда, Маңғыстау және Солтүстік Қазақстан облыстарында топтық су құбырларын салу және реконструкциялау бойынша 18 объектіні іске асыруға 6,1 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінді. Аяқталу мерзімі: 2023-2024 жылдар. Соның нәтижесінде жалпы саны 458 мың адамды құрайтын 158 ауылдық елді мекенде сумен жабдықтау жағдайы жақсартылады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы шеңберінде 2025 жылға дейін жалпы құны 33 млрд теңге болатын 9 топтық су құбырын салу және қайта жаңарту жоспарлануда.

Жалпы 2025 жылға қарай шамамен 1,2 мың километр топтық су құбырларын салып, 22,3 мың адам саны бар 41 ауылдық елді мекен сапалы ауыз сумен қамтамасыз етіледі.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаевтың айтуынша, облыста 742 елді мекен, оның ішінде 10 қала және 732 ауыл бар. Халықтың сумен жабдықтау қызметтеріне қолжетімділігі қалаларда 99,5% құрайды. 732 ауылдық елді мекеннің 92% орталықтандырылған сумен қамтамасыз етілген, 54 АЕМ орталықтандырылмаған, 9-ы тасымалдап әкелінген суды пайдаланады.

«Биыл ауылдық елді мекендерде 16 жоба іске асырылуда, 8,4 млрд теңге бөлінді. 209,6 км желі салынып, қайта жаңартылады», — деді Қ. Бозымбаев. 

Сондай-ақ республикалық бюджетті нақтылау кезінде 15 жобаны іске асыруға 6,1 млрд теңгеге бюджеттік өтінім ұсынылып, қолдау тапты. Соның нәтижесінде желілердің тозуы 41% дейін төмендейді. Сонымен қатар ауылдық елді мекендерде желілердің тозуын азайту мақсатында шамамен 760 км желіні қайта жаңартуға 55 жоба әзірленіп жатыр. Аталған жобаларды 2023-2024 жылдары іске асыру жоспарланып отыр. 

Нәтижесінде желілердің тозуы 41%-дан 32% дейін төмендетіледі.

Сондай-ақ қалаларда желілерді қайта жаңартуға 13 жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Осы жобаларды іске асыру желінің тозуын 44%-дан 38%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу