Инфляцияға қарсы реттеу: Үкімет азық-түлік, бензин және тұрғын үй бағаларын төмендету шараларын ұсынады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені қаралды. Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин, ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаров, сауда және интеграция вице-министрі Ержан Қазанбаев баяндама жасады.

Ұлттық экономика министрі Ә. Ерғалиевтің айтуынша, жаһандық пандемия бүкіл әлемдегі инфляциялық процестерге қысым жасайтын бұрын-соңды болмаған макроэкономикалық соққыға айналды.

Логистикалық тізбектердің бұзылуы, сұраныстағы құрылымдық өзгерістер, экономиканы қолдауға бағытталған экспансиялық монетарлық және фискалдық бағдарламаларды қабылдау және т.б. трендтердің әсерінен бүгінгі күні инфляцияның өсуі бүкіл әлемде байқалады. Нәтижесінде, халықаралық қаржы ұйымдары 2021 жылы инфляцияның бүкіл әлемде 3,9%-ға жеделдеуін болжайды.

«Қазақстанда ағымдағы жылғы тамызда инфляцияның ай сайынғы өсуі 0,5%-ды құрады. Маусымаралық факторлар және кейінге қалдырылған сұраныс әсерінен ақылы қызметтер және азық-түлік емес тауар бағаларының өсуінің үлесі артты. Осының салдарынан, ақылы қызметтер бойынша бағалардың өсуі 0,8%, азық - түлік емес тауарлар бойынша - 0,6%, азық-түлік тауарлары бойынша - 0,1% құрады», — деді Ә. Ерғалиев.

Жылдық есептеуде Қазақстанда инфляция 8 айдың қорытындысы бойынша 8,7%-ды құрады және тарихи қалыптасқан құрылымға сәйкес, оның 50%-дан астамы азық-түлік тауарлары бағасының өсуіне тиесілі болып отыр.

Елімізде бағаның өсуін тежеу мақсатында 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенінің жобасы әзірленді. Шаралар кешені жобасы жедел және орта мерзімдерге арналған 2 бағыт бойынша 70 іс-шарадан тұрады.

Бұл шаралар бағалардың өсуін тежейтуге бағытталған шараларды, және де инфляцияның қарқынын бекітілген нысаналы дәлізге кіргізуге бағытталған жүйелі шараларды қамтиды.

Бірінші бағыт — 2021 жылға арналған жедел шаралар бойынша іске асырылатын болады.

Тауар ұсынысын кеңейту шеңберінде 16 іс-шараны іске асыру жоспарлануда

Оның ішінде әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар түрлерін сатып алуды ұйымдастыру және өндірушілердің қажеттілігін айқындау, форвардтық шарттар мен «айналым схемасы» шеңберінде тетігін бекіту көзделген.

Талдау және ұйымдастыру шаралары бойынша 7 іс-шара жоспарланған

Бұл іс-шаралар тізімі скрининг, сауда процестерін цифрландыруды, тамақ өнеркәсібінің жартылай жұмыс істейтін және тоқтап тұрған қуаттарын мониторингтеуді және талдауды қамтиды. Соның ішінде, әләуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бақылауды институционалдық күшейту көзделген.

Реттеушілік шаралар бойынша 10 іс-шара іске асырылатын болады

Олардың қатарына, ішкі нарықта тапшылық немесе бағаның өсуі байқалса, қажет болған жағдайда, шикізат пен материалдарды экспорттауға  шектеулер енгізіледі. Сондай-ақ, мұнай өнімдерінің жекелеген түрлерін автомобиль көлігімен экспорттауға алты айға тыйым салу және медициналық қызметтерге кешенді тарифтер бекіту кіреді. 

Антимонополиялық шаралар бойынша 9 іс-шараны іске асыру көзделген

Оның ішінде сауда үстемелерінің негізділігін бақылауға, бағалық сөз байласу белгілерін анықтауға және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеуге бағытталған іс-шаралар жүзеге асырылатын болады.

Екінші бағыт шеңберінде 2024 жылға дейінгі орта мерзімді шаралар бойынша 28 іс-шара жоспарланған. Бұл іс-шаралар тұрақтандыру қорларының жеткіліктілігін қамтамасыз ету, импорталмасу жобаларын іске асыру шараларын, сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден кету және дезинфляциялық ақша-несие саясатын жүзеге асыру сияқты жүйелі шараларды қамтиды.

Инфляцияға қарсы әрекет ету шараларын тиімді іске асыру және олардың орындалуына мониторинг жүргізу мақсатында Сауда және интеграция министрлігі қарамағында тұрақты жұмыс істейтін операциялық штаб құру ұсынылады, оның құрамына орталық және жергілікті атқарушы органдардың бірінші басшыларының орынбасарлары кіреді.

ҚР Ұлттық Банкінің төрағасы Е. Досаев Мемлекет басшысының инфляцияны 2022 жылы 4-6% нысаналы дәлізге қайтару жөніндегі тапсырмасын орындау мақсатында Ұлттық Банк, бірінші кезекте, Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені шеңберінде монетарлық емес факторларды тұрақтандыруға бағытталған шараларды қабылдауды қолдайтынын жеткізді.

«Биылғы жылғы 8 айдың қорытындысы бойынша 11,4% деңгейіне жеткен азық-түлік бағасының өсуі инфляцияны жеделдетуге негізгі үлес қосты. Оны осы жылдың соңына қарай 8%-ға дейін төмендету үшін Шаралар кешеніне сәйкес Үкімет пен әкімдер  реттеушілік сипаттағы және монополияға қарсы ықпал етудің тиімді уақытша шараларын негізге ала отырып, жекелеген нарықтардағы маусымдық күтпеген өзгерістер мен теңгерімсіздіктерді жою бойынша жедел шаралар қабылдайтын болады», — деді Е. Досаев.

Инфляцияны тұрақтандыру бойынша Мемлекет басшысы алға қойған орта мерзімді мақсаттарға қол жеткізу үшін Үкімет тауарлардың өндірісі, экспорты мен импорты балансын қатаң сақтай отырып, ішкі нарықты жан-жақты толықтыру, агроөнеркәсіптік кешеннің өнімділігін арттыру және тиімді тауар өткізу жүйесін дамыту жөніндегі бастамаларды іске асыратын болады. Бұл азық-түлік инфляциясын 2022 жылы 6%-ға дейін және 2023-2024 жылдары 5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік береді.  

Азық-түлікке жатпайтын тауарлар бойынша басқа тауарлар мен қызметтерге тікелей әсер етумен қатар айтарлықтай жанама ықпал ететін жанар-жағармай нарығы бағаның өсуін тежеудің негізгі әлеуетіне жатады.

«Қазақстан Республикасының Үкіметімен келісім бойынша біз азық-түлікке жатпайтын инфляцияның 2022 жылы 5%-ке дейін және 2023-2024 жылдары 4%-ке дейін төмендеуін күтеміз», — деді Банк төрағасы.  

Ұлттық Банк басшысының айтуынша, реттелетін қызметтер үшін орта мерзімді негізде болжамды және теңгерімді тарифтік саясатты енгізу айырықша маңызды болып табылады.

«2023 жылдан бастап бағаны әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік осал топтарына атаулы көмек көрсетуге ауысуды бастау орынды деп есептейміз. Бұл сервистік инфляцияны 2022-2024 жылдары 4% деңгейінде тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Ұсынылатын шаралардың тиімділігі көбінесе өңірлердегі жұмыстың жұмыла ұйымдастырылуы мен үйлестірілуіне байланысты болады», — деді Е. Досаев.

Бірқатар облыстарда биылғы жылдың басынан бастап бағалардың тұрақты түрде жоғары өсімі байқалады. Мысалы, осы жылғы тамызда 5 өңірде инфляция 9%-дан жоғары қалыптасты. Осыған байланысты Ұлттық Банк аталған облыстар үшін инфляцияны тұрақтандырудың арнайы жоспарларын қабылдап, өңірлермен бөлек-бөлек жұмыс жүргізуді ұсынды.  

Шаралар кешеніне қосымша орта мерзімді перспективада Үкімет, Ұлттық Банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі арасындағы Макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы 2021-2023 жылдарға арналған келісімді тиімді іске асыру да инфляцияны орнықты түрде төмендетуге ықпал ететін болады.

Е. Досаевтың афтуныша, бірлескен жұмыстың негізгі бағыттары бюджеттің мұнайға жатпайтын тапшылығын одан әрі төмендету, тауарлар мен қызметтердің шикізатқа жатпайтын экспортының көлемін ұлғайту, сондай-ақ азық-түлік тауарларын тұтынудағы импорт үлесін төмендету болып табылады.

Өз өкілеттіктері шеңберінде Ақша-кредит саясатының 2030 жылғы дейінгі стратегиясына сәйкес шамадан тыс өтімділікті қысқарту үшін Ұлттық Банк 2025 жылға дейін экономиканы қолдаудың мемлекеттік бағдарламаларынан кезең-кезеңімен толық шығуға ниеттеніп отыр.

«Ұлттық Банк баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін дезинфляциялық ақша-кредит саясатын жүргізуді жалғастырады. Үкімет тарапынан ұсынылған инфляцияның монетарлық емес факторларын төмендету шаралары тиімді іске асырылған жағдайда, Ұлттық Банк баға тұрақтылығына қолжеткізуді ескере отырып, ақша-кредит талаптарын жеңілдету жөнінде шешім қабылдауға өзінің дайын екендігін растайды», — деді Е. Досаев. 

 

Жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы 9,9%-ға өсті  Е. Қазанбаев  

«Ішкі нарықта отандық өнімдердің көбеюі есебінен соңғы екі аптада бағалар 0,5%-ға төмендеді. Атап айтқанда, ең жоғары өсу сәтінен бастап картоп бағасы 34%-ға немесе 71 теңгеге, ал сәбіз 41%-ға немесе 122 теңгеге төмендеді», — деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, соңғы апталарда қырыққабат 0,4%-ға, пияз – 0,1%-ға арзандады.

Бағаның ең жоғары өсімі 11,6% – Түркістан облысында, 11,3% – Қызылорда облысында  және 11,3% – Қостанай облысында тіркелді. Ең төмен өсім 9,5% – Алматы қаласында, 9,6% – Алматы облысында және 9,7% – Қарағанды облысында  белгіленді.

Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 10 шілдедегі ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасын орындау мақсатында Инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешеніне әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу бойынша жедел және жүйелі шаралар енгізілді.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру мақсатында Сауда және интеграция министрлігін әлеуметтік маңызы бар тауарлар бағасының өсуін тежеу мәселелерінде бірыңғай үйлестіруді жүзеге асыратын негізгі жауапты мемлекеттік орган ретінде айқындау ұсынылады. Сондай-ақ, Министрлік азық-түлік бағаларын тұрақтандыру мәселелері бойынша салалық мемлекеттік органдар мен ұйымдар арасындағы өзара іс-қимыл регламентінің жобасын әзірледі, оны ҚР Үкіметінің жақын арадағы отырысында бекіту қажет.

Азық-түлік тауарларына мониторинг пен бағалардың неғұрлым сапалы және тиімді жүйесін жүргізу мақсатында Министрліктің мынадай институционалдық күшейтулері ұсынылды.

  • шекті бағалар мен сауда үстемелері мөлшерінің сақталуын бақылау;
  • машиналық технологияларды қолдану арқылы деректерді жинау және өңдеу;
  • тауарлар бойынша болжамдарды қалыптастыру;
  • тұрақтандыру қорларына және «айналым схемасына» қаражатты тиімді бөлу бойынша ұсынымдар беру сияқты функцияларын біріктіру қажет.

«Сауда бойынша аналитикалық платформа құрылды. Оны пилоттық режимде іске қосуға дайынбыз. Платформа онлайн режимінде азық-түлік бағаларына мониторинг жүргізуге және болжамды бағаларды қалыптастыруға мүмкіндік береді. Ал мүдделі мемлекеттік органдардың қолданыстағы базаларымен интеграция жүргізе отырып, платформа бағаның өсу себептері мен оларды тұрақтандыру жолдарын көруге мүмкіндік беретін математикалық модельдерді құруға мүмкіндік береді», — деді Е. Қазанбаев.

Сонымен бірге, сауда саласының жай-күйіне кешенді талдау жүргізу, түпкілікті тұтынушыға дейін бүкіл тізбек бойынша тауарларға баға белгілеу үрдістерін анықтау мүмкін болады. Бұл жұмыс Үкіметтің цифрлық кеңсесі аясында жүргізіледі.

Осы платформаға әкімдіктердің ахуалдық орталықтары да қосылатын болады, бұл әрбір өңірдегі баға бойынша жағдайды жедел режимде мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Сауда саласындағы мемлекеттік саясаттың негізгі міндеті – кешенді сауда-логистикалық инфрақұрылым құру арқылы өндірушіден тұтынушыға дейінгі сауда-өткізу тізбегін құру болып табылады.

Ұлттық тауар өткізу жүйесін құрудың бірінші кезеңі шеңберінде Қазынашылық комитетінде тіркелген, Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шарты жасалды. Қазір жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. 2022 жылғы қаңтарға дейін 2 көтерме тарату орталығын жаңғыртып тапсыру жоспарланып отыр. Қалған терме тарату орталықтарының құрылысын 2022 жылдың қаңтар айында бастап, тамыз айына дейін аяқтау жоспарланып отыр.

Екінші кезеңде 17 көтерме тарату орталығын салу жоспарлануда. Жеке әріптеспен бірлесіп, маркетингтік талдау жүргізілді, жер учаскелерінің 70%-ы анықталды және оларды бөлу бойынша рәсімдер басталды. Екінші кезең бойынша Мемлекеттік-жекешелік әріптестік шартын жасасу 2022 жылғы сәуірде, ал пайдалануға тапсыру 2024 жылғы тамызда жоспарлануда.

 

Бағаны тұрақтандыру үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет — А. Сапаров

Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі Айдарбек Сапаровтың хабарлауынша, инфляцияға қарсы ден қою шараларының кешені жобасында ҚР АШМ 11 жедел мерзімді және 8 орта мерзімді іс-шараларды орындауды айқындады.

Бұл – әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру үшін басым дақылдардың егіс алаңдарын, көкөніс сақтау қуаттарын көбейту шараларын қабылдау. 

Шикізат қорын дамыту үшін «Азық-түлік келісімшарт корпорациясы» ҰК» АҚ негізінде тұрақты жұмыс істейтін жемдік астық қорын қалыптастыруды, сондай-ақ, жемдік астық және ірі азықты әкетуге уақытша сандық шектеулер (квота) немесе тыйым салуды көздейтін Азық өндірісін дамыту жөніндегі жол картасы әзірленетін болады.

«Бағаны тұрақтандыру үшін, ең алдымен, болжам негізінде бағаның ең көп өсуі күтілетін тауарлардың нақты түрлерін сатып алу үшін тұрақтандыру қорларының жұмыс принципін қайта қарау қажет. Маусымаралық кезеңде (қаңтардан мамырға дейін) өңірлердің тұрақтандыру қорларында картоп, сәбіз, қырыққабат және пияз бойынша қала халқы, қарақұмық жармасы мен күнбағыс майы бойынша бүкіл халық қажеттілігінің  30%-ы көлемінде 5 айлық қор қалыптастыру ұсынылады», — деді А. Сапаров.

Есептік деректер бойынша республика бойынша картоп пен көкөністерді сатып алу көлемі 229 мың тоннаны, сондай-ақ қарақұмық жармасы 17,6 мың тоннаны және күнбағыс майы 28,5 мың тоннаны құрайды.

Дайын өнімді алу үшін «Азық-түлік келісім шарт корпорациясы» ҰК» АҚ жоспарланған тұрақтандыру қорларының 10% мөлшерінде күнбағыс пен қарақұмықтың қосымша көлемін, сондай-ақ шамамен 4 мың тонна қант қорын қалыптастырады.

«Бұл ретте, Азық-түлік корпорациясымен форвардтық сатып алу шеңберінде 9 150 тонна күнбағыс және 691 тонна қарақұмыққа келісімшарт жасалды. Қарақұмық, күнбағыс, қанттың қалған көлемі нарықта тікелей сатып алу жолымен алынады», — деді ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі.

 

АИ-92 маркалы бензинді сату нарығында тұрақтылық  байқалады — С. Жұманғарин

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы Серік Жұманғарин бағаны төмендету және тұрақтандыру бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтып берді. 

«Бәсекелестікке қарсы келісілген әрекеттер және үстем немесе монополиялық жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша бағаларды төмендету туралы 60 хабарлама шығарылды. Оның ішінде, 50-і азық-түлік тауарларына бағаларды 5%-дан 10%-ға дейін төмендетті. 8 тергеп-тексеру жұмыстары басталды», — деді ол.

Сонымен қатар, оның айтуынша, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлар бағаларының өсуінің апта сайынғы серпіні 0,6%-дан минус 0,2%-ға дейін төмендеді.

Мемлекет басшысының көтерме сауда нарығына басты назар аудара отырып, азық-түлік тауарларының барлық бағалары бойынша делдалдық схемаларды тексеру туралы тапсырмасын орындау шеңберінде 13 тауарлық позиция бойынша жұмыс жүргізілуде.

Ритейл нарығын талдау шеңберінде сауда үстемеақысының негізділігін кешенді түрде тексерілуі басталды. Сауда желілерінің әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемеақысын 15%-дан асырғандығы бойынша 25 факті анықталды, осыған орай жергілікті атқарушы органдарға жауапкершілікке тарту үшін материалдар жіберілді.  

Бағалық сөз байласу және үстем жағдайды теріс пайдалану белгілері бойынша 10 сауда желісіне қатысты шаралар қабылданды. Сауда желілеріне қатысты жұмыс жалғасуда.

Ең ірі республикалық желі Магнум («Magnum Cash@Carry» ЖШС) өзіне әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына сауда үстемесін 15%-дан 10%-ға дейін төмендету туралы міндеттеме алды.   

«Агенттік ай сайын қауымдастық өкілдерімен және азық-түлік тауарларының ірі өндірушілерімен кездесу өткізуде. Кездесу барысында осы жылдың соңына дейін бағаларды өсіруге себептердің жоқ екендігі туралы уағдаластыққа қол жеткізілді, ал тауық жұмыртқасына бағалар маусымаралық кезеңнен кейін жыл басындағы деңгейде болады», — деді С. Жұманғарин.

Жанар-жағармай бағасы бойынша, бүгінгі таңда АИ-92 маркалы бензинді сату нарығында тұрақтылық  байқалады. Ірі желілердің сату бағасы 175 тг/л аспайды.

Агенттік өңірлік бензин сатушыларға және 3 ірі желілеріне 14 хабарлама жолдады. Барлық хабарламалар орындалды. Жалпы, республикада бензин бағасының төмендеуі орта есеппен 3% құрады. Бүгінгі күні ірі желілердің сату бағасы 200 тг/л-ден аспайды.

Агенттік өңірлік дизель отынын бөлшек саудада өткізушілерге 19 хабарлама және 4 ірі желіге: «Газпромнефть-Казахстан» ЖШС, «Petro retail» ЖШС, «Синоил» ЖШС, «Гелиос» ЖШС шығарды. Барлық хабарламалар орындалды.

Сонымен қатар, ағымдағы жылғы 1 шілдеден бастап дизель отынына акциз 540-тан 9 300 тг/т дейін өскенін атап өткен жөн, бұл бағаға орта есеппен литріне 8 теңгеге дейін әсерін тигізеді.

ҚР Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігінің төрағасы сонымен қатар тұрғын үй құрылысы нарығындағы ағымдағы жұмыс жайлы айтып берді.  Бүгінгі таңда кезде бастапқы тұрғын үйге бағалар 3%-дан 0,4%-ға дейін, сондай-ақ қайталама тұрғын үйге 5%-дан 1,1%-ға дейін төмендегені байқалды.

Хабарламаны орындау шеңберінде «РАМС-Казахстан» компаниялар тобы бағаларды Алматы қаласында бірқатар тұрғын үй кешенінен шаршы метр үшін 15%-ға немесе 90 мың теңгеге дейін, «BAZIS-A» компаниясы Алматы қаласында тұрғын үй кешендеріне шаршы метр үшін 20 мың теңгеге дейін, «BI Group» Нұр-Сұлтан қаласының 51 тұрғын үйінде бастапқы тұрғын үйге орта есеппен 8%-ға, Алматы қ.- 11 %-ға, Шымкент қ. - 3%-ға, Атырау қ. - 4%-ға төмендетті. Басқа құрылыс салушылар да хабарламаларды орындап, бағаларды орта есеппен 15-20%-ға төмендетті. Бағалардың төмендеу пайызы орта есеппен 9%, төмендеу серпіні – шаршы метрге 10 000-ден 125 000 теңгеге дейін.

Сондай-ақ бүгінгі күні құрылыс компанияларымен бәсекелестікті қорғау саласындағы заңнаманың нормаларын сақтау туралы 7 монополияға қарсы комплаенс актісі жасалды.

Құрылыс материалдары нарығындағы ағымдағы жұмыс жайлы айта отырып, Серік Жұманғарин жыл басынан бері отандық құрылыс материалдары бағасының өсуі 25% құрағанын жеткізді. Бұл ретте, құрылыс материалдары бағаларының өсу қарқынының өзгеру үрдісі байқалады.

Құрылыс материалдары бағасының негізгі өсуі сыртқы нарықтардағы баға жағдайымен негізделген. Бұл өзгерістер арматура, кабель, профлист, шыны және т. б. құнына әсер етті.

Бағаның өсуінің негізінде электр энергиясына тарифтердің орташа 12%-ға, жанар-жағар майдың 15%-ға, энергетикалық көмірдің 10%-ға, теміржол тасымалдарының 18%-ға өсуі сияқты объективті факторлар бар, олар отандық өндірістің құрылыс материалдары бағасының өсуіне тікелей әсер етті. Құрылыс материалдарының өзіндік құнындағы осы шығындардың үлесі 15-тен 30%-ға дейін құрайды.

Бағаны көтерудің негізділігін қарау және сөз байласу белгілерін белгілеу мақсатында құрылыс материалдарының 25 түрі (кірпіш, бетон, арматура, цемент және т.б.) бойынша құрылыс материалдары нарықтарындағы бәсекелестіктің жай-күйіне талдау жүргізілуде. Бұзушылық белгілерін жою және бағаны төмендету қажеттілігі туралы 75 хабарлама жолданды.  

Бүгінгі таңда 42 компания хабарламаны орындады, оның ішінде 35 компания бағаның төмендеуімен: арматураға – 25%, цементке – 10%, бетонға – 10%, полиэтиленді құбырларға – 6%, кабельге – 5%-дан 14%-ға дейін, кірпішке – 3%. 10 тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.  

Монополияға қарсы бақылау шараларының нәтижесінде республика бойынша баға өсуінің ай сайынғы тренді маусым айындағы 4,2%-дан шілде айында 1,7%-ға дейін төмендетілді. Цемент, кірпіш, қиыршық тас, бетон және темір бетон бұйымдарын өндірушілермен және жеткізушілермен 10 монополияға қарсы комплаенс жасалды. 

«Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары, жанар-жағармай және құрылыс материалдары нарықтарынан басқа, бұл ұялы байланыс, интернет қызметтері, дәрілік заттар, медициналық бұйымдар, зертхана қызметтері, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, домофондар, лифт, басқарушы компаниялар, биллингтік қызметтер нарықтары. Агенттік барлық әлеуметтік маңызы бар тауар нарықтары бойынша тексеру іс-шараларының жаңа кешені басталғанын хабарлайды. Төлем ұйымдары қызметтерінің бағаларын, әсіресе, коммуналдық қызметтерге, мемлекеттік монополиялар қызметтеріне, мемлекеттік және жекеше операторлардың қызметтеріне ақша аудару кезінде төмендету бойынша шаралар қабылданатын болады», — деді С. Жұманғарин.

Шағымдардың көптігіне байланысты, мұнай өнімдерін, сұйытылған газ, электр энергиясын өткізу кезінде тауар биржаларын қоса алғанда, барлық маңызды жұмыс істеп тұрған сауда алаңдары бағалық сөз байласу және сауда-саттыққа қол жеткізуді шектеу тұрғысынан тексеріледі.    

Осылайша, халық үшін барлық маңызды тауар нарықтарында бағаларды кешенді төмендету жұмыстары жалғастырылатын болады.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу