Қазақстан экономикасын әртараптандыру АӨК әлеуетін ашу, индустрияландыру және сапалы цифрландыруды жүргізу арқылы іске асырылады

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкімет, Ұлттық Банк және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің арасындағы 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім қаралды. 

Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев атап өткендей, халықтың өмір сүру деңгейі мен әл-ауқатын арттыруда экономиканың сапалы және тұрақты дамуын қамтамасыз ету елдің әлеуметтік-экономикалық саясатының ең негізгі басымдығы болып қала береді.

Бұл ақша-кредит, салық-бюджет және құрылымдық саясаттарды, сондай-ақ қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіруді талап етеді.

Осыған байланысты, Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту агенттігінің келісілген іс-қимылын қамтамасыз ету үшін 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісім әзірленді.

Келісімде тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізу, экономиканы қолдау, сондай-ақ  сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеу жөніндегі тараптардың бірлескен қызметінің қағидалары мен негізгі бағыттары белгіленген.

Министр Үкімет экономиканың тұрақты және теңдестірілген  өсуін қамтамасыз ету жөніндегі мақсатты іске асыру кезінде жұмыстың мынадай басым бағыттарына бағдарланатынын атап өтті.

Бірінші кезекте, төмен инфляция, қаржы жүйесінің тұрақтылығы мен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді қамтамасыз ете отырып, іскерлік белсенділікті ынталандыру үшін контрциклдік макроэкономикалық саясат іске асырылады.

«Жаңа экономикалық шынайы уақыт кезеңінде экономиканың сапалы және тұрақты дамуы үшін жағдай жасайтын жаңа институционалдық тірек  қалыптастырылатын болады. Қосылған құнның  жобалау, өндіру және тауарды сатуға дейінгі барлық кезеңі, өңірлік және жаһандық тізбектеріне кірістіріп, бәсекеге қабілетті шикізаттық емес секторға негізделе отыра, экономиканың жаңа құрылымын қалыптастыру жөнінде шаралар қабылданады», — деді ұлттық экономика министрі. 

Экономиканы әртараптандыру агроөнеркәсіптік кешеннің әлеуетін ашу, тиімді кәсіпорындардың дамуын ынталандыру үшін бизнесті қолдаудың жанама құралдарына көшуді ескере отырып индустрияландыру, сондай-ақ сапалы цифрландыруды жүргізу арқылы іске асырылады.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, инвестицияларды мақсатты түрде тарту шеңберінде жаңа инвестициялық циклді іске қосу үшін қосылған құн тізбегінің әрбір кезеңінде капитал ұстаушылармен тікелей жұмыс жүзеге асырылатын болады.

Төлем балансының теңдестірілгенін қолдауға бағытталған алдын-ала сыртқы сауда саясатын жүргізуге қамтамасыз етеді. 

«Үкімет елімізде бизнесті жүргізу және дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған кәсіпкерлікті дамыту Тұжырымдамасын әзірлейтін болады. Кәсіпкерлік қызметті ынталандыру үшін шұғыл шаралар пакеті шеңберінде Үкімет бизнес субъектілеріне әкімшілік жүктемені азайтуды көздейтін реттеу саясатын түбегейлі оңайлатуды ұйғарып отыр», — деді ұлттық экономика министрі.

Салық-бюджет саясатының басты мақсаты ретінде Ұлттық қор қаражатын пайдалануды қысқарту, мұнайсыз сектордан түсетін кірістердің өсуін ынталандыру және бюджет шығыстарының тиімділігін арттыру есебінен мұнайсыз тапшылықты азайту сақталатын болады.

Жоспарланған барлық шараларды іске асырудың нәтижесі 2023 жылға қарай Nur Otan партиясының «Өзгеру жолы: барлығына лайықты өмір!» Сайлауалды бағдарламасын орындау жөніндегі Жол картасында көзделген индикаторларға қол жеткізетін жетістігі  болады. 

Осы Келісім Үкіметтің, Ұлттық Банктің және Қаржы нарығын реттеу мен дамыту жөніндегі агенттіктің экономикалық өсуді қалпына келтіруге, экономиканы ауқымды, терең трансформациялауды жүзеге асыруға және тиімді макроэкономикалық саясатты жүргізуге бағытталған іс-қимылдарын үйлестіруге мүмкіндік береді.

«Келісімді сапалы және уақтылы іске асыру мақсатында нақты шаралар мен бекітілген көрсеткіштері бар Жол картасы қалыптастырылды. Мониторинг нәтижелерінің негізінде Келісім жыл сайын үздіксіз негізде жандандырылатын болады. Қаулы жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен келісілді», — деді Ә. Ерғалиев. 

Ұлттық Банк төрағасы Ерболат Досаев Ұлттық Банк 2021-2023 жылдарға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру туралы келісімге қол қою бойынша бастаманы қолдайтынын айтты.

Келісімде ақша-кредит, салық-бюджет саясатын және құрылымдық саясатты, сондай-ақ орнықты экономикалық өсу, жұмыспен қамту және баға тұрақтылығы бойынша мақсатқа қол жеткізу үшін қаржы секторын дамыту саясатын үйлестіру мақсатында 3 мүдделі тараптың бірлескен міндеттемелері көзделді.

Ұлттық Банктің қызметі инфляцияны біртіндеп төмендетуге бағытталатын болады, бұл экономикадағы белгісіздікті төмендетеді және ұлттық валютадағы ұзақ мерзімді жинақтардың тартымдылығын қамтамасыз ете отырып және бизнеске ұзақ мерзімді инвестицияларды жоспарлауға мүмкіндік бере отырып, оның тұрақты өсуіне ықпал етеді.

«Ақша-кредит саясатының тиімділігін арттыру үшін Ұлттық Банк өтімділікті реттеу тиімділігін арттыру бойынша шаралар қабылдайды. Үкіметпен мемлекеттік бағалы қағаздар (МБҚ) нарығын дамыту жөніндегі бірлескен шаралар экономиканың қажеттіліктері үшін нарықтағы өтімділікті тиімді пайдалануға ықпал ететін болады. Өтімділікті тиімді байланыстыру бағамға және инфляцияға қысымды төмендете отырып, қаражаттың валюта нарығына әкетілуін болдырмайды», — деді Е. Досаев. 

Фискалдық саясаттың контрциклдылығын арттыру шеңберінде Үкімет Ұлттық Банкпен бірлесіп 2022 жылдан бастап фискалдық тәртіпті және экономиканың сыртқы күтілмеген өзгерістерге бейімділігін арттыратын жаңа бюджеттік қағидаларды енгізуді қамтамасыз етеді.

Е. Досаев атап өткендей, Ұлттық Банк қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз етуге және қаржы секторын дамытуға жәрдем көрсететін болады.

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша 2022 жылдан бастап ұлттық тауар өткізу жүйесімен одан әрі ықпалдастыра отырып, әлеуметтік әмиянды енгізу жоспарлануда. Мезеттік төлемдер жүйесін дамыту арқылы ұлттық төлем жүйесін құру және Төлем карточкаларының банкаралық жүйесін ұйымдастыру жұмысы жалғасады. Бұл халық пен бизнес үшін транзакциялық шығындарды төмендетуге, қаржылық қызметтердің қолжетімділігін арттыруға және қаржы нарығындағы бәсекелестікті кеңейтуге мүмкіндік береді», — деп түйіндеді Ұлттық Банк төрағасы.

ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова Агенттіктің қаржы нарығын дамыту мәселелері бойынша негізгі орындаушы болып табылатынын айтты.  

Агенттік қаржы жүйесінің ұзақ мерзімді тұрақтылығын, оның ішінде тәуекелге бағдарланған қадағалау құралдарын одан әрі кеңейту арқылы қамтамасыз етеді. Банк жүйесінің тұрақтылығын қамтамасыз ету және бизнесті кредиттеу үшін 2020 жылы енгізілген пруденциялық реттеудің уақытша шаралары қайта қаралады.  

«Қаржы нарығын дамытудың орта мерзімді перспективадағы стратегиялық бағыттарын айқындау үшін ағымдағы жылы Қаржы секторын дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы әзірленеді», — деді М. Әбілқасымова. 

Жұмыс істемейтін активтердің өтімді нарығын құру мақсатында құқықтық және салық кедергілерін жою үшін, сондай-ақ стрестік активтер нарығына жеке басқарушы компанияларды тарту үшін  заңнамалық түзетулер әзірленеді. 

Қор нарығына жергілікті және шетелдік жеке инвесторларды кеңінен тарту үшін Халықтық IPO форматының тәсілдері айқындалады. Шағын және орта капиталы бар жеке қазақстандық эмитенттер санын ұлғайту міндеті тұр. Ол үшін Агенттік салықтық және өзге де талаптарды әзірлейді.  

Компаниялардың қор нарығына шығуы үшін компаниялардың ашықтығы мен корпоративтік басқару сапасын арттыру жүйелік шара болып табылады. Осы мақсатта Үкіметпен бірлесіп биыл Ұлттық корпоративтік басқару кодексі дайындалады. 

Өз кезегінде Премьер-Министрдің Бірінші орынбасары Әлихан Смайылов Келісімнің алдағы 3 жылға арналған макроэкономикалық саясат шараларын үйлестіру мақсатында әзірленгенін айтты.

«Үкіметтің экономикалық саясатының ақша-кредит саясатымен және қаржы секторын реттеу саясатымен үндестірілуі өте маңызды. Олар еліміздің үдемелі әлеуметтік-экономикалық дамуына, оны қолдау мен сыртқы және ішкі ортаның өзгерген жағдайларына бейімдеуге барынша оң ықпал беру үшін өзара байланысуы және бір-бірін толықтырып отыруы тиіс», — деді Ә. Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу