Форвардтық сатып алу шеңберінде сатып алынатын өнім тізбесі 9 ауыл шаруашылығы дақылына дейін кеңейтілді — ҚР АШМ

ҚР ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында көктемгі егіс жұмыстарына дайындық барысы туралы баяндады.

С. Омаровтың айтуынша, министрлік Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мақсатында егіс алаңдарын әртараптандыру және рентабельділігі жоғары дақылдарды өндіруге көшу жұмысын жалғастырып жатыр.

Мәселен, 2021 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарын 22,8 млн га егу жоспарланған. Бұл 2020 жылға қарағанда 186,6 мың га немесе 0,8% көп. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдарды 15,8 млн га алқапқа егу жоспарлануда.

Майлы дақылдардың болжамды алаңы 3 млн га құрайды.  Бұл өткен жылғы деңгейден 63,0 мың га көп. Азықтық дақылдар 3,4 млн га құрайды. Көкөніс-бақша дақылдарының алаңы өткен жылғыдан 16,0 мың га асып, 280 мың гектарды құрайды.

«Биыл 10 наурызда облыстар әкімдіктері мен қаржы институттарының қатысуымен көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге дайындық мәселесі жөнінде кеңес өткізілді. Онда жергілікті атқарушы органдардың әлеуметтік маңызы бар дақылдар алаңдарын ұлғайту мәселесіне жіті көңіл бөлмей отырғаны атап өтілді. Кеңес қорытындысы бойынша облыстық әкімдіктерге қарақұмық, картоп алаңдарын ұлғайту қажеттігі туралы хаттар жіберілді. Мәселен, жергілікті атқарушы органдарға қарақұмықтың бұрын жоспарланған алаңын 89 мың га орнына 103 мың га дейін, картопты 197 мың га орнына 209 мың га дейін ұлғайту ұсынылды», — деді С. Омаров.

Биыл 29 наурыздағы жағдай бойынша Алматы, Жамбыл, Қызылорда және Түркістан облыстарында ауыл шаруашылығы дақылдары егіліп жатыр. Атап айтқанда: 

  • 67,7 мың га жаздық масақты дәнді дақылдар;
  • 6,5 мың га картоп;
  • 10,3 мың га көкөніс дақылдары;
  • 18,7 мың га көпжылдық шөптер егілді.

Облыстар әкімдіктерінің ақпараты бойынша, бүгінгі күні 2,4 млн тонна тұқым себілген, бұл жоспардың 100,2%-ын құрайды.

2021 жылы тұқым шаруашылығын қолдауға  11,8 млрд теңге бөлінді, бұл минералды тыңайтқыштарды қолдануды 3,3% арттыруға мүмкіндік береді.

Облыстар әкімдіктерінің жедел ақпараты бойынша бүгінгі күні республика диқандарына көктемгі дала жұмыстарын жүргізу үшін 117,6 мың тонна минералды тыңайтқыш жеткізілген. 

«Бүгінгі таңда Алматы, Жамбыл, Қостанай және Түркістан облыстарында субсидиялауға арналған өтінімдер қабылдау жүргізілуде. Жақын аралықта Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстарында өтінімдер қабылдау басталады. Қалған өңірлерде субсидиялар тізбелері мен нормаларын бекіту жұмыстары аяқталуға жақын», — деді ауыл шаруашылығы министрі.

2021 жылға пестицидтерді субсидиялауға облыстардың жергілікті бюджеттерінде 30,6 млрд теңге көзделген, бұл пестицидтерді сатып алуды 15,8% арттыруға және қолайлы фитосанитарлық жағдайды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. 

Егіс науқанын жүргізу үшін ауыл шаруашылығы құралымдарында 141,7 мың трактор, 73,2 мың тұқымсепкіш, 221,2 мың топырақ өңдеу құралы бар.

Бір мезгілде бірнеше технологиялық операцияны орындайтын қазіргі заманғы егіс кешендері 4,3 мың бірлікке дейін ұлғайды. Бұған ауыл шаруашылығы техникасын сатып алу кезіндегі мемлекеттік қолдаудың тиімді шаралары ықпал етті.

«ҚазАгроҚаржы» АҚ ақпараты бойынша биыл жыл басынан бері  24 млрд теңге сомасына 1 112 техника, оның ішінде 458 трактор, 28 комбайн және 626 өзге де техника қаржыландырылды.

Биыл 29 наурыздағы жағдай бойынша көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге ауыл шаруашылығы техникасының дайындығы 97% құрайды.

Техниканы дайындау жоспарлы режимде жүзеге асырылып жатыр. Жаппай жұмыс жүргізу алдында техника дайындығы 100% құрайды.

Биыл Энергетика министрлігінің келісімімен егіс жұмыстарын жүргізу үшін ақпан-маусым айларына шамамен 380 мың тонна дизель отыны бөлінді. 

Қазіргі уақытта облыстардың операторлары мұнай өңдеу зауыттарымен шарттар жасасу және диқандар үшін дизель отынын тиеп-жөнелту рәсімдерін жүргізуде.

Графиктің қолданылу кезеңінде Ауыл шаруашылығы министрлігі Энергетика министрлігімен бірлесіп өңірлерге мұнай өңдеу зауыттарынан дизель отынының тиеп-жөнелтілуіне күн сайын мониторинг жүргізеді.

Көктемгі дала жұмыстарын жүргізуге шамамен 116,8 млрд теңге кредиттік ресурстар бөлінді, оның ішінде агроөнеркәсіптік кешен субъектілерін қолдау жөніндегі іс-шараларды жүргізу үшін «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ республикалық бюджеттен көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын жүргізуге 70 млрд теңге көлемінде бюджеттік кредит бөлді.

Бүгінгі күні «Кең дала» бағдарламасы шеңберінде 48,6 млрд теңге сомасына 1326 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. Тағы 562 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші 10,6 млрд теңге сомасына қаржыландырылу сатысында.

Сонымен қатар «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ кредиттер көлемі 6 млн теңгеден аспайтын көктемгі дала жұмыстарын жүргізуді қаржыландыратынын да атап өту қажет.

Бүгінгі таңда 60-тан астам ұсақ ауыл шаруашылығы тауарын өндірушіге 370 млн теңгеден астам қаражат берілді.

Сондай-ақ Азық-түлік келісімшарт корпорациясы ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүзеге асырады. Жоспарланып отырған сатып алу сомасы 45,3 млрд теңгені құрайды.

Бүгінгі таңда 14,3 млрд теңге сомасына 74 ауыл шаруашылығы тауарын өндіруші қаржыландырылды. 

Биыл форвардтық сатып алу шеңберінде сатып алынатын өнімдер тізбесі ауыл шаруашылығы дақылдары 4-тен 9-ға дейін кеңейтілгенін атап өткен жөн.

Мәселен, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын өндіру және азықтық базаны нығайту үшін бидаймен және арпамен бірге, қарақұмыққа, күнбағысқа және басқа да майлы дақылдарға келісімшарттар жасалады.

ҚР энергетика министрі Нұрлан Ноғаевтың айтуынша, 2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарын жүргізу мақсатында Энергетика министрлігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп, «2021 жылғы дала жұмыстарына дизель отынын жеткізу бойынша облыстарды мұнай өңдеу зауыттарына  бекіту кестесін» әзірледі. Осы кесте шеңберінде ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерге арналған қажеттілік 379 мың тонна көлемінде бекітілді.

Биыл 29 наурыздағы жағдай бойынша аталған кестені іске асыру барысы төмендегідей:

  • ақпан айында жоспарланған 16,6 мың тоннаның 14,8 мың тоннасы, яғни 89,6% тиеп-жөнелтілді;
  • наурыз айында жоспарланған 115,7 мың тоннаның 50,3 мың тоннасы, яғни 43% тиеп-жөнелтілді;
  • сонымен қатар кесте бойынша сәуір айында 107 мың тонна, мамыр айында 125,4 мың тонна және маусым айында 15 мың тонна тиеп-жөнелту жоспарланып отыр.

Тиеп-жөнелту төлемге сәйкес жүргізілуде.

«2021 жылғы көктемгі егіс жұмыстарына арналған дизель отынының бағасы Павлодар  мұнай-химия зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауытында 1 тоннасы үшін 174 мың теңгені, ал Атырау мұнай өңдеу зауытында  1 тоннасы үшін 172 мың теңгені құрайды (ҚҚС-ты қоса алғанда, FCA шарттарында)», — деп атап өтті Энергетика министрлігінің басшысы.

Ауыл шаруашылығы қажеттілігіне арналған дизель отынының құны жанар-жағармай нарығына қатысушылармен келісу бойынша анықталады және оны мұнай өнімдерінің ресурс иелері өз еркімен белгілейді.

Министрліктің бағалауы бойынша, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер үшін дизель отынының бағасы автожанармай құю станциясының бөлшек сауда бағасынан литріне 15-20 теңгеге төмен күтілуде.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың мәліметінше, биыл ауыл шаруашылығы дақылдары 4,3 млн га жерге егіледі.

Егісті  әртараптандыру шеңберінде майлы дақылдар 950 мың га немесе барлық егіс алқабының 22%-ына егілетін болады. 

Қарақұмық алқабы 10 мың га дейін жеткізіледі. 

«Күзде 3 млн га алқапқа жерді жырту жүргізілді, ол ылғал және азот жинауға мүмкіндік берді. Сондай-ақ осындай алқапта қар тоқтату жүргізілді. Өз кезегінде, бұл болашақ егін үшін жақсы құнарландыру болады. Бүгінгі күні топырақтың метрлік қабатындағы өнімді ылғал қоры нормадан артық», — деді СҚО әкімі.

Облыс тұқыммен толық көлемде қамтамасыз етілген. Тұқымды  жаңарту 8,9% жеткізіледі. 

160 мың тонна минералды тыңайтқыш енгізу жоспарланған.

Арамшөпке қарсы қорғаныс іс-шаралары 3,4 млн га жүргізіледі. Техниканың дайындығы 98% құрайды.

Жыл басынан облыс диқаншылары 8,3 млрд теңгеге қосымша 523 бірлік техника және жабдықтар сатып алды. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 47% немесе 1,5 есе артық.

Дизельді отынға қажеттілік 68,2 мың тоннаны құрайды. Жанар-жағармай операторы айқындалды, жеткізу басталды. 

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов көктемгі егіс жұмыстарына дайындық туралы баяндады. Оның айтуынша, биыл облыс бойынша жаздық дақылдарды 4,8 млн га алқапқа егу жоспарлануда. Оның ішінде дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар  3,9 млн га, майлы дақылдар 652 мың га, күнбағыс 80 мың га орналастырыады.

Жарма дақылдарының алқаптары 19,7 мың га дейін ұлғаяды, оның ішінде қарақұмық алқаптары 10,8 мың га дейін ұлғаяды, бұл өткен жылғы деңгейден 4,7 есе жоғары.

Картоп алқаптары тұрғындардың шаруашылықтарын есепке алғанда 11 мың га құрайды (2020 жылы — 9081 га).  

Облысқа 71 мың тонна жеңілдетілген дизель отыны бөлінді. Бұл көлем топырақты өңдеуге және егіс науқанына жеткілікті.

Ауыл шаруашылығы құрылымдарының тұқымға қажеттілігі  530 мың тоннаны құрайды, толық көлемінде қамтамасыз етілген.

«Сапаны тексеруге 398 мың тонна тұқым «ҚазАгрЭкс» АҚ-на тапсырылды, оның 92%-ы тексерілді. Барлық көлемі егіс стандарттарына сәйкес келеді», — деді Қостанай облысының әкімі.

Көктемгі дала жұмыстарына 22,6 мың трактор, 1 мыңнан астам егіс кешені тартылады. Машина-трактор паркінің дайындығы бүгінде 97% құрайды.

«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ облыстың ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерін өткен жылдың деңгейінде кредиттеуді жоспарлап отыр, бұл шамамен — 23 млрд теңге. Бүгінгі таңда шаруашылықтар 22,4 млрд теңге сомасына өтінімдер ұсынды, берілгені — 16,4 млрд теңге.

«Азық-түлік корпорациясы» ұлттық компаниясы» АҚ 9,5 млрд теңге сомасына ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алуды жүргізеді.

Қазіргі уақытта 4,6 млрд теңге сомасына қаржыландыру үшін ауыл шаруашылығы құрылымдарының тізімі бекітілді, осы бағыттағы жұмыс жалғасып жатыр.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу