«Біздің мақсатымыз – бюджетке салмақ түсірмей, инвесторлардың қаражатымен экология проблемаларын шешу» — О. Оразалин

Ақтөбе облысы еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Зауыттар мен фабрикалардың көп болуына байланысты өңірдің экологиясы сын көтермейді. Облыс басшысы Оңдасын Оразалин экология мәселелері қалай шешіліп жатқанын айтып берді. 

Ақтөбе облысындағы ауаның, жер мен судың ластануы секілді күрделі проблемалар бір күнде пайда болған жоқ. Өңірде ауаның ластануына кәріз-тазарту құрылыстарымен қатар, үздіксіз жұмыс істеп тұрған 20-ға жуық кәсіпорын себепкер болып отыр. 

«Өңірімізде соңғы жылдары ауаның ластануына қатысты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Экологияның нашар болуының бірден бір себепткері – «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. ҚР Экология министрлігі жаңа Экологиялық кодекске сәйкес талап қойған соң, «ҚазХром» АҚ өзінің жол картасын бекітіп, ауаға шығарылып жатқан зиянды қалдықтарын азайту жөніндегі бағдарлама қабылдады. Бұл – миллиардтаған қаражатты талап ететін жоба. Алайда келтірілетін шығынды акционерлік қоғам өз жауапкершілігіне алып отыр», — деді облыс әкімі.

Сондай-ақ өңірде ауа сапасының нашарларуына әбден тозығы жеткен кәріз жүйесі себеп болып отыр. Мұндағы кәріз жүйелері сын көтермейді, өз қызметін толық атқармайды. 

«Ақтөбе қаласы көлемі бойынша да, халық саны жағынан да жылдам өсіп келе жатыр. Дегенмен әр проблеманы шешу жолы бар. Қаладағы жағымсыз иісті әзірге химиялық реагенттер мен арнайы бактериялар арқылы бәсеңдетіп отырмыз. Осы бағытта былтырдан бері 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл – уақытша шара. Проблеманы түбегейлі жою үшін кәріз жүйесін жаңадан салуымыз керек», — деді О. Оразалин. 

13-14 мамырда Үкімет басшысы Ақтөбе облысына жасаған жұмыс сапарында жергілікті экобелсенділермен кездесті. Жоспарланған жұмыстар Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылатын болды. Биыл өңірде жобалау жұмыстарымен қатар, мердігер ұйым анықталады. Бұл шамамен 2-3 жылға созылатын ірі жоба болмақ.

Сонымен қатар облыста жер мен судың ластануы да ұзақ тарихы бар мәселе. 

«Суға алты валенттік хром қосындыларының ағуы – өткен ғасырдың 50-жылдары ірі зауыттардың салынуы кезінде жіберілген үлкен қателіктердің бірі. Соның кесірінен Елек өзеніне алты валенттік хром тікелей ағып, суды ауыз су ретінде пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. Биылдан бастап біз жерасты суларының қаншалықты ластанғанын анықтау үшін мониторинг жүргізуді бастаймыз. Аталған жұмыстар көп қаражатты қажет етпейді, алайда ластанған суды кейін залалсыздандыру жұмыстары жаңа технологияларды талап етеді», — деді әкім. 

Тағы бір айта кетерлік проблема, Ақтөбе облысында ауадағы улы газдың концентрациясы нормадан асып кеткен. Қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындар болмағандықтан, қоқыс далада жағылып жатыр.

«Қоқыс полигондарында өрт шығу фактілерінің бары рас. Алайда оларды әдейі өртеп жатқан жоқпыз. Химиялық реакцияларға байланысты қоқыс шіріп, қызу пайда болып, жаз мезгілінде өрт орын алып жатқан жағдайлар жоқ емес. Осындай кездерде қаланы қара түтін басып кетеді. Аталған мәселені жүйелі түрде шешу, біріншіден, коммуналдық шаруашылықпен, қоқысты полигонға жеткізумен айналысатын мердігелердің жұмысына тікелей байланысты. Екіншіден, қоқысты міндетті түрде сұрыптау керек немесе оны тиімді түрде пайдалану керек. Біз қоқыс өртейтін зауыт салуға мүлдем келісім берген жоқпыз», — деп нақтылады облыс әкімі. 

Бүгінде өңірде қалдықтарды сұрыптау мен тиімді пайдалану бойынша жаңа технологияны пайдалану тұрғысынан инвесторлармен жұмыс жүргізіліп жатыр. 

«Бұл бағытта бізге «Жасыл даму» АҚ қолдау көрсетіп, жұмыстар инвесторлардың қаражатымен орындалады. Біздің мақсатымыз – бюджетке салмақ түсірмей, кәсіпкерлер пайда табатындай жағдай жасап, солардың қаражатын пайдалану. Бүгінде шетелдік технологияны пайдаланатын бірнеше кәсіпкер қызығушылық танытып отыр. Менің ойымша, биыл мәселенің оң шешімі табылуы тиіс», — деп түйіндеді О. Оразалин.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу