Экология, ауыз су, жолдар — Ақтөбе облысының әкімі өз өңірі туралы не айтты

Ақтөбе облысы — еліміздің ірі өнеркәсіптік өңірлерінің бірі. Облыста тау-кен өндірісі, химия, машина жасау салалары қарқынды дамып келеді. Сондай-ақ өңір бюджетін қалыптастыруда ауыл шаруашылығының да үлесі мол. Облыста халықтың тұрмыс сапасын арттыру мақсатында ауқымды жобалар жүзеге асырылып жатыр. Дегенмен шешімін таппай отырған күрделі мәселелер де жоқ емес. Өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин Primeminister.kz-ке берген сұхбатында баяндап берді.

 

— Ақтөбе облысының ірі өнеркәсіптік өңір екенін жоғарыда атап өттік. Алайда сол кәсіпорындар ауаның ластануына бірден бір себепкер болып отыр. Өкінішке қарай, Ақтөбе облысы Қазақстандағы экологиясы нашар облыстардың төрттігіне кіреді. Халықты қоршаған ортаның жағдайы алаңдататыны белгілі. Өңір басшылығы экологиялық мәселелерді шешу үшін қандай шаралар қабылдап жатыр? 

— Бүгін біз Үкімет басшысының өңірімізге жасаған іс-сапары аясында кездесіп отырмыз. Премьер-Министрдің облысымызға жұмыс сапары осында қордаланып қалған мәселелерді тезірек шешуге мүмкіндік беріп, жалпы, өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына ерекше серпіліс береді. Бүгін тек жергілікті атқарушы орган емес, орталық мемлекеттік органдармен бірге шешілетін көптеген проблемалық мәселе көтерілді. 

Экология мәселесіне келер болсақ, әр адам баласы сапалы өмір сүріп, денсаулығын күткісі келеді. Ал экология нашар болса, денсаулыққа теріс әсер ететіні сөзсіз. 

Ақтөбе облысындағы ауаның, жер мен судың ластануы секілді күрделі проблемалардың өзіндік тарихы бар. 

Өңірімізде соңғы жылдары ауаның ластануына қатысты зерттеу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде аталған проблемаға облыстағы 20 шақты кәсіпорын қызметінің себеп болып отырғаны анықталды. Соның бірі – «Қазхром» ТҰК» АҚ Ақтөбе ферроқорытпа зауыты. ҚР Экология министрлігі жаңа Экологиялық кодекске сәйкес талап қойған соң, «ҚазХром» АҚ өзінің жол картасын бекітіп, ауаға шығарылып жатқан зиянды қалдықтарын азайту жөніндегі бағдарлама қабылдады. Бұл – миллиардтаған қаражатты талап ететін жоба. Алайда келтірілетін шығынды акционерлік қоғам өз жауапкершілігіне алып отыр.

Сондай-ақ өңірде ауа сапасының нашарларуына әбден тозығы жеткен кәріз жүйесі себеп болып отыр. Қазіргі таңда мұндағы кәріз жүйелері сын көтермейді, өз қызметін толық атқармайды. Оған қоса Ақтөбе қаласы көлемі бойынша да, халық саны жағынан да жылдам өсіп келе жатыр. Тәуелсіздік алған жылдардан бері тұрғындардың саны екі есеге жуық өсті. Дегенмен әр проблеманы шешу жолы бар. Қаладағы жағымсыз иісті әзірге химиялық реагенттер мен арнайы бактериялар арқылы бәсеңдетіп отырмыз. Осы бағытта былтырдан бері 400 млн теңгеге жуық қаражат бөлінді. Бұл – уақытша шара. Проблеманы түбегейлі жою үшін кәріз жүйесін жаңадан салуымыз керек. 

Бүгін Үкімет басшысымен жергілікті экобелсенділер кездесіп, толық бір шешімге келдік. Жоспарланған жұмыстар Еуропа қайта құру және даму банкі арқылы қаржыландырылады. Биыл жобалау жұмыстарымен қатар мердігер ұйымды да анықтаймыз. Бұның біраз қаражатты талап ететін, 2-3 жылға созылатын ірі жоба екенін ұмытпағанымыз жөн.

Сонымен қатар жер мен судың ластануы да ұзақ тарихы бар мәселе. Әсіресе, суға алты валенттік хром қосындыларының ағуы – өткен ғасырдың 50-жылдары ірі зауыттардың салынуы кезінде жіберілген үлкен қателіктердің бірі. Соның кесірінен Елек өзеніне алты валенттік хром тікелей ағып, суды ауыз су ретінде пайдалануға мүмкіндік бермей отыр. 

Биылдан бастап біз жерасты суларының қаншалықты ластанғанын анықтау үшін мониторинг жүргізуді бастаймыз. Аталған жұмыстар көп қаражатты қажет етпейді, алайда ластанған суды кейін залалсыздандыру жұмыстары жаңа технологияларды талап етеді. Бұл проблема осыған дейін Кеңес одағы кезінде де көтерілген, бірақ ол уақытта тиімді технологиялар болмаған. Қазіргі таңда ғылым бір орында тоқтап тұрған жоқ, бізге қажет жаңа технологиялар АҚШ, Еуропа елдерінде қолжетімді. 

Тағы бір айта кетерлік проблема – Алға химия зауытынан бор қалдықтарының таралуы. Қазіргі таңда оның қалдықтарын жою жобасы әзірленіп жатыр. Негізінен, бұл осыған дейін қарастырылған жоба еді, алайда кейбір кемшіліктері үшін қайта түзетуге жіберілген болатын. Бұл жобаны Экология министрлігі тарапынан қаржыландырумен 2023 жылы бастаймыз деп жоспарлап отырмыз. 

Жерлестеріміз көтеріп отырған келесі бір ауқымды мәселе – «Көкжиде» жер асты суларының ірі кен орнының мұнай өнімдерімен ластануы. Қазіргі таңда ең қымбат пайдалы қазбалар мұнай мен газ деп айтатын болсақ, келешекте ең құндысы ауыз су болуы мүмкін. Болашақ ұрпаққа сақталып қалуы тиіс су қоры тек бір Ақтөбе облысын емес, көршілес Атырау және Маңғыстау облыстарын да ауыз сумен толық қамтамасыз етуге қабілетті. Оны сақтап қалу – біздің парызымыз, міндетіміз. 

Осы мақсатта соңғы жылдары үлкен зерттеу жүргіздік, оған жергілікті бюджеттен қаражат бөлінді, республика тарапынан да қолдау көрсетілді. Зерттеуіміздің нәтижесінде жерасты суының қоры азаймағаны, дебиті өте жоғары екені анықталды. «Көкжиденің» айналасындағы көптеген мұнай компаниясының мұнай-газ ұңғымаларын бұрғылау жұмыстары қазіргі таңда суды аса ластамаса да, келешекке үлкен қауіп туғызып отыр. Сол себепті, Экология, Энергетика министрліктерімен бірге су қорының ерекше қорғалатын аймағын белгіледік.

 

— Өңірдің тағы бір проблемасы – ауыз су сапасының нашарлығы. Бұл проблема қалай шешіліп жатыр?

— Мемлекет басшысының 2025 жылға дейін ірілі-ұсақты елді мекендердің барлығын таза ауыз сумен қамтамасыз ету туралы тапсырмасы бар. Ірі елді мекендерде бұрғылау жұмыстары жүргізіліп, тиісті құбырлар салынуда, ал шағын ауылдарда кішірек блок-модульді қондырғылар орнатылып жатыр. Ақтөбе облысына бұл жұмыстар қарқынды жүруде. Біз 2025 жылды күтпей, келесі жылдың аяғына дейін таза ауыз суға мұқтаж елді мекендерді толық сумен қамтамасыз етуді көздеп отырмыз. Ақтөбеде қазіргі таңда ауыз су қоры жеткілікті болса да, тез өсіп келе жатқан қалаға бұл көлемнің жеткіліксіз болу қаупі бар. 

Сондай-ақ бұрыннан пайдаланып келе жатқан Құндақтықырдың жерасты суларын пайдалану және кеңейту, оның қасындағы Сарыбұлақтың суларын іске қосу керек. Оның үстіне Моисеев жерасты су қоры бар. Оларды зерттеу жұмыстарын өз күшімізбен жүргізіп, былтыр аяқтадық. Алдағы уақытта бұрғылау жұмыстарымен қатар, үлкен құбырларды салу, Ақтөбе қаласына жеткізу жоспарланып отыр. Биыл жобалық-сметалық құжаттаманы дайындауды аяқтап, келесі жылы республикалық бюджеттен тиісті қаражат алып, жұмысқа кірісу жоспарда бар.

 

— Облыста қалдықтарды қайта өңдейтін кәсіпорындар болмағандықтан, қоқыс далаға жағылып жатыр. Ауадағы улы газдың концентрациясы нормадан асып кеткен. Ластанған ауаның салдарынан қалада аллергиясы бар адамдар мен демікпеге шалдыққандар саны да артып отыр. Неліктен өңірде қоқыс өңдейтін кәсіпорын салу мүмкін болмай отыр? Мәселе қалай және қашан шешілді?

— Қоқысты жергілікті атқарушы орган тарапынан арнайы өртеп жатқан ешкім жоқ. Ол – заңға қайшы әрекет. Егер кейбір тұрғындар өздерінің аулаларында өртеп жатса, бұл да заңсыз, айыппұл салынатын жағдай. Қоқыс полигондарында өрт шығу фактілерінің бары рас. Алайда оларды әдейі өртеп жатқан жоқпыз. Химиялық реакцияларға байланысты қоқыс шіріп, қызу пайда болып, жаз мезгілінде өрт орын алып жатқан жағдайлар жоқ емес. Осындай кездерде қаланы қара түтін басып кетеді. Біз төтенше жағдайлар департаментінің, өрт сөндірушілердің күшімен өртті сөндіруге біраз уақыт пен күш жұмсадық. Аталған мәселені жүйелі түрде шешу, біріншіден, қаланың коммуналдық мекемелері мен коммуналдық шаруашылықпен, қоқысты полигонға жеткізумен айналысатын мердігелердің жұмысына тікелей байланысты. Екіншіден, қоқысты міндетті түрде сұрыптау керек немесе оны тиімді түрде пайдаланған жөн. 

Біз қоқыс өртейтін зауыт салуға мүлдем келісім берген жоқпыз. Қалдықтарды сұрыптау мен тиімді пайдалану бойынша жаңа технологияны пайдалану тұрғысынан қазіргі таңда инвесторлармен жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұл бағытта бізге «Жасыл даму» АҚ қолдау көрсетіп, жұмыстар инвесторлардың қаражатымен орындалады. Біздің мақсатымыз – бюджетке салмақ түсірмей, кәсіпкерлер пайда табатындай жағдай жасап, солардың қаражатын пайдалану. Бүгінде шетелдік технологияны пайдаланатын бірнеше кәсіпкер қызығушылық танытып отыр. Менің ойымша, биыл мәселенің оң шешімі табылуы тиіс.

 

— Оңдасын Сейілұлы, өңірдегі жолдардың жағдайына келсек. Автомобиль жолдарының бүгінгі таңдағы жағдайы қандай? 

— Біз 2011 жылдан бастап облыс бойынша талдау жасап көрдік. Өңірде 2011-2018 жылдар кезеңінде автожолдарды дамытуға республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан 35,9 млрд теңге бөлінді, бұл 8 жыл ішіндегі үлесті 42%-дан 53%-ға немесе 11%-ға ұлғайтуға мүмкіндік берді.

Бұл ретте, 2019-2021 жылдар кезеңінде республикалық және жергілікті бюджет қаражатынан 36,7 млрд теңге бөлінген болатын.

Қазіргі таңда жолдардың 66,7%-ы қанағаттанарлық жағдайда. Енді биыл республикалық және жергілікті бюджеттен қаражат бөлініп, ортақ мақсатқа жұмсалады. Аталған көрсеткішті 72%-ға дейін жеткізуді көздеп отырмыз. 

Облыс бойынша жол салу жұмыстары қарқынды жүрсе де, тұрғындарымыз қанағаттанбай отыр. Қала жолдарының шешілмеген мәселелері көп. Шалғайдағы тұрғындар да жол мәселесін шешіп беруді сұрайды. Бұл іске ауқымды қаражат бөлініп жатыр. Ол көзге көрінбеуі мүмкін. Облыстың да, ауылдың да проблемасы бір. Бәрінің сапалы өмір сүргісі келеді. Сол себепті біз аудандағы, аудан ішіндегі елді мекендердегі жағдайды жақсарту үшін жұмыс істеп жатырмыз. Қала ішіндегі жолдардың біразын жөндесек те, онда көлік көп шоғырланғандықтан, тұрғындардың талаптары күннен-күнге күшейіп келе жатыр. Менің ойымша, ол – өте дұрыс талаптар. 

Біз көптен бері қолға алынбаған мәселе – аулаларды асфальттауға кірістік. Былтыр 200-ден астам көп қабатты үйдің ауласын асфальттадық. Абаттандыру жұмыстарын жүргіздік, балаларға арналған және спорт алаңдарымен айналыстық. Ол жерлерге асфальт төсемесек, аулада жиналған балшық үлкен көшелерге шығып кетеді. Көшенің бәрі шаң болады. 

Қалада тұрғын үйлер көбейіп жатыр, онымен қоса проблемалар да өсіп жатыр. Ауыр техника жүретіндіктен, тұрақты жол салу қиынға соғады. Техника уақытша жолдың тас-талқанын шығарып жібереді. Осыған байланысты біздің биыл жоспарымыз көп. Оның барлығы қыруар қаражатты талап етеді. Ақша бір жерге жетіп жатса, екінші жерге жетпей қалады. Сол себепті істеп жатқан жұмыстар көрінбей жатуы мүмкін. Дегенмен біз қолда бар мүмкіндікті толық пайдаланып, жұмыс жүргізіп жатырмыз. 

Сынға ұшырайтын тағы бір мәселе – жолдардың сапасы. Бұл орайда біз «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» келісімшартқа қол қойып, жолдардың сапасын қадағалап отырамыз. Соның нәтижесінде біз салынып жатқан жолдардың 20%-ын қабылдаған жоқпыз. Мердігерлердің материалдары сапасыз болып, технология да дұрыс сақталмаған. Енді олар өз қаражаты есебінен сол жағдайды түзетуі керек.

 

— «Ақтөбе-Қандыағаш» – халықты көп күттірген жоба. Жол Ақтөбе мен Атырау қалалары арасындағы қатынасты жақсартады, Астраханға шығуға мүмкіндік береді деп жоспарланған еді. Жұмысты аяқтаудың нақты мерзімдері қандай?

— Негізінен жоба Астраханнан басталып Атырау арқылы облысқа кіреді, яғни Байғанин, Темір аудандары арқылы Мұғалжар ауданына келіп, Ақтөбеге өтеді. «Ақтөбе – Қандыағаш» жолы — жобаның тек бір бөлігі. Жалпы ол жобаның басым көпшілігі аяқталды. Бұған Байғанин, Темір, Мұғалжар аудандарының тұрғындары куә, олар жолды пайдаланып жүр. Қалған жұмыстарды биыл толық бітіреміз. 

Ең көп пайдаланылып, жиі сынға ұшырайтын жол — «Ақтөбе – Қандыағаш» жолы. Бұл жолға қаражат тек былтырдан бастап бөліне бастады. Қазір жұмыстар жоспар бойынша жүріп жатыр. Биыл біз сол жолдың екі жолағын іске қосып, пайдаланатындай етеміз. Бірақ аталған жоба жоспар бойынша келесі жылы аяқталады. Биылдың өзінде Ақтөбеден бастап Қандыағашқа дейінгі жолдың жартысында қозғалысты ашуға болады. Нәтижесін күзге қарай көреміз. 

Өңірге жұмыс сапары барысында Үкімет басшысы сол жолдардағы құрылыс жұмыстарын арнайы барып көрді. Әлихан Смайылов қаржыландыру мәселесін тоқтатпауды тапсырды және жұмыстың аяқталуына байланысты тағы да бірқатар тапсырма берді. Жол тікелей республикалық бюджет есебінен қаржыландырылатындықтан, Үкіметтің бақылауында болады.

 

— Ақтөбе облысы – тұрғын үй құрылысы саласында көш бастап тұрған өңірлердің бірі. Биыл облыста қанша тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланып отыр? Үй кезегіне тұрғандардың мәселесін шешу бағытында тұрғын үйлерге кезекті азайту мәселесі Үкімет деңгейінде көтерілді. Шешімі қандай?

— Біз 3 жыл қатарынан 1 млн-нан астам шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға береміз. Былтыр 1 млн 200 мың шаршы метр тұрғын үй берілді. Оның басым көпшілігі жеке кәсіпкерлердің арқасында жүзеге асырылды. 

Парадокс деп айтуға келмейді, дегенмен неғұрлым көп тұрғын үй салсақ, кезек соғұрлым көбейе түседі. Егер 2020 жылы 23 мың адам кезекте тұрса, қазіргі таңда олардың саны 26 мыңнан асып кетті. Бұған қоса мұқтаж адамдарға үй беруге тиіспіз. 10-15 жылдан бері кезегін күтіп жүрген азаматтар бар. Бұл мәселені тез шешу үшін осындай санаттағы тұрғындарға үйді салмай, сатып алып берейік деген ұсыныс жасадық. Көптеген жеке инвестор жаңа тұрғын үй құрылысымен қарқынды түрде айналысып жүр. Құрылыс жұмыстары кемінде 2-3 жыл уақыт алады, сонымен қатар бұл жағдайда оның сапасына ешкім кепіл бола алмайды. Біз дәл сол сомаға келісім арқылы құрылыс мекемелерінен үй сатып алған жөн деп санаймыз. Онда кезек тезірек жүреді, негізгі талап – 1 шаршы метр 180 мың теңгеден аспауы керек. Ол енді мердігерлермен келісуге байланысты болмақ. Бағасы одан қымбат болса, бюджеттен тағы қосымша ақша берейік деп жоспарлап отырмыз. Осы әдіс арқылы біз кезек мәселесін тезірек шеше аламыз. Осындай жағдай қарастырылса, олар 2-3 жыл үйдің салынуын күтпейді. Оның орнына біз бір жылдың ішінде көптеген пәтер сатып алып, мұқтаж жандарға үлестіреміз. Аталған ұсынысымыз Премьер-Министрдің жұмыс сапарында толық қолдау тапты.

 

— 13 мамырда облысқа жұмыс сапарымен Премьер-Министр келіп, бірқатар өндіріс орнын аралап, өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Үкімет басшысы қандай тапсырмалар берді? Қандай жұмыстар атқарылады?

— Әрине, өңірдің өзекті проблемаларына қатысты тапсырмалар берілді. Оның ішінде экология, жол, тұрғын үй мәселелері және шиеленіскен басқа да күрделі проблемалар бойынша тиісті министрліктерге де нақты тапсырмалар берілді.

Жалпы, Ақтөбе облысында орташа жалақы мөлшері республикалық деңгейден төмен. Оның ішінде өңірдегі мұнай-газ мекемелерінің жұмысшыларының жалақысы өте төмен. Атырау, Маңғыстау облыстарындағы мұнай компанияларында еңбекақы мөлшері біздегіден екі-үш есе жоғары. Басқа мекемелерде де жағдай солай. Біз кен орындарына өз талаптарымызды қойдық. Соның нәтижесінде мұнай-газ компаниялары жыл сайын қызметкерлерінің жалақысын 20-25%-ға дейін арттырып жатыр. Олар жер қойнауын пайдаланушылар ғой. Біз мүмкіндігінше олардың шарттарына өзгерістер енгізіп, бір жылда болмаса да, алдағы уақытта көршілес өңірлердегі мұнайшылардың жалақы мөлшерімен теңестіруді жоспарлап отырмыз. Премьер-Министрдің өңірге жұмыс сапары барысында осы мәселені көтердік және Үкімет тарапынан қолдау тапты. Бұл жергілікті халықтың әл-ауқатын арттыруға, еңбек дауларын болдырмауға және саяси тұрақтылыққа әсер етеді. 

Табысы өте төмен немесе тіптен жоқ болса, оған қоса күнделікті тұтынып отырған азық-түліктің бағасы қымбаттап жатса, әрине, адам баласының наразылығын тудырады. Азық-түлік бағасының негізсіз өсуіне жол бермеуге қатысты Мемлекет басшысының тапсырмасы бар, бұл мәселе де біздің тұрақты бақылауымызға алынған. Дегенмен негізгі мәселе — жерлестеріміздің табысын арттыру. Сол арқылы бұл проблемаларды да шешеміз. 

 

— Жұмыс сапары барысында Әлихан Смайыловқа өңірдің ауыл шаруашылығы саласын дамыту мәселесі таныстырылды. Бүгінгі таңда облыстың агроөнеркәсіптік кешені қалай дамып жатыр? Фермерлердің проблемалары қандай? Өңірдегі азық-түлік қауіпсіздігі бойынша ахуалға тоқталсаңыз.

— Ауылдық жерлерде жеке қосалқы шаруашылық субъектілеріміз бар. Екі-үш сиыр бағып отырған тұрғындарымыз да, сонымен бірге сол ауылдың күтіміне 30 сиырды қосып отырған адамдар да бар. Екі жақтың көзқарасы екі түрлі. 

Жалпы, менің пайымдауымша, өңірде ауыл шаруашылығы саласында кемінде төрт тап бар. Топ деуге де келеді. Жеке қосалқы шаруашылықтармен қатар шаруа қожалықтары бар. Олардың айналысып отырған кәсібіне қарай 60-100-ге дейін ірі қарасы, т. б бар. Сондай-ақ жауапкершілігі шектеулі серіктестіктер бар. Олар 200-300-ге жуық ірі қара мал ұстап, ет немесе сүт өнімдерін шығарумен айналысады. 20-50 мың га жерді алып отырған, мыңдаған жылқысы мен ірі қарасы бар үлкен өндіріс мекемелері де бар. Олардың әрқайсының мүдделері әртүрлі, тіпті кей жерлерде бір-біріне қарама-қайшы.

Біз 2019 жылдан бастап Ауыл шаруашылығы министрлігімен келісе отырып, ауыл шаруашылығын дамыту мақсатында Кешенді жоспар әзірледік. Соның ішінде кәсіпкерлікті ынталандыру мәселесіне келсек, мал азығын дайындау үшін мал басына қаржы, яғни субсидия бөле бастадық. Облыс бойынша миллиардтаған қаржы бөліне бастағалы көлеңкеде жүрген мал шыға бастады. Яғни, әр мал басына ақша төленетін болған соң, осындай жайылымда жүрген малдарды тіркей бастады. Ұсақ малмен де дәл сондай жағдай орын алды. Соның нәтижесінде соңғы екі жыл ішінде кемінде 4 мың шаруа қожалығы жағдайын түзетіп алды. Мал басының көбейгеніне қуанасың, әрине. Бірақ сонымен қатар мал азығы мәселесін шешу керек болады. Біз сол Кешенді жоспар бойынша, Үкімет тарапынан қолдау алып, суармалы жерлерді іске қоса бастадық. Өздеріңіз білесіздер, былтыр көрші облыстарда қуаңшылыққа байланысты жем-шөп тапшылығы орын алып, мал шығыны көп болды. Ақтөбе облысы өңірдегі малдарды аман-есен алып қалумен қоса, көрші облыстарға да көмек көрсете алдық. Жайылым да бердік, шабындық та бердік, мал азығын да жеткіздік. 

Қазіргі таңда ауыл шаруашылығында үлкен жақсы өзгерістер бар. Шетелдік құрал-саймандарды әкеліп, техниканы да жандандырып жатырмыз. Еңбек өнімділігі, жалпы бұл саланың тиімділігі, заманауи технология мен жаңа техникаларға байланысты. Мұның бәрін ауыл шаруашылығы кәсіпкерлері толық түсініп, айналысып жатыр. Өңірге жұмыс сапары кезінде Премьер-Министр ауыл шаруашылығы кәсіпкерлерімен кездесіп, олардың көтерген мәселелеріне жауап беріп, тиісті тапсырмалар берді. Үкімет басшысы келешекте мұндай кездесулер жалғасын табатындығына уәде берді. Біз бұны өңірдегі проблемаларға түсіністікпен қарап, мемлекет тарапынан қолдау көрсеткені деп түсінеміз. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу