Баланы қандай спорт түрлеріне беруге болады — ҚР Мәдениет және спорт министрлігі ұсыныстарын жеткізді

Бұл туралы PrimeMinister.kz сайтына берген эксклюзивті сұхбатында ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің төрағасы Серік Жарасбаев айтып берді. Сонымен, спорттың негізгі үш түрі — жүзу, спорт гимнастикасы және жеңіл атлетика.

ҚР МСМ деректері бойынша, осындай негізгі спорт түрлері — баланың табиғи дене қабілеттерін жақсартудың негізі саналады. Бұл жүгіре алу, жүзу және жақсы координация үшін қозғалыстарды жасай алу және т.б. секілді қажеттіліктер. 2-3 жылдық маманданудан кейін бала өз тілектерін айта бастайды. Өздеріңіз білетіндей, бір спорт түрімен айналысып бастаған балалар кейін басқа спорт түріне ауысып жатады.

«Әдетте ата-аналардың қандай да бір спорт түрін таңдаған кезде, бірден айтатындары: «Мен баламның өз-өзін қорғай алғанын қалаймын». Бала өзін-өзі қорғай алуы үшін, оны бірден боксқа жібеудің қажеті жоқ. Егер ол кез келген спорт түрімен айналыса бастаса, спорт тәртіпке үйретеді, баланың бойында қайсар мінез бен ерікті тәрбиелейді. Өзінің бойына осы қасиеттерді сіңірген кез келген жеңіл атлет, футболшы, жүзуші өзін боксшыдан немесе балуаннан кем ұстамайды», — деді С. Жарасбаев.

Сонымен қатар, Комитет төрағасы өзінен адамдар баланы қандай спорт түріне берген жөн деп сұраған кезде қысқы спорт түрлеріне кеңес беретінін айтты. Атап айтсақ, шаңғы жарыстары, биатлон, мәнерлеп сырғанау, конькимен жүгіру спорты, шорт-трек.

«Бұл спорт түрлері дамудың жаңа сатысында тұр. Біз көптеген құрылыс нысандарын салдық, осы салаға көңіл бөліп жатырмыз. Жағдайдың бәрі жасалып жатыр, барып жаттығыңыздар», — деді С. Жарасбаев.

Сондай-ақ, сұхбат барысында спикер спорт жылының қорытындысын шығарып, осы жылдың соңына дейін жоспарланған ірі шараларды атап өтті. 2018 жыл айтулы шарадан басталды — ақпан айында Кореяда Қысқы Олимпиада ойындары өтті.

«Спортшыларымыз лайықты өнер көрсетті, өткен Олимпиада ойындарынан кем түскен жоқ. Спортшымыз Юлия Галышева қола медаль иеленді», — деп еске түсірді С. Жарасбаев. Сондай-ақ, 2018 жылы қысқы Паралимпиада ойындары өтті, онда Қазақстан тарихында алғаш рет спортшы Александр Колядин алтын паралимпиада медалін иеленді.

Бұған қоса, Қазақстан елордасының 20 жылдығын мерекелеу аясында өткен жылы ауқымды спорт шаралары өтті. Мәселен, ТМД аумағында алғаш рет Триатлон бойынша Әлем кубогы өтті. Жарысқа әлемнің 80-нен астам елінің спортшылары қатысты.

С. Жарасбаевтың айтуынша, 2019 жыл да спорт саласы үшін мазмұнды болмақ: мәдениет және спорт министрінің бұйрығымен еліміздің аумағында өтетін 40-тан астам халықаралық жарыстардың тізімі бекітілді.

Атап айтар болсақ, наурызда Фристайл могул бойынша Шымбұлақ тау шаңғы курортында Әлем кубогының кезеңі өтеді. Сәуірде Барыс Арена кешенінде ірі шара — шайбалы хоккей чемпионатын өткізу жоспарланған. Сондай-ақ, Қазақстанға кезекті рет Триатлон бойынша Әлем кубогын өткізуге құқық берілді. Бұдан өзге, IRONMAN Астана марафонын өткізу көзделген. Қыркүйекте күрестің үш түрі — грек-рим, еркін күрес, әйелдер күресі бойынша лицензиялық Әлем чемпионаты өтеді. Сонымен қатар, Парапауэрлифтинг бойынша Әлем чемпионаты өтпек. Осы жылды тағы бір ауқымды шара — Киокушинкай каратэ KWY бойынша Әлем чемпионатымен аяқтау жоспарда бар. Оған 60-тан астам ел қатысады деп көзделген. Чемпионат өткен жылдың соңында қайта құрылған — Қазақстан Жауынгерлік өнерлер қауымдастығының қолдауымен өткізілмек.

Сондай-ақ, 2019 жыл — олимпиада алдындағы дайындық жылы болатынымен ерекше. Бір жыл бойы қазақстандық спортшылардың алдында 2020 жылы Токиода өтетін Олимпиада ойындарына лицензиялар алу міндеті тұрады. 2020 жылы Жасөспірімдердің қысқы Олимпиадалық ойындары өтеді, оған да спортшылар 2019 жылы лицензиялар алуы тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу