Тұтынушылар заңды чектерін талап етуі керек: МКК азаматтарды көлеңкелі экономикамен күресуге шақырады

PrimeMinister.kz-ке берген сұхбатында ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетінің Цифрландыру және мемлекеттік қызметтер департаменті директорының міндетін атқарушы Заңғар Шындали дәстүрлі аппараттардан жаңартылған бақылау-кассалық машиналарына көшу не үшін қажет екенін және онлайн бақылау-кассалық машиналарын (БКМ) қолдану кәсіпкерлерге қандай артықшылықтар беретінін айтып берді. 

Заңғар Шындалидің айтуынша, онлайн БKM қолдану кәсіпкерлерге белгілі бір артықшылықтарын береді. Мысалы, есеп кітабын автотолтыру жұмысты жеңілдетеді: барлық процедуралар онлайн режимінде өтеді, жүйелер есептеулерді өздері жасайды. Сонымен қатар, бұл тәсіл ашықтықты қамтамасыз етеді. Интернеттегі жұмыс кассаларды мобильді етеді. Бұл үшін қазіргі таңда қосымшалар, сайттар, жеке кабинеттер бар.

«Онлайн, онлайн емес кассалық машиналар деп жатырмыз, бұлардың мақсаттарының бәрі бірдей — ақша айналымдарын бекіту. Онлайн касса ақша айналымын бекітіп, салықтық органдардың базасына мәліметтерді жібереді. Бүгінгі таңда біз 3 млрд-тан астам түбіртекті көріп отырмыз және салықтық есептілік кезеңін күтпей-ақ, ақша аударымының сомасын көріп жатырмыз. Өздеріңіз білесіздер, салық есептілігі жарты жылда немесе бір жыл ішінде бір рет жасалады. Артықшылықтары – салық төлеуші салық органдарына бармай-ақ, онлайн кассаны тіркей алады, яғни оған ақшалай есеп айырысу кітабын толтырудың, сондай-ақ, онлайн кассаға пломба қоюдың қажеті жоқ. Ол мұның барлығын қашықтықтан және фискалдық оператордың сайтында жасай алады. Яғни, біз осылайша салық органдарымен байланысты азайтамыз», — деді З. Шындали. 

Бұған қоса, оның айтуынша, онлайн кассалық аппараттар көлеңкелі экономикамен күрестің бір құрылғысы. Зерттеулерге сәйкес, көлеңкелі экономиканың басым бөлігі сауда-саттықта, қолма қол ақша жүретін жерде болғандықтан, қолма қол ақшаны фискалды етіп жасаудың арқасында көлеңкелі экономика көлемін азайтуға болады. 

«Көлеңкелі экономикамен тек мемлекет емес, тұтынушылар да күресуі керек. Олар өздерінің заңды чектерін талап етуі тиіс. Осы мақсатта жыл сайын соңғы бес жылда біз чек алуға ынталандыратын акциялар өткізіп жүрміз. Келесі жылы кэш-бэк жүйесін іске асырғымыз келеді, онда тұтынушы әрбір чектен бонус алып, оны салықты төлеуге жұмсай алатын болады», — деді З. Шындали.

Онлайн БКМ өткенге дейін кәсіпкерлер алдымен салық органдарында жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға ретінде тіркелуі керек. Одан кейін ол кез келген Халыққа қызмет көрсету орталығынан бақылау-кассалық машиналарды сатып алады немесе мобильді қосымшасын жүктеп алады. Онлайн БКМ-ны компьютер, ноутбук, планшет немесе смартфон арқылы пайдалануға болады. Сатып алғаннан кейін бақылау-кассалық машинаны фискалды деректер операторының сайтында тіркеп, келісімшартқа қол қою қажет, онда фискалдық деректер операторы салық органдарына ақшалай есеп айырысулар туралы ақпаратты беруге құқылы. Әрі қарай, әрбір операция үшін чек алу керек. 

Сондай-ақ, ол 2019 жылы сатып алынған бақылау-кассалық машиналарының сомасының 50%-ын мемлекеттің қайтаратыны туралы норма әрекет етіп тұрғанын еске салды. Аталған норма тек осы жылы ғана жұмыс істеді. Аталған шара салық төлеушілерді онлайн кассаларды сатып алуға ынталандыру мақсатында жүргізілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу