Үкіметте биылғы 7 айдағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің биылғы 7 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылуы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров 2022 жылғы қаңтар-шілдеде ЖІӨ өсімі 3,3%-ды құрағанын хабарлады. Биыл құрылыс (8,6%-ға өсу), байланыс (6,5%-ға), сауда (6,2%-ға), көлік және қоймалау (5,6%-ға), өңдеу өнеркәсібі (4,9%-ға), ауыл шаруашылығы (2,1%-ға) және т.б. оң өсім көрсетуде. 

Осы жылғы қаңтар-маусымда сыртқы сауда тауар айналымы 39,4%-ға өсіп, $63,7 млрд-ты құрады. Оның ішінде экспорт бойынша көрсеткіш 56,3%-ға ($42,2 млрд), ал өңделген тауарлар экспорты – 33,5%-ға ($12 млрд) артты.

Ұлттық банк төрағасының орынбасары Ақылжан Баймағамбетовтың айтуынша, шілдеде жылдық инфляция 15%-ды құрады. Азық-түлік тауарларының бағасы – 19,7%, азық-түлік емес тауарлар – 14,2%, ақылы қызметтер – 9,2%-ға өсті. Шілдеде айлық инфляция 1,1%-ды құрады.

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың мәліметінше, есепті кезеңде мемлекеттік бюджетке 8 трлн 463 млрд теңге сомасында кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) түсті, республикалық бюджетке түскен кірістер (трансферттерді есепке алмағанда) 5,6 трлн теңге шамасында (жоспар 101,3%-ға орындалды) болды, жергілікті бюджеттердің кірістері 2 трлн 864 млрд теңгені (113,3%-ға атқарылды) құрады. Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 98,7%-ға, республикалық бюджеттің шығыстары – 99,6%-ға, жергілікті бюджеттердің шығыстары 98%-ға атқарылды.

Баяндамашыларды тыңдаған Премьер-Министр экономиканың өсуіне негізінен нақты сектор үлес қосып отырғанын атап өтті. 

«Өсу динамикасын сақтап тұру үшін экономиканы одан әрі әртараптандыру, инвестициялық жобаларды іске асыру және жұмыс орындарын құруды күшейтіп, жалғастыру қажет», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысы есепті кезеңде Қарағанды және Солтүстік Қазақстан облыстары мен Шымкент қаласында барлық көрсеткіштер бойынша оң динамика қалыптасып отырғанын айтты. Жауапты мемлекеттік органдар мен өңір әкімдіктері көрсеткіштердің өсуін қамтамасыз ету бойынша жұмысты күшейтуі керек. 

Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу мәселесіне ерекше назар аударып, қанттың қымбаттауы мен тапшылығына қатысы болуы мүмкін компания қызметін тексеруге тапсырма бергенін еске салып өтті. 

«Бұл проблеманың көтерілгеніне біраз болды. Сондықтан мұндай жағдайды жауапты органдар ертерек анықтап, алдын алуы керек», — деді Премьер-Министр.

Әлихан Смайылов инфляцияны тежеу үшін қажетті құралдар бар, мемлекеттік органдар мен әкімдіктер оларды тиімді пайдалануы тиіс екенін айтты.

«Тағы да назар аударатын жағдай – өңірлердегі делдалдық схемаларды тексеру жөніндегі комиссиялардың жұмысын жандандырып, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына баға үстемесінің 15% мөлшерінде болуына және ауыл шаруашылығы өнімдерін форвардтық сатып алу үшін келісім-шарттардың уақытылы жасалуына бақылауды күшейту керек», — деп түйіндеді Премьер-Министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу