Е. Жамаубаев бастаған қазақстандық делегация Жапонияда Орталық Азия инвестициялық форумына қатысып жатыр

Токиода Еуропа қайта құру және даму банкі мен Жапония Үкіметінің шақыруымен қазақстандық делегация Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың басшылығымен Орталық Азия инвестициялық форумына қатысып жатыр.

Форумға Орталық Азия, Моңғолия және Жапония үкіметтерінің өкілдері, Жапонияның іскер топтары мен корпорацияларының басшылары шақырылды.

Осы Форумның пленарлық отырысы барысында Е. Жамаубаев мемлекеттің тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктері, жүргізіліп жатқан экономикалық реформалар, елдегі ағымдағы экономикалық ахуал және Қазақстанның инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін қабылданып жатқан шаралар туралы хабардар етті.

Сондай-ақ Форум алаңында бірқатар елдердің өкілдерімен сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланатын екіжақты кездесулер өтіп жатыр. 

Қазақстандық делегация өкілдері Форумның сараптамалық сессияларына белсенді қатысты.

Форум экономикалық мүдделерді ілгерілетуге және Қазақстанға шетелдік инвестицияларды тартуға серпін береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу