Қазақстан экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отыр

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның биылғы 10 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындысы қаралды.

Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, аталған кезеңде республикада ЖІӨ өсу қарқыны 2,5%-ды құрады. Атап айтқанда, экономиканың нақты секторы 2,8%-ға, қызмет көрсету саласы 1,6%-ға өсті. Салалар арасында ауыл шаруашылығы (8,2%), ақпарат және байланыс (7,1%), құрылыс (5%), өңдеу өнеркәсібі (4,3%), сауда (4,1%), көлік және қоймалау (3,9%) оң динамиканы көрсетіп отыр.

Биылғы қаңтар-қыркүйек айларында елдің сыртқы сауда айналымы 35%-ға өсіп, $98,4 млрд-ты құрады. Экспорт бойынша көрсеткіш 47,5%-ға ($63,8 млрд), өңделген тауарлар экспорты 37,5%-ға ($19,3 млрд) өсті. Импорт $34,6 млрд-ты құрады (16,5%-ға өскен). Жалпы Қазақстанның оң сауда теңгерімі $29,3 млрд-қа жетті (2,2 есе өскен).

Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке 12 трлн 427 млрд теңге кіріс түсті (жоспар 104%-ға орындалды). Атап айтқанда, республикалық бюджет 8,4 трлн теңгеге (102%), жергілікті бюджеттер 4 трлн теңгеге (108,5%) толықтырылды. Мемлекеттік бюджет шығыстары 96,7%-ға, оның ішінде республикалық бюджет шығыстары 98%-ға (14,5 трлн теңге), жергілікті бюджеттер шығыстары 94%-ға (8,1 трлн теңге) орындалды.

Cонымен қатар Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов та баяндама жасады.

Баяндаушыларды тыңдап болған Премьер-Министр бүгінгі таңда ел экономикасы қалыпты өсу қарқынын сақтап отырғанын, нақты сектор экономиканы тұрақтандырудың негізгі факторы ретінде дамудың оң үрдісін көрсетіп отырғанын атап өтті. Атап айтқанда, өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі 4,3%-ға, машина жасау саласындағы өндіріс көлемі 7,7%-ға, ауыл шаруашылығында 8%-дан астамға өсті.

Әлихан Смайыловтың айтуынша, ішкі және сыртқы инвестицияларды тарту – экономикалық өсудің маңызды факторы. Жалпы аталған кезеңде негізгі капиталға инвестициялардың өсуі 6,7%-ды құрап отыр.

«Оның ішінде экономиканың шикізаттық емес салаларына тартылған инвестиция көлемі ұлғайып келеді. Инвестицияның жоғары өсімі жылжымайтын мүлікпен жасалатын операцияларда, сондай-ақ көлік және қоймалау, ауыл шаруашылығы және өнеркәсіпте тіркелді», — деді Премьер-Министр. 

Үкімет басшысы барлық негізгі макрокөрсеткіштер бойынша Қостанай, Ақмола, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Қызылорда облыстарында, Алматы және Шымкент қалаларында өсім бар екенін қоса айтты. Ең төменгі қарқын Ұлытау, Абай және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

Әлихан Смайылов тұрақты даму қарқынын ұстап тұру үшін экономиканы әрі қарай әртараптандыру, инвестиция тарту және тұрақты жұмыс орындарын құру бойынша жұмысты күшейту қажеттігін атап өтті. 

«Өңір әкімдіктері жоспарланған көрсеткіштерді қамтамасыз етіп, инвестиция тарту жұмыстарын жандандыруы қажет. Сондай-ақ инвестициялық жобаларды іске асыруға тұрақты мониторинг жүргізуі тиіс», — деді ол. 

Одан бөлек, Премьер-Министр бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек екенін айтты. Себебі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етіп келеді.

«Бұл, бірінші кезекте, әкімдіктер тарапынан қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін көрсетеді», — деді Әлихан Смайылов.

Сөз соңында Үкімет басшысы өңірлер осы жылдың соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажеттігін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу