Қазақстандағы интернет қызметінің тарифтері ең арзан тарифтер қатарына жатады — А. Жұмағалиев

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанның елді мекендерін кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Асқар Жұмағалиев баяндады.

А. Жұмағалиевтің айтуынша, халқымызды қазіргі заманғы байланыс қызметімен қамтамасыз ету — бұл Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің негізгі міндеттерінің бірі.

2005 жылы елімізде интернетті пайдаланушылар саны 100 тұрғынға шаққанда небәрі 4 адамды, ал сұранысқа аса ие қызметтер топтамасының бағасы 19900 теңгені (128 кб/с үшін ~150$) құраған.

«Елбасы тапсырмаларын уақытылы орындау және жаңа технологиялар мен ең оңтайлы шешімдерді енгізуге бағытталған телекоммуникация саласын дамытудың қабылданған бағдарламаларын іске асырудың нәтижесінде бүгінде долларлық эквиваленттегі тарифтер бірнеше есе төмендеді (19900 теңгеден 3600 теңгеге дейін). Сондай-ақ, Қазақстанда интернет қызметтерінің тарифтері ең төменгі тарифтердің қатарында», — деді А. Жұмағалиев.

Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, жер көлемі үлкен елдермен салыстырғанда Қазақстан интернет қолданушылар саны бойынша сенімді орында түр, мысалы Ресейде интернет қолданушылар ‒ 76%, АҚШ-та ‒ 87,3%, Қытайда ‒ 61,2%, Украинада – 62,5%, Қазақстанда ‒ 84,2% құрайды.

Бүгінде еліміздің 118 қаласы мен 4 235 ауылында тұратын 18 млн халық 3G және/немесе 4G байланыс желілерін қолдану мүмкіндігіне ие.

2018 жылдан бастап, мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында «Ауылдық елді мекендерді талшықты-оптикалық байланыс технологиясы арқылы интернетпен қамтамасыз ету» жобасы іске асырылып жатыр. Бұл жоба 2020 жылдың соңына дейін 1 250 ауылды интернетпен қамтамасыз етуді көздейді, бұл талшықты-оптикалық желінің ұзындығы 20 мың шақырымнан асады.

Осы жылдың 20 сәуіріндегі жағдай бойынша 637 ауылға интернет желісі жеткізілген, қазіргі таңда 613 ауылға интернет қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. 

А. Жұмағалиевтің айтуынша, интернетке халық негізінен 3G және/немесе 4G мобильді байланысы арқылы қосылады. Осыған байланысты, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі 250 және одан көп адам тұратын ауылдарды сапалы интернетпен қамтамасыз ету мақсатында байланыс операторларымен бірге жоспар кестесі бекітәлдә. Қазіргі таңда 600 мың адам тұратын 928 ауылды интернетпен қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған.

Аталған жұмыстардың қорытындысы бойынша интернетпен жалпы 5163 ауыл қамтылады, халықтың 99,3%-ы 3G және/немесе 4G желісімен қамтылады.

«2020 жылдың соңына дейін тек 1178 ауылда интернет қосылмайды, мұнда жалпы тұрғындар саны 130 мыңнан аспайды. Баяндалғанның негізінде, қалған ауылдарды кең жолақты қолжетімділікпен қамтамасыз етуді осы ауылдарды урбанизациялау және аумақтарды өңірлік дамытуды ескере отырып жүргізу орынды деп санаймыз», — деді А. Жұмағалиев.

«Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Қ. Есекеев «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасына сәйкес іске асырылатын «ҚР ауылдық елді мекендерін талшықты-оптикалық байланыс желілері технологиясы бойынша кеңжолақты интернетпен қамтамасыз ету» (АЕМ ТОБЖ) және «250+» жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндады.

«Қазақтелеком» АҚ тобы компанияларының алдында ҚР 828 ауылдық елді мекенінде 2 496 мемлекеттік мекемені интернетпен және деректерді қорғалған түрде таратумен қамту міндеті тұр. Бұл екінші деңгейлі байланыс операторлары үшін ауылдық елді мекендерде интернетке және телефония қызметімен қамтамасыз етуге жағдай жасауға мүмкіндік береді», — деді Қ. Есекеев. 

АЕМ ТОБЖ жобасын іске асыру мерзімі 14 жылды құрайды — 2018 жылдан бастап 2030 жылға дейін.

Жоба аясында 828 ауылдық елді мекенде 14 514 км ТОБЖ салынады және 2 496 мемлекеттік мекеме, оның ішінде мектептер мен ауруханалар қосылады.

Бүгінгі таңда 828 АЕМ-нің 401-і қосылған, сондай-ақ 298 ауылда ТОБЖ құрылысы бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Елбасы тапсырмасы бойынша «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде «Қазақтелеком» АҚ компаниялар тобына кіретін «Кселл» АҚ және «Мобайл телеком-сервис» ЖШС, «Кар-Тел» ЖШС телекоммуникациялық инфрақұрылымды дамыту мақсатында 250+ жобасын іске асыруда.

Сондай-ақ «Транстелеком» АҚ басқарма төрағасы Ж. Надыров, «Кар-Тел» ЖШС атқарушы директоры Е. Настрадин, сондай-ақ Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев және Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов баяндама жасады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу