Коронавирус инфекцияcымен күрес, медициналық ұйымдарды жабдықтау, медицина саласындағы жалақы реформасы — 2020 жылдың қорытындысы бойынша денсаулық сақтау жүйесінің дамуы

Бүгін ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжановтың қатысуымен ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің 2020 жылғы қызметінің қорытындылары мен 2021 жылға арналған міндеттері бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтті. Ведомство жұмысының негізгі нәтижелері туралы ҚР денсаулық сақтау министрі Алексей Цой баяндады.

 

Қазақстан коронавирус инфекциясының таралуына қарсы қалай күресті

Өздеріңіз білетіндей, 2020 жыл коронавирус инфекциясы пандемиясына қарсы іс-қимыл аясында өтті. Сондықтан 2020 жылы денсаулық сақтау министрлігі қызметінің негізгі басымдықтары:

  • коронавирус инфекциясына қарсы іс-қимыл жөніндегі шаралар;
  • санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту;
  • коронавирус инфекциясына қарсы вакцинация;
  • медициналық қызметтердің сапасын арттыру;
  • медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеру;
  • тарифтік саясатты жетілдіру;
  • денсаулық сақтау жүйесіндегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес болды.

Қазақстанда коронавирус инфекциясының таралу хронологиясы және 2020 жылы халықты қорғау үшін қабылданған шаралар келесідей:

- Өткен жылдың 16 наурызында Мемлекет басшысы төтенше жағдай режимін енгізді;

- 2020 жылғы 11 мамырдан бастап коронавирус инфекциясы аурушаңдығының өсуіне байланысты енгізілген қатаң шектеу шараларын жеңілдету басталды. Кейін ауру өсімі өрши түсті.

«Осыған байланысты, 2020 жылдың 5 шілдесінен бастап шектеу шараларын күшейту туралы шешім қабылдадық. Бұл шаралардың енгізілуі республикадағы эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әкелді», — деді А. Цой.

Сондай-ақ, карантин енгізілгеннен кейін инфекцияның таралу қарқындылығын сипаттайтын көрсеткіштің — инфекцияның репродуктивті көрсеткішінің тұрақты төмендеу үрдісі байқалды.

1 тамызда Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру аясында Қазақстан аурулардың халықаралық жіктемесінің жаңа кодтары бойынша COVID-19 жағдайларын тіркеуге және есепке алуға көшті.

Айта кету керек, Қазақстан эпидемиологиялық ахуалды бағалау мен болжаудың бірегей кешенді жүйесін әзірледі. Бұл модель ДДСҰ-ның ҚР-дағы тұрақты өкілдігімен мақұлданды, сондай-ақ ЕО елдерімен бейімделді және көрші мемлекеттер оны жоғары бағалады. Қазақстандық мамандар Қырғыз Республикасындағы әріптестеріне осы әдістеме бойынша оқу жүргізді. 

Сонымен қатар елдегі жағдайдың тұрақтануы аясында Еуропа мен Азияның бірқатар елдерінде 2020 жылдың екінші жартысынан бастап короновирус инфекциясының таралуының күрт өсуі байқалды. Бұл Үкіметтің өткен жылдың шілде-тамыз айларында ҚР-да енгізген шектеу шараларының дер кезінде жүргізілгендігін көрсетеді, бұл вирусты жұқтыру тізбегін айтарлықтай тежеуге және инфекцияның одан әрі таралмауына мүмкіндік берді.

Министрдің айтуынша, қалаларда уақытылы медициналық көмек көрсету үшін 16 модульдік аурухана салынып, 3 жұқпалы аурулар ауруханасы қайта жаңартылды, сондай-ақ 63 амбулаториялық-емханалық ұйым пайдалануға берілді.

«Халықты дәрілік препараттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз ету бойынша шаралар қабылданды. 64 оттегі станциясы пайдалануға берілді, медициналық ұйымдардың ӨЖЖ аппараттарына деген қажеттілігі толық қамтамасыз етілді. 185 аудандық аурухана 100% рентгендік диагностикалық жабдықтармен жабдықталған», — деді А. Цой.

Жедел медициналық көмек қызметі 1 367 бірлік автокөлік сатып алу арқылы күшейтілді, жылжымалы медициналық кешендер паркін 100% жарақтандыруға қол жеткізілді.

 

КВИ-мен күреске тартылған қызметкерлерге 116 млрд теңге көлемінде үстемақы төленді

2020 жылы денсаулық сақтау саласына салынған инвестициялар өсімі 302,5 млрд теңгені құрады, бұл 2019 жылдың көрсеткішінен 2,5 есе жоғары. Эпидемияға қарсы іс-шараларға тартылған медицина қызметкерлеріне материалдық қолдау көрсетілді. КВИ-мен күреске тікелей қатысқан қызметкерлерге 3 қауіптілік тобы бойынша 116 млрд теңге мөлшерінде үстемеақы төленді.

Мемлекет басшысының шешімінің арқасында үстемеақылармен қатар, 9 мыңнан астам ауырған медицина маманы әлеуметтік төлемдер алды. 2020 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға өсті.

А. Цой 2020 жылы санитарлық-эпидемиологиялық қызметті күшейту үшін Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитеті құрылғанын, ҚР Бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің мәртебесі мен өкілеттіктері артқанын еске салды.

«2021 жылдың қаңтарынан бастап мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлердің жалақысы өсті. КВИ және аса қауіпті инфекцияларды диагностикалау үшін 2,9 млрд теңге сомасына 459 бірлік зертханалық жабдық пен 12 бірлік мобильді кешен сатып алынды», — деп хабарлады министр.

Сонымен қатар қызмет инфрақұрылымын жаңғырту және елдің биоқауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жалпы сомасы 55 млрд теңгеге 2022-2025 жылдарға арналған қосымша қажеттілік есебі жүргізілді. Қызметті цифрландыру тұжырымдамасы әзірленді.

«Төтенше жағдай кезінде заманауи қорғаныс құралдарын енгізуді және олардың терроризмге қарсы тұрақтылығын арттыруды қоса алғанда, биологиялық қорғауды қамтамасыз ету жүйелерін жетілдіру қажеттілігі туындады. Осыған байланысты, 2021 жылы біз "Биологиялық қауіпсіздік туралы" заңды әзірлеуіміз керек», — деді денсаулық сақтау министрі.

Бұдан басқа, осы заңды іске асыру шеңберінде бақылау жүйесін жетілдіру үшін халықтың денсаулық жағдайын бағалау, талдау және болжау жүйесін дамыту, қатерлер мен тәуекелдерге ден қою бөлігінде 38 НҚА-ға түзетулер енгізілетін болады.

Еліміздің медициналық жоғары оқу орындарында санитарлық-гигиеналық бейіндегі факультеттер қалпына келтірілді. Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің кадрлық әлеуетін арттыру үшін қайта даярлау және біліктілікті арттыру жүйесі жетілдірілуде.

Қызметті цифрландыру 2025 жылға дейін аяқталады.

Санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің инфрақұрылымын жаңғырту үшін 2022-2024 жылдар кезеңінде Комитеттің аумақтық бөлімшелерінің 54 ғимаратына жөндеу жүргізіледі. 3 зертхананың жаңа ғимараттарын салу және Ұлттық сараптама орталығының 27 ғимаратын жөндеу жоспарланған. Комитеттің аумақтық бөлімшелері үшін 64 бірлік автокөлік сатып алынады.

 

2021 жылы шамамен 6 млн қазақстандық КВИ вакцинасын алады 

«Қазақстанда жеке әзірлеушілердің, сондай-ақ вакциналарды өндіруге арналған жергілікті алаңдардың болуы – бұл вакцинамен қамтамасыз етумен байланысты тәуекелдерді барынша азайту және республикамыздағы эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыруға айтарлықтай әсер ету мүмкіндігі. Осылайша, 2021 жылы біз 6 млн-нан астам адамды вакциналауды жоспарлап отырмыз», — деді А. Цой.

Алқа барысында Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы ресейлік «Спутник V» вакциналары рекордтық қысқа мерзімде сатып алынғанын еске салды. Бүгінде оның өндірісі Қарағанды фармацевтикалық кешенінің базасында жолға қойылған. Отандық тауар өндірушілерге өнім жеткізу бекітілген кестеге сәйкес — осы жылдың 24 ақпанында басталды. Сонымен қатар осы жылдың сәуір айында ҚР БҒМ Ғылым комитетінің Биологиялық қауіпсіздік проблемаларының ғылыми-зерттеу институтының әзірлемесі — «QazCovid-in» отандық өндірісінің вакцинасын қолдану жоспарланған.

Денсаулық сақтау министрлігі профилактикалық егулерді жүргізу, вакцинаны тасымалдау және сақтау кезінде суық тізбек шарттарын сақтау мәселелері бойынша стандартты операциялық рәсімдерді әзірлеп, бекітті. КВИ-ға қарсы вакцинация тактикасы, вакцинацияның қауіпсіздігі мен тиімділігін қамтамасыз ету бойынша 2 мыңнан астам медицина қызметкері оқытылды. 

Егілгендердің есебін жүргізу және иммундық статусын бақылау e-gov mobile «Вакциналау» сервисі және «Цифрлық құжаттар» сервисіндегі вакциналау паспорты арқылы жоспарлануда. Бұл вакцинация көлемін және аурудың болжамын жоспарлауға көмектеседі. Вакцинацияның қолда бар нәтижелерін ескере отырып, осы жылдың екінші жартыжылдығына дейін эпидемиологиялық жағдайдың болжамы әзірленді.

Министр оптимистік және шынайы болжамға сәйкес жаппай вакцинациялау, маска тағу режимін сақтау, сондай-ақ әлеуметтік қашықтықты сақтау елдегі эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыруды қамтамасыз етуі қажет екенін және өзін-өзі оқшаулау мен карантинге балама болатынын атап өтті.

«Бүгінде бүкіл әлем вакциналау ғана бәрімізге үйреншікті өмірге карантинсіз оралуға мүмкіндік беретінін түсінді. Осыған байланысты барлық өңірлер иммунопрофилактика мәселелері бойынша халықпен жүргізілетін ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет», — деп атап өтті А. Цой. 

 

2020 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті құрылды

Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы атап өткендей, денсаулық сақтау жүйесінің сыртқы сын-тегеуріндерге дайындығын қамтамасыз ету үшін ұсынылатын медициналық қызметтердің сапасын арттыру бойынша шаралар қабылдануда. Осы мақсатта денсаулық сақтау субъектілерінің медициналық қызметтер көрсету саласындағы бақылауы күшейтілді. Сондай-ақ, дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы бақылау күшейтілді.

Медициналық қызметтердің сапасын бақылауды институционалдық қамтамасыз ету, сондай-ақ фармацевтикалық бақылауды жүзеге асыру жөніндегі шараларды іске асыру үшін 2020 жылы Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті құрылды.

«2020 жылы Комитет медициналық қызмет көрсету сапасына азаматтардың 3386 өтінішін қарады, 8,5 млн теңгеге 159 денсаулық сақтау субъектісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды, 107 мыңнан астам медицина қызметкері клиникалық қызметке жіберілді, 120 денсаулық сақтау субъектісі аккредиттелді», — деді А. Цой.

Сонымен қатар вакциналарды уақытша тіркеу ережелері әзірленді, дәрілік заттарды, медициналық бұйымдар мен жабдықтарды тіркеу рәсімдері жеделдетілді. Баға мониторингімен 1640 астам дәріхана қамтылды, шекті бағаны асырудың 939 факті анықталды, 1343 субъектіге 181,6 млн теңге сомасында айыппұл салынды. ДЗ-ны заңсыз сатудың 538 фактісі анықталды, заңсыз айналымнан ДЗ мен МБ-ның 10 млн-нан астам орамы алынды. 70 GPP, 44 GDP, 8 GMP сертификаттары берілді.

«2021 жылы біз денсаулық сақтау саласындағы тәуелсіз сарапшылар институтын аккредиттеу рәсімін жетілдіруді жоспарлап отырмыз. COVID-19 бар пациенттерге медициналық көмек көрсететін медициналық ұйымдардың дайындығын бағалау тұрақты негізде жүзеге асырылатын болады. Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыру жалғасатын болады. Дәрілік заттарды ұлттық тіркеуден ЕАЭО ережелері бойынша тіркеуге көшу, сондай-ақ ЕАЭО шеңберінде фармацевтикалық инспекцияларды жүзеге асыру жоспарлануда», — деп мәлімдеді А. Цой.

Пандемия жағдайында медицина қызметкерлері жұмысының нәтижелері тікелей әлеуметтік әсерге ие екендігі белгілі болды, оған нақты адамдардың өмірі ғана емес, сонымен бірге, жалпы алғанда, экономиканың тұрақтылығы да байланысты. Сондықтан медицина қызметкерлерін әлеуметтік қолдау шаралары ел басшылығының ерекше бақылауында.


Медицина қызметкерлерінің жалақысын көтеруге 222 млрд теңгеден астам қаражат қарастырылған

Мемлекет басшысы осы жылдан бастап дәрігерлердің жалақысын кезең-кезеңмен көтеру және 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі жарым есе жоғары деңгейге жеткізу міндетін қойды.

«2021 жылы 247 мың медицина қызметкерінің жалақысын көтеруге 222 млрд теңгеден астам, 2022 жылы – 362 млрд теңге, 2023 жылы – 557 млрд теңге көлемінде шығыстар көзделген. Осылайша, 2021 жылы дәрігерлердің орташа жалақысы шамамен 320 мың теңгені құрайды. 2023 жылы 561 мың теңгеге дейін жеткізіледі. 2021 жылы орта медицина қызметкерлерінің орташа жалақысы 173 мың теңгені құрайды, 2023 жылы 210 мың теңгеге дейін жеткізіледі. Сонымен қатар біз 2022 жылдан бастап денсаулық сақтау ұйымдарының медициналық емес қызметкерлерінің жалақысын көтеру мәселесін пысықтап жатырмыз», — деді А. Цой.

Сондай-ақ 2020 жылы медициналық қызметтерді қаржыландыруды арттыру бойынша шаралар қабылданды. Осылайша, оқушыларға медициналық көмек көрсетуге, сондай-ақ шұғыл медициналық көмек көрсетуге жан басына шаққандағы норматив енгізілді. КТС тыс консультациялық-диагностикалық қызметтердің қолжетімділігі артты.

Тарифтерді 10%-ға көтеру арқылы дәрігерлердің жалақысы 30%-ға, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 20%-ға артты. Осы мақсаттарға қосымша 93 млрд теңге бөлінді. Бағамдық айырмашылықты ескере отырып, тарифтерді жетілдіруге 37,2 млрд теңге бөлінді.

COVID-19 науқастарын емдеу кезінде төсек-күндерге есептегенде стационарлар шығыстарын төлеудің жинақталған тарихи деректерін ескере отырып, клиникалық-шығынды топтар қағидаты бойынша жаңа тарифтер, сондай-ақ COVID-19-бен ауырғаннан кейін медициналық оңалту бойынша тарифтер әзірленді.

Мобильді бригадаларға тариф, қашықтан кеңес беру тарифтері әзірленді. Қаржылық тұрақтылық коэффициентін енгізу арқылы медициналық ұйымдарды қолдау шаралары қабылданды, оның аясында 12 млрд теңге бөлінді, шартты орындаудың сызықтық шкаласы алынып тасталды.

2021 жылы денсаулық сақтау субъектілерінің негізгі құралдарын жаңарту мақсатында 2020-2022 жылдарға арналған ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық қызметтерге тариф белгілеу әдістемесін жетілдірудің жол картасының іс-шараларын іске асыру жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.

Бұдан басқа, қазіргі уақытта жеке қорғану құралдарына арналған шығыстарды өтеу бойынша ұсыныстар дайындалуда.

2021 жылы мамандандырылған, оның ішінде жоғары технологиялық, медициналық көмек көрсетуге ақы төлеу әдістерін, сондай-ақ онкологиялық бейіндегі емделіп шыққан жағдайларда ақы төлеу әдістерін жетілдіру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек тарифтерін қалыптастыру жұмыстары басталды. Пациенттердің ауыру деңгейін ескере отырып, кардиохирургия, миокард инфарктісі, инсульт, травматологиялық және инфекциялық аурулар бойынша тарифтерді пилоттық тестілеуді өткізу жоспарлануда. 

«2022 жылғы 1 қаңтардан бастап жалақының өсуін ескере отырып, медициналық қызметтерге арналған тарифтер қайта қаралады, университеттік клиникалар үшін коэффициенттер, сондай-ақ өңірлермен ұйымдастырушылық-әдістемелік жұмыс үшін ҰО мен ҒЗИ үшін коэффициенттер әзірленеді», — деп атап өтті А. Цой.


Денсаулық сақтау жүйесінде сыбайлас жемқорлықпен күресу үшін 2020 жылы «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесі құрылды

Жобалық кеңсенің міндеттері::

  • тұрмыстық сыбайлас жемқорлықты жою және медициналық ұйымдарда қолайлы жағдай жасау;
  • халықты және медициналық ұйымдарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің мониторингі;
  • ашықтық, транспаренттілік және есептілік қағидаттарында азаматтық қоғаммен ынтымақтастықты қамтамасыз ету;
  • жүргізіліп жатқан жұмыс туралы ақпаратты Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшаға орналастыру.

Сонымен қатар қазіргі уақытта жобалық кеңсе аймақтық денсаулық сақтау басқармаларымен белсенді жұмыс жүргізуде.

Айта кету керек, 2020 жылдың желтоқсанында ДСМ, ӘМСҚ, ДЗҰСО, СҚ-Фармация қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау жүргізілді, оның нәтижелері бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді, сондай-ақ комитеттерде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне сыртқы талдау ұйымдастырылды.

Сонымен қатар ҚР ДСМ барлық ведомстволық бағынысты ұйымдарында:

  • 2021-2022 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспарлары әзірленді және бекітілді (тоқсан сайынғы негізде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаулар жүргізу);
  • тиісті ұйым мен оның қызметкерлерінің Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасын сақтауын қамтамасыз ету үшін қызметтің комплаенсі құрылады.

Сонымен қатар Министрлік үкіметтік емес ұйымдармен, оның ішінде қоғамдық бақылау аясында да жұмысты жолға қойды. Денсаулық сақтаудың барлық аспектілері қызметінің ашықтығын арттыру үшін саланы цифрландыру жүргізілуде.

«Осылайша, дәрілік заттарды жоспарлау мен қадағалауды қамтамасыз ету үшін біз дәрілік заттарды электрондық жоспарлау жүйесін енгіздік. Сонымен бірге, ӘМСҚ, ДЗҰСО, СКФ, медициналық, дәріхана ұйымдары мен пациент арасындағы бірыңғай цифрлық схема қауіпсіз деректермен алмасуды қамтамасыз етеді», — деді А. Цой.

Министрлік денсаулық сақтауды цифрландырудың мақсатты архитектурасын әзірледі — бұл «Е-Health» бірыңғай ашық экожүйесі, ол мыналарға мүмкіндік береді:

  • жұмыс процестерін ұтымды ету;
  • шығындарды оңтайландыру;
  • медициналық көмекті есепке алу мен жоспарлаудың және ресурстарды басқарудың тиімділігін арттыру.

«Денсаулық сақтау саласында қажетті өзгерістер векторын анықтау үшін біз денсаулық сақтау жүйесін одан әрі дамыту перспективасының пайымын қалыптастырдық, ол денсаулық сақтау жүйесінің тиімділігін арттыруға, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасын қамтамасыз етуге бағытталатын болады», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі.

А. Цойдың айтуынша, ұсынылған модельде пациенттің қажеттіліктеріне басымдық беру жоспарланған. Осы мұқтаждықтар негізінде денсаулық сақтау ұйымдарындағы сервисті жақсарту (қонақжайлық стандарттары «қонақжай медицина»), медициналық ұйымдарды қажеттілікке сәйкес кадрлық қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудағы процестерді автоматтандыру және ақпараттандыру бөлігінде жедел шешімдер қабылдануы тиіс.

Сондай-ақ денсаулық сақтау саласындағы қажетті стандарттарды, нормативтік құқықтық актілерді әзірлеу, ең алдымен, халықтың мұқтаждығы тұрғысынан қалыптастырылатын болады.

Медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету және сапасын арттыру үшін медициналық ұйымдарды материалдық-техникалық қамтамасыз ету, денсаулық сақтаудың жаңа объектілерін салу немесе тозған объектілерін жөндеу бойынша шаралар қабылданатын болады.

Соның нәтижесінде денсаулық сақтау жүйесі мынадай бағыттар бойынша жетілдірілетін болады:

  • ауылға басымдық бере отырып, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру;
  • алғашқы медициналық-санитарлық көмекті одан әрі күшейту;
  • медицина қызметкерлері құзыреттерінің өсуін ынталандыру;
  • халық үніне құлақ асатын денсаулық сақтау жүйесі;
  • науқастың дәрілік және биологиялық қауіпсіздігі.

«Бұл бағыттардың барлығы цифрлық технологияларды қолдану арқылы іске асырылатын болады. Осылайша, пациентке бағдарлану денсаулық сақтау жүйесін одан әрі тұрақты дамытудың іргетасы болып табылады», — деді А. Цой.

Бұдан басқа, әсіресе ауылдық жерлерде медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін бірқатар шара қабылданатын болады. Мәселен, алғашқы медициналық-санитариялық көмектің қадамдық қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін (оның ішінде 137 ауылдық елді мекенде) 487-ден астам МСАК объектілерін салу және ашу көзделген.

Осы шараны іске асыру нәтижесінде бір ЖПД дәрігеріне жүктемені тіркелген халықтың 1 860-нан 1 700-не дейін төмендету арқылы пациенттерге дәрігердің қолжетімділігі қамтамасыз етіледі. Медициналық ұйымдар желісін жаңарту үшін ескі және авариялық объектілердің орнына 2025 жылға дейін 50 жаңа объекті салынады.

Аталған шараларды іске асыру нәтижесінде медициналық ұйымдар ғимараттарының тозуы 2023 жылы 58%-дан 44%-ға дейін төмендейді деп күтілуде. Бұдан басқа, денсаулық сақтаудағы жеке инвестициялардың үлесі 37%-дан 42,8%-ға дейін ұлғаяды.

Мемлекет басшысының 2021 жылғы 26 қаңтарда Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыру шеңберінде медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасына бағалау жүргізу және босандыру және реанимация қызметін жаңғырту жоспарлануда.

Осы мақсатқа жету үшін келесі міндеттерді орындау қажет: 

  • қысқа мерзімде барлық денсаулық сақтау ұйымдарына түгендеу жүргізу;
  • босандыру және реанимация қызметтерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуды қамтамасыз ету.

«Ауылда қолжетімді медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін әрекет етіп тұрған 13 ауданаралық ауруханаға қосымша 25 ауданаралық аурухана ашылады, осылайша "алтын сағат" қағидатын сақтау, сондай-ақ халыққа медициналық қызмет көрсету санының мультипликациялық әсері қамтамасыз етіледі. Нәтижесінде, қызмет көрсетілетін халық саны 2,5 млн адамнан 5,2 млн адамға дейін артады», — деді А. Цой.

 

Шалғайдағы елді мекендердің тұрғындарын жылжымалы медициналық кешендер қызметтерімен қамту жылына 2,6 млн адамға дейін ұлғайтылады

Ол үшін жылжымалы медициналық кешендердің профилі тіркеу аймақтарын, зертханалық және аспаптық диагностиканы, жалпы тексеруді және сала мамандарын, рентген-диагностиканы айыру арқылы кеңейтілді. 

Ауруларды ерте диагностикалауды қамтамасыз ету мақсатында елдің барлық халқын профилактикалық тексерулермен қамту ұлғайтылатын болады.

Емдеу сапасын арттыру үшін, сондай-ақ амбулаториялық-емханалық ұйымдарды әдіснамалық көмекпен қамтамасыз ету мақсатында МСАК ұлттық орталығы құрылатын болады.

Амбулаториялық-емханалық қызметтерді қаржыландыру ұлғайтылады:

  • медициналық оңалтуға 4 есе;
  • амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге 40% дейін;
  • консультациялық-диагностикалық қызметтерге 22% дейін;
  • жоғары технологиялық медициналық қызметтерге, оның ішінде томотерапия мен ЭКҰ-ға 2,6 есе.

Сонымен қатар «ақылды білезіктерді» пайдалана отырып, азаматтардың денсаулығына қашықтан мониторинг жүргізу жоспарланған.

Медицина қызметкерлерінің жалақысын кезең-кезеңімен, 2023 жылға қарай экономикадағы орташа жалақыдан екі есе жоғары деңгейге дейін арттыру көзделген. Ауылдық жерге жұмысқа келген жас мамандар үшін көтерме жәрдемақы 70-тен 100 АЕК-ке дейін (204 190 теңгеден 291 700 теңгеге дейін) ұлғайтылады.

Сонымен қатар 2030 жылға дейін медицина кадрларының қамтамасыз етілуін болжау моделін енгізу көзделген.

Медициналық қызметкерлердің біліктілігін халықаралық стандарттарға сәйкестік деңгейіне дейін арттыру үшін мыналар жоспарланған:

- 40%-ға білім беру қызметтерінің, сондай-ақ мемлекеттік білім беру гранттарының құнын қалыптастырудың жаңа әдістемесін енгізу;

-медициналық жоғары оқу орындарының профессорлық-оқытушылық құрамының біліктілігін арттыру;

- медициналық жоғары оқу орындары студенттерінің стипендиясын 25%-ға арттыру (42 мың теңгеге дейін); 

- мейіргер қызметі қызметкерлерін даярлау (PhD) және мамандандырудың жаңа бағдарламаларын әзірлеу және енгізу.

«Отандық ғылымды дамыту үшін биомедициналық зерттеулер тіркелімін (Open Access) іске қосуды және клиникалық зерттеулер жөніндегі үйлестіру орталығын құруды жоспарлап отырмыз», — деп атап өтті А. Цой.

Жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру нәтижесінде:

  1. Ауыл халқын медициналық қызметкерлермен қамтамасыз ету деңгейі 2022 жылға қарай 84,2%-ға дейін ұлғаяды;
  2. Пациенттердің медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейі 2025 жылға қарай 65%-ға дейін артады;
  3. Білім мен дағдыларды тәуелсіз бағалаудан сәтті өткен резидент түлектердің үлесі 2021 жылы 90%-ға дейін артады.

Айта кету керек, пациенттердің өтініштерін сындарлы шешу үшін «Халық үніне құлақ асатын денсаулық сақтау» бастамасын іске асыру ұсынылады. Бұл бастаманы іске асыру үшін халықпен кері байланысты қамтамасыз ете отырып, «Qoldau 24/7» мобильдік қосымшасы базасында денсаулық сақтау жүйесінің бірыңғай ақпараттық кеңістігі құрылды.

Бұл ретте медициналық ұйымдардың басшылары мыналарды қамтамасыз етуі қажет:

 - медицина қызметкерлерін коммуникативтік дағдыларға үйрету;

- госпитальдық сервис және пациенттің медициналық ұйымда болу кезіндегі жайлылығы мен қолайлылығын арттыру бойынша операциялық рәсімдер стандарттарын әзірлеу және енгізу;;

- ТМККК және МӘМС жүйесі шеңберінде көрсетілетін медициналық қызметтер бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізу;

- әлеуметтік желілер базасында ұйымдар басшыларының халықпен онлайн-кездесулерін өткізу.

Медициналық ақпараттық жүйелерде пациенттің көрсетілген қызметтердің сапасын бағалау мүмкіндігі көзделетін болады. Осы жұмыстың негізгі нысаналы индикаторы 2025 жылға қарай пациенттердің медициналық көмек сапасына қанағаттануын 65%-ға дейін арттыру болады.

Халық үшін дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың, оның ішінде оларды өндіру мен нарыққа шығарудың қолжетімділігі отандық тауар өндірушілермен ұзақ мерзімді шарттарда өндірісті жергіліктендіру үлесін ұлғайту, сондай-ақ салаға BigPharma ірі ойыншыларын тарту арқылы қамтамасыз етілетін болады.

«Сондай-ақ, біз дәрілік заттардың келісімшарттық өндірістерін, сондай-ақ фармацевтикалық субстанциялар өндірісін ашуды жоспарлап отырмыз. Бұл ретте, отандық фармацевтикалық өнеркәсіптің дамуы мен қарқынды өсуі үшін базалық дәрілік препараттардың тізбесін қалыптастыру қамтамасыз етіледі», — деді А. Цой.

Сонымен қатар фармация саласында ғылымның, өндірістің және білім берудің интеграциясы қамтамасыз етілетін болады, ол үшін іргелі зерттеулер жүргізу үшін жергілікті университеттік зертханалардың мүмкіндіктерін айқындау мақсатында ғылыми-зерттеу базасына талдау жүргізілетін болады. Сондай-ақ, фармация саласындағы ғылыми-инновациялық зерттеулерді көтермелеу және қолдау қамтамасыз етіледі.

Бұл 2025 жылға қарай отандық өндірушілердің дәрілік заттар мен медициналық бұйымдар нарығындағы үлесін ақшалай мәнде 30%-ға дейін, заттай көріністе 50%-ға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді.

Ағымдағы және ықтимал қауіп-қатерлерге ден қою бойынша биологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және елдің ғылыми-медициналық әлеуетін шоғырландыру мақсатында Алматы қаласында Ұлттық инфекциялық аурулар мен эпидемиология орталығы құрылады.

Осы саладағы заңнаманы әзірлеу және жетілдіру Министрліктің бірінші кезектегі міндеттерінің бірі болып табылады. Қажеттілікке сәйкес санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің кадр ресурстарымен қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылданатын болады.

 

Министрлік 50-ден астам мемлекетпен денсаулық сақтау саласындағы серіктестікті қамтамасыз етті

Министрлік халықаралық ынтымақтастыққа ерекше мән береді. Осылайша, Министрлік денсаулық сақтау саласындағы өзекті бағыттар бойынша Азия, Еуропа, ТМД, Америка, Таяу Шығыстың 50-ден астам мемлекетімен серіктестікті қамтамасыз етті.

Сондай-ақ, Министрлік WHO, UNDP, UNFPA, UNICEF сияқты халықаралық ұйымдармен тұрақты негізде ынтымақтасады.

Тарихта алғаш рет Қазақстанның ДДСҰ Еуропалық өңірлік комитетінің отырысына төрағалық еткенін, сондай-ақ Қазақстанның 2020-2022 жылдар кезеңіне Өңірлік комитеттің тұрақты комитетінің құрамына сайланғанын атап өткен жөн.

Қазақстанның бастамасы бойынша ДДСҰ-ның 73-сессиясында (2020 жылғы қараша) ДДСҰ-ға мүше мемлекеттер МСАК жөніндегі Астана декларациясын енгізу жоспарын қабылдады. Сонымен қатар Қазақстан ДДСҰ-мен бірлесіп «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек: тұжырымдаманы іске асыру» тақырыбында онлайн-іс-шара ұйымдастырды. Халықаралық қаржы ұйымдарымен ынтымақтастық шеңберінде халықаралық технологиялар трансферті жүзеге асырылады.

Мемлекет басшысының 2020 жылғы 1 қыркүйектегі «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» Қазақстан халқына арнаған Жолдауында берген тапсырмаларын іске асыру аясында ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын ұлттық жобаларға трансформациялау бойынша жұмыс басталды. Бұл ретте, ұлттық жобалар мемлекеттік бағдарламаның дәйекті қабылдаушылары болады, олардың негізгі ұлттық индикаторы: «2025 жылға қарай ҚР халқының өмір сүру ұзақтығын 75 жасқа дейін ұлғайту».

Қазіргі уақытта Министрлік денсаулық сақтау саласындағы екі ұлттық жобаны ұсынады, олар жаңа коронавирус инфекциясы пандемиясынан туындаған денсаулық сақтау саласындағы стресс кезеңінде анықталған барлық мәселелерді ескере отырып жасалады. Атап айтқанда: денсаулық сақтау жүйесі мен отандық фармацевтика өнеркәсібін дамытудың ұлттық жобалары. Бұл жобалар мемлекеттік басқару жүйесіне жобалық тәсілді имплементациялай отырып, жобалық басқару тетіктерін пайдалана отырып іске асырылады.

Қорытындылай келе, А. Цой пандемия жарияланған сәттен бастап күнтізбелік жыл өткенін, ол көп нәрсеге үйретіп, бүкіл адамзатты өзінің басымдықтары мен құндылықтарын қайта қарауға мәжбүр еткенін атап өтті. Денсаулық сақтау жүйесі беріктікке сыналды. 

Мемлекет басшысы мен Үкіметтің ерекше назарының арқасында салада инфрақұрылымдар айтарлықтай жаңартылды және медицина қызметкерлерін қолдаудың теңдессіз шаралары көрсетілді. 

Денсаулық сақтау жүйесінің алдында нақты ауқымды міндеттер тұр, оларды сапалы іске асыру жүйенің ағымдағы және болашақтағы жаһандық сын-қатерлерді жоюға дайындығын нығайтуға, сондай-ақ халықтың қажеттіліктеріне сәйкес келетін денсаулық сақтаудың пациентке бағдарланған моделін қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Марат Шоранов 2020 жылдың қорытындысы бойынша ҚР Денсаулық сақтауды дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының нысаналы индикаторлары мен нәтижелер көрсеткіштеріне қол жеткізу туралы баяндады.

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру 2020 жылға арналған мынадай жоспарлы мәндермен 4 нысаналы индикаторға қол жеткізуге бағытталған:

1. Күтілетін өмір сүру ұзақтығын 73,21 жасқа дейін арттыру. 

2. Жүрек-қан тамырлары, онкологиялық, созылмалы респираторлық аурулардан және қант диабетінен мезгілсіз өлім-жітім қаупінің деңгейін 18,86%-ға дейін төмендету. 

3. 100 мың тірі туғандарға шаққанда ана өлімін 17,1-ге дейін төмендету.

4. 1 мың тірі туғандарға шаққанда нәресте өлімін 10,1-ге дейін төмендету.

Сондай-ақ мемлекеттік бағдарлама нәтиженің 31-ші көрсеткішіне қол жеткізуге бағытталған, оның ішінде 2020 жылы 24-і жоспарланған, оның ішінде 6 көрсеткіш бойынша қол жеткізілмеген (25%). Индикаторлар мен нәтижелер көрсеткіштеріне іс-шаралар жоспарын іске асыру арқылы қол жеткізіледі. Мемлекеттік бағдарламада іс-шаралардың барлығы — 111, оның ішінде 2020 жылы іске асырылуы тиісі – 79, бұл ретте 2 іс-шара орындалмаған, бұл 2,5%-ды құрайды.

Мемлекеттік бағдарламаның 4 нысаналы индикаторын орындауға қатысты жағдай былайша қалыптасуда:

Халықтың күтілетін өмір сүру ұзақтығы және мезгілсіз өлім-жітім бойынша деректерді Ұлттық статистика бюросы осы жылдың сәуір айында қалыптастырады және қосымша ұсынатын болады. 

«2020 жылдың қорытындысы бойынша ана өлімі 100 мың тірі туғандарға шаққанда 36,5 құрады, бұл нысаналы мәннен 2,1 есе артық – көрсеткішке қол жеткізілген жоқ. Көрсеткіштің өсуі барлық өңірлерде байқалады. Мұндай жоғары көрсеткіштердің себептері – босандыру қызметі кадрларының жеткіліксіз жинақталуы, медициналық техникамен толық жабдықталмауы, барлық деңгейдегі мамандар біліктілігінің жеткіліксіз деңгейі, шалғай аудандардағы жүкті әйелдер мен балаларға медициналық көмек көрсету логистикасы жөнді ретке келтірілмеген, облыстық клиникалардың аудандық буынының нашар курациясы, сондай-ақ кадрлардың жеке клиникаларға кетуі», — деп түсіндірді М. Шоранов.

Нәрестелер өлім-жітімінің көрсеткіші 1 мың тірі туғандарға шаққанда 7,79-ды құрады, нысаналы мәні 10,1. Көрсеткішке қол жеткізілді.

Дене шынықтырумен және спортпен айналысатын азаматтарды қамту көрсеткіші 31,6%-ды құрады. Барлық өңірлерде жетістік байқалады. АИТВ-мен ауыратын адамдарды антиретровирустық терапиямен қамту республика бойынша 71% жоспары кезінде 73%-ды құрады. Көрсеткішке қол жеткізілді. 

Бірінші вице-министр атап өткендей, жол-көлік оқиғалары салдарынан өлім-жітім деңгейі 100 мың тұрғынға шаққанда 10,6 құрады.

Осы көрсеткіш бойынша Ақмола облысын қоспағанда, барлық өңірлерде жетістік байқалады. Республика бойынша туберкулезбен сырқаттану көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 35,7-ні құрады. Барлық өңірлер мақсатты көрсеткіштерге қол жеткізді.

«Коронавирус инфекциясымен байланысты шектеу шаралары осы көрсеткіштердің төмендеуіне айтарлықтай әсер етті», — деп атап өтті М. Шоранов.

Денсаулық сақтаудағы жеке инвестициялардың үлесі 40,3%-ды құрады, медициналық ұйымдардың медициналық техникамен жарақтандырылуы 77%-ды құрады, ал медициналық ұйымдар ғимараттарының тозу деңгейі жоспарлы 55% мәнінде 58,2%-ды құрады. 

Өңірлерде медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру үшін ауылдық елді мекендерде 137 фельдшерлік-акушерлік, медициналық пункттер мен дәрігерлік амбулаториялар ашу жоспарлануда. 2021 жылы МЖӘ аясында салынып жатқан 20 аурухананың 8-і мен Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында 2 ірі медициналық зерттеу орталықтарының құрылысын бастау жоспарланған.

«Қазіргі таңда Министрлік денсаулық сақтау саласындағы екі ұлттық жобаны ұсынады, олар проблемалық мәселелерді ескере отырып әзірленетін болады. Бұл денсаулық сақтау жүйесін дамытудың ұлттық жобасы және отандық фармацевтикалық өнеркәсіпті дамытудың ұлттық жобасы. Бұл жобалар жобалық басқару тетіктерін пайдалана отырып іске асырылады», — деп хабарлады бірінші вице-министр.

Ұлттық жобаларды әзірлеу жөніндегі жұмыс тобын Денсаулық сақтау министрлігі биылғы 5 наурызға дейін құруды, 2021 жылғы сәуірге дейін — мүдделі мемлекеттік органдармен ұлттық жобаларды келісуді және Премьер-Министр Кеңсесіне енгізуді жоспарлап отыр; биылғы 1 маусымға дейін Мемлекет басшысының саланы дамыту тұжырымдамасын бекітуі және 1 шілдеге дейін — Мемлекет басшысының ұлттық жобаларды қабылдауы жоспарланған.

Өз кезегінде, денсаулық сақтау вице-министрі Ажар Ғиният елімізде салауатты өмір салтының жаңа тұжырымдамасы әзірленіп жатқанын, оған әрбір азаматтың салауатты өмір салты қағидаттарын ынталандырудың прогрессивті тәсілдері енгізілетінін хабарлады.

Сонымен қатар, ведомство аурудың алдын алу, уақытылы диагностикалау және емдеу бойынша жұмыс жүргізуде. Осылайша, қан айналымы жүйесі аурулары бар пациенттер үшін республикада тері арқылы коронарлық араласудың 36 орталығы құрылды, оның ішінде 26-сы үшінші деңгейлі, 11-і екінші деңгейлі. 2021 жылдың 2 тоқсанында Жамбыл облысы Шу қаласының көпбейінді қалалық ауруханасында ТКА орталығын ашу жоспарлануда. Сонымен қатар, елімізде 66 инсульт орталығы жұмыс істейді.

 «Өңірлерде инсульт орталықтары болса, ми қан айналымы ауруына шалдыққан азаматтарға жоғары білікті медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік туады», — деді А.Ғиният.

2018-2022 жылдарға арналған кешенді жоспар бойынша онкологиялық қызметті дамыту аясында өткен жылы Маңғыстау облысында (Ақтау қ.) жаңа онкологиялық орталық пайдалануға берілді. Жамбыл облысында (Тараз қ.) онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуда, оны заманауи емдеу-диагностикалық жабдықтармен ( КТ симулятор, МРТ аппараты және т. б.) жабдықтау жоспарланып отыр. Шығыс Қазақстан облысы Өскемен қаласындағы «Облыстық онкология және хирургия орталығында» жоғары технологиялық желілік үдеткіш орнатылған. Сондай-ақ, онкопатологияны емдеуге арналған препараттар тізімі кеңейтілді.

Бұдан басқа, Денсаулық сақтау министрлігі еліміздегі Медициналық-санитарлық алғашқы көмекті одан әрі дамытудың кешенді жоспарын әзірледі, сондай-ақ, 2021 жылға арналған мүмкіндігі шектеулі балаларға медициналық көмек кешенін жетілдіру бойынша ана, бала өлімін азайту жөніндегі жедел жоспар мен Жол картасын әзірледі.

«Жедел жоспарда шұғыл медициналық көмек көрсетуге дайындық мақсатында босандыру ұйымдарының инфрақұрылымын және материалдық-техникалық базасын жақсарту, медицина кадрларын қосымша жинақтау арқылы аудандық деңгейде перинаталдық көмектің 1 және 2 деңгейін нығайту жоспарлануда», — деп түсіндірді вице-министр.

Айтпақшы, «Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығы» ШЖҚ РМК-ның деректері бойынша өткен жылы жүкті әйелдер саны 21 000 (435 674), босанған әйелдер саны 22 000 (421 654) және 24 000-ға (427 303) өсті.

Вице-министр өз сөзінде денсаулық сақтауды дамытудың ҚР 2019-2024 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын және стратегиялық бағдарламалық құжаттарды орындау аясында еліміздің денсаулық сақтау жүйесінің барлық деңгейінде тиісті жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Осы іс-шараларды сапалы орындау өлім-жітімнің төмендеуіне және азаматтардың орташа өмір сүру ұзақтығын ұзартуға әсер етеді.

Алқа отырысын қорытындылай келе, ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов бірінші кезекте жиналғандарды Алғыс айту күнімен құттықтады.

«Қазақстан халқын 1 наурыз – Алғыс айту күнімен, 2016 жылы Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев бекіткен мерекемен құттықтаймын! Бұл мән-мағынасы терең, адамгершілікті асқақтататын, еліміздің бірлігін айшықтайтын мереке. Халқымыз қаншама қиындықты бастан өткізсе де, қамқор көңіл, адал еңбек үшін бірі-біріне әрдайым ақ-көңілін, ықыласын білдіруді қасиетке балаған. Осындай ниеттің арқасында біз бірлігімізді бекемдеп, жетістіктерге жетіп келеміз. Бүгінгі жиынның Алғыс айту күнімен тұспа тұс келуі тегін емес. Пандемия кесірінен өткен жыл денсаулық сақтау саласы үшін үлкен сынақ болды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмаларына сәйкес қабылданған шаралар денсаулық сақтау жүйесінің мүмкіндіктерін елеулі түрде арттырды», — деді Премьер-Министрдің орынбасары Е. Тоғжанов.

Сондай-ақ ол Үкімет денсаулық сақтау жүйесіне, оны қаржыландыруға, медицина қызметкерлерін қолдауға ерекше назар аударғанын атап өтті.

Медицина саласына инвестиция көлемі екі есеге жуық артып 302,5 млрд теңгеге жетті (жоспар 178 млрд тг болатын).

Оның айтуынша, жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде бүгінде елімізде коронавирус инфекциясына қарсы күрестің тиімді жүйесі толық қалыптасты.

Біріншіден, барлық өңірлерде жалпы саны 4 мыңға жуық төсек-орындық жаңа инфекциялық ауруханалар салынды. Олар қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілді. 

Екіншіден, медициналық ұйымдардың дайындығы қамтамасыз етілді. Бүгінгі күні 20 мыңға жуық инфекциялық төсек орын бар, олардың 21%-ы қолданыста. Резервте 71 мың төсек-орын дайын тұр. Медицина қызметкерлері мен волонтерлер қатарынан 5 мың кадрлық резерв жасақталды.

Үшіншіден, ауруханалар тиісті құралдармен қамтамасыз етілген (3,2мың ӨЖЖ аппараты алынып, 64 оттегі станциясы іске қосылды). Стационарларда дәрілер мен қорғаныс заттарының бір айға, ал қоймаларда екі айға жететін қоры қалыптастырылды.

Халықтың қолжетімділігі үшін ПТР-тестілеу бағасы екі есе арзандатылды (6-9 мың тг), медициналық маскалар бағасы 45%-ға төмендетілді.

Төртіншіден, жедел жәрдем автокөлік паркі 60%-ға жаңарды. Аудан орталықтары 100% рентген аппараттарымен қамтылды (53 сатып алынды). Шалғай ауылдарды сапалы диагностикамен қамтамасыз ету мақсатында 100 жылжымалы медициналық кешен алынып, қажеттілік 100% орындалды (барлығы 149).

Бесіншіден, коронавирус инфекциясына қарсы халықты жаппай ерікті және тегін вакцинациялау кезең-кезеңімен жүргізілуде.

Вице-премьер әлемді жайлаған індетпен күресте медицина саласы қызметкерлерінің еңбегін ерекше атап өтті. 

«Дәрігерлеріміз, барша медициналық персонал күн-түн демей әрбір науқастың өмірі үшін күресіп, бейбіт күннің батырлары екенін іс жүзінде дәлелдеді. Отандық дәрігер мамандар аз уақыттың ішінде коронавирус инфекциясын емдеу тәсілдерін әзірлеп, ауыр жағдайдағы науқастардың өмірін аман алып қалуда өлшеусіз үлес қосты. Осы орайда, медицина ғылымдарының докторы Баешева Динагүл Аяпбекқызының, Ұлттық ғылыми-кардиологиялық орталығының директоры Қапышев Тимур Сайранұлының, медицина ғылымдарының докторы Латыпова Наталья Александровнаның, профессор Көшерова Бахыт Нұрғалиқызының еңбектерін ерекше атап өткім келеді. Мұндай мысалдар еліміздің өңірлерінде жетерлік. Денсаулық сақтау жүйесінің барлық қызметкерлеріне коронавирус инфекциясымен күресте қосқан үлесі үшін алғыс білдіреміз», — деді Е. Тоғжанов.

Медицина қызметкерлерінің ерлігі мемлекет тарапынан лайықты бағалануда.

Ерекше еңбегімен көзге түскен 840 медицина қызметкері Мемлекет басшысының шешімімен «Халық алғысы» медалімен марапатталды.

Коронавирус инфекциясымен күреске тікелей қатысқан медицина қызметкерлеріне жалпы сомасы 115,8 млрд теңге үстемеақы төленді.

Өткен жылдан бастап медицина қызметкерлерінің жалақысы 30%-ға көтерілді. Дәрігерлердің орташа жалақысы 320 мың теңгеге, ал орта медициналық қызметкерлер жалақысы 173 мың теңгеге дейін өсті.

Жалпы, Ералы Тоғжанов атап өткендей, мемлекет пен медицина қызметкерлерінің күш-жігерінің арқасында елдегі коронавирус инфекциясына қатысты жағдайды тұрақтандыруға қол жеткізілді. Мәселен, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуге ел бюджетінен 360 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.

Сонымен қатар уақытылы медициналық көмек көрсетуге дайындық қамтамасыз етілді. Жұқпалы аурулар ауруханалары қажетті жабдықтармен жабдықталған. Дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың қажетті қоры бар.

«Сондай-ақ, COVID-19-бен ауырып шыққан жандарға ерекше назар аудару керек. Ұлттық кардиохирургия орталығында Постковидті орталық құрылды. Мұндай тәжірибені өңірлерде де тарату керек», — деді ол.

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Е. Тоғжановтың айтуынша, елімізде үздік әлемдік стандарттарға сай келетін медициналық орталықтар бар. Жоғары медициналық технологиялар ұлттық кардиохирургия, нейрохирургия, травматология және ортопедия орталықтарында қолданылады. Мұнда соңғы үлгідегі медициналық құрылғылар ұсынылған. Мысалы, Ұлттық ғылыми-медициналық орталықтағы «Томотерапия» технологиясы онкологиялық аурулармен ауыратын науқастарды емдеуде әлемдегі озық әдіс болып табылады.

«Өңірлердің тұрғындарына осындай жетістіктердің қолжетімділігін қамтамасыз етуді ойластыру қажет», — деп толықтырды Премьер-Министрдің орынбасары.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу