ҚР-да соңғы екі айда КВИ-мен сырқаттанушылық 4,5 есеге, өлім-жітім 4,8 есеге төмендеді — А. Цой

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақалов, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов баяндама жасады.

ҚР денсаулық сақтау министрі А. Цойдың айтуынша, әлемде КВИ-дің 244 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 300 мыңнан астам жағдай тіркеледі. 4,9 млн-нан астам адам қайтыс болды.

ДДСҰ Еуропалық аймағының мәліметтері бойынша, соңғы екі аптада 54 елдің 35-інде аурудың өсуі байқалады. Соңғы 14 күнде аурудың ең көп өсімі Польшада байқалды, онда ауру 160%-дан астам, Венгрияда – 120%-дан астам, Грузияда – 110%-дан астам, Әзербайжанда – 104%-ға өсті.

Аурудың өсуі 19 елде, соның ішінде Израильде 58%-ға, Испанияда 28%-ға, Швейцарияда 16%-ға, Черногорияда 4%-ға, Италияда 3%-ға төмендеді.

Қазақстанда соңғы екі аптада сырқаттану 11%-ға төмендеді.

«Бүгінгі таңда жасыл аймақта 8 өңір бар: Жамбыл, Маңғыстау, Түркістан, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Атырау, Алматы облыстары және Шымкент қаласы. Қазақстан Республикасы және 5 өңір — сары аймақта (Шығыс Қазақстан, Қызылорда, Қарағанды облыстары, Алматы және Нұр-Сұлтан қалалары). Қызыл аймақта 4 өңір (Ақмола, Қостанай, Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстары) тұр. Репродуктивті саны — 0,96», — деді А. Цой.

Жалпы, Қазақстанда соңғы екі айда аурушаңдық 4,5 есеге, ал өлім-жітім 4,8 есеге төмендеді.

Қазақстан бойынша 1 тамыздан бастап инфекциялық төсектердің жүктелуі 56-дан 37%-ға дейін, реанимациялық төсектер 45-тен 30%-ға дейін төмендегені байқалады. Резервте 30 мыңнан астам төсек-орын бар.

«Эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына байланысты уақытша инфекциялық нысандарды жабу жұмыстары жалғасуда. Биылғы 25 тамыз бен 18 қазан аралығында барлық өңірлерде 103 нысан жабылды», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі. 

Қазақстанда вакцинаның 1-компонентін 8,2 млн-ға жуық адам алды, вакцина алуға тиісті адамдарды қамту 71,9% немесе халық санының 43,4%-ын құрады, екінші компонентті 7,3 млн-нан астам адам алды, вакцина алуға тиісті халықтың 64,6% немесе халық санының 39%-ы қамтылды. Халықты КВИ-ге қарсы вакцинациялау жұмыстары жалғасуда.

Айта кету керек, Министрлік алдағы 3 айға арналған коронавирус инфекциясы бойынша эпидемиологиялық ахуал болжамын жаңартты.

Мәселен, пессимистік сценарий орын алған кезде тіркелген жағдайлардың орташа тәуліктік саны қараша айында 1 800-ге дейін, желтоқсанда 2 350-ге дейін жетеді.

Нақты сценарий бойынша, қараша айында 1 650 жағдайға дейін, желтоқсанда 1 600 жағдайға дейін тіркеледі.

Оптимистік сценарий бойынша қарашада 1 500 жағдайға дейін, желтоқсанда тәулігіне 1 100 жағдайға дейін тіркелмек.

Денсаулық сақтау министрлігі жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп КВИ бойынша профилактикалық және эпидемияға қарсы шараларды мониторингтеуді және іске асыруды жалғастыруда.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Қ. Ақсақалов өңірдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай бақылауда екенін айтты.

Пандемия басталғалы 27 865 жағдай тіркелді, оның ішінде соңғы тәулікте – 135. Пациенттердің 90 пайызы емделді, 276 адам қайтыс болды. 

Соңғы аптада ауруға шалдыққандар саны 2,2 процентке немесе 1 012-ден 1 035 оқиғаға дейін өсті. Бұл ретте, өсім 15,8%-ке, репродуктивтік сан 5,3%-ке төмендеді. 

«Ауру ең жоғары шегіне жетіп, тұрақты деңгейде тұр деп ойлаймыз. Келесі аптадан бастап, біртіндеп төмендеуін күтеміз», — деді Қ. Ақсақалов.

Аурудың өсуінің негізгі себебі – халықтың санитариялық норманы сақтамауы, 61 жастан асқандар арасында вакцина егудің аз үлесі, сондай-ақ ЖРВИ белгісі бар азаматтардың көптеп жүгінуі. Соңғы 2 аптада өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ЖРВИ жағдайларының саны 1665-тен 2470 адамға дейін 1,5 есеге артты.

СҚО әкімінің айтуынша, ауруханалар штаттық режимде жұмыс істеуп жатыр. Төсек-орын 53 процентке жүктелген, 841 науқас емделіп жатыр. Қарқынды терапия палатасында – 51 науқас бар. Тәулігіне 70 адам емдеуге жатқызылады. Жағдай ушықса, тағы 1 000 төсек-орын дайын тұр. Ауруханалар мен дәріханалар препараттармен қамтамасыз етілді. 

«Жағдай күрделі болғандықтан, сауда саласындағы шектеу шаралары күшейтілді. Бұқаралық іс-шараларға тыйым салынды, қоғамдық көлікте санитарлық талап күшейтілді. Мониторингтік топтар жұмыс істеп жатыр. Заңды бұзғандарға әкімшілік жауапкершілік қолданылады. Аshyq қосымшасы арқылы оқшаулау режимін бұзу фактілері қатаң бақылауда», — деді Қ. Ақсақалов. 

Вакцинациялауға жататын халықты егу жұмыстары жалғасуда. 1 компонентті алғандар – 67,2%, вакцинаны толық алғандар — 62,5%.

Өз кезегінде Ақмола облысының әкімі Е. Маржықпаев биылғы жылдың басынан бері коронавирус ауруының 37 мыңнан астам жағдайы тіркелгенін хабарлады. Бір апта ішінде сырқаттанушылықтың орташа өсімі 0,3%-ды, соңғы тәулікте 0,3%-ды құрады.

20 инфекциялық стационардың базасында барлығы бір мың инфекциялық орын ашылды. Оларда 571 адам емделіп жатыр, төсек-орын 57% толы. Резервте 2,5 мың кереует бар. 112 реанимациялық орын бар, оның ішінде 64-і пайдаланылып жатыр.

«Жан сақтау бөлімшесі медициналық жабдықпен 100% жабдықталды. Сұранысқа ие дәрі-дәрмектердің 2 айлық азаймайтын қоры құрылды. Сондай-ақ дәріханаларда вирустық ауруларды емдеу үшін барлық қажетті дәрілік препараттар бар. Тұрақтандыру қорында қосымша 500 млн теңге қарастырылған», — деді Е. Маржықпаев.

Халықты коронавирусқа қарсы жаппай вакцинациялау жұмысы жалғастырылуда. Шамамен 294 мың адам егілді (бірінші компонентті вакцинациялауға жататын халық санының 61,3%-ы, екіншісін 268 мыңнан астам адам немесе 56%-ы алды). Тұмауға қарсы вакцинаны 62 мың адам алды – вакцинациялауға жататындардың 71%-ы. Егу пункттерінің саны 5 есеге артты.

Өңірде әлі де шектеу шаралары сақталған. Жалпы, бұқаралық іс-шараларды өткізуге тыйым салынды. «Ashyq» жобасында жұмыс істейтіндерді қоспағанда, сауда орталықтарының, қоғамдық тамақтану объектілерінің қызметі шектелген. Білім беру ұйымдарында санитарлық нормаларды сақтау жұмыстары күшейтілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу