Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизингі қысқа мерзімде іске қосылады – ҚР АШМ

ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігінде Өндірушілердің кеңейтілген міндеттемелері (ӨКМ) операторының қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизинг тетігін енгізу мәселелері бойынша кеңес өтті. Бұл туралы ҚР АШМ Баспасөз қызметі хабарлады.

Еске сала кетейік, Мемлекет басшысы тиісті тапсырманы 14 шілдеде Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген болатын.

Жиналысқа ауыл шаруашылығы вице-министрі Әбілхайыр Тамабек, экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрі Зүлфия Сүлейменова, сондай-ақ Қазақстан фермерлер одағы, ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ, «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ», «ҚазАгроФинанс» АҚ, «Жасыл Даму» АҚ өкілдері қатысты.

Олар «Жасыл Даму» АҚ (ӨКМ операторы) қаражаты есебінен отандық ауыл шаруашылығы техникасының жеңілдікті лизинг тетігін іске асырудың негізгі тәсілдерін талқылап, келісті.

Бұл механизмді биылғы жаппай жинау жұмыстары басталғанға дейін қысқа мерзімде қабылдау жоспарланып отыр.

Бағдарламаның шарттары шағын және орта ауыл шаруашылығы құрылымдарының ауыл шаруашылығы техникасын сатып алуын ынталандыруға бағытталатын болады.

Бағдарламаны қаржыландыруды «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ-ның еншілес ұйымдары жүзеге асыратын болады. Оған шамамен 40 млрд теңге бөлу жоспарланып отыр.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу