«Мемлекет бәріне көмек көрсетеді»: Роман Скляр СҚО-дағы Есіл ауданы ауылдарында су тасқынынан зардап шеккендермен кездесті

Бірінші вице-премьер Роман Скляр Солтүстiк Қазақстан облысындағы Есiл ауданына қарасты Покровка, Петровка және Николаевка ауылдарында су басқан үйлерді аралап, зардап шеккен тұрғындармен кездесті. 

Премьер-Министрдің бірінші орынбасарымен өткен кездесуде  ауыл тұрғындары су басқан үйлерден жергілікті әкімдік, полиция және құтқарушылардың күшімен ерте көшірілгендерін айтты. Ауыл тұрғындары 2017 жылғы су тасқыны кезінде үйлеріне су кірмегенін, ал биыл су тасқынынан айтарлықтай шығын келгенін айтты.

Роман Скляр қазіргі су тасқыны аймақ тарихында бұрын-соңды болмағанын растады.

«Бұл метеорологиялық бақылаулардың тарихында ешқашан болған емес. Президент ешкімнің қолдаусыз қалмайтынын баса айтты.  Әрбір отбасы, әрбір адам, әрбір азамат маңызды. Барлығы өтемақы алады. Үйді жөндеу немесе қалпына келтіру мүмкін болмаса, жаңа үйлер саламыз. Ешкім назарсыз, көмексіз қалмайтынына сенімді болуыңыз керек», — деді ол.

Өз кезегінде СҚО әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов ауыл тұрғындарын су тартылған кезде зардап шеккендердің үйлерін тексеру үшін арнайы комиссия жұмыс істейтінін, осы кезеңде құқық қорғау органдары тәртіп пен үйлерді талан-тараждан қорғауды қамтамасыз ететініне сендірді.

Сондай-ақ Роман Скляр Покровка және Николаевка ауылдарындағы екі эвакуациялау пунктін тексеріп, Қызылжар ауданы Новоникольское ауылындағы көпірге барып, су тасқыны кезеңінде жолаушылар көлігінің қауіпсіз өтуін тексерді. 

#Роман Скляр #Су тасқыны

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу