ҚР Қаржы министрлігі: жергілікті бюджетке түсетін кірістер бойынша жоспарлар республиканың барлық өңірінде асыра орындалды

Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев Премьер-Министр А. Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында биылғы қаңтарда мемлекеттік бюджеттің атқарылу көрсеткіштері қалай қалыптасқаны туралы баяндады.

ҚР Қаржы министрлігінің деректері бойынша, мемлекеттік бюджетке 526 млрд теңге сомасында кірістер түсті немесе жоспар 116,1%-ке атқарылды. Республикалық бюджетке 288 млрд теңге сомасында кіріс түсті немесе жоспар 90%-ке атқарылды. 

Кірістер бойынша жоспар 32 млрд теңгеге, оның ішінде салықтар 37 млрд теңгеге атқарылмады. Ведомство басшысының айтуынша, салықтар бойынша орындалмаудың негізгі сомасы қосылған құн салығына және корпоративтік табыс салығына тиесілі.

Қосылған құн салығы бойынша жоспардың орындалмау себептері:

  • 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда қосылған құн салығы қайтарылуының 2,3 есеге өсуі;
  • «Электрондық шот-фактуралар» ақпараттық жүйесі деректеріне сәйкес сату бойынша айналымдардың 14%-ке азаюы;
  • негізгі төмендеу тау-кен өндірісі өнеркәсібі саласына тиесілі, онда айналымдар өткен жылғы қаңтармен салыстырғанда 29%-ке немесе 373 млрд теңгеге азайған;
  • 2020 жылғы қаңтармен салыстырғанда Қазақстан Республикасының үшінші елдермен тауар айналымының 22%-ға төмендеуі.

«Корпоративтік табыс салығы бойынша жоспардың орындалмауы 2021 жылғы қаңтарда 743 ірі салық төлеуші бойынша мәлімделген аванстық төлемдер сомасының өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 38%-ке немесе 28,6 млрд теңгеге азаюына байланысты», — деді Ерұлан Жамаубаев.

Қаржы министрлігінің ақпаратына сәйкес, жергілікті бюджеттердің кірістері 178,6%-ке атқарылды және 239 млрд теңгені құрады. Барлық өңірлерде кірістер бойынша жоспарлар асыра орындалды.

Мемлекеттік бюджеттің шығыстары 91%-ке, республикалық бюджеттің шығыстары 94,4%-ке, жергілікті бюджеттердің шығыстары 80,6%-ке атқарылды. Республикалық бюджет бойынша 1 трлн 212 млрд теңге сомасына шығыстар жүргізілді. Орындалмау 72 млрд теңгені құрады, оның ішінде үнемдеу – 7 млрд теңге, игерілмеу сомасы – 65 млрд теңге.

Игерілмеудің неғұрлым ірі сомалары келесі орталық мемлекеттік органдарда қалыптасты: Қаржы, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі, Төтенше жағдайлар, Білім және ғылым және Мәдениет және спорт министрліктері.

Игерілмеудің негізгі себептері: 

  • төлем жөніндегі құжаттарды ұзақ келісу; 
  • орындалған жұмыстар актілерін уақытылы ұсынбау; 
  • нақты көрсетілген қызметтер көлемі үшін ақы төлеу; 
  • шарттар мен қосымша келісімдерді қазынашылық органдарына тіркеуге кеш ұсыну.

Жергілікті бюджеттердің шығыстары 203 млрд теңгені құрады. Атқарылмағаны — 49 млрд теңге. Биыл өңірлерге 1,9 трлн теңге сомасында нысаналы трансферттер көзделген. Оларға 1 ақпандағы жағдай бойынша 32 млрд теңге бөлінген. Олардың 79,3%-і игерілген. Атқарылмағаны – 6 млрд теңге, оның ішінде 2 млрд теңге – үнемдеу, 4 млрд теңге игерілмеді.

Неғұрлым көп игерілмеу келесі өңірлерде: Батыс Қазақстан, Жамбыл облыстарында, Нұр-Сұлтан қаласында, Ақмола және Атырау облыстарында қалыптасты.

«2021 жылғы қаңтарда камералдық бақылаумен сомасы 1,1 трлн теңгеге 71,5 мыңнан астам мемлекеттік сатып алу рәсімдері қамтылды», — деді ведомство басшысы Е. Жамаубаев. 

Тексеру қорытындылары бойынша сомасы 38 млрд теңгеге бұзушылықтар ескертілді.

219 аудиторлық іс-шаралар өткізілді. Аудитпен 120 млрд теңге бюджет қаражаты қамтылды. Сомасы 17 млрд теңгеге қаржылық бұзушылықтар анықталды. Тауарларды жеткізуді, қызмет көрсетуді және жұмыстарды орындауды қалпына келтіру, бюджетке өтеу және есепке алу бойынша көрсету жолымен 10 млрд теңгеге бұзушылықтар жойылды. Аудит объектілері қызметінің тиімділігін жетілдіру және арттыру үшін 198 ұсыным берілді.

«Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарында мемлекеттік меншік пен квазимемлекеттік сектордың 674 объектісін өткізу көзделген. Оның ішінде республикалық меншіктің 8 объектісі, коммуналдық меншіктің 448, ұлттық холдингтер мен ұлттық компаниялардың 65 және әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына тиесілі 153 объекті бар», — деді министр.

Алайда, бас компаниялардың құрамында еншілес ұйымдар да іске асырылатынын ескере отырып, объектілердің жалпы саны 736 құрады.

1 ақпандағы жағдай бойынша 384 объект бойынша өткізудің Жол карталары әзірленді және бекітілді. Республикалық меншіктің 8 объектісін өткізу бойынша дайындық іс-шаралары белсенді жүргізілуде, оның ішінде 7 объект 2021 жылы, 1 объект 2022 жылы сатылымға шығарылады.

Бүгінгі күні 290 объект бойынша Жол карталары әлі бекітілмеген. Олардың коммуналдық меншіктегісі – 183, ұлттық холдингтер мен компаниялардікі – 39 және әлеуметтік кәсіпкерлер корпорацияныкі – 68 объект.

«Мемлекет басшысының берген тапсырмаларына байланысты Кешенді жоспардың іске асырылуын жеделдету қажет. Ол үшін жергілікті атқарушы органдарға, Әлеуметтік кәсіпкерлік корпорацияларға, ұлттық басқарушы холдингтерге және ұлттық компанияларға объектілерді өткізудің жол карталарын шұғыл түрде әзірлеуді және бекітуді тапсыруды сұраймын. Бұл ретте объектілердің басым бөлігін өткізу мерзімдері 2021 жылға көзделсін», — деді қаржы министрі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу