ҚР көлік-транзит әлеуетін арттыру 8 автомобиль транзиттік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі — Қ. Өскенбаев

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкіметтің кезекті отырысында автожол саласын дамыту мәселелері қаралды. ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов, Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов баяндама жасады.

ҚР индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаевтың хабарлауынша, еліміздегі автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 96 мың шақырымды құрайды. Оның ішінде 25 мың шақырымы республикалық маңызы бар жолдар болса, қалған 71 мың шақырымы – облыстық және аудандық маңызы бар жолдар.

Еліміздегі автожол саласының басты міндеттері:

Бірінші. Көлік-транзиттік әлеуетті арттыру.

Екінші. Өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету. 

2025 жылға дейін республикалық маңызы бар жолдардың нормативтік жағдайдағы үлесін 100%-ға, жергілікті желі жолдарының үлесін 95%-ға дейін жеткізу көзделіп отыр. 

«Көлік-транзиттік әлеуетті арттыру жөніндегі міндетті іске асыру сегіз көлік дәлізін жаңғырту арқылы қамтамасыз етіледі. Бүгінде жалпы барлық дәліздер толық қуатта жұмыс істеп жатыр. Жекелеген учаскелер бойынша өткізу қабілетін арттыру үшін реконструкциялау жұмыстары жүргізіліп жатыр», — деді Қ. Өскенбаев.

Бірінші дәліз – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай». Көлік дәлізінің ұзындығы 2 мың 747 шақырымды құрайды.

Министрдің айтуынша, аталған дәліз Қытайдан Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға, сондай-ақ Орта Азия елдеріне, атап айтқанда, Өзбекстанға, Қырғызстанға және кері транзиттік ағынды қамтамасыз етеді.

Дәлізді толық реконструкциялау 2009-2017 жж. жүргізілді.

«Көлік легінің ұлғаюына байланысты 2023-2030 жылдар аралығында біз Қызылорда қаласынан Ресей Федерациясы шекарасына (Мәртөк елді мекені) дейінгі ұзындығы 1 мың 363 шақырым болатын учаскені кезең-кезеңмен бірінші техникалық санатқа ауыстыруды жоспарлап отырмыз», — деп мәлімдеді индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі.

Екінші дәліз – «Алматы – Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасына дейін (Қорған)». Дәліздің ұзындығы 1 мың 868 шақырымды құрайды.

Аталған дәліз Қазақстан, Ресей арқылы Орталық Азия елдерімен одан әрі Еуропамен транзиттік ағынды қамтамасыз етеді. Бұл ретте, транзиттің бір бөлігі Қытай тарапынан келеді.

2017 жылы ұзындығы 863 шақырымды құрайтын «Қарағанды – Нұр-Сұлтан – Петропавл» учаскесін реконструкциялау аяқталды. Ұзындығы 60 шақырым болатын «Петропавл – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Қорған)» учаскесі бойынша жұмыстарды аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

2023 жылы «Алматы – Қарағанды» учаскесін бірінші техникалық санатқа ауыстыра отырып, реконструкциялау аяқталады.

Үшінші дәліз – «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Челябі)». Көлік дәлізінің ұзындығы 860 шақырымды құрайды. 

Сондай-ақ аталған дәліз Орта Азия елдерінен Қазақстан, Ресей арқылы және одан әрі Еуропаға транзиттік ағынды қамтамасыз етеді.

«Учаске 2013 жылы реконструкцияланды. Алайда қозғалыс қарқынының артуына байланысты 2030 жылға дейін «Нұр-Сұлтан – Қостанай – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Челябі)» учаскесін бірінші техникалық санатқа ауыстыру жоспарлануда», — деді ведомство басшысы.

Төртінші дәліз – «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау – Семей – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасына дейін (Омбы)». Көлік дәлізінің ұзындығы 1 мың 116 шақырымды құрайды.

Аталған дәліз – шығыс өңірінің негізгі бағыттарының бірі. Транзит Қытайдан Қазақстан, Ресей аумағы арқылы өтіп, Еуропаға бағытталады.

Сонымен қоса, зындығы 701 шақырым «Қалбатау – Павлодар – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Омбы)» учаскесін реконструкциялау 2016 жылы аяқталған еді.

Қазіргі уақытта «ҚХР шекарасы – Майқапшағай – Қалбатау» учаскесін реконструкциялау жүргізіліп жатыр. Жұмыстар 2023 жылы аяқталады. 

Бесінші дәліз – ұзындығы 1 мың 26 шақырымды құрайтын «Алматы – Талдықорған – Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Барнауыл)», бұл, өз кезегінде, Орталық Азия мен Қытайдан Қазақстан арқылы Ресейдің шығыс өңірлеріне және Қиыр Шығысқа транзитті қамтамасыз ететін, зор сұранысқа ие бағыт саналады.

Бүгінгі таңда «Талдықорған – Өскемен» автожолын реконструкциялау жүріп жатыр. Аталған учаске бойынша жұмыстарды толық аяқтау 2023 жылға жоспарланған.

Ұзындығы 258 шақырым болатын «Өскемен – Шемонаиха – Ресей Федерациясы шекарасы Барнауылға дейінгі» учаскесін 2024-2026 жылдары реконструкциялау көзделген.

Алтыншы дәліз – «Ақтөбе – Қандыағаш – Мақат – Атырау – Ресей Федерациясы шекарасына дейінгі (Астрахань)». Көлік дәлізінің ұзындығы 893 шақырымды құрайды. 

Батыс өңірі үшін аталған дәліз Өзбекстан мен Түрікменстан елдерінің Қазақстан аумағына және Ресей арқылы Еуропаға транзитін қамтамасыз етеді.

«Ақтөбе – Қандыағаш» және «Атырау – Астрахань» учаскелерінде қайта жаңарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. 2022 жылы қозғалысты ашу, 2023 жылы жұмыстарды толық аяқтау жоспарлануда.

Биыл «Қандыағаш – Мақат – Атырау» учаскесін реконструкциялау аяқталады.

Жетінші дәліз – «Атырау – Орал – Саратов». Көлік дәлізінің ұзындығы 587 шақырымды құрайды.

Ұзындығы 100 шақырымды құрайтын «Орал-Саратов» учаскесі 2018 жылы реконструкцияланды.

Ұзындығы 487 шақырым болатын «Атырау-Орал» учаскесін төрт жолақты қозғалысы бар бірінші санатқа ауыстыру үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде, құрылыс-монтаж жұмыстары биыл басталады.

Сегізінші дәліз – ТРАСЕКА.

Бүгінгі таңда Ресейдегі геосаяси жағдайға байланысты ұзындығы 4 мың 16 шақырым болатын ТРАСЕКА көлік дәлізі үлкен сұранысқа ие.

Дәліз бағыты «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» дәлізінің негізгі бөлігі арқылы өтеді және одан әрі Ақтөбе мен Доссор арқылы Қазақстанның теңіз порттарына шығады.

Дәліз Ақтау және Құрық теңіз порты арқылы Қытайдан және Орта Азия елдерінен Кавказға және одан әрі Еуропаға транзитті қамтамасыз етеді.

Қ. Өскенбаевтың хабарлауынша, биыл автожол саласындағы жобаларды іске асыруға республикалық бюджеттен 601 миллиард теңге бөлінді. Жалпы қолданыстағы автожолдардың 11 мың 500 шақырымында құрылыс, реконструкция және жөндеу жүріп жатыр.

Биыл құрылыс және реконструкциялау бойынша ұзындығы 4 мың 300 шақырым болатын 18 жоба іске асырылуда. Олардың 15-і – өтпелі және 3-і – жаңа жоба.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ағымдағы жылы «Бейнеу – Шалқар – Ырғыз» автожолының құрылысына техникалық экономикалық негіздеме әзірлеуді бастауды жоспарлап отырмыз. «Подстепное-Федоровка» жобасын іске асыру үшін биыл республикалық бюджеттен 2 учаскеге 6 миллиард теңге бөлінді. Қалған 2 учаскеге батыс өңірдің «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» әлеуметтік инфрақұрылымдық жобалары аясында қаражат тарту жоспарланып отыр», — деді Қ. Өскенбаев.

Бүгінгі таңда Ұлттық экономика, Энергетика министрліктерімен және облыс әкімдігімен бірлесіп, жолдың екі учаскесін қаржыландыру үшін «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг» міндеттемелерін қайта қарау бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Жезқазған – Қарағанды және Семей – Өскемен» жобалары бойынша қаржыландыру көздерінің түрлі нұсқалары қарастырылып жатыр. 

Жобалық-сметалық құжаттама әзірлеуді кезең-кезеңімен 2022-2023 жылдарға аяқтау жоспарланған. 

«Битумды уақытылы жеткізу мақсатында біз Энергетика министрлігі және Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп, тиісті ай сайынғы қажетті жол битумын тікелей жеткізу бойынша ресурс ұстаушылар мен мердігерлік ұйымдар арасында жұмыс механизмін құрдық. Биыл битумның жалпы қажеттілігі 1 миллион 100 мың тоннаны құрайды. Ал отандық зауыттардың өндірістік қуаты жылына 1 миллион тонна шамасында. Жол битумының 200 мың тонна көлеміндегі тапшылығы байқалады. Мәселені шешу мақсатында Ресейлік битумды әкелу бойынша шектеулерді алу ұсынылады. Батыс өңірлерді вагондармен қамтамасыз ету үшін біз «ҚТЖ» ҰК» акционерлік қоғамымен бірлесіп инертті материалдарды уақытылы жеткізу жөніндегі жоспарды бекіттік», — деді Қ. Өскенбаев.

Бұл орайда республикалық маңызы бар жолдарды жөндеуге және күтіп ұстауға биыл 85 миллиард теңге қарастырылған:

Жалпы 3 мың шақырым жолды жөндеу жоспарланған. 

650 шақырым жол күрделі жөндеуден өтті, оның 47 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.

2 мың 323 шақырым жол орташа жөндеуден өтті, 632 шақырымы жыл соңына дейін пайдалануға берілмек.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Батыс Қазақстан облысындағы жолдарды қалыпқа келтіруге ерекше назар аударылады. 

2020 жылдан бастап жалпы ұзындығы 248 шақырым «Қазталовка – Жәнібек – Ресей Федерациясы шекарасы» (145 шақырым) және «Өнеге-Бейсен-Сайқын» (103 шақырым) автожолдарына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.

Жобаны іске асыру басталғаннан бері 55 шақырым бойынша жұмыстар аяқталды.

Биыл 15 миллиард теңге бөлінген. Оның есебінен тағы 119 шақырым автожолда қозғалыс ашу жоспарда бар. Осылайша, барлығы 174 шақырым жаңа жабын бойынша қозғалыс қамтамасыз етіледі.

Жұмыстарды толығымен аяқтау 2023 жылы жоспарланған.

«Өңірлердің орталықпен ішкі көліктік байланысын қамтамасыз ету» екінші міндеті асында біз жергілікті автожолдар желісін дамытуды жалғастырудамыз. 2022 жылы жергілікті жолдарды қаржыландыруға республикалық және жергілікті бюджеттен 367 миллиард теңге бөлінді. Бөлінген қаражат есебінен облыстардың жергілікті желі жолдарының 4 мың 200 шақырымнан астамы құрылыс-монтаждау жұмыстарының барлық түрлерімен қамтылды», — деді Қ. Өскенбаев. 

Реконструкцияланған жолдарды нормативтік жағдайда күтіп-ұстау шығындарын толық көлемде өтеуге және республикалық бюджетке жүктемені азайтуға мүмкіндік беретін ақылы төлем жүйесі енгізілуде. Айта кету керек, ақылы жол жүру реконструкциялау немесе жол-жөндеу жұмыстары жүргізілгеннен кейін енгізіледі. Бұл жол жүрудің қауіпсіздігі мен қолайлы жағдайын қамтамасыз етеді. 

Жолдарға жұмсалған шығынды одан әрі өзін-өзі ақтау мақсатында ұзындығы 2 мың 500 шақырым екінші санаттағы автожолдар учаскелерінде қоғамдық пікірді ескере отырып, олар нормативтік жағдайға келтірілгеннен кейін ақылы төлем жүйесін еңгізу қарастырылып жатыр (жүк көліктер үшін). Бүгінгі таңда жөндеу жұмыстары жүргізілуде (қазіргі және орташа жөндеу).

Жалпы, индустрия және инфрақұрылымдық министрінің нақтылауынша, «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес 2025 жылдың соңына дейін ұзындығы 4 мың шақырым бірінші және екінші санаттағы автожолдар учаскелерінде реконструкциялау аяқталуына қарай қосымша ақылы жолдарды енгізу көзделуде.

Орындалатын жұмыстар мен пайдаланылатын жол-құрылыс материалдарының сапасына жіті назар аударылуда. 

Биыл жыл басынан бері жұмыстар мен материалдардың сапасын сараптаумен, республикалық желі бойынша барлық автожол жобалары және жергілікті желі 52 пайызға қамтылған.

Жол-құрылыс материалдарының 3 мың 299 үгісі таңдалып, сынақтан өтті, 503 сынама нормаларға сәйкес келмейді.

Жалпы жыл басынан бері мердігерлердің өз қаражаты есебінен 51,2 млн теңге сомасына жұмыстар қайта жүргізілді.

2 техникалық қадағалау компаниясына өңірлік Мемлекеттік сәулет және құрылыс басқармасының шешімі бойынша жалпы сомасы 2,1 миллион теңге айыппұл салынды, бір техникалық қадағалау аттестаты алты айға тоқтатылды.

«Көлік туралы» заң жобасы аясында орындалатын жұмыстардың сапасын бақылауды арттыру мақсатында келесідей түзетулер енгізіледі:

- кепілдік кезеңінде авторлық және техникалық қадағалаудың мердігерлік ұйымдармен тең дәрежеде ортақ жауапкершілігі;

- сапа орталығына көше-жол желісіндегі жұмыстар мен материалдардың сапасына сараптама жүргізу бойынша өкілеттіктер беру;

Бұдан бөлек, жолдардың сапасын қамтамасыз ету үшін 1 мыңнан астам нормативтік-құқықтық акті қайта өңделуде және жолдардың сапасы бойынша әкімдердің рейтингін анықтау жөніндегі әдістеме әзірленіп, қазіргі таңда келісу және бекіту рәсімі жүргізіліп жатыр.

Қорытындылай келе, Қ. Өскенбаев, жүргізіліп жатқан жұмыстардың нәтижесі бойынша:

  • осы жылдың соңына дейін республикалық желі жолдарының нормативтік жағдайдағы үлесі 91%-ға дейін, ал жергілікті желі жолдарының үлесі 85%-ға дейін жеткізілетін болады;

  • ақылы учаскелердің ұзындығы 4 мың 700 шақырымды құрайтынын айтты.

Жоспарланған инфрақұрылымдық жобаларды уақытылы және сапалы іске асыру елдің автожол желісін едәуір жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл ұзақ мерзімді перспективада ел экономикасын дамытуға мультипликативтік  зор серпін беретін болады. 

Алматы облысының әкімі Қ. Бозымбаевтың хабарлауынша биыл облыстың жергілікті маңызы бар жолдарын жөндеуге 59 млрд теңге бөлінген. 150 елді мекендегі көшелерді және 500 шақырым облыстық жолдарды жөндеу басталды. Жыл соңына қарай жақсы жағдайдағы облыстық жолдардың үлесі 91 пайызға жетеді.

«Мықты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін 1700 шақырым жолды жөндеудің барлық түрімен қамту жоспарланған. 

Өңір басшысының айтуынша, Алматы қаласынан көліктің шығуын одан әрі жеңілдету мақсатында жоғарғы Қаскелең трассасы мен Талғар тракты жолдарын бірінші санатқа дейін жеткізіп, қайта жаңарту көзделген.

«Үлкен Алматы айналма жолына шығатын алты жол салынады. Сайын, Абай, Рысқұлов, Солтүстік айналма көшелерін салу жұмыстары басталды. Осы жылы 8,5 млрд теңге бөлінді. Бұл шаралар 2025 жылға қарай жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық маңызы бар жолдардың үлесін 95%-ға жеткізуге мүмкіндік береді», — деді өңір әкімі.

Сонымен қатар Қ. Бозымбаев республикалық маңызы бар жолдың тағы бір проблемалы учаскесіне тоқталды.

«2021 жылдан бастап «Сарыөзек-Көктал» автомобиль жолының Алтынемел асуын күрделі жөндеу жүргізілуде. Бұл жол облыс орталығын Кербұлақ, Панфилов аудандары арқылы «Қорғас» шекара маңы аймағымен байланыстырады. Жол төсемі 90%-ға бұзылған. Жобаның жалпы құны – 7 млрд теңге, оның ішінде биыл 1 млрд теңге ғана бөлінді», — деді облыс әкімі.

2017 жылдан бастап ұзындығы 313 шақырым «Талдықорған – Үшарал» автомобиль жолын қайта жаңарту жүргізілуде. Бүгінде 280 шақырым (89%) асфальтбетон жабыны төселді. Құрылыс маусымы басынан жолдың қалған 33 шақырымында жұмыстар жүргізілген жоқ.

«Ақсу, Сарқан және Алакөл ауданы халқымен кездесулер кезінде мен бес ірі елді мекен арқылы өтетін жолдың барлық учаскесін араладым. Тұрғындар жолды дұрыс ұстамау мәселесін негізді түрде көтеріп отыр, шағын және орта бизнес зардап шегуде. Айналма жолдардың жағдайы нашар, қыста қар тазаланбаған, көптеген шұңқырлар бар, су себу жұмыстары жүргізілмейді. Жолдың қалған учаскесін қайта жаңартуды дереу бастау қажет», — деп қорытындылады Қ. Бозымбаев. 

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың хабарлауынша, облыстағы автомобиль жолдарының ұзындығы 10 000 шақырымды құрайды. 2022 жылы жол саласына 16,2 млрд теңге бөлінген. Барлығы 252 жол жөндеу жобалары іске асырылатын болады. Бөлінген қаржылар есебінен 9,4 шақырым жолды қайта жаңғырту және 605,2 шақырымды орта жөндеумен қамту жоспарланған. 

«Жыл қорытындысымен “Жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесі” индикаторлық көрсеткіші 97%-ды құраса, елді мекен көшелері бойынша бұл көрсеткішті 82%-ға жеткізу көзделіп отыр. Жол жөндеу жұмыстарының сапасын арттыру мақсатында «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығымен» келісім-шарт жасасуға жергілікті бюджеттен жалпы 105 млн теңге бөлінді», — деді өңір басшысы.

Жамбыл облысы аумағынан өтетін ұзындығы 1198 шақырым республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының 413 шақырымында қайта жаңғырту жұмыстары жүргізілуде:

Бірінші. Ұзындығы 262 шақырым «Меркі-Шу-Бурылбайтал» жобасы аясында 2021 жылы төрт учаскенің бірі, ұзындығы 62 шақырым Шу-Хантау учаскесі аяқталып, пайдалануға берілді. Жаңа жамылғы бойынша қозғалыс бір бағытта 257 шақырымға ашылған. 

Екінші. Ұзындығы 147 шақырым «Балқаш-Бурылбайтал» жобасы аясында бүгінгі таңда жұмыстар 100 шақырым учаскесінде жүргізілуде. Жаңа жамылғы бойынша 40 шақырымда бір бағытта қозғалыс ашылған. 

Үшінші. Ұзындығы 62 шақырым «Күрті-Бурылбайтал» жобасы аясында бүгінгі таңда 62 шақырымда жұмыстар жүргізілуде, жаңа жамылғы бойынша қозғалыс бір бағытта 45 шақырымда ашылған. 

Жалпы қалған 785 шақырымда «ҚазАвтоЖол» ЖШС және «ШымкентСпецКомплекс» ЖШС мердігер тарапынан күтіп-ұстау жұмыстары жүргізілуде.

«Биыл іске асырылатын жол жөндеу жобаларына алдын ала есеппен жол битумының қажетті қоры 83,6 мың тоннаны құрайды. Бүгінде облыс бойынша битум қоры 10,8 мың тоннаны құрап отыр», — деді Н. Нұржігітов.

Облыс басшысы берген ақпаратқа сай, облыста 22 асфальт зауыттары бар. Олардың жалпы қуаттылығы – 1930 тн/сағ. Бұл облыстың қажеттелігін қамтамасыз етуде. Сонымен қатар облыста жол құрылысымен айналысатын 23 мердігер ұйым бар. Олардың бесеуі – ірі компаниялар. Одан бөлек, 94 жер қойнауы бар. 

«2025 жылға дейін 621 шақырым жергілікті маңызы бар автожолдар орташа жөндеуден өтіп, қанағаттану деңгейі 100%-ға жеткізіледі деп жоспарланып отыр. Жалпы жұмыстар тұрақты бақылауда және жалғасын табады», — деді Жамбыл облысының әкімі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу