Үкімет сайланған Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы іске асыруды қамтамасыз етеді – Әлихан Смайылов

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов елімізде өткен Президент сайлауы аясында Үкімет жұмысының алдағы жылдарға белгіленген негізгі бағыттарды атап өтті.

Үкіметтің кезекті отырысын аша отырып, Әлихан Смайылов Орталық сайлау комиссиясының алдын ала қорытындысы бойынша Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев айқын басымдықпен жеңіске жеткенін айтты. Оның кандидатурасын парламенттік партиялар мен ірі қоғамдық ұйымдарды біріктірген Халықтық коалиция ұсынған болатын және Қазақстан халқы жаппай өз қолдауын білдірді.

«Үкіметтің алдағы жеті жылдағы негізгі міндеті – сайланған Мемлекет басшысының сайлауалды бағдарламасын сапалы әрі нәтижелі іс жүзіне асыру. Экономикада, әлеуметтік салада және өңірлік саясаттағы түбегейлі өзгерістер осы сайлауалды бағдарламаның негізі болып табылады», — деді Әлихан Смайылов.

Оның айтуынша, барлық мемлекеттік органдар мен ведомстволар осы мақсат үшін, яғни әділетті Қазақстан құру жолында халықтың мүддесіне сай күш біріктіріп, жұмыла еңбек етуі тиіс.

«Үкіметтің жұмысы негізінен экономиканы демонополизациялауға, кәсіпкерлік қызметті ынталандыруға және азаматтардың табысын арттыруға, білім беру мен денсаулық сақтау жүйелерін жаңғыртуға бағытталатын болады», — деді Премьер-Министр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу