Премьер-Министр Жетісу облысы басшылығының алдына басым міндеттер қойды

Сенбі, 11 маусымда, ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Талдықорған қаласына барып, Жетісу облысының барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының жиналысына қатысты.

Депутаттар алдында сөз сөйлеген Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының Жарлығымен Жетісу облысының құрылғанын еске салып, өңір жұртшылығын осынау тарихи оқиғамен құттықтады.

Үкімет басшысы депутаттарға ҚР Президентінің Жетісу облысының әкімі лауазымына Бейбіт Исабаев пен Бағдат Қарасаевтың кандидатураларын қарауға енгізу туралы хатын оқып берді.

Әлихан Смайылов олардың әрқайсысының өңірді басқару үшін тәжірибесі мол және ұйымдастырушылық қабілеттері жеткілікті екенін атап өтті.

Ашық дауыс беру қорытындысы бойынша 141 депутаттың 106-сы Бейбіт Исабаевтың кандидатурасына, 35 депутат Бағдат Қарасаевқа дауыс берді.

Жиын аяқталғаннан кейін ҚР Премьер-Министрі өңір активіне облыс әкімін таныстырды.

Премьер-Министр өз сөзінде облыс басшылығының алдында мемлекеттік қызметтер көрсететін басқару органдары мен мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуді жедел түрде шешу міндеті тұрғанын атап өтті.

Бұдан бөлек, азаматтардың әл-ауқаты мен өмір сүру сапасын арттыру үшін өңірді экономикалық дамыту бойынша жұмысты жоспарлы түрде жүргізу қажет.

Осы тұрғыда Премьер-Министр ауыл шаруашылығы өндірісін, өңдеу өнеркәсібін және туризм саласын келешегі бар бағыттар деп атады.

«Өңір экономикасының мықты жақтарын талдап, Жетісудың жылдам дамуына серпін беретін инвестициялық жобаларды анықтау қажет», — деді Әлихан Смайылов. 

Сондай-ақ Үкімет басшысы жергілікті тұрғындардың өзекті әлеуметтік мәселелерін, соның ішінде сапалы ауыз сумен, тұрғын үймен, электрмен және газбен жабдықтауды, сондай-ақ жолдар мен қоғамдық нысандарды уақытылы жөндеуді шешудің маңыздылығын атап өтті.

«Өңір тұрғындарының әлеуметтік мәселелерін шешу жергілікті атқарушы органдар үшін бірінші орында болуы тиіс. Бұл орайда олардың жұмысы халықпен нәтижелі диалог негізінде құрылып, Мемлекет басшысының “Жаңа Қазақстан” саясатына сәйкес тапсырмаларын іске асыруға бағытталуы тиіс», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу