ҚР Премьер-Министрі А. Мамин «Digital Samruk-2020» конференциясына қатысты 

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов «Цифрлық трансформация: өндірістік инновациялар мәдениеті» тақырыбындағы «Digital Samruk-2020» конференциясына қатысты.

Шараға цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Б. Мусин, Қор мен портфельдік компаниялардың топ-менеджерлері қатысты. Тараптар Қорды және Қазақстан Республикасын цифрландырудың жаңартылған тәсілдерін талқылады, сондай-ақ «Самұрық-Қазына» цифрлық трансформациялау бағдарламасын іске асыру нәтижелерімен танысты.

Қазіргі таңда «Самұрық-Қазына» цифрлық трансформация бағдарламасының портфелі 71 жобадан тұрады. Сонымен қатар биыл жаңа идеяларды үнемі іздестіру процесі іске қосылды — 250 жаңа идея жиналды, олардың 16-сы жобаларға ауыстырылды.

Үкімет басшысы Қазақстанның БҰҰ рейтингінде «электронды үкіметтің» даму деңгейі бойынша 30 озық елдің қатарына кіргенінің маңыздылығын атап өтті. Бюджет саласында цифрлық технологиялардың бір ғана түрін — электрондық шот-фактуралар жүйесін енгізу есебінен Қаржы министрлігі бюджетке түсетін түсімдерді 400 млрд теңгеге арттырды.

Асқар Мамин салықтық әкімшілендіру, білім беру, мемлекеттің азаматтармен және бизнеспен өзара іс-қимылы салаларына жасанды зерде мен Big Data технологияларын енгізу қажет екенін атап өтті. Премьер-Министр Қазақстанда бірыңғай сәйкестендіру орталығы құрылатынын, ол халыққа және бизнеске құжаттар мен анықтамаларды қажет етпей-ақ, мемлекеттік және коммерциялық ұйымдармен жұмыс істеуге жол ашатынын атап өтті. Бүгінде мемлекеттік органдардың бизнес-үдерістерін реинжинирингтеу орталығы өз жұмысын бастады.

Премьер-Министр болашақтың цифрлық экономикасын дамытуда сапалы «серпілісті» жүзеге асырудың және ҚР-да платформалық модельге көшудің маңыздылығын атап өтті.

Үкімет басшысы байланыс инфрақұрылымын дамыту аясында ауылдарды оптикалық байланыс желілерімен және мобильді интернетпен қамтамасыз ету бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Жаңа өршіл МЖӘ жобасы — агро және өнеркәсіптік кәсіпорындар үшін 50 млрд теңге инвестиция көлемімен байланысты қамтамасыз ету қолға алынды. Аталған инвестициялар 100 млн гектардан астам жерді байланыспен қамтуға мүмкіндік береді, бұл өнімділіктің 20%-ға артуына және шығындардың 15%-ға қысқаруына әкеледі.

А. Маминге «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ цифрлық трансформациялау бағдарламасын іске асыру, оның ішінде мұнай өңдеу, теміржол, атом және басқа да ҚР экономикасының салаларының кәсіпорындарын цифрландыру нәтижелері туралы баяндалды.

«Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарма төрағасы Ахметжан Есімов қордың цифрлық трансформациялау бағдарламасын іске асырудың таза пайдасы 128 млрд теңгені құрағанын хабарлады. Қордың цифрлық трансформацияға жаңа тәсілдері өндірістік процестерді жақсартуға назар аудара отырып, стратегиялық ПӘК-ге қол жеткізуді және өндірістегі түйінді жүйелі проблемаларды шешуді көздейді.

Мұнай өңдеу зауыттарын цифрландырудың нәтижелері сәтті мысал ретінде келтірілді. АМӨЗ және ПМӨЗ жабдықтарына технологиялық қызмет көрсету және жөндеу жүйесін өзгерту 3 жылдық жөндеу аралық кезеңге қол жеткізуге мүмкіндік берді. 2019-2020 жылдардағы пайда 3,5 млрд теңгені құрады.

«Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ еншілес ұйымы «Инкай» ЖШС-ында процестерді цифрландыру жөндеуге жұмсалатын уақытты 5%-ға дейін қысқартуға, персоналдың кінәсінен жабдықтың істен шығуын 15%-ға дейін төмендетуге, жабдықтың жұмыссыз тұрып қалу уақытын 9%-ға дейін қысқартуға мүмкіндік берді.

«KEGOC» АҚ Бірыңғай электр энергетикалық жүйе режимдерін басқаруды автоматтандырды, «Қазақстан Темір Жолы» ақауларды уақытылы жоюға арналған жаңа мобильді диагностикалық кешендерді іске қосты, «ҚазМұнайГаз» «Зияткерлік кен орны» тұжырымдамасын іске асырды.

Қор сондай-ақ талантты жастарға арналған «Жас Өркен» және «Цифрлық жаз» бағдарламаларын іске қосты, олар бойынша қазіргі уақытта 113 жас маман жұмысқа орналастырылды. Бұл бағдарламалар қазақстандық жоғары оқу орындарының бакалавриат және магистратура студенттерінің 2 айлық тағылымдамадан өту мүмкіндігін, ал түлектердің одан әрі бос жұмыс орындарына іріктеумен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ портфельдік компанияларында 20 айлық ақылы тағылымдамадан өту мүмкіндігін көздейді.
 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу