Қазақстанда 7 қаламен ішкі әуе рейстері қайта ашылады

Ел ішінде жүріп-тұру мүмкіндігі кеңейтілуде. Бұл туралы ҚР Үкіметінің алаңында өткен брифинг барысында ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов мәлімдеді.

1 мамырдан бастап Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларынан Өскемен, Семей, Павлодар, Қызылорда және Петропавл қалалары арасында әуе рейстері қалпына келтірілген еді.

Е. Тоғжановтың хабарлауынша, бүгіннен бастап Президенттің шешімі бойынша әуе қатынасы еліміздің тағы 7 қаласына ‒ Ақтөбе, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Павлодар, Тараз, Талдықорған қалаларына ашылады.

Сондай-ақ ішкі әуе қатынастары үшін ПТР-тест тапсыру мәселесі қоғамдық талқыға түсті. Бүгіннен бастап мұндай талап болмайды.

«Бұл ауқымды скринингтің аяқталып жатқанына байланысты, елімізде коронавирусқа 400 мыңға жуық тест жүргізілді. Мемлекет басшысы атап өткендей, бұл істің объективті жай-күйін анықтауға және қазақстандықтарды емдеу бойынша қажетті шараларды қолдануға мүмкіндік берді», — деді Е. Тоғжанов.

Дегенмен, ұшу кезіндегі санитарлық бақылау бұрынғысынша сақталады: жолаушылардың дене температурасын өлшеу, отырғызу және ұшақтан шығу кезіндегі әлеуметтік қашықтық және маска тағу.

Осы кезеңде темір жол көлігінде жүріп-тұру қарастырылмаған.

«Бақылау бекеттерінің жұмысына қатысты сұрақтар да көптеп түсіп жатыр. ТЖ режимі тоқтатылғанына қарамастан, олар әлі де әрекет етіп тұрады. Алайда, қала маңында тұратын, бірақ қалада жұмыс істейтін және керісінше қалада тұрып, қала шетінде жұмыс істейтін азаматтар өңірлер әкімдіктерінің бекітілген тізімі бойынша блокпосттардан өте алады», — деп атап өтті вице-премьер.
 

Білім саласына тоқталар болсақ, 3,3 млн оқушыны және ЖОО-лар мен колледждердің 1 млн студентін қашықтан оқыту оқу жылының соңына дейін жалғасады. Аттестаттарды табыстау мен соңғы қоңырау мектептерде 3-4 маусымда ашық алаңда, санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, шектеулі адамдар санымен өткізіледі. Айта кетейік, ҰБТ-ны 20 маусымнан бастап 168 пункт базасында қатаң санитарлық ережелерді сақтай отырып, штаттық режимде өткізу жоспарланған.

 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу