ҚР Үкіметі 64 шарадан тұратын инфляцияға қарсы әрекет ету кешенін қабылдайды — Ә. Смайылов

ҚР Үкіметінің баспасөз орталығында Мемлекет басшысының «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауы бойынша брифинг өтті. Брифингке ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Әлихан Смайылов, ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев және қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев қатысты.

«Мемлекет басшысы “Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі” атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында жоғары сапалы экономикалық өсуді қамтамасыз ету және халықтың тұрмыс деңгейін жақсарту бойынша нақты міндеттерді қойды», — деді вице-премьер.

Ә. Смайыловтың айтуынша Үкіметтің қаржы-экономикалық блогының жұмысы мынадай негізгі бағыттар бойынша жүргізілетін болады.

Президенттің инфляцияны белгіленген дәліздерге қайтару тапсырмасын іске асыру мақсатында Үкімет 2021-2024 жылдарға арналған инфляцияға қарсы әрекет ету шаралары кешенін қабылдады.

Бұл Шаралар кешені шеңберінде бағалардың өсуін тежеуге және әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының қолжетімділігін ұлғайтуға бағытталған жедел және жүйелі сипаттағы 64 шаралардың іске асырылуы көзделген.

2022 жылы кәсіпкерлікті дамыту мақсатында «Қарапайым заттар экономикасы» және «Бизнестің жол картасы» бағдарламалары одан әрі іске асырылады. Жалпы, қаржыландыру көлемі 1 трлн теңгені құрайды.

Микро және шағын бизнеске жүктемені азайту мақсатында еңбекақы төлеу қорынан бірыңғай төлем енгізілетін болады. Бұл осы төлемдерді есептеу мен төлеу тәртібін оңайлатуға, сондай-ақ еңбекақы төлеу қорына түсетін жалпы жүктемені 2023 жылдан бастап 34%-тен 25%-ке дейін төмендетуге мүмкіндік береді.

Мемлекеттік қаржының тиімділігін арттыру және Ұлттық қордың активтерін қалпына келтіру мақсатында арнайы Мемлекеттік қаржыны басқару тұжырымдамасы қабылданатын болады. Ол бюджет саясатын, мемлекеттік борышты басқару, сондай-ақ Ұлттық қордың қаражатын қалыптастыру және пайдалану мәселелерін қамтитын болады.

Мемлекеттік шығыстардың тиімділігін және Ұлттық қордан берілетін трансферттерді бақылау күшейтілетін болады. Тұжырымдаманың негізгі тәсілдері ретінде келесі шараларды айқындау ұсынылады:

  • мемлекеттік борыштың өсуін шектеу және оны қауіпсіз деңгейде ұстап тұру үшін бюджет тапшылығын кезең-кезеңімен төмендету;
  • борыш тұрақтылығының негізгі көрсеткіштерін белгілеу;
  • барынша экономикалық тиімділікке қол жеткізу үшін жобаларды мұқият іріктеу және басқа шаралар.

«Бюджет кірістерін ұлғайту бөлігінде көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл жөніндегі іс-шаралар жоспары жүзеге асырылуда. Жоспарда бизнесті көлеңкеден шығуға ынталандыруға, салық және кеден төлемдерін төлеуден жалтаруға қарсы күресті күшейтуге бағытталған шаралар көзделген», — деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары.

Сондай-ақ, Ә. Смайыловтың айтуынша, артық тосқауылдарды алып тастау және заңсыз сауда айналымына қарсы іс-қимыл бойынша ауқымды іс-шаралар жүргізіліп жатыр.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу