Киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдері қарастырылады  – ҚР ЭГТРМ  

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев Орталық коммуникациялар қызметі алаңында Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау мәселелері бойынша өткен брифингке қатысты.

ҚР Президенті Үкіметтің кеңейтілген отырысында ведомствоның алдына екі маңызды міндет қойды: бұл геология саласын дамыту және киіктер санын басқару бойынша шаралар қабылдау.

Геология бойынша

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің айтуынша, бүгінгі күні геология саласына қорлардың төмен толықтырылуы және геологиялық барлауға инвестицияның төмен деңгейі тән. Басты міндет - геологиялық зерделеуді арттырып, перспективалы учаскелерді анықтап, геология саласы мен геология ғылымының инфрақұрылымын дамыту, сондай-ақ процестерді цифрландыру және автоматтандырып, заң базасын жетілдіру болып табылады.

«Бұл сұрақтар геология саласын дамытудың 2025 жылға дейінгі тұжырымдамасы жобасында және «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған орнықты экономикалық өсу» ұлттық жобасында көрініс тапты», — деді ведомство басшысы.

Ұлттық жобада геологиялық зерттеудің жалпы ауданы 2026 жылы 680 мың км2 құрайды. Бұл 2,2 млн км2 геологиялық-геофизикалық зерделеумен қамтуға жол ашады. Сирек және сирек кездесетін металдарға перспективалы учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылады.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі процестерді цифрландыру және автоматтандыру үшін «Минералдық ресурстардың ұлттық деректер банкі» ақпараттық жүйесін енгізу бойынша жұмыс жүргізілгенін атап өтті. Өкінішке орай, жұмыс 2019 жылдан бастап қаржы бекіту, мердігер компанияны таңдау бойынша ұзақ рәсімделіп, кейінге қалдырылды. Жүйені былтыр шілдеде енгізу жоспарланған еді. Дегенмен, ақпараттық жүйе жұмысын тестілеу оның дайын еместігін көрсетті. 

«KPMG» тәуелсіз жобалық кеңсесі бағалап, жобаның тек 60%-ға іске асырылғанын көрсетті. Сонымен қатар 2,5 млрд теңге бюджет қаражаты Қазынашылық комитетінің шотында, өйткені мердігер міндеттемесін орындамады, сондықтан ақы төлеу жүргізілмеген», — деді ЭГТРМ басшысы.

Өз кезегінде, құрылып жатқан «Kaznedra» жер қойнауын пайдалану бірыңғай платформасы шеңберінде осы ақпараттық жүйені одан әрі іске асыру туралы шешім қабылданды. Бұл – ведомствоаралық платформа, ол - жер қойнауын пайдаланушы мен мемлекеттік органдарды байланыстыруы тиіс. Қазіргі уақытта  Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігімен жұмыс жүргізіліп жатыр. Жыл соңына дейін тестілік режимде бірқатар компоненттер (деректер базасының құрылымы, интерактивті карта, ТПҚ барлауға арналған лицензияға өтінімнің бизнес-процесі) жұмыс істейтін болады. Платформаны енгізу мәселесі ерекше бақылауда.

Сонымен қатар инвесторлар геологиялық ақпаратқа ашық қол жеткізу үшін кешенді сервистік қолдау көрсететін Ұлттық геологиялық қызмет құрылды. Қор қоймасын, 2 керн қоймасын салу, 4 керн қоймасын жөндеу және деректерді өңдеу орталығын құру жоспарланған. Нәтижесінде мемлекеттік инфрақұрылыммен қамтамасыз ету деңгейі 100% жетеді.

«Геологиялық барлауға инвестиция климатын жақсарту үшін мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу бойынша тиісті ұсыныстар пысықталып жатыр», — деді С. Брекешев.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, 2021 жылы геологиялық барлауға 230 млрд теңге инвестиция тартылды. Ал 2021-2023 жылдары жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бойынша қаржыландыру сомасы 30 млрд теңгеден асты.

Мемлекет басшысының моноқалаларды дамыту бойынша берген тапсырмаларын орындау аясында ведомство бірқатар жұмыс атқарды. Риддер, Хромтау, Жезқазған, Теміртау және Балқаш моноқалалары жанындағы 7 учаскеде іздестіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыстар биыл аяқталады деп күтілуде. 

Сонымен қатар әлемдік нарықтың қазіргі тенденцияларын және сирек, сирек кездесетін металдарға, сондай-ақ литийге сұраныстың артуын ескере отырып, шикізаттың осы түрлеріне перспективалы учаскелерді анықтауға ерекше назар аударылады. Атап айтқанда, биыл Қара-Аяқ және Мунча учаскелерінде сирек кездесетін металдарды анықтау жұмыстары жалғасуда. 

Жалпы, орта есеппен жыл сайын 12-15 жаңа кен орны мемлекеттік теңгерімнің есебіне алынады.

Киіктер бойынша

Киік санын басқару бойынша мәселелерге тоқталған ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі 1999 жылдан бастап киіктер саны күрт төмендеп, оларды пайдалануға тыйым салынғанын еске салды. Кейін бұл шара 2023 жылға дейін ұзартылды.

Бұл ретте ведомство басшысы киіктің Қызыл кітапқа енгізілмегенін атап өтті. Бұл аңшылық түр, бірақ оны аулауға тыйым салынған.

Киік санының төмендеуі тоқтап, 2003 жылғы 21 мың дарақтан, осы жылы 1 млн 318 мың дараққа дейін өсуіне қол жеткізілді, бұл Кеңес одағы кезеңіндегі ең жоғары көрсеткіштен, яғни 1 млн 200 мыңнан асты.

«Киік санын қалпына келтіру - бұл Қазақстанның жетістігі екені сөзсіз, киіктің әлемдік популяциясының 95%-ы елімізде. Киік – қазақ үшін киелі жануар, ұлттық брендіміз де деуге болады. Оны сауатты басқару - біздің алдымызда тұрған үлкен міндет, барлық пікірлерді ескеріп, міндетті түрде ғылыми орталықтармен ақылдасып, жүйелі түрде шешу қажет», — деді ЭГТРМ басшысы.

Серікқали Брекешевтің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, ғылыми ұйымдар, мүдделі мемлекеттік органдар, салалық қауымдастық өкілдерінің қатысуымен киік популяциясын басқарудың жаңа тәсілдерін қарастыру мәселесі бойынша кеңес өткізілді.

Зоология институты мен Қазақстанның биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығы өкілдері әрбір популяцияның оңтайлы санын анықтап, жүйелі мониторинг және тұрақты басқару үшін Қазақстандағы киік популяциясы ареалындағы экожүйені кешенді бағалау бойынша терең ғылыми зерттеулер жүргізу қажет екенін айтты. Ғылыми зерттеулер жүргізгеннен кейін киік санын басқарудың баламалы әдістері анықталады.

Өз кезегінде Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті ғылыми зерттеулерді қаржыландыру мәселесін қарастырып жатыр. Техникалық тапсырманы әзірлегеннен кейін қажетті сома нақтыланады. Зоология институты дайындық жұмыстарын бастап кетті.

Дегенмен, ақбөкен популяциясы басқарусыз шексіз өсіп, тұрақты өмір сүре алмайтындығын түсіну керек. Олардың саны шектеледі. Біріншіден, жем-шөп ресурсының болуы, екіншіден, киікке тән аурулар, эпизоотия салдарынан жаппай қырылу сияқты себептер бар. 

«Киік санының динамикасын талдай отырып, 1980 жылдан бастап жаппай қырылуының 11 жағдайы, орташа алғанда әрбір 3,5 жыл сайын байқалды, бұл кезде орта есеппен бүкіл популяцияның 34% немесе киіктің жалпы санының 18% қырылған», — деді С. Брекешев.

Оның айтуынша, тиісті ғылыми зерттеулердің жоқтығына байланысты, жаппай өлім-жітімді болжау мүмкін емес, сондықтан киік санының ауру мен жұттан күрт ауытқу ықтималдығын жоққа шығаруға болмайды. Киікті сақтау үшін арнайы қорғауды жалғастыра отырып, мүмкін болатын мөлшерін ұстап тұру неғұрлым орынды мәселе.

Мұндай популяцияны басқару мұқият дайындықты қажет етеді. Осы орайда, ҚР ЭГТРМ Зоология институтымен терең зерттеу жұмыстарын бастайды және оның қорытындысы жарияланатын болады. Бұл жұмыс бірнеше жылға созылуы ықтимал. Өз кезегінде, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің даулы мәселелерін шешу үшін Ауыл шаруашылығы министрлігі фермерлерге келтірілген залалды өтеу әдістемесін әзірлеу мәселелерін қарайтын болады.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында итбалықтар популяциясын сақтау, олар мекендейтін жерлер және көбею аймақтарын қорғау үшін Каспий теңізінде мемлекеттік табиғи резерват құру жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар, итбалық қызыл кітапқа енгізілді. 

«Каспий теңізінде су деңгейінің тұрақсыздығы – табиғи үрдіс. Оны да тексеріп, ғылыми зерттеулер жүргізу қажет», — деді ҚР ЭГТРМ басшысы Серікқали Брекешев.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу