Мұнай өндіру, туризм, кәсіпкерлікті қолдау: 2021 жылы Маңғыстау облысы қалай дамыды

Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспарына сәйкес, 2025 жылға дейін өңірге 2,1 трлн теңге салынады. Жоспар шеңберінде Жаңаөзенде газ өңдеу зауытын, «Ақтау теңіз порты» АЭА аумағында каустикалық сода, құрамында хлор бар өнім шығаратын зауытын салу, сондай-ақ сұйық дәрілік формаларды, химреагенттерді, трансформаторларды өндіретін 21 жобаны іске асыру көзделген. Осының барлығы өңір экономикасының өсуіне және жергілікті халықтың тұрмыс сапасының жақсаруына оң әсер етеді. Маңғыстау облысының 2021 жылы қалай дамығаны және болашаққа қандай жоспарлар белгіленгені туралы толығырақ шолу материалынан оқыңыздар.

2021 жылғы 1 желтоқсандағы жағдай бойынша облыс халқы 738,9 мың адамды құрады. Оның 297,8 мыңы – қала тұрғындары. 2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте халықтың табиғи өсімі 14 039 адамды құрады, көші-қон сальдосы -/+ 1 375 адам.

2021 жылы облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жұмыс Мемлекет басшысының 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында айтылған тапсырмаларына сәйкес құрылды. Сондай-ақ стратегиялық және мемлекеттік, салалық бағдарламалар бағыт берді.

2021 жылы әлеуметтік салаға 159,8 млрд теңге, оның ішінде білім беруге – 125,5 млрд теңге, денсаулық сақтауға – 8,6 млрд теңге бағытталды.

Мемлекеттік бюджетке (Ұлттық қорды есепке алмағанда) 420,2 млрд теңге салық пен міндетті төлемдер түсті, оның ішінде республикалық бюджетке – 236,4 млрд теңге, жергілікті бюджетке – 183,8 млрд теңге.

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте жалпы өңірлік өнім 2 665,9 млрд теңгені құрады, ЖӨӨ нақты өсімі – 101,1%. Жан басына шаққандағы ЖӨӨ 3 665,6 мың теңге көлемінде қалыптасты – бұл республика өңірлері арасындағы төртінші позиция (ҚР бойынша орташа – 2 795,3 мың теңге). ЖӨӨ құрылымында өнеркәсіп үлесі 55%, ауыл шаруашылығы 0,6%, құрылыс 6,7%, сауда 3,4%, көлік және қоймалау 5,5%, ақпарат және байланыс 0,3%, жылжымайтын мүлік операциялары 7,2%, басқалары 21,3%-ды құрайды.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда қысқа мерзімді экономикалық индикатор индексі 101,3%-ды құрады (2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда – 94,6%).

Жалпы, облыстың ӘЭД негізгі макрокөрсеткіштері 2021 жылы оң динамика көрсетті. Атап айтқанда:

  • өңдеу өнеркәсібінің көлемі – 101,7% (183 млрд теңге);
  • негізгі капиталға салынған инвестициялар – 103,6% (627,1 млрд теңге);
  • құрылыс жұмыстарының көлемі – 119% (255,9 млрд теңге);
  • тұрғын үйді пайдалануға беру қарқыны – 101,3% (1 208,1 мың шаршы метр);
  • ауыл шаруашылығы көлемінің индексі – 03,2% (22,2 млрд теңге);
  • сауда – 104,8% (479,2 млрд теңге);
  • көлік және қоймалау – 107,6% (315,5 млрд теңге).

Дегенмен, өнеркәсіп өнімінің көлемі 1,4%-ға төмендеді. Бұл 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда тау-кен өнеркәсібі көлемінің 0,2%-ға азаюына байланысты. Өткен жылы облыстың тау-кен өндірісі өнеркәсібінің көлемі 2 377,3 млрд теңгені құрады (НКИ – 98%).

Сондай-ақ 2021 жылы облыста 243,8 млрд теңгеге жуық сомаға 25 инвестициялық жоба іске асырылғанын атап өткен жөн. Осының арқасында 1400-ден астам адам жұмысқа орналастырылды.

Инвестициялық жобалар туралы толығырақ айта отырып, жылына 5 мың тонна құс етін өндіретін фабриканың ашылғанын атап өткен жөн. Бұл көлем өңірдің тауық етіне деген қажеттілігінің 50%-ын жабады. Сондай-ақ қуаты жылына 15 мың тонна құрама жем өндіретін зауыт іске қосылды.

Жалпы, осы жылға жоспарланған жобалардың 10-ы өңдеу өнеркәсібіне, 5-і туризмге, қалғандары экономиканың басқа салаларына жатады.

Қазіргі таңда өңір экономикасын әртараптандыру шеңберінде өңдеу өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, туризм, көлік және логистика, құрылыс салалары жоғары басымдыққа ие.

Әр салаға жеке тоқталайық.

Өнеркәсіп

2021 жылы өңдеу өнеркәсібін дамыту саласындағы өндіріс көлемі 1,7%-ға артып, 183 млрд теңгені құрады. Мысалы, кокс және мұнай өңдеу өнімдері өндірісінде 3,8%-ға, металлургия өнеркәсібінде 6,6%-ға, негізгі фармацевтикалық өнімдер өндірісінде 28,5%-ға өсім байқалады.

Облыстың өнеркәсіп кәсіпорындары барлығы 2 704,4 млрд теңгенің өнімін өндірді. Нақты көлем индексі 98,6%-ды құрады.

Өңдеу өнеркәсібінде (өнеркәсіптің жалпы көлеміндегі саланың үлесі – 6,8%) өндіріс көлемі 1,7%-ға ұлғайып, 183 млрд теңгені құрады.

2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 25,4%-ға ұлғайып, 2 704,4 млрд теңгені құрады (2020 жылы – 2 156,4 млрд теңге).

2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында өңдеу өнеркәсібі өндірісінің көлемі 183 млрд теңгені құрады, 5,9%-ға ұлғайды (2020 жылы – 177,4 млрд теңге), атап айтқанда:

  • химия өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі 26 462,5 млн теңгені құрады (сала азот-минералды тыңайтқыш, сұйық аммиак шығаратын «ҚазАзот» АҚ ірі кәсіпорнымен ұсынылған);
  • жеңіл өнеркәсіп өндірісінің көлемі 2 646,4 млн теңгені құрады;
  • машина жасау өндірісінің көлемі 40 430 млн теңгені құрады.

Жеңіл өнеркәсіп саласы мен машина жасау кәсіпорындары негізінен мұнай-газ секторының тапсырыстарын орындауға бағытталған. Саланың өндіріс көлемінің ұлғаюы немесе азаюы мұнай өндіруші компаниялардың тапсырыстарына байланысты.

Тау-кен өнеркәсібінде 2 377,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді. НКИ 98% құрады. Қазіргі таңда облыста кең таралған пайдалы қазбаларды барлау және өндіру үшін жер қойнауын пайдалану құқығына 258 келісімшарт пен лицензия тіркелген.

Кең таралған пайдалы қазбалардың түрлері: 108 – ұлутасты әктас, 87 – құм-қиыршық тас қоспасын, 44 – құрылыс тасын (шағылтас), 6 – кесек тасты, 4 – құрылыс құмын, 4 – борды, 4 – ас тұзын және 1 – гипсті әзірлеуге.

Келісімшарттық міндеттемелерді орындауға келетін болсақ, 123 жер қойнауын пайдаланушы өзінің келісімшарттық міндеттемелерін 0-30% диапазонында, 20 – 30-60% диапазонында, 62 – 60% және одан жоғары диапазонда орындайды.

Экспортталатын тауарлардың негізгі түрі – отын-энергетика тауарларын (мұнай және мұнай өнімдері, сұйытылған мұнай газы) жеткізу. Өңір экспортының жалпы көлеміндегі отын-энергетика тауарларының үлесі 96%-ды құрайды.

2021 жылы өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі $37 млн құрады. Облыстың экспортқа бағдарланған кәсіпорындарының қатарына мынадай кәсіпорындар кіреді:

  • «ҚазАзот» АҚ Қырғызстан, Украина, Ресей және Грузияға жалпы сомасы 15,1 млрд теңгеге 134 мың тонна аммиак селитрасын экспорттады;
  • «Мага-Брэд» ЖШС Түрікменстан Республикасына жалпы сомасы 8,8 млн теңгеге 55 тонна макарон өнімдерін жеткізді;
  • «Каспи Цемент» ЖШС Ресейге 347 млн теңге сомасына 15229 тонна портландцементті экспорттады;
  • «Арселор Миттал» АҚ Өзбекстан мен Украинаға 207 млн теңгеге 427,3 тонна құбырды экспорттады;
  • «Сатекс Чемие» ЖШС 83,3 млн теңге сомасына битум негізінде 236,18 тонна гидрооқшаулағыш материалды Әзербайжан мен Ресейге экспорттады.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында азық-түлік өндірісінің көлемі 9 596 млн теңгені құрады. Өңдеу өнеркәсібі құрылымындағы үлесі – 5,2%.

Өңірде бұл салада ірі кәсіпорындар жоқ. Сүт өнімдерін, нан-тоқаш және ұн өнімдерін, ұн, сусындар өндіретін шағын және орта кәсіпорындар жұмыс істейді.

Саланың негізгі кәсіпорындары — «Millina Food Production cоmpanу LTD» ЖШС, «Жаңаөзен сүт зауыты» ЖШС, «АКФ «Волна» ЖШС, «Берекет-Ф» ЖШС, «Maga-bread» ЖШС, «Ақтау Сүт» ЖШС, «Agargan» ЖШС және т. б.

«Maga-bread» ЖШС макарон өнімдерін Түрікменстан Республикасына экспорттайды.

Мұнай-газ саласы

Маңғыстау облысы Қазақстанның минералдық-шикізат ресурстарын орналастыруда елеулі орын алады. Жыл сайын мұнда шамамен 23% шикі мұнай өндіріледі.

2021 жылдың 12 айының қорытындысы бойынша мұнай өндіру көлемі 16 743,6 мың тоннаны немесе өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 100,1% құрады.

Есепті кезеңде мұнай өндіру көлемінің ұлғаюы «Қаражанбасмұнай» АҚ (104,9%), «Тоталь энд Дунга» компаниясы (109,1%), «Емир Ойл» ЖШС (112,8%), «Арман БК» ЖШС (118,8%), «Кең Сары» ЖШС (102,3%), «Бозащы Мұнай» ЖШС-да (154,3%) және т. б. байқалады.

Мұнай өндіру көлемі 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 0,1%-ға ұлғайды және 16 743,6 мың тоннаны құрады. Табиғи газ өндіру көлемі 15,8%-ға азайып, 2 875,7 млн текше метрді құрады.

Жерді ресімдеуге, банкроттыққа, геологиялық барлауға байланысты 37 келісімшарт пен лицензия бойынша өндіру жұмыстары тоқтатылды. 2020 жылы 103 жер қойнауын пайдаланушы өндіру жұмыстарын жүргізбеді, лицензиялық келісімшарт талаптары ішінара орындалды. 221 жер қойнауын пайдаланушының өндіру жұмыстарын жүргізуге мүмкіндігі бар, алайда 2020 жылғы жағдай бойынша 103 жер қойнауын пайдаланушы мұндай жұмыстарды мүлдем жүргізбеген (бірақ салық және басқа да түсімдер бойынша төлемдер жүргізеді).

Электрмен жабдықтау, газ, бу беру және ауа баптау саласында 124,8 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Саладағы НКИ 100,9%-ды құрады.

Сумен жабдықтау, кәріз жүйесі, қалдықтарды жинау мен бөлуді бақылау саласында 19,3 млрд теңгенің өнімі өндірілді, НКИ – 103,7%.

Ауыл шаруашылығы

2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 22,2 млрд теңгені құрады, НКИ – 103,1%. Өткен жылы агроөнеркәсіптік кешен саласында жалпы сомасы 8,7 млрд теңгеге 12 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланған болатын. Қазіргі уақытта 8,2 млрд теңге сомасына осындай 10 жоба іске қосылды. 203 жаңа жұмыс орны құрылды.

1. Түпқараған ауданындағы «Ақтау агро» ЖШС құс фабрикасы;

2. Мұнайлы ауданындағы «Ақтау агро» ЖШС құрама жем зауыты;

3. Жаңаөзен қаласындағы «Тайбурыл» ШҚ» 5 га жерге жоңышқа өсіру жобасы;

4. Түпқараған ауданындағы «Хамзин» ЖК гидропоника әдісімен салат жапырақтарын өсіру жобасы;

5. Мұнайлы ауданындағы «Полимер Пласт Актау» ЖШС сүт зауыты;

6. Ақтау қаласындағы «Ақжол» ШҚ бордақылау алаңының жобасы;

7. Жаңаөзен қаласындағы «Тәжіғұлов» ЖК жоңышқа өсіру жобасы;

8. Маңғыстау ауданындағы «Сегізбай-Ата» ӘКК ұн тарту цехы;

9. Маңғыстау ауданындағы ауданы 1 га «Ақтау BS Строй» ЖШС жылыжай кешені;

10. Бейнеу ауданындағы «Әділ сүт зауыты» ЖШС сүт зауытын жаңғырту жобасы.

Сонымен қатар Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында шағын қалалар мен ауылдық елді мекендерде, оның ішінде ауыл шаруашылығы саласында кәсіпкерлікті дамыту мақсатында 2021 жылға 911,6 млн теңге сомасында қаражат қарастырылған.

Несиелер 172 жобаны іске асыруға берілді, соның нәтижесінде 208 жаңа жұмыс орны құрылды.

Ауыл шаруашылығы саласын одан әрі дамыту мақсатында 2021 жылы агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 508,06 млн теңгеге субсидия бөлінді. 483 млн теңгеге 412 АӨК нысаны субсидияланды.

2021 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында сыртқы сауда айналымы $4 493,3 млн құрады, оның ішінде тауарлар экспорты – $4 134,4 млн, импорт – $358,9 млн. ЕАЭО елдерімен (Ресей, Армения, Қырғызстан, Беларусь) өзара сауда көлемі 2021 жылғы қаңтар-қарашада $159,7 млн құрады, оның ішінде экспорт – $18,8 млн, импорт – $140,9 млн. ЕАЭО елдеріне Маңғыстау облысы азық-түлік, тыңайтқыштар, металл сынықтары, цемент, құбырлар, киім-кешек, қышқылдар (азот, азот сульфаты, фосфор, тұз және т. б.) экспорттайды.

Маңғыстау облысының ауыл шаруашылығы саласын дамыту мақсатында соңғы 5 жылда ҚР агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 000-нан астам АӨК субъектісіне 3,7 млрд теңге сомасында субсидия берілді. 2021 жылы 483,2 млн теңге бөлініп, игерілді, оның ішінде:

Инвестициялық салымдар кезінде агроөнеркәсіптік кешен субъектісі шеккен шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша субсидиялауға республикалық бюджеттен – 157 246,9 мың теңге, жергілікті бюджеттен – 5 000,0 мың теңге бөлінді.

Оның ішінде 18 654,4 мың теңге сомасына 3 бірлік ауыл шаруашылығы техникасы (тракторлар) және 16 бірлік қосалқы жабдық (тырнауыш және басқа агрегаттар) субсидияланды. Сондай-ақ сомасы 128 052,3 мың теңгеге 44 құдыққа (ұңғымаға) субсидия берілді.

«Суару және тамшылатып суару жүйелерін құру және кеңейту» паспорты бойынша субсидиялар 14 427,3 мың теңге сомасына 2 жаңбырлатқыш машинаны және 1 112,9 мың теңге сомасына 1 тамшылатып суару жүйесін сатып алуға берілді.

Агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру, сондай-ақ ауыл шаруашылығы жануарларын, техникасы мен технологиялық жабдығын сатып алуға лизинг беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау 2021 жылы АӨК-нің 210 субъектісі үшін 160,3 млн теңге сомасына жасалды. Қолданыстағы қағидаларға сәйкес, қаражат агроөнеркәсіптік кешен субъектілеріне кредит беру кезінде сыйақы мөлшерлемелерін субсидиялау мақсатында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-ға жіберілді.

Асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығы өнімінің өнімділігі мен сапасын арттыруды субсидиялауға АӨК-нің 80 субъектісі 127,8 млн теңге сомасында ие болды. Оның ішінде 6015 мың теңге 401 бас қой сатып алуға, 150 мың теңге асыл тұқымды ірі қара мал (1 бұқа), 400 мың теңге 4 жылқы сатып алуға жұмсалды. Сондай-ақ 2 АӨК субъектісі асыл тұқымды селекциялық жұмыс үшін 3 500 мың теңге сомасына 300 бас ірі қара малға, 1 АӨК субъектісі 1 786,6 мың теңге сомасына импортталған асыл тұқымды қой сатып алуға, 2 АӨК субъектісі 1 375,0 млн теңге сомасына асыл тұқымды қойларды селекциялауға және 1 АӨК субъектісі 11 572,9 мың теңге сомасына құс етін өндіругесубсидия алды.

Жем-шөпке жұмсалатын шығынды азайту үшін бюджеттен 500 бас ІҚМ-ға 7 316,4 мың теңге сомасында субсидиялар бөлінді (резервте – 1 484,9 мың теңге). Сондай-ақ 46 749,1 мың теңгеге 20 800 бас қой мен ешкі, 23 077,6 мың теңгеге 2 325 бас жылқы (резервте 21324,1 млн теңге), 23 357,7 мың теңгеге 2 400 бас түйе субсидияланған.

Түйе сүтін өндіруге АӨК-нің 1 субъектісі 2 543,9 мың теңге сомасында субсидияланды. АШТӨ-ге су жеткізу қызметтерінің құнын субсидиялау – 100 мың текше метр суға 15,7 млн теңге сомасына АӨК-нің 15 субъектісі. Тыңайтқыштардың құнын субсидиялау (органикалық тыңайтқыштарды қоспағанда) – 50 АӨК субъектісі, 9,6 млн теңгеге 262,7 тонна тыңайтқыш сатып алынды.

2021 жылы көкөністер мен бақша, тамыржемістілер мен түйнек жемістілердің жиналған алқабы 824,6 га құрады. Көкөністер алаңы 353,7 га құрады, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 5,9%-ға аз, бақша дақылдары бойынша 470,8 га құрады, бұл өткен жылғымен салыстырғанда 15,8%-ға аз. Соның нәтижесінде барлығы 21 300 тонна өнім алынды.

Көктемгі дала жұмыстарына 66 ауыл шаруашылығы техникасы, 12 трактор тіркемесі, 21 соқа мен культиватор, 2 тұқым сепкіш, 26 тырнауыш тартылды.

Құрылыс

Құрылыс жұмыстары саласында көлем 255,9 млрд теңгеге жетті. Саланың НКИ 2020 жылғы деңгейге қарағанда 119%-ды құрады.

Өңірде барлық қаржы көздері есебінен пайдалануға берілген тұрғын үйдің жалпы ауданы 1 208,1 мың шаршы метрді құрады.

Биыл «Бақытты отбасы» бағдарламасы аясында халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында 173 отбасыға тұрғын үй сертификаттары берілді (77 – көпбалалы отбасылар, 87 – мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, 9 – толық емес отбасылар.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 855 пәтер берілді, оның ішінде 152 пәтер – көп балалы отбасыларға және халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарына берілді.

Маңғыстау облысын дамытудың кешенді жоспары аясында жаңаөзендіктерге Ақтау қаласынан 25 пәтер сатып алынды. Сонымен қатар тағы 76 пәтер сатып алуға шарт жасалды. Қалған пәтерлер бойынша құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілуде.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында Мұнайлы ауданының Батыр ауылында 80 пәтерлік 6,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді.

Сондай-ақ Түпқараған ауданының Форт-Шевченко қаласында 72 пәтерге арналған 3,9 мың шаршы метр тұрғын үй салынып жатыр.

«Кредиттік тұрғын үй» бағыты бойынша 2021 жылы 623 пәтерге арналған 46,5 мың шаршы метр тұрғын үйдің құрылысы аяқталды.

Шағын және орта бизнес

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша шағын және орта кәсіпкерлік саласында жұмыс істейтін субъектілер саны 56,5 мың бірлікті немесе 2021 жылдың тиісті кезеңіне 106,8%-ды құрады.

«Бизнестің жол картасы – 2025» бизнесті қолдау мен дамытудың мемлекеттік бағдарламасы аясында жалпы сомасы 79,5 млрд теңгеге 2059 жобаға қолдау көрсетілді (1546 жаңа жұмыс орны құрылды, 10 604 сақталды).

2021 жылы Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2019-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында Ақтау және Жаңаөзен қалаларында 700,0 млн теңге сомасына 69 микрокредит берілді және 110 жаңа жұмыс орны құрылды.

«Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы іске қосылғаннан бері (2018 жылғы қараша) 3,3 млрд теңге сомасына 160 жоба іске асырылып, 1 182 жаңа жұмыс орны құрылды.

2021 жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде 2469 жұмыс орнын құрумен және 10 766 жұмыс орнын сақтаумен, жалпы сомасы 94,2 млрд теңгеге 2450 жобаға қолдау көрсетілді, оның ішінде:

  • «Бизнестің жол картасы – 2025» бағдарламасы бойынша 79,5 млрд теңге сомасына 2068 жобаға қолдау көрсетілді. 1578 жұмыс орны құрылды, 10 604 жұмыс орны сақталды. Субсидиялау құралы бойынша – 70,5 млрд теңге сомасына 1187 жоба, кепілдендіру құралы бойынша – 9 млрд теңге сомасына 872 жоба, гранттық қолдау бойынша – 34,3 млн теңге сомасына 9 жоба;
  • «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы бойынша жалпы сомасы 4 млрд теңге болатын 35 жобаға қолдау көрсетілді. 430 жаңа жұмыс орны құрылды, 162 жұмыс орны сақталды;
  • «Еңбек» бағдарламасы бойынша 1,6 млрд теңге сомасына 241 шағын несие берілді. 316 жаңа жұмыс орны құрылды;
  • «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020-2021» бағдарламасы бойынша 2021 жылы 91 жаңа жұмыс орнын құрумен 547,6 млн теңгеге 91 шағын несие берілді;
  • «Нұр Капитал» өңірлік бағдарламасы бойынша 350,2 млн теңге сомасына 54 жаңа жұмыс орнын құрумен 15 жобаға қолдау көрсетілді.

Қаржылық емес қолдау шаралары:

  • 2021 жылдың қорытындысы бойынша «Бастау Бизнес» жобасы аясында 1228 адам кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды. Барлық қатысушылардың ішінен 202 қатысушы немесе 16,4%-ы өз жобаларын қорғап, 1 млрд теңге сомасына жеңілдікті кредиттер алды. Сонымен қатар «Еңбек» бағдарламасы аясында 501 қатысушы 292,2 млн теңге сомасына грант алды. Соның нәтижесінде 703 жұмыс орны құрылды;
  • 2021 жылы жергілікті бюджет аясында кәсіпкерлер мен кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға сервистік қызметтерге 21,0 млн теңге бөлінді. Соның нәтижесінде 1573 кәсіпкерге және кәсіпкерлік бастамасы бар азаматтарға сервистік қызмет көрсетілді;
  • «Бизнестің жол картасы – 2025» мемлекеттік бағдарламасы аясында жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға жалпы сомасы 34,3 млн теңгеге 9 жобаға грант берілді.

Сондай-ақ 2021 жылы «Жол картасы-2025» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде өңірлік үйлестіру кеңесінің отырысында қажетті инфрақұрылымды жүргізуге 82 млн теңге сомасына 2 жоба мақұлданды (Жалпы құны – 580 млн тг).

Қазіргі уақытта құрылыс басқармасы тиісті жұмыстарды жүргізуде.

Көлік және логистика

2021 жылы барлық теңіз порттары арқылы жүктерді ауыстырып тиеу көлемі 5 456 мың тоннаны құрады (Құрық порты – 974 мың тонна, Ақтау теңіз порты – 3 501 мың т, Солтүстік терминал – 980,6 мың т). Жүк тасымалдау көлемі өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2,2%-ға ұлғайды (2020 жылы – 5 338 мың тонна).

Көліктің барлық түрімен 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда 213,08 млн тонна жүк тасымалданды немесе бұл 2020 жылғы деңгейдің 93,9%-ы.

«Нұрлы жол» бағдарламасы шеңберінде 2021 жылы МАЭК су тарту каналынан «Құрық» паром кешеніне дейін облыстық маңызы бар автомобиль жолын реконструкциялаудың III кезеңінің жобасы (Шор көпірі арқылы) толығымен аяқталып, пайдалануға берілді.

Сондай-ақ Ақтау – Форт-Шевченко автомобиль жолдарын 5-29 км (24 км), Хонда орталығынан Өмірзақ ауылына дейін (4,5 км), Жыңғылды – Шайыр – Шерқала (29 км), МАЭК су тарту каналынан Құрық паром кешеніне дейін (27 км) реконструкциялау жұмыстары жүргізілді және осы жылы да жалғастырылатын болады.

Бұған қоса ХГМЗ қиылысынан №23, 24, 28а шағын аудандарының (7 км) қиылысына дейін №55 автожолын қайта жаңарту және Өмірзақ елді мекенінен Ақтау қаласының жылы жағажайына (4,6 км) дейін автомобиль жолын салу жобалары 90%-ға аяқталды және биыл жалғасады. Бұл жобаларды 2022 жылы толық аяқтау жоспарланып отыр.

Облыста аудандық маңызы бар жолдар бойынша 2021 жылы жалпы ұзындығы 47,8 км болатын 5 жобаның орташа жөндеу жұмыстары аяқталды.

Анықтама: Оңды лагеріне кіреберіс 6 км; Жармыш ауылына кіреберіс 2 км; Қызан-Ақшымырау автожолы 14,7 км; Шетпе-Тиген-Қызан автожолы 21 км; Жаңаөзен-Құланды автожолы 4,1 км.

Сонымен қатар өткен жылы өңірде аудандық маңызы бар автомобиль жолдары бойынша жаңа жобалар іске қосылды: Шетпе – Қызан (Мәстек – Қызан учаскесі, 25 км) және Басқұдық ауылынан Маңғыстау ауылына дейін (10 км), олар осы жылы да жалғасады.

2021 жылы «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында 24 жоба бойынша Жетібай (18,8 км), Сайын Шапағатов (29,7 км), Ақжігіт (2,6 км), Құрық (4,8 км), Бостан (2,7 км), Шетпе (20 км), Жыңғылды (5,1 км), Басқұдық (3 км), Баянды (2 км) және Өмірзақ (12 км) ауылдарында жалпы ұзындығы 101 км кентішілік жолдарды жөндеу және салу жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде Баянды, Басқұдық, Сайын Шапағатов, Ақжігіт, Жыңғылды және Өмірзақ ауылдарында іске асырылып жатқан 8 жоба 2022 жылға өтпелі.

Инвестициялар

2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 627,1 млрд теңгені немесе НКИ 103,6%-ды құрады (2020 жылғы қаңтар-желтоқсан айларында – 576,4 млрд теңге). Осы кезеңде облыста 1400-ден астам жаңа жұмыс орнын құрумен 243,8 млрд теңгеге 25 инвестициялық жоба іске асырылды.

2022 жылы экономиканың әртүрлі салаларында жалпы сомасы 162,7 млрд теңгеге шамамен 1900 жаңа жұмыс орнын құрумен 22 жобаны іске асыру жоспарланған. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі саласында құны 40,4 млрд теңге болатын 9 жоба іске асырылып, 692-ден астам жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Анықтама:

  1. «EVEREST TECHNO» ЖШС сорғы штангілері мен муфталарын өндіру зауыты (жоба құны – 14,2 млрд тг, 120 жұмыс орны);
  2. «Mangystau OiL Refining» ЖШС көмірсутек шикізатын өңдеу бойынша кешенді жаңғырту (жобаның құны – 10,6 млрд тг, 50 жұмыс орны);
  3. «Aktau Petroleum» ЖШС мұнай-химия кешенінің құрылысы (2 кезең) (жоба құны – 6,5 млрд тг, 40 жұмыс орны);
  4. «Медикал Фарм Ча-Кур» ЖШС сұйық дәрі формалары мен медициналық мақсаттағы бұйымдарды шығаратын фармацевтикалық кешен (жобаның құны – 2,1 млрд тг, 200 жұмыс орны);
  5. «Chemical Start Group» ЖШС антифриз өндіру зауыты (жоба құны – 2,0 млрд тг, 100 жұмыс орны);
  6. «Мұнай және газ ғылыми-зерттеу және жобалау институты» АҚ химреагенттер өндіру зауытын салу (жоба құны – 1,9 млрд тг, 32 жұмыс орны);
  7. Ақтау қаласында «Н-ГӨЗ» ЖШС газ өңдеу зауытын салу (жоба құны – 1,5 млрд тг, 40 жұмыс орны).
  8. «Fiberglas Tank Production» ЖШС дайын шыны пластик бұйымдарын өндіру зауыты (жоба құны – 1027 млн тг, 80 жұмыс орны);
  9. «Сталь Трейд-НС» ЖШС екі қабатты және үш қабатты экструдталған полиэтилен жабыны бар болат құбырларды оқшаулайтын өндірістік цех (жоба құны – 600 млн тг, 30 жұмыс орны).

Инфляция

2021 жылғы желтоқсанда тұтыну бағалары мен тарифтер индексі 2020 жылғы желтоқсанға қарағанда 109,2%-ды құрады (ҚР – 108,4%), оның ішінде:

  • азық-түлік тауарларына – 111,8% (ҚР – 109,9%),
  • азық-түлік емес тауарларға – 107,7% (ҚР – 108,5%),
  • ақылы қызметтер – 107,4% (ҚР – 106,5%).

19 атау бойынша әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына арналған ТБИ (2022 ж. қаңтар) 100,8%-ды құрады (ҚР – 100,7%).

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларына бағаның өсуін тежеу мақсатында ҚР Үкіметінің тапсырмасы бойынша мынадай шаралар кешені өткізілді:

- облыс тұрғындары үшін Ақтау, Жаңаөзен қалаларында және аудан орталықтарында апта сайын ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер мен көтерме бағамен жеткізушілердің жәрмеңкелері ұйымдастырылды (барлығы 343 жәрмеңке өтті).;

- әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарлары бағасының негізсіз өсуіне жол бермеу бойынша ірі сауда ұйымдарымен 45 меморандумға қол қойылды;

- 125 сауда объектісінде азық-түлік тауарларын төмен бағамен сату үшін «әлеуметтік бұрыштар» ұйымдастырылды;

- өңірлік тұрақтандыру қорын қалыптастыру үшін өткен жылы жергілікті бюджеттен 1 млрд теңге бөлінді (тауар сатып алуға – 500 млн теңге, кәсіпкерлерді несиелендіруге – 500 млн теңге). 2022 жылға тағы 1,5 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде өңірлік тұрақтандыру қорында тауарлардың 17 түрі бойынша 7032 тонна ӘМАТ қоры қалыптасты;

- желтоқсандағы мерекелер қарсаңында облыстың барлық ірі сауда желісінде азық-түлік тауарларына акциялар мен жеңілдіктер өткізу туралы келісімге қол жеткізілді;

- барлық өндірушілермен, сауда желілерімен, жеткізушілермен және бөлшек саудада өткізушілермен ӘМАТ бағасының көтерілуіне жол бермеу туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді;

- үй маңайындағы азық-түлік дүкендерінің иелеріне ҚР «Сауда қызметін реттеу туралы» заңына сәйкес ӘМАТ-қа 15%-дан жоғары үстемеақы қосуға жол бермеу туралы хабарлау хаттары табысталды.

ТҮКШ

Жалпы өңір бойынша қалаларда халықты орталықтандырылған сумен қамтамасыз ету 100%-ды, орталықтандырылған су тартумен қамтамасыз ету 93,1%-ды, облыс бойынша электрмен жабдықтау 100%-ды, газбен қамтамасыз ету 98,9%-ды құрайды.

Бейнеу ауданының Ақжігіт, Мұнайлы ауданының Басқұдық ауылдарында, Түпқараған ауданының С. Шапағатов ауылындағы 6-кварталда (ескі) жобалар аяқталды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша ауылдық елді мекендерде орталықтандырылған сумен жабдықтау 96,2%-ды құрады (59 АЕМ-ден 47 АЕМ).

Су тарту және ағын суларды тазарту жүйелерімен тек Ақтау және Жаңаөзен қалалары ғана жабдықталған. АЕМ-де септиктер басым қолданылады. 2021 жылы ауылдық елді мекендерде ағын суларды тазарту 4,5%-ды құрады.

«Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 3 жоба іске асырылды, оған Маңғыстау ауданының Шетпе ауылындағы кәріз желілері мен КТҚ, Мұнайлы ауданының Маңғыстау ауылындағы кәріз желілері кіреді. Бұл жобалар 2022 жылы жалғасын табады. Оларды іске асыру кезінде ауылдық елді мекендер ағын суларды тазартумен 7,3%-ға қамтамасыз етілген.

2021 жылы сумен жабдықтау және су тартуды дамытуға барлығы 16,8 млрд теңге бағытталды.

Облыс орталығын жағалау аймағына қарай және солтүстік-батыс бағытта кеңейту жаңа аумақтарды үздіксіз және сенімді электрмен және газбен жабдықтауды қамтамасыз ету жөніндегі мәселелерді шешуді талап етеді.

Қазіргі уақытта аймақты ауыз сумен қамтамасыз ету мәселесі өте өзекті болып отыр. Бүгінде негізінен Каспий теңізін тұщыландыру, жер асты суларын пайдалану арқылы сумен жабдықтау бағыттары бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Жұмыспен қамту

Халықты жұмыспен қамту саласында 2021 жылғы қаңтар-желтоқсанда өнімді жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлік бағдарламасын іске асыруды ескере отырып, 33 300 жұмыс орны құрылды (2020 жылғы қаңтар-желтоқсанда – 32 298 жұмыс орны).

Тұрақты жұмыс орнымен 25 557 адам, маусымдық жұмыс орнымен 7 743 адам қамтамасыз етілді.

2021 жылғы 3-тоқсандағы деректер бойынша облыс бойынша жұмыссыздық деңгейі 4,9%-ды құрады (2020 жылғы 3-тоқсанда – 5,1%).

2021 жылғы қаңтар-қыркүйекте бір қызметкерге орташа айлық жалақы 344 930 теңгені құрады, бұл 2020 жылдың тиісті кезеңінен 11%-ға көп.

Өнімді жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2021 жылы мынадай шаралар іске асырылды:

  • 1 131 адам техникалық және кәсіптік, қысқа мерзімді кәсіптік білім алып, 1 299 адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздерін меңгерді.
  • халықты жұмыспен қамту бойынша шаралар аясында жастар практикасына 1032 адам, әлеуметтік жұмыс орындарына 684 адам, төленетін қоғамдық жұмыстарға 5 289 адам жіберілді.

Туризмді дамыту

Қазіргі экономикалық үрдіс пен пандемия азаматтардың ішкі туризмге деген қызығушылығын арттырып жатыр. Аймақ үшін бұл үрдісті ұтымды және тиімді пайдалану маңызды.

2021 жылы салада көрсетілген қызметтер көлемі 1,7 есеге артып, 7,3 млрд теңгені құрады. Өңірге шет елдерден және еліміздің өңірлерінен 292 мыңға жуық турист келді (өсім 1,8 есе, 2020 ж. – 160 мың адам).

Курорттық аймақты дамытудың екінші кезеңі аясында 6 ірі инвестициялық жоба жүзеге асырылды. Нәтижесінде 385 адам жұмысқа тұрғызылды. Осы жобалардың барлығы өңір экономикасының дамуына оң мультипликативті серпін береді.

  1. «TETHYS AKTAU I» ЖШС. Гольф-клуб. Виллалары бар гольф-қонақ үй, жобаның құны – 85,5 млрд теңге;
  2. «TETHYS AKTAU III» ЖШС. Town Center сауда қатары – жоба құны – 32,8 млрд теңге;
  3. «КЗ Нефтемаш» ЖШС. Түпқараған ауданындағы «Сартас» визит-орталығы, жобаның құны – 248 млн теңге;
  4. «Фламинго» ЖШС. «Фламинго» демалыс базасы, жобаның құны – 11 млн теңге;
  5. «Dream Village» ЖШС, виллалар мен апартаменттер кешенінің құрылысы, жобаның құны – 11 млн теңге;
  6. «Caspian Plaza» ЖШС, Aqualina Resort курорттық-қонақ үй кешенінің құрылысы. Жоба құны – 20,2 млрд теңге.

Азаматтарды әлеуметтік қолдау

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес аз қамтылған отбасыларға әлеуметтік қолдау көрсетіледі. Жан басына шаққандағы орташа табысы кедейлік шегінен төмен кез келген аз қамтылған отбасына АӘК төленеді.

Облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге 2021 жылы республикалық бюджеттен 1 469,7 млн теңге, жергілікті бюджеттен 152,7 млн теңге бөлінді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 222,9 млн теңге, жергілікті бюджеттен 8,8 млн теңге бөлінді.

2022 жылғы 1 қаңтардағы жағдай бойынша 3 945 отбасы (20 979 адам) АӘК алды. Оларға 1622,4 млн теңге төленді.

Атаулы әлеуметтік көмек алатын отбасылардан шыққан балалар ақшалай төлемдерден басқа кепілдендірілген әлеуметтік пакет алады. 2021 жылы облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 3 945 отбасынан 5 971 балаға азық-түлік және гигиеналық жиынтықтар берілді.

Облыс бойынша 2022 жылға мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек көрсетуге республикалық бюджеттен 1 678,8 млн теңге, жергілікті бюджеттен 205,4 млн теңге бөлінді. Кепілдендірілген әлеуметтік пакетпен қамтамасыз етуге республикалық бюджеттен 504,1 млн теңге бөлінді.

2022 жылғы 1 мамырдағы жағдай бойынша облыс бойынша атаулы әлеуметтік көмек алатын 2 778 отбасының 3 639 баласына азық-түлік және гигиеналық пакет алды.

Сонымен қатар жергілікті мәслихаттың шешімі бойынша қосымша әлеуметтік көмек көрсетіліп жатыр. Облыс халқының әлеуметтік осал топтарына жататын азаматтарды әлеуметтік қорғау мақсатында жергілікті атқарушы органдардың шешімімен біржолғы әлеуметтік көмек төленуде. Мерекелік және атаулы күндерге 2021 жылы 2 616,5 млн теңге тарту жоспарланған еді, халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 67 823 азаматқа біржолғы материалдық көмек төленді. Оның ішінде 28 449 мүгедек және мүгедек балалар мереке күндеріне 1 971,1 млн теңге алды.

Халықтың аз қамтылған және осал топтары үшін қиын жағдай туғанда біржолғы материалдық көмек көрсету көзделген. 2021 жылы 3 241 адамға қаржылай көмек көрсетілді, оған 153,2 млн теңге бөлінді.

Мүгедек балаларды үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін ай сайын 5 АЕК мөлшерінде әлеуметтік көмек беріледі. 2022 жылдың 1 қаңтарына 503 мүгедек бала 76,6 млн теңге алды.

Коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлем шығындарының шекті жол берілетін шамасы арасындағы айырма ретінде төленетін көмек аз қамтылған 692 отбасыға (2 460 азаматқа) 69,4 млн теңге сомасында төленді.

Аз қамтылған азаматтарға қоғамдық ұйымдар, қайырымдылық қорлары, супермаркеттер, жеке кәсіпкерлер, мәслихат депутаттары, оқу орындары, мемлекеттік құрылымдар мен қалалық мешіттер тарапынан Алғыс айту күні, Халықаралық әйелдер күні, Наурыз, Рамазан, Конституция күні азық-түлік және қаржылық қолдау көрсетілді. 2021 жылы 6294 отбасыға 128,7 млн теңге көлемінде қайырымдылық көмек көрсетілді.

2022 жылы мерекелік және атаулы күндері 1 мамырдағы деректер бойынша 594,5 млн теңге түсті. Бір жолғы материалдық көмек халықтың әлеуметтік осал топтарына жататын 38 796 азаматқа төленді. Оның ішінде 26 985 мүгедек және мүгедек балалар мерекелік күндерге 475,2 млн теңге алды.

Халықтың аз қамтылған және осал топтары үшін қиын жағдай туғанда біржолғы материалдық көмек көрсету көзделген. 2022 жылдың 1 мамырына 1 639 адамға қаржылай көмек көрсетуге 85,4 млн теңге бөлінді.

Биылғы 1 мамырда 505 мүгедек баланы үйде оқытуға жұмсалған шығындарды өтеу үшін 29,8 млн теңге әлеуметтік көмек алынды. 2022 жылдың І тоқсанында облыста 400 отбасыға (1 128 азаматқа) тұрғын үй көмегін көрсетуге 12,9 млн теңге бөлінді.

«Nur Otan» партиясының сайлауалды бағдарламасын іске асыру

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының сайлауалды «Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір» жол картасына 112 іс-шара кірді. Олардың арасында әлеуметтік нысандар құрылысы, жол инфрақұрылымы, халықты жұмыспен қамту, шағын және орта бизнесті дамыту және т. б. бар. Іс-шаралар жоспарын уақытылы және толық іске асыру өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлкен оң әсер етеді.

ЖК-ны іске асыру жоспарына сәйкес 2021 жылға 112 пунктіні орындау жоспарланған (ұйымдастыру бағытында – 54 және қаржыландыру бағытында – 58 пунктілер). 92-сі (82,1%-ы) орындалды, 19-ы (17%-ы) орындалып жатыр.

Республикалық бюджеттен қаражат бөлінбегендіктен, 1 іс-шара (0,9%) орындалмады. Атап айтқанда, Жаңаөзен қаласындағы су тазарту қондырғысынан Теңге ауылына дейін су құбыры салынбаған. Жобаны іске асыруға 2021 жылға арналған бюджеттік өтінім жіберілді, бірақ оны Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі қолдамады. Өтінім 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау кезінде қарауға қайта жолданды, құны – 400,1 млн теңге.

Жалпы 2021 жылға жоспарланған іс-шараларды орындау нәтижесінде көзделген 20 көрсеткіш бойынша оң динамика қалыптасты.

Жолдардың сапасын жақсарту жөніндегі міндетті орындау үшін 2021 жылы 139 км автомобиль жолдарын салу және жөндеу жоспарланған, олардың 77%-ы немесе 106,9 км төселді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 92,8%-дан 95%-ға дейін, қалаларда 73,3%-дан 75,2%-ға дейін, ауылдарда 24,5%-дан 27,8%-ға дейін жеткізілді.

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында 2021 жылы халықты ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 7 ауылда (Басқұдық, Бекі, Жармыш, Ақжігіт, Рахат, Теңге, Қызылтөбе) сумен жабдықтау желілерінің құрылысы бойынша жұмыстардың 96%-ы жүргізілуде, оның ішінде 2 нысан пайдалануға берілді.

Электрмен жабдықтауды жақсарту үшін (10,3 км) Ақтау қаласында 4 жоба бойынша құрылыс жұмыстары жүріп жатыр, олар желтоқсан айында аяқталады.

Газбен жабдықтау саласын жақсарту үшін (20,1 км) Мұнайлы ауданы мен Ақтау қаласында 2 жобаның құрылысы жүріп жатыр. Олар желтоқсанда аяқталады.

Өңірде барлық көздер есебінен 1 208,1 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында 928 пәтер және кредиттік тұрғын үй бағыты бойынша 1102 пәтер пайдалануға берілді. Сонымен қатар халықтың әлеуметтік осал топтарын қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету мақсатында «Бақытты отбасы» бағдарламасы бойынша 173 отбасына тұрғын үй сертификаттары берілді.

Қатты тұрмыстық қалдықтарды қайта өңдеу және кәдеге жарату үлесін 2021 жылы 26,4%-ға жеткізу жоспарланып отыр, іс жүзінде 27,3%-ға жетіп, 3,4%-ға асыра орындалады. Барлық ауылдық елді мекендерде қатты тұрмыстық қалдықтарды бөлек жинау үшін жергілікті бюджет қаражаты және демеушілік есебінен 2940 контейнер сатып алынды. Жоспар 100% орындалды.

Есепті кезеңде әлеуметтік салада маңызды объектілер пайдалануға берілді:

  • 100 төсек-орындық онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталды, сондай-ақ Қызылсай ауылында бір мезгілде 50 науқасты қабылдайтын дәрігерлік амбулатория пайдалануға берілді;
  • 1 370 балаға арнлаған 22 жеке меншік мектепке дейінгі білім беру ұйымдары ашылды;
  • мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тең мүмкіндіктер жасау мақсатында 230 төсек-орындық 2 оңалту орталығы іске қосылды;
  • 1 225 балаға арналған 5 жеке меншік мектеп, 1 500 балаға арналған 2 мемлекеттік мектеп (Ақтау қаласындағы 34 шағын ауданда 1200 орындық және 1 шағын ауданда 300 орындық). Сондай-ақ 887 балаға арналған 3 мектепке жапсаржай құрылысы аяқталды.

Бұл үш ауысыммен оқытатын мектептер үлесін 12,7%-дан 10,5%-ға дейін төмендетуге мүмкіндік берді.

Сонымен қатар биыл 2 медицина ұйымы (Жаңаөзен қаласында 50 орындық емхана, Рахат ауылында 50 келушіге арналған дәрігерлік амбулатория) пайдалануға беріледі.

Қоғамдық қауіпсіздік саласында жыл соңына дейін облыс орталығында 600-ге жуық көше бейнебақылау камералары орнатылды, камера бейнесі полиция басқармасының жедел басқару орталығына шығарылды. Бүгінде объектіні пайдалануға қабылдау бойынша жұмыстар жүріп жатыр.

Білім

Маңғыстау облысында 331 мектепке дейінгі ұйым жұмыс істейді. Оларға 39,7 мың бала барады. 2021 жылы 1370 орындық 22 жеке меншік балабақша ашылды.

3 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды мектепке дейінгі біліммен қамту 100%-ды, 2 жастан 6 жасқа дейінгі балаларды қамту 82,8%-ды құрайды.

Облыста 169 жалпы білім беретін мектеп, оның ішінде 167,6 мың оқушыға арналған 17 жеке меншік мектеп жұмыс істейді. Облыс бойынша үш ауысыммен оқытатын 18 мектеп (2020-2021 оқу жылында – 15 мектеп) бар. Үш ауысыммен оқыту мәселесі кезең-кезеңмен шешілуде.

Өңірде бала туу коэффициенті жоғары. Соңғы 5 жылда оқушылар контингенті 47 мыңға ұлғайды, ал таяудағы 5 жылда олардың саны 207 мыңға жетеді деп күтіледі.

Осыған байланысты 2025 жылға қарай 34 мектеп салынады, бұл үш ауысыммен оқытатын мектептерді жоюға мүмкіндік беріп, өңірдегі оқушы орындарының жетіспеушілігі проблемасын шешеді.

2021 жылы 1 500 орындық 2 мектеп пайдалануға берілді (Ақтау қаласындағы 34 шағын ауданда – 1200 орын және Шығыс-1 шағын ауданында – 300 орын).

Қазіргі уақытта 3 мектептің (Ақтау қаласында әрқайсысы 1200 орындық), сондай-ақ Мұнайлы ауданы Басқұдық ауылында 600 орындық мектептің құрылысы жүріп жатыр.

Денсаулық сақтау

Қазіргі уақытта денсаулық сақтау жүйесі, ең алдымен, медициналық көмектің қолжетімділігі мен сапасына бағытталған.

Осы мақсатта халықтың медициналық қызметтер сапасына қанағаттануын 80%-ға дейін арттыру, ауылдық елді мекендерді, оның ішінде тірек және спутниктік ауылдарды медициналық-санитариялық алғашқы көмек ұйымдарымен қамтамасыз ету, денсаулық сақтау объектісін жаңғырту, жалпы амбулаториялық деңгейде медициналық көмек көлемін кеңейту және ТМККК және МӘМС жүйесі аясында медициналық көмек көлемін ұлғайту бойынша жұмыс күшейтілді.

«Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында, сондай-ақ 2021-2022 жылдарға арналған республикалық бюджет қаражаты есебінен алғашқы медициналық-санитариялық көмектің аумақтық қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында 2 амбулаториялық-емханалық нысан ашу және салу жоспарланған. Бұл Жаңаөзен қаласындағы Рахат және Қызылсай дәрігерлік амбулаториялары (2021 жылы пайдалануға берілген).

Сондай-ақ жеке инвестициялар есебінен Маңғыстау ауданының Шетпе-1 ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды.

Биыл жеке инвестициялар есебінен Ақтау қаласында «ЧаКур»ЖШС, «АдемМед» ЖШС және Атамекен ауылында «Толимед» ЖШС ашылды.

Жаңаөзенде 50 төсек-орындық медицина орталығын ашу жоспарда бар.

Аумақтарды дамытудың кешенді жоспары аясында, сондай-ақ жергілікті бюджет қаражаты есебінен 2023-2025 жылдары 4 дәрігерлік амбулатория мен 2 медициналық пункт (оның ішінде 2023 жылы – 2, 2024 жылы – 2,  2025 жылы – 1) ашу және салу жоспарланғанын атап өткен жөн.

Сонымен қатар жүкті әйелдер мен балалар басты назарда. Жүкті әйелдер мен балалардың денсаулығын сақтау мақсатында жүкті әйелдерді жеке және босанғанға дейінгі бақылаумен, ал 1 жасқа дейінгі балаларды проактивті бақылаумен және скринингтермен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізіледі.

«Республикалық электрондық денсаулық сақтау орталығының» деректеріне сәйкес жыл қорытындысы бойынша:

- сәби өлімінің коэффициенті 1000 тірі туған нәрестеге 9,32 промиллені құрады (2020 ж. – 1000 тірі туған нәрестеге 7,84 промилле);

- ана өлімінің коэффициенті 37,5 промиллені құрады (2020 ж. – 40,1 промилле);

- туберкулезбен ауыру 100 мың тұрғынға 43,1-ді құрады (2020 ж. – 100 мың тұрғынға 46,0).

Қауіпсіздік

Қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздік саласында тіркелген қылмыстардың жалпы саны 2020 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3706-ға дейін немесе 3,2%-ға төмендегені байқалады. Сондай-ақ ауырлығы орташа қылмыстар саны 2,6%-ға, онша ауыр емес қылмыстар саны 7%-ға төмендеді.

Кісі өлтірудің қылмысының ашылуы 6,7%-ға (93,3%-дан 100%-ға дейін), тонаудың 2%-ға (93,2%-дан 95,2%-ға дейін), айдап әкетудің 7,2%-ға (87,9%-дан 95,1%-ға дейін), сондай-ақ ұрлықтың 5%-ға (65,8%-дан 70,8%-ға дейін), оның ішінде пәтер ұрлығының 6,6%-ға (57,4%-дан 64,1%-ға дейін), мал ұрлығының 37,5%-ға (62,5%-дан 100%-ға дейін), ұялы телефон ұрлығының ашылуы 3,8%-ға (75%-дан 78,8%-ға дейін) жақсарғаны байқалады.

Орташа ауыр (-2,6%, 1134-тен 1104-ке дейін); онша ауыр емес (-7%, 572-ден 532-ге дейін); денсаулыққа ауыр зиян келтіру (-15,6%, 45-тен 38-ге дейін); зорлау (-47,4%, 19-дан 10-ға дейін); тонау (-32,8%, 67-ден дейін); ұрлық (-11,1%, 945-тен 840-қа дейін); оның ішінде пәтер ұрлығы (-15,2%, 178-ден 151-ге дейін); көлік құралдарын ұрлау (-21,2%, 99-дан 78-ге дейін); ұялы телефондарды ұрлау (-9,2%, 163-тен 148-ге дейін); қалта телефондарын ұрлау (-80,6%, 31-ден 6-ға дейін); түсті металдарды (-34,4%, 32-ден 21-ге дейін) ұрлау азайды.

Өңірде ЖКО саны 6,2%-ға (305-тен 286-ға дейін) және зардап шеккендер саны 12,6%-ға (453-тен 396-ға дейін) төмендеді.

81 051 ЖҚЕ бұзушылық анықталды (2020 ж. – 80 227), оның ішінде көлікті мас күйде басқарғаны үшін 869 құқық бұзушы ұсталды (2020 ж. – 1 011). ЖҚЕ бұзғаны үшін 660,8 млн теңге айыппұл салынды, 514,8 млн теңгеден астам немесе 77,9%-ы өндірілді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу