Дәурен Абаев спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерін қаржыландыру туралы айтып берді

ҚР мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында баяндама оқыды. Мәдениет және спорт министрлігінің басшысы қазақстандықтарды толғандыратын өткір сұрақтарға жауап берді. Олардың қатарында «Арт спорт» бағдарламасы одан әрі жұмыс істей ме, Бозжыра шатқалында қонақ үй пайда бола ма және т. б. сұрақтар болды.

Соңғы уақытта қазақстандықтар спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелер жүйесінің одан әрі жұмыс істеуін тоқтату мәселесіне алаңдаулы. Еске сала кетейік, Қазақстанда «Арт спорт» бағдарламасы 2021 жылдың екінші жартыжылдығында іске қосылды. Оның арқасында республика бойынша 4 жастан 17 жасқа дейінгі балалар спортпен және шығармашылықпен тегін айналысуға мүмкіндік алды. Алайда осы жылдың наурыз айында бұл бағдарлама тоқтатылды.

«Әңгіме шығармашылық үйірмелер мен спорт секцияларын жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесінің әрі қарайғы жұмысы туралы болады. Қазіргі уақытта 495 мың бала 15 мың үйірме мен секцияға барады. Оған 32 миллиард теңгеден аса қаражат бөлінді. Жыл соңына дейін қосымша 97 млрд қажет», — деді Дәурен Абаев. Сонымен қатар министр «Арт спорттың» бұқаралық спортты дамытудың жалғыз механизмі емес екенін айтып өтті. 

Мәселен, бүгінге дейін 41 дене шынықтыру-сауықтыру кешенін іске қосу арқылы біз жақсы нәтижеге қол жеткіздік, оның 32-сі аудан орталықтары мен ауылдық жерлерде ашылды. Сонымен қатар ауылдық жерлерде спорттық іс-шаралар мен секцияларды ұйымдастыруға жауапты 3 064 жаттықтырушы жұмысқа алынды. Жастарды спортқа тарту үшін өткен жылы баскетбол, волейбол, футзал, қазақша күрес, үстел теннисі сияқты спорт түрлерінен мектепішілік және студенттер арасында ұлттық лигалар өткізілді.

Білім беру жүйесінің барлық деңгейінде дене шынықтыру пәнінің ұстаздарына сабақтан тыс іс-шараларды өткізгені үшін қосымша ақы тағайындалды. Яғни, бұл ретте 30 мыңнан астам дене тәрбиесінің мұғалімі қамтылды. 2022-2024 жылдары  аталған мақсатта аймақтарға қосымша 21 млрд теңге бөлінеді.

Жалпы бүгінге дейін балаларды қосымша спорт секцияларымен, үйірмелермен қамту 73%-ды құрап отыр.

Жан басына шаққандағы қаржыландыру жүйесі мен білім беру ұйымдарындағы секциялардан бөлек, балалар мен жасөспірімдерді оқытатын спорт мектептерінде тағы 386 мың бала білім алуда. 2022 жылы қаржыландырудың жалпы көлемі 123,7 млрд теңгені құрайды.   

Мәдениет және спорт министрі Арт спорт бағдарламасының жұмысын толық тоқтату туралы әңгімені жоққа шығарды.

«Біз ешқашан жауапкершіліктен қашпаймыз. Бағдарлама жабылады деуге де ешқандай негіз жоқ. Осы уақытқа дейін мақұлданған ваучерлер төленетінін атап өткім келеді. Әр аймақ оған қажетті қаржыны қарастырып жатыр. Мысалы, Алматы қаласының әкімдігі осы мақсатқа 4 млрд теңгеден астам қаражат бөлді», — деді ол.

Сонымен қатар министр қоғамның жүйе жұмысындағы олқылықтарға наразылығын негізсіз деп санамайды. Мәліметтерді тексеру, кезекті автоматтандыру, қаржыны бөлу мен қызмет ұсынушылардың есебін қадағалауға байланысты бірқатар кемшілік кеткен. Осы мәселелерді шешу үшін басқа да мүдделі мемлекеттік органдар ережеге бірнеше өзгеріс енгізіп отыр. Бұл процесс екі кезеңнен тұрады.

Алғашқы кезең биыл мамырда жүзеге асырылды. Жаңа нормаларға сәйкес, оқытушылар мен жаттықтырушылардың санатына қойылатын талап күшейтілді, әкімшіліктердің өтініштерді қарау мерзімі ұзартылды, сапаны бақылауға және қаржының мақсатты игерілуіне электронды және жалпыға қолжетімді форматта  мониторинг жүргізу жүйесі енгізілді.

Одан бөлек, спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелерінің бағасы қайта қарастыралады. Бұл қадам бағдарламаның ауқымын кеңейтеді.

Сонымен қатар енді мемлекеттік спорттық, шығармашылық және қосымша білім алу (ҚР Оқу-ағарту министрлігі) тапсырыстарының аясында спорт секциялары мен шығармашылық үйірмелеріне бір ғана өтініш беру қағидасы енгізілмек. Д. Абаевтың айтуынша, қазір бір бала мектептегі секцияға, «Арт спорт» бойынша секцияға және шығармашылық үйірмеге баруы мүмкін. Енді мұндай мүмкіндік болмайды — бір бала бір үйірмені ғана таңдай алады. Бұл секциялар мен үйірмелерге барушылардың қатарын көбейту мақсатында жасалып отыр.

Келесі, спорт түрлерінің саны 71 ден 30-ға дейін, шығармашылық үйірмелер 59-дан 30-ға дейін қысқарады.

«Алдымен біз қайталанатын спорт түрлерін топтастырдық. Мысалы, қазір онда үстел теннисі, көзі нашар көретін балаларға арналған үстел теннисі, тірек-қимыл жүйесі зақымданған балаларға арналған үстел теннисі және бейімделген теннис түрлері бар. Бұл секциялардың барлығы өз жұмысын жалғастыра береді, тек бір ортақ атауға біріктіріледі. Жеңіл атлетикадағы жағдай да осыған ұқсас. Бірақ біз толық алып тастайтын спорт түрлері де бар. Бұл туралы біз қосымша хабарлаймыз», — деді мәдениет және спорт министрі.

Тағы бір өзгеріс – спорт түріне байланысты балалардың жаттығуға жіберілетін ең төменгі жасы бекітіледі. Бұл жерде біз қолданыстағы нормативтік-құқықтық базаға сүйенеміз. Оның ішінде, «Спорттық резервті дайындау бойынша оқу-жаттығу процессі жүзеге асырылатын дене шынықтыру-спорттық мекемелерде спорт түрлері бойынша спортшылардың жасын бекіту туралы» бұйрықты негізге алынады.

Мысалы, көркем гимнастикаға 5 жастан, ал боксқа 12 жастан бастап баруға болады. Мұндағы басты мақсат – балалардың денсаулығын қорғау.

Сондай-ақ ғимараттарға қойылатын талаптар жетілдіріледі, оның ішінде:

- санитарлық-эпидемиологиялық жағдайы;

- өрт қауіпсіздігіне сәйкестігі;

- видеоархивті 30 күн бойы сақтау мүмкіндігі бар видеобақылау камералармен жабдықталуы;

- спорттық және басқа да жабдықтармен қамтамасыз етілуі.

«Бұның барлығы да балалардың қауіпсіздігі үшін жасалынып отыр», — деді Д. Абаев.

Аталған нормалардың дұрыс сақталуын қоғамдық ұйымдар мен тікелей бағдарламаға қатысушылардың өзімен бірге қадағаланады.

Сонымен қатар Дәурен Абаев Алматыдағы республикалық спорт колледжінің базасында құрылатын жаңа жаттығу орталығы туралы айтып берді. Ол колледждің орнына емес, оның жанынан ашылады. Бұл ретте колледж өз жұмысын бұрынғы режимде жалғастырады. Оның үстіне талапқа сай жаңғыртылады, материалдық-техникалық базасын жақсартады, жоғары білікті мамандар тартылады.

«Мектеп бітіргеннен кейін балалар қайда барады? Колледжге, соның ішінде РСК-ке де барады. Колледжден кейін тек бірінші нөмірлі спортшылар ұлттық құрама сапына алынады. Қалған балалар ешқайда кетпейді, яғни спорттық мансапты жалғастыруға мүмкіндігі жоқ. Көбісі заңгер, такси жүргізушісі, фитнес нұсқаушысы болып кетеді. Оқу орталығының арқасында біз оларға тағы бір мүмкіндік береміз. Біз олардың спорттық мансабын ұзартамыз», – деді Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.

Сонымен қатар ведомство басшысы РСК жанындағы мектептің оқушылары «Қаркен Ахметов атындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ және «Алматы қаласы «Шаңырақ» шағын ауданындағы олимпиада резервінің республикалық мамандандырылған мектеп-интернат-колледжі» РММ-не ауыстырылатынын атап өтті.

«Көпшілік қауым колледж бен мектепті шатастырады. Көпжылдық дәстүрі бар колледж қалады. Биыл онда жаңадан спортшылар қабылданатын болады. Ал колледж жанындағы мектеп тек 2011 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқанын жұрт білмейді. Сондықтан да балалар өздері айналысқан спорт түрлері бойынша Алматыдағы басқа екі мектепке ауыстырылады», – деді министр.

Жаттығу орталығының базасында негізгі құрамаға енбеген спортшылар ірі халықаралық жарыстарға, соның ішінде Олимпиада мен Әлем чемпионаттарына жыл бойы дайындала алады. Жаттығу орталығында, оның ішінде өңірлерден және аз қамтылған отбасылардан шыққан келешегі бар спортшылар дайындықтан өте алады. Осылайша, адал бәсекелестік пен шынайы ынталандыру салтанат құрады, Қазақстан Республикасының штаттық құрама командалары үшін сапалы резерв қамтамасыз етіледі.

Отандастарды толғандыратын келесі мәселе Бозжыра шатқалы аумағында қонақ үйлер мен туризмнің басқа да нысандарының пайда болуы турасында болды. Бұған Дәурен Абаев Бозжыра шатқалы аумағында өркениетті туризмді дамыту әлеуеті бар, бірақ бұл мәселені жұртшылықпен, инвесторлармен және экологтармен бірлесіп талқылау қажет деп жауап берді.

«Бозжыра шатқалына қатысты әзірге жоспар жоқ. Қазір бақылаусыз жабайы туризм бар. Елестетіп көріңізші, егер Медеу болмаса, адамдар онда барар ма еді? Баратын еді. Жасанды мұз айдындарында жүретін еді. Ешқандай тазалық пен күтім туралы сөз болмас еді. Бозжыра шатқалындағы жағдай қазір осындай», — деді министр.

Сонымен қатар ол қонақ үй кешені салынса, оны шатқалдың жанында және барлық экологиялық талаптарды ескере отырып салу керек екенін атап өтті.

«Біз барлық экологиялық талаптарды сақтай отырып, Бозжыра аумағынан тыс жерде қонақ үй салуға тиіспіз. Сонда адамдар өркениетті туризмге келеді. Бұл көптеген нәрселерді дамытуға мүмкіндік береді – адамдар камералармен келіп, түсіреді. Туристер ғана емес, киножобалар туралы да айтып отырмын. Бұл бағытта көп нәрсені дұрыс жасауға болады», — деді ол.

Министр құрылыс бойынша шешімді жұртшылықпен, инвесторлармен және экологтармен бірлесіп қабылдау қажет деп есептейді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу