Жалақыны арттыру, еңбекшілердің мүдделерін қорғау, халықтың осал топтарын әлеуметтік қолдау — С. Шәпкенов ЕХӘҚМ қызметі туралы

Халық алдындағы есептік кездесуде Қазақстан Республикасының еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов лайықты еңбек жағдайларын қамтамасыз ету және қызметкерлердің еңбек құқықтарын қорғау бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстар туралы айтып берді.

Ведомство басшысы министрлік еңбек қатынастарын реттеу бойынша іс-шаралар кешенін тұрақты түрде іске асырып жатқанын атап өтті.

Осылайша, 2021 жылы мемлекеттік еңбек инспекторлары қабылдаған шаралар нәтижесінде: 

  • 4 мыңнан астам заң бұзушылығы жойылды; 
  • 1,7 млрд теңге сомасына жалақы берешегі өтелді;
  • 9,6 мыңнан астам жұмыскердің құқығы қорғалды.

«Қазақстан “Еңбек нарығы” факторы бойынша Дүниежүзілік экономикалық форумның Жаһандық бәсекеге қабілеттілік индексінің рейтингі бойынша көшбасшы елдердің отыздығына кіреді. Еңбек заңнамасын одан әрі жетілдіру мақсатында 2020 жылы еңбек кодексіне түзетулер пакеті қабылданды. Атап айтқанда, мұнда, қызметкерлердің қарыздық еңбек саласындағы еңбек құқығын реттеуді және қорғауды келтіру мәселесі бар. Еңбек жанжалдарын болдырмау жөніндегі кешенді жоспар бекітіліп, іске асырылуда. Кәсіпорындардағы жағдайға мониторинг жүргізу үшін министрлік жанында ахуалдық орталық жұмыс істейді», — деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Осы жылдың басынан бастап елімізде еңбек дауларының туындау тәуекелі бар 254 проблемалық кәсіпорын тіркелген, олардың 183-інде жағдай шешілсе, 71 кәсіпорында ахуал министрліктің тұрақты бақылауында және олар бойынша әкімдіктер шаралар қабылдауда.

«Жұмыскерлердің құқығын қорғаудың маңызды талаптарының бірі қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету болып табылады. Қабылданған шаралардың нәтижесінде соңғы 5 жылда өндірісте зардап шеккендер саны 10,7%-ға азайды (1683-тен 1503-ке дейін, оның ішінде қаза тапқандар саны 16,2%-ға, 248-ден 208 адамға дейін азайған). 2020 жылы зиянды еңбек жағдайында жұмыс істегені үшін 672 мың қызметкер 141 млрд теңге сомасына түрлі өтемақы алды», — деп толықтырды министр.

Сонымен қатар төмендеу қарқынына қарамастан, өндірістегі жарақаттану мәселесі әлі де өзекті болып отырғанын атап өтті. Еңбекмині түйткілді тарқату мақсатында мемлекеттік органдармен және әкімдіктермен бірлесіп, Өндірістік жарақаттануды және еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарын азайту жөніндегі 2019-2023 жылдарға арналған жол картасын іске асыруда. «VisionZero» нөлдік жарақаттану тұжырымдамасын ілгерілету бойынша жұмыс жалғасуда (қазіргі кезде елдегі 216 кәсіпорын осы тұжырымдаманы қолдады). 

«Бүгінде біз 2025 жылға дейінгі қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету жөніндегі іс-қимыл жоспарын және 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасының жобасын әзірлеудеміз, онда Еңбекті қорғауды басқарудың тәуекелге бағдарланған ұлттық жүйесін құруда әлеуметтік әріптестік тараптарының белсенді қатысуын қамтамасыз ететін жүйелі шаралар айқындалатын болады. Әлеуметтік әріптестікті дамыту шеңберінде Үкімет, жұмыс берушілер және кәсіподақтар арасында барлық тараптардың мүдделерін байыпты қорғауға бағытталған 2021-2023 жылдарға арналған жаңа Бас келісім жасалды. 147,7 мың ұжымдық шартқа қол қойылған, оның ішінде 96,4%-ы ірі және орта кәсіпорындарда болып отыр. Әлеуметтік әоіптестік бойынша үшжақты комиссияның 77 отырысы өткізілді», — деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ, ол жұмыс берушілермен жүргізіліп жатқан түсіндіру жұмысының нәтижесінде 1,2 млн жалақысы төмен қызметкердің еңбекақысы орта есеппен 32%-ға артқанын атап өтті. Салаларда еңбекақы төлеудің бірыңғай стандартын құру бойынша жұмыс жүргізілуде.

«Еңбек нарығындағы жаңа талаптарды, жағдай мен тәуекелдерді ескере отырып, еңбек заңнамасын жетілдіруді жалғастырамыз. Қашықтан жұмыс істеу, икемді жұмыс кестесі, ішінара жұмыспен қамту сияқты жұмыс күшін жалдаудың жаңа нысандарын енгізу бойынша халықаралық тәжірибе зерделенуде. Еңбек даулары мен жанжалдарды шешу, сондай-ақ еңбек заңнамасын бұзатын адамдардың жауапкершілігін қатаңдату жөнінде заң жобасын әзірлеу жоспарлануда», — деп түйіндеді Еңбекминінің басшысы.

Сонымен қатар ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі қызметкерлердің біліктілігін тану жүйесін бекіту бойынша заң жобасын әзірлейді. 

Министр қазіргі жағдайда қазақстандықтардың дағдылары мен құзыреттерін жетілдіру ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

«Ел экономикасын білікті кадрлармен қамтамасыз ету мақсатында Еңбекмині Ұлттық біліктілік жүйесін қалыптастыруды жалғастыруда. 36 салалық біліктілік шеңбері жаңартылды, 589 кәсіптік стандарт бекітілді. Жүзеге асырылуы сәйкестікті растауды және біліктілікті беруді талап ететін реттелетін кәсіптердің тізбесі әзірленді. Тізімге денсаулық сақтау және қаржы салаларының 72 мамандығы кірді», — деді Серік Шәпкенов.

Болашақта қандай мамандар және қандай көлемде қажет болатынын түсіну үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын қалыптастыру кезінде пайдалану үшін еңбек нарығы қажеттілігінің 5 жылға арналған орта мерзімді болжамы жасалады.

Сондай-ақ 9 басым сала (мұнай-газ саласы, тау-кен-металлургия саласы, ауыл шаруашылығы, көлік және логистика, машина жасау, ақпараттық-коммуникациялық технологиялар, энергетика, туризм, құрылыс) бойынша еңбек нарығының болашақ трендтерін айқындау мақсатында Кәсіптер атласы әзірленді.

«Біліктілік жүйесін одан әрі дамыту үшін Министрлік қызметкерлердің біліктілігін тану жүйесін бекіту бойынша заң жобасын әзірлейтін болады. Құжат азаматтарды біліктілік деңгейін арттыруға және дағдылар мен құзыреттерін дамытуға ынталандыруға бағытталатын болады. Осылайша, мамандар еңбек нарығындағы жұмыс берушілердің заманауи талаптарына сәйкес келеді, сапалы жұмыспен қамту қамтамасыз етіледі», — деді Еңбекминінің басшысы.

2021 жылы мүгедектігі бар адамдарға берілетін әлеуметтік төлемдерге және оңалтудың техникалық құралдары мен қызметтерін ұсынуға 486 млрд теңге қарастырылған. 

Серік Шәпкенов мүгедектігі бар адамдардың құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту министрліктің басты міндеттерінің бірі екенін атап өтті.

«2020 жылы әлеуметтік төлемдерге, оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуге мемлекеттік бюджеттен 455 млрд теңге бөлінді, ағымдағы жылы бұл мақсаттарға 486 млрд теңге көзделген. Мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі ұлттық жоспарды іске асыру шеңберінде өмірдің барлық бағыты бойынша кешенді шаралар қабылдануда», — деді министр. 

Өткен жылдың қорытындысы бойынша мүгедектік кезінде өмірлік маңызы бар оңалтудың техникалық құралдарымен және қызметтерімен 343 мыңнан астам адам немесе мұқтаж жандардың 81%-ы қамтамасыз етілді. Елімізде алғаш рет электр жетегі бар қазақстандық кресло-арбалар өндірісі басталды. «Тыныс» АҚ 2020 жылы 1381 кресло-арба ұсынды.

Алушыларға ыңғайлы болу үшін, оңалту құралдарымен және қызметтерімен қамтамасыз етуді жақсарту үшін Әлеуметтік қызметтер порталы іске қосылды (aleumet.egov.kz). Қаңтар айынан бастап порталға оңалтудың техникалық құралдарының барлық 55 түрі көшірілді.

«2020 жылы министрлік мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғауды жақсартуға бағытталған нормаларды көздейтін заң жобасын әзірледі. Атап айтқанда, бұл мүгедектік себебіне қарамастан, I топтағы мүгедектіктің күтімі жөніндегі жәрдемақыны енгізу; 7 жастан 16 жасқа дейінгі балаларды мүгедектік топтары бойынша бөле отырып, жәрдемақы мөлшерін қайта қарау; мүгедектігі және асыраушысынан айырылу жағдайы бойынша жәрдемақыларды бір мезгілде алу құқығын беру; кәмелетке толған кезде мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар үшін тұрғын үй кезегін сақтау және тағы басқасын қарастыратын нормалар. Аталған заң жобасын осы жылы қабылдау күтілуде, ол Мәжілісте мақұлданып, Сенатқа қарауға берілді», — деді Серік Шәпкенов.

Мүгедектігі бар балаларды оңалту қызметтерімен қамтамасыз ету үшін жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп шағын сипаттағы оңалту орталықтарын ашу бойынша жұмыс жүргізілуде. Биыл 12 орталық ашылады, оның 6-ы жұмыс істеп тұр (Павлодар облысы, қамту ауқымы – 150 бала; Қызылорда облысы – 150; БҚО – 100; Ақтөбе облысы – 350; Ақмола облысы – 100; Нұр-Сұлтан қаласы – 150). 

«Мүмкіндіктері шектеулі жандарға медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу рәсімі мен мерзімін оңтайландыру мақсатында біз мүгедектікті сырттай белгілеуді енгізу бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. 1 шілдеден бастап жоба 6 өңірде, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларында, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Қарағанды облыстарында іске қосыла бастайды. Жобаны жүзеге асыру келешекте мүгедектігі бар адамдардың құзырлы мекемелерге сабылуын және қызмет көрсетушімен тікелей байланысын болдырмауға мүмкіндік береді», — деп нақтылады Еңбекминінің басшысы.

Министр сондай-ақ, 2020 жылы мүгедектігі бар адамдарға арналған Кәсіптер атласы жасалғанын және оларды жұмысқа орналастыру кезінде, оның ішінде enbek.kz порталында жұмыс іздеуді жақсарту үшін пайдаланылатынын айтты.

Мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қолдау және жұмысқа орналастыру үшін барлық өңірде «TenQogam» орталықтарын ашу жоспарланған. Нұр-Сұлтан мен Алматыда мұндай орталықтар психологиялық және құқықтық көмек, жұмысқа орналасуға жәрдем көрсете отырып, табысты жұмыс істеуде.

Әлеуметтік қызмет көрсету сапасын арттыру мақсатында қазіргі уақытта Әлеуметтік қызметті одан әрі жаңғырту жөніндегі ұлттық жоспар әзірленді және жақын арада қабылданатын болады. 

«Осы шаралардың нәтижесінде мүмкіндіктері шектеулі 695 мыңнан астам адамның, сондай-ақ өмірлік қиын жағдайда қалған адамдардың өмір сүру сапасы мен қызметтердің қолжетімділігі жақсарады», — деп түйіндеді Серік Шәпкенов.

ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов халыққа есеп беру кездесуінде табысы аз отбасыларды әлеуметтік қолдау шаралары туралы айтып берді.

Еңбекминінің басшысы 2020 жылдан бастап Қазақстанда ашықтықты, әділдікті және өзара жауапкершілікті күшейту қағидаттарына негізделген атаулы әлеуметтік көмек (бұдан әрі – АӘК) көрсетудің жаңа моделі іске асырылып жатқанын атап өтті (тоқсан сайынғы өтініш, тағайындау критерийі – отбасының әрбір мүшесіне шаққандағы орташа табыстың өңірлік ең төменгі күнкөріс деңгейінің 70%-ынан кем мөлшері, балаларға арналған тіркелген төлемнің күші жойылды, еңбекке қабілетті адам жұмысқа орналасудан бас тартқан жағдайда барлық отбасы АӘК алу құқығынан айырылады).

АӘК көрсетудің жаңа тәсілдерін енгізу шеңберінде 4 және одан да көп балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы енгізілді және табысы аз отбасылардың балалары үшін кепілдік берілген әлеуметтік топтама (бұдан әрі – әлеуметтік топтама) енгізілді. 

Балалардың жасына байланысты мектеп жасына дейінгі балалар мен мектеп оқушыларына арналған әлеуметтік топтаманың екі түрі бар. Мектеп жасына дейінгі балаларға балалар тағамы және гигиеналық керек-жарақтар, мектеп жасындағы балаларға мектепте ыстық тамақ, мектеп киімі мен керек-жарақтары, жол жүру шығыстарын өтеу ұсынылады.

Әлеуметтік топтама құрамын қалыптастыру кезінде денсаулық сақтау, білім беру мамандарының ұсынымдары, жұртшылықтың пікірі ескерілді. 2020 жылы 435 мың бала әлеуметтік топтама алды. 

«2020 жылы барлығы 936 мыңнан астам адам немесе табысы аз 185 мың отбасы, оның ішінде 600 мың бала (64%), 73,5 мың көпбалалы отбасы АӘК алды. Төлемдердің жалпы сомасы 88 млрд теңгені құрады», — деді Серік Шәпкенов. 

Еңбекке қабілетті көмек алушыларды жұмыспен қамтуға ерекше назар аударылды. 

«Жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына 201 мың адам немесе еңбекке қабілетті АӘК алушылардың 74%-ы (271 мың) тартылды. 1,4 мың отбасы өз ісін дамыту үшін жеңілдетілген микрокредит алды», — деді министр. 

Ол сондай-ақ, 2020 жылы барлық өңірлерде табысы аз және көпбалалы отбасыларды түрлі мәселелер бойынша қолдау орталықтары ашылғанын атап өтті (31 орталықта АӘК тағайындау, тұрғын үй, жұмысқа орналастыру, кәсіпкерлікті дамыту және т. б. мәселелер бойынша көмек және кеңес беріледі).

«АӘК-ті одан әрі жетілдіру мақсатында және алушыларға ыңғайлы болу үшін біз заманауи цифрлық шешімдерді енгізуді жалғастырамыз. Мәселен, 2021 жылдан бастап АӘК-ке өтінішті Электрондық үкімет порталы арқылы беруге болады. Балаларға арналған әлеуметтік топтама Әлеуметтік қызметтер порталына ауыстырылады. Жаңа “Еңбек” ұлттық жобасы аясында еңбекке қабілетті әлеуметтік көмек алушылардың табысын арттыру үшін жұмысқа орналастыру, сұранысқа ие мамандықтарға оқыту, өз ісін ашу немесе дамыту үшін жеңілдікті микрокредиттер мен гранттар беру бойынша кешенді шаралар ұсынылатын болады», — деп түйіндеді еңбек министрлігінің басшысы.

2021 жылы ана мен баланы қолдауға 756 млрд теңге қарастырылған. 

Еңбек министрлігінің басшысы ана мен баланы қолдау әлеуметтік көмек пен әлеуметтік сақтандырудың көпдеңгейлі жүйесі арқылы қамтамасыз етілетінін атап өтті. 2021 жылдың басынан бастап балалы отбасыларға берілетін барлық мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар 5%-ға арттырылды.

Республикалық бюджет қаражаты есебінен мемлекеттік жәрдемақылардың мынадай түрлері көзделген:

  • бала туғанда берілетін біржолғы жәрдемақы (2020 жылы жәрдемақының орташа мөлшері 121 348 теңгені құрап, онымен 52,3 млрд теңге сомасына 430 мыңнан астам адам қамтылды; 2021 жылы осы жәрдемақыны төлеуге шамамен 400 мың адамды қамти отырып, 51,4 млрд теңге бағыттау жоспарлануда);
  • 1 жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы жәрдемақы (2020 жылы сараланған мөлшерде 16 002 теңгеден 24 725 теңгеге дейінгі жәрдемақыны шамамен 121 мың адам 32 млрд теңге сомасына алды; 2021 жылы жәрдемақымен 44 млрд теңге сомасына 145 мың адамды қамту жоспарлануда);
  • «Алтын алқа», «Күміс алқа» алқаларымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталған көпбалалы аналарға берілетін ай сайынғы жәрдемақы (2020 жылы жәрдемақымен 49,1 млрд теңге сомасына 232,3 мың адам қамтылып, орташа мөлшері 17 780 теңгені құрады; 2021 жылы 52,8 млрд теңге сомасына 234,7 мың адамды қамту жоспарланып отыр);
  • 4 және одан да көп кәмелетке толмаған балалары бар көпбалалы отбасыларға берілетін жәрдемақы (жәрдемақы мөлшері отбасындағы балалар санына байланысты 46 760 теңгеден (4 бала) 186 688 теңгеге (16 бала) дейін сараланған, 2020 жылы жәрдемақымен 236,2 млрд теңге сомасына 392,4 мың отбасы қамтылған; 2021 жылы 282,4 млрд теңге сомасына 442 мың отбасыны қамту жоспарлануда);
  • кәмелеттік жасқа толғанға дейін мүгедектігі бар баланың, 18 жастан асқан бала кезінен бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның күтімі бойынша жәрдемақы (2020 жылы 1,4 ең төменгі күнкөріс деңгейі мөлшерінде 104 мың адам жалпы сомасы 57,6 млрд теңгеге жәрдемақы алды; 2021 жылы осы жәрдемақыны төлеуге шамамен 110 мың адамды қамти отырып, 65,2 млрд теңге бөлінді).

Сонымен қатар, жұмыс істейтін әйелдер үшін Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер қарастырылған.

Жүктілікке және босануға байланысты әлеуметтік төлемнің орташа мөлшері 541,3 мың теңгені, ал бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша ай сайынғы төлем 32,3 мың теңгені құрайды.

Зейнетақы тағайындау кезінде әйелдердің әлеуметтік қорғалуын арттыру үшін үш жасқа дейінгі бала күтімі кезеңі еңбек өтіліне есептеледі. Сонымен бірге, әйелдерге бір жасқа дейінгі бала күтімі бойынша демалыс кезеңінде міндетті зейнетақы жарналары субсидияланады.

«2020 жылы ана мен баланы қолдауға 635 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалды. 2021 жылы 756 млрд теңге көзделген, бұл өткен жылғы шығындардан 19%-ға артық», — деді Серік Шәпкенов.

Азаматтарды әлеуметтік қамсыздандыруға арналған шығындар 2021 жылы 3,8 трлн теңгеге дейін өсті және республикалық бюджет шығыстарының 27%-ын құрады.

2020 жылы мемлекеттің барлық әлеуметтік міндеттемелері толық көлемде орындалған. Зейнетақылар, жәрдемақылар уақытында төленді, азаматтарға әлеуметтік қолдау шаралары көрсетілді.

«Өткен жылы әлеуметтік қамсыздандыру шығындары 3,4 трлн теңгені құрады, бұл республикалық бюджет шығыстарының 24%-дан астамын құрайды. Әлеуметтік қатер басталған кезеңінде жұмыс істейтін азаматтарды қолдау үшін міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен 250 млрд теңгеден астам мөлшерде төлем жүргізілді. Ағымдағы жылы әлеуметтік қамсыздандыруға арналған бюджет шығындары 3,8 трлн теңгеге дейін өсіп, республикалық бюджет шығыстарының 27%-дан астамын құрады», — деп хабарлады Серік Шәпкенов.

Сондай-ақ, ол Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында 2020 жылы азаматтарды қолдау үшін зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік жәрдемақылар мөлшері екі есеге артқанын атап өтті.

«Жиынтық зейнетақының өсімі 12%, ал базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақылардың өсімі 10% құрады. 2021 жылғы 1 қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы қайтадан индекстелді. Нәтижесінде жиынтық зейнетақы 7%-ға, базалық зейнетақы мен мемлекеттік жәрдемақы 5%-ға өсті», — деді министр.

Сондай-ақ, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша азаматтарға зейнетақы жинақтарының бір бөлігін тұрғын үй жағдайларын жақсартуға, емделу ақысын төлеуге немесе жеке компаниялардың басқаруына беруге мақсатты пайдалану мүмкіндігін беру бойынша жұмыс жүргізілді.

Зейнетақы жинақтарының бір бөлігін алу құқығын БЖЗҚ-ның шамамен 1 млн салымшысы пайдалана алады. 2021 жылғы 4 маусымдағы жағдай бойынша 1,4 трлн теңге сомасына біржолғы зейнетақы төлемдеріне 313,6 мың өтініш мақұлданды.

«2020 жылы міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесімен жұмыс істейтін 6,3 млн азамат қамтылды. 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап әлеуметтік сақтандыру жүйесінде еңбек өтілі мен әлеуметтік төлемдер мөлшері арасындағы өзара байланыс күшейтілді. Нәтижесінде әлеуметтік қатер туындаған кезде әлеуметтік төлемдер мөлшері орта есеппен 50%-ға арттырылды. Оның ішінде еңбек ету қабілетінен айрылу жағдайына төлемдердің өсімі 69%-ды, асыраушысынан айырылу бойынша 41%-ды және жұмыстан айырылу бойынша 44%-ды құрады», — деп толықтырды Серік Шәпкенов.

ЕХӘҚМ басшысы 2020 жылы ТЖ режимі мен карантин енгізілген кезде халықты қолдаудың қосымша шаралары көрсетілгенін атап өтті.

Алғаш рет мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорынан әлеуметтік төлемдер енгізілді:

  • біріншіден, қызметін шектеуге байланысты табысынан айырылған азаматтар үшін — ең төменгі жалақы мөлшерінде төлемдер енгізілді. ТЖ және карантин кезеңінде оларды 476 млрд теңге сомасына 4,6 млн адам алды;
  • екіншіден, жұмыста COVID-19 жұқтырған дәрігерлерге және медицина қызметкерлері қайтыс болған жағдайда олардың отбасыларына төлемдер қарастырылды. 9,5 мың адам 20,5 млрд теңге сомасында төлем алды.

Бұдан басқа, ай сайын әлеуметтік жағынан осал санаттардағы 1 млн-нан астам азамат жалпы сомасы 25 млрд теңгеге азық-түлік жиынтығы түрінде қолдау алды (табысы аз отбасылардың балалары, жұмыссыздар, мүгедектігі бар балалар, мүгедектігі бар бала тәрбиелеп отырған 1-3 топтағы мүгедектігі бар адамдар). 

Ауруды жұқтырудың арту қаупін азайту үшін:

  • 600 мыңнан астам адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындау;
  • мүгедектікті белгілеу және мүгедектігі бар 55,5 мың адамға жәрдемақы төлеу мерзімдері автоматты түрде ұзартылды.

Ведомство басшысы пандемиядан туындаған қиындықтарға және өткен жылы қабылданған қажетті шектеу шараларына қарамастан, еңбек нарығының негізгі индикаторлары тұрақтылықты көрсеткенін атап өтті. Бұған ҚР Үкіметі қабылдаған халықты жұмыспен қамтуға бағытталған жедел шаралар кешені ықпал етті.

«Тек «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2020 жылы 650 мыңға жуық адам қамтылды, олардың 319 мыңы тұрақты жұмыс орындарына орналастырылды. 70 мыңнан астам адам қысқа мерзімді курстарда оқумен және техникалық-кәсіптік біліммен қамтылып, 33 мың адам «Бастау Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне оқытылды», — деді Серік Шәпкенов.

Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау үшін 13 мыңға жуық жеңілдікті шағын несие және жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға 45 мың қайтарымсыз мемлекеттік грант берілді. Оның ішінде 1,4 мың шағын несие көпбалалы және аз қамтылған отбасыларға берілді. Шағын несие алушылар 13,7 мың қосымша жұмыс орнын ашты. 

Сондай-ақ, өткен жылы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» дағдарысқа қарсы бағдарламасы аясында 239 мың адам жұмысқа орналастырылды, олардың көпшілігі – халықты жұмыспен қамту орталықтарында тіркелген жұмыс іздеушілер мен жұмыссыздар. ЖҚЖК арқасында 6,7 мың әлеуметтік маңызы бар нысан іске қосылды.

«Биыл ЖҚЖК іске асыруға 300 млрд теңге қарастырылған, олар төрт негізгі бағытқа бағытталады: халықтың өмір сүру сапасын арттыру, ШОБ үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру, сондай-ақ өңірлерде агроөнеркәсіптік кешен мен бизнесті дамыту. Осы бағыттар аясында шамамен 41 мың жұмыс орны құрылады, олардың 69%-ы тұрақты жұмыс орындары болады», — деді ЕХӘҚМ басшысы.

Серік Шәпкенов атап өткендей, бөлінген қаражаттың 42,5%-ы (127,5 млрд теңге) халықтың өмір сүру сапасын арттыруға бағытталады. Шамамен 33,3%-ы (100 млрд теңге) агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға және 24,2%-ы (72,5 млрд теңге) өңірлерде бизнесті дамытуға және «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен микроқаржы ұйымдары арқылы шағын несие беруге пайдаланылатын болады.

Бұдан басқа, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, ағымдағы жылы «Еңбек» ұлттық жобасы бекітіліп, ол еңбек нарығын дамытудың жаңа жағдайында жұмыспен қамтуға жәрдемдесуге бағытталатын болады. 

«Ұлттық жоба аясында халықтың әрбір нысаналы тобының жұмыспен қамтылуын қолдауға бағытталған құралдар енгізіледі. Қазіргі заманғы экономика талаптарына сәйкес, оқытудың жаңа түрлері (онлайн және жұмыс орнында) арқылы еңбек ресурстарының дағдыларын дамытуға қолдау көрсетіледі. Жеке секторда жұмыс орындарын құру үшін өңірлік экономикаларда зәкірлік кооперация мен өндірістік тізбектерді дамытуға шағын несиелендіру арқылы қолдау көрсетілетін болады», — деді Серік Шәпкенов.

Жалпы, 2021 жылы жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларымен 1,2 млн адам қамтылады, оның ішінде:

  • «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы – 700 мыңнан астам адам;
  • Жұмыспен қамтудың жол картасы аясында 41 мың жұмыс орны құрылады, оның ішінде 28 мыңы тұрақты жұмыс орны болады;
  • басқа мемлекеттік бағдарламалар аясында 440 мың жаңа жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Серік Шәпкенов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ЕХӘҚМ Әлеуметтік кодексті әзірлеу бойынша жұмыс жүргізіліп жатқанын еске салды, онда өмірдің түрлі кезеңдерінде, өмірлік жағдайға байланысты көрсетілетін әлеуметтік қорғау және қолдау шараларының барлық кешені жүйелендірілетін болады.

«Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасы әзірленді, онда әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін сапалы жақсартуға бағытталған негізгі тәсілдер қалыптастырылды», — деп хабарлады министр.

Еңбек министрлігінің басшысының айтуынша, Әлеуметтік кодекс тұжырымдамасында қарастырылады:

  • әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету жөніндегі шараларды күшейту (азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру; мұқтаж отбасыларды әлеуметтік қолдау институтын дамыту; халықтың әлеуметтік әл-ауқат индексін енгізу);
  • азаматтарды әлеуметтік қолдауды жаңғырту (әлеуметтік қамсыздандырудың халықаралық ең төменгі нормаларынан кем емес деңгейде әлеуметтік төлемдерді қамтамасыз ету; әлеуметтік қызметтерді жан басына қаржыландыруды енгізу);
  • әлеуметтік стандарттарды ұсынудың интеграцияланған моделін енгізу («Цифрлық әлеуметтік картаны» енгізу; әлеуметтік саланың бағыттары бойынша алдын алу шараларын қабылдау); 
  • мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді трансформациялау және олардың реинжинирингі (өтініш беруден проактивті қызмет көрсетуге көшу; сырттай куәландыру, атаулы әлеуметтік көмек көрсету процестерін автоматтандыру);
  • әлеуметтік институттарды реформалау көзделеді (зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау жөніндегі функцияларды бере отырып, Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры базасында Мемлекеттік әлеуметтік қор құру; әлеуметтік саланың қаржы ағындарын (РБ және бюджеттен тыс қорлар қаражатын) шоғырландыру). 

«Әлеуметтік кодексті қабылдау келешекте азаматтардың өздерінің әлеуметтік құқықтары мен міндеттері туралы бірыңғай білім көзін құруға; әлеуметтік құқықтар мен кепілдіктерді қамтамасыз ету бойынша алдын алу шараларын қабылдауға; азаматтардың әлеуметтік қорғалуын арттыруға мүмкіндік береді», — деді Серік Шәпкенов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу