Табысты арттыру бағдарламасын іске асыру: Инвестициялық жобалар есебінен Қазақстанда 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Ералы Тоғжанов ҚР Парламенті Сенатында Мемлекет басшысы Қ. Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес әзірленген және Үкімет қаулысымен бекітілген халықтың табысын арттыру бағдарламасы туралы айтып берді. Бағдарламада азаматтардың табысын арттырудың нақты шаралары қарастырылған. Оның ішінде Ұлттық жобаларда көзделген міндеттер топтастырылған.

Е. Тоғжановтың айтуынша, алғаш рет елдік ауқымдағы бағдарламаны іске асыруға мүдделі тараптардың тікелей қатысуына негізделген халықаралық тәжірибе (өзгерістер теориясы) қолданылып отыр. Қазіргі күні Ұлттық экономика министрлігінің Экономикалық зерттеулер институты жанынан Бағдарламаны сүйемелдеу бойынша жобалық офис құрылып, жұмыс істеуде. Нақтыланған бюджетті Сенатта қарау кезінде шет елдердің кедейлікпен күрес тәжірибесіне назар аудару ұсынылды.

«Біз халықаралық практикаға егжей-тегжейлі зерттеу жүргізіп, талдау жасадық. Қытайда ауылдық жерлерде табысты, ауыл шаруашылығы тауарларының өнімділігін арттыру үшін ирригациялық инфрақұрылымды жақсарту сияқты шаралар қабылданған. Кедейлікпен күрестің еуропалық моделі негізінен сақтандыру жүйесін дамытуға бағытталған. Адам неғұрлым ұзақ жұмыс істесе, оның әлеуметтік қорғау деңгейі соғұрлым жоғары болады (жәрдемақы мөлшері артады). Бұл модель Германия, Нидерланды, Франция сияқты елдерге тән. Ал Оңтүстік Еуропа елдерінде бюджеттен әлеуметтік жеңілдіктер мен субсидиялар шектелген мөлшерде беріледі. Сондықтан біз де бағдарламаға жалақы мөлшерін арттыруға бағытталған тікелей шараларды ғана қосумен шектелген жоқпыз», — деді Е. Тоғжанов.

Бағдарламаның маңызды бөлігі – бұл жаңа экономикалық өсуге арналған. Азаматтардың жұмысқа орналасуына жағдай жасау, сондай-ақ жаңа дағдылар мен кәсіпке баулитын жанама шаралардан құралған. Ал, тікелей шараларға келсек: 1,1 млн-нан аса жұмыскердің еңбекақысын арттыру көзделген. Оның ішінде: Бюджет саласының 850 мыңнан аса қызметкерінің лауазымдық айлық ақысы ұлғайтылады.

«Дәрігерлердің жалақысы 320 мыңнан 531 мың теңгеге дейін, орта медициналық қызметкерлердің жалақысы 173,5 мыңнан 250 мың теңгеге дейін өседі (2023 жылы 2021 мың жылмен салыстырғанда)», — деді Премьер-Министрдің орынбасары.

Анықтама ретінде: 600 мың педагогтің жалақысы 2022 жылы:

  • мектепке дейінгі ұйымдарда – 213 мыңнан 243 мың теңгеге дейін;
  • мектептерде – 292 мыңнан 332 мың теңгеге дейін;
  • колледждерде – 312 мыңның 354 мың теңгеге дейін.

Биыл сәуірден бастап «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры» компаниялар тобының 258 мың өндірістік персоналының жалақысы 5-тен 48%-ға дейін көтерілді. Бұл ретте жалақысы төмен лауазымдарға басымдық берілді. Айталық, «Қазпошта» жүйесіндегі жүргізуші-курьердің жалақасы 144 мың теңгеден 237 мың теңге дейін өсті. Осылайша, қазірдің өзінде азаматтардың табысын арттыру бойынша нақты шаралар іске асырылды.

Қордың ішкі резервтері есебінен қызметкерлердің кірістерін арттыру бойынша жұмыс жалғасатын болады. Жыл соңына дейін тағы 4 компанияда өндірістік персонал жалақысы 5%-дан 18%-ға дейін өседі.

Бұдан бөлек, мемлекеттен қолдау шараларын алатын ірі бизнеске қатысты міндеттемелерді белгілеу есебінен, онда істейтін 2,8 млн қызметкердің орташа жалақысы өседі.

«Екі апта бұрын Қарағанды облысында ірі бизнестің қатысуымен бұл бағытта атқарылып жатқан жұмыстардың алдын ала қорытындыларын тыңдадық. Соның нәтижесінде қазірдің өзінде Қазақстан бойынша ірі өнеркәсіптік кәсіпорындардағы жалақы мөлшерін 15%-дан 30%-ға дейін өсіруге қол жеткізілді. Оның қатарында “Қазминералс” (15%), “ҚазАзот” (20%), “ERG” (25%), “Қазақмыс” (30%) бар», — деді вице-премьер.

Экономиканың түрлі салаларында инвестициялық жобаларды іске асыру есебінен 2025 жылға дейін 2 млн-нан астам жаңа жұмыс орны құрылады. Оның ішінде өнеркәсіп пен кәсіпкерлікте – 950 мың, инфрақұрылымдық жобалар шеңберінде – 583 мың, агроөнеркәсіптік кешенде – 458 мың, туристік салада – 59 мың.

Атап айтқанда, өнеркәсіп саласында (тау-кен металлургия кешені, машина жасау, химия өнеркәсібі, кірпіш және цемент өндірісі) барлығы 713 жоба жоспарланған. Биылдың өзінде 165 жоба іске қосылып 16 мыңнан аса жаңа жұмыс орны ашылады (2025 жылға қарай – 126,5 мың орын көзделуде).

Бұл ретте ірі жобалардың экономикаға қосатын үлесімен қатар, халықтың әл-ауқатын арттыруға бағыттау міндеті тұр. Осы себепті, жаңа өндіріс орындарын құру жобалары тек ірі қалаларды ғана емес, ауылдық елді мекендер (52,4 мың орын) мен моноқалаларды (11,1 мың орын) қамтиды.

Моноқалаларды дамыту – күн тәртібінде тұрған мәселелердің бірі. Сондықтан Қарағанды облысының Саран қаласы үлгісінде моноқалаларды қалпына келтіру міндеті тұр. Қалада іске қосылатын 3 негізгі жоба шиналар өндірісі («KAMATYRESKZ»), тұрмыстық техника («ARTEL»), жүк автомобильдерін («QAZTEHNA») өндіруге бағытталған. Онда барлығы 2500 жұмыс орны құрылады.

Жанама шаралар – өңдеуші өндірістің өнімділігін арттыруға, кәсіпкерлікті дамытуға, жұмысқа орналасуға жәрдемдесуге, кәсіптік даярлауға бағытталған.

Азаматтардың кәсіпкерліктен түсетін табысын арттыру мақсатында елімізде 50-ден аса ірі кәсіпорын айналасында Шағын және орта бизнес белдеуін құру көзделген. Оның бір көрінісі ретінде, Қызылорда облысындағы шыны зауыты айналасында 8 шағын зауыттан тұратын шағын және орта кәсіпкерлік белдеуі құрылады.

Е. Тоғжановтың айтуынша, өткен жылдың қорытындысы бойынша энергетика секторындағы жер қойнауын пайдаланушылардың тауарлары мен қызметтерін сатып алудың жалпы көлемі 4,7 трлн теңгені құрады, оның 40%-ға жуығы басқа елдерден сатып алынды. Бүгінде бұл күн тәртібіндегі өзекті мәселелердің бірі.

Жергілікті қамту үлесінің орташа салалық көрсеткіші тек 61,8%-ды (2,9 трлн тг) құрады, яғни жергіліктендірудің жеткілікті әлеуеті бар (1,7 трлн теңге). Осыған байланысты мұнай-газ саласында сұранысқа ие 19 өндірістік тауар түрі бойынша жаңа өндірістерді локализациялау арқылы жоғары өнімді жұмыс орындарын құру жоспарланған. Олардың бірі – Атырау облысындағы алғашқы Интеграцияланған газ-химия кешенінің құрылысы («Kazakhstan Petrochemical Industries Inc.» ЖШС).

Сондай-ақ жер қойнауын пайдаланушылардың 75% сатып алуы тиесілі ірі операторлардың (Теңізшевройл, Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг, Норт Каспиан Оперейтин) қажеттіліктері үшін жергілікті тауарларды дамыту бойынша жұмыстар жүргізілуде.

«Қазірдің өзінде 3 тауар тобы – тиек арматурасы, автоматиканың бақылау-өлшеу аспаптары, электротехникалық жабдық бойынша өндірістерді локализациялау жұмыстары басталды. Аталған жабдық түрлерін шығаратын компаниялармен 4 келісім жасалды», — дедң Е. Тоғжанов.

Сонымен қатар импорт алмастыру және экспорт мақсатында осы жылы алғаш рет Өнеркәсіпті дамыту қоры арқылы қарсы міндеттемелерді орындау шарттарында серпінді өңдеуші жобаларды қаржыландыру үшін 335 млрд теңге сомасында қаражат бөлінді. ШОБ үшін – 3%, импорт алмастыру және экспорт үшін – 7%.

2025 жылға дейін халықтың сатып алу қабілетін қорғау мақсатында қанттан басқа азық-түлік тауарлары бойынша 100% импортты алмастыру шаралары іске асырылады. Бұл ірі 87 сүт-тауар фермасын, 14 ет комбинатын, 17 құс фабрикасын іске қосу және 6,6 мың гектар бақ және бір қант зауытын (Павлодар) салу арқылы жүзеге асырылады.

Сонымен қатар бақша, сүт, бал өнімдерін өндіретін 9 мыңнан аса отбасылық қосалқы шаруашылықты біріктіретін 280 ауыл шаруашылығы кооперативін құру жоспарда бар. Жалпы, 2025 жылға дейін 450 мыңнан аса жұмыс орнын құру жоспарланған агроөнеркәсіп саласын дамыту «Ауыл аманаты» жобасы аясында іске асырылады.

Бұл ретте отбасылық шаруашылықты дамыту бойынша Жамбыл облысында тиімді іске асырылған пилоттық жобаны еліміздің басқа аймақтарына тарату бойынша жұмыстар жүргізілуде. Пилоттық жоба 2019 жылдан бері 11 ауылдық округте іске асырылды. Нәтижесінде жобаға қатысқан 2,5 мың отбасының табысы 4 есеге артқан.

Бұл ауылдардағы атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 65%-ға азайған (бұның есебінен мемлекет 1 млрд теңге үнемдеп отыр), кәсіпкерлер саны 966-дан 3248-ге дейін өскен, яғни әрбір үшінші отбасы кәсіпкерлікпен айналысып отыр.

Вице-премьердің айтуынша, қазір 11 ауылдан түсетін жыл сайынғы салық түсімдерінің көлемі 125 млн теңгеге жетті. Сонымен қатар бағдарламада халықтың әлеуметтік аз қамтылған топтарының тұрақты табысын қалыптастыру бойынша кешенді шаралар қамтылған.

Атап айтқанда көп балалы, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларды тәрбиелеп отырған аналарға үй жағдайында табыс табуға жағдай жасау көзделіп отыр (440 мың көп балалы ана, 92 мың мүгедек бала бар).

Жоба аясында әйелдер еңбек нарығында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді курстан өтіп, өз ісін ашу бойынша тегін консультациялар алады. Соның нәтижесінде жыл сайын 20 мың әйелді жұмыспен қамту жоспарланған. Бұл жұмыстарды Аналар кеңесі үйлестіреді және өңірлердегі отбасыларды қолдау орталықтары жүргізіледі.

Сонымен қатар осы бағытта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту тетіктері жетілдірілетін болады.

«2025 жылға қарай жұмысқа жарамды мүгедектігі бар адамдардың кемінде 30%-ын жұмыспен қамту жоспарлануда (жалпы жұмысқа жарамды мүгедектер саны 417 мың, 2021 жылы оның 24,8% еңбекпен қамтылды)», — деді Е. Тоғжанов.

Бүгінде табысты арттырудың жаңа әрі әлеуетті бағытының бірі — креативті индустрия саласы. Бүгінде әлемдегі креативті индустрияның қаржы айналымы $2,3 трлн құрайды.

Осы салада 12 жыл бұрын арнайы бағдарлама қабылдаған Оңтүстік Корея 2020 жылы әлемдік медиа-ойын сауық нарығында жетінші орынға шықты. Бүгінде бұл елдің креативті экспорт көлемі $12 млрд асты. Сондықтан, креативті индустрияны дамытуға ерекше назар аударылып отыр.

«Біріншіден, елімізде 3 мыңға жуық мәдениет ұйымдары бар. Ең алдымен осы ұйымдардың креативті идеялар үшін ашықтығын қамтамасыз етеміз», — деді ҚР Премьер-Министрінің орынбасары.

Екіншіден, мәдениет ұйымдарындағы құрал, жабдықтарды қолдана отырып, жаңа креативті өнім шығаруға ниетті азаматтарға қолжетімді ету.

Үшіншіден, қазір мәдениет ұйымдарының мүлкін пайда табу мақсатында тиімді пайдалану механизмдерін реттейтін заң жобасы әзірленуде. Түскен табыс сол ұйымдарды материалдық-техникалық жабдықтауға және қызметкерлердің жалақысын арттыруға жұмсалуы тиіс. Бұл мәдениет ұйымдарын экономикалық айналымға енгізудің мүмкіндігі.

Сонымен қатар авторлық құқықты қорғау механизмдеріне қатысты бірқатар мәселе бар. Жалпы, креативті индустрияны дамытуға бағытталған заң жобалары әзірленіп, Парламент қарауына енгізіледі.

Бизнес өкілдерімен кездесуде Мемлекет басшысы жалпы ішкі өнімдегі еңбекақы үлесін арттырудың маңыздылығын атап өтті. Бағдарлама бұл көрсеткішті 31%-дан 38,5%-ға дейін арттыруға бағытталған. Жалпы кірістердегі еңбек қызметінен түскен кірістердің үлесі 70%-дан 82%-ға дейін артады.

«Бағдарламаның орындалуы, ең алдымен, халыққа дұрыс түсіндіру, жеткізуге тікелей байланысты екені мәлім. Екіншіден, қандай да істің оңға басуы жауапкершілікке байланысты. Бұл жерде жобаны ұйымдастырушылармен қатар, қоғамның, халықтың, жұмысқа тартылатындардың да жауапкершілігі жоғары болуы тиіс. «Бірлесе істеген іс берекелі» деп бекер айтпаған шығар халқымыз. Бағдарламаны іске асыруға барлық министрліктер мен жергілікті әкімдіктер жұмылдырылған», — деп түйіндеді Е. Тоғжанов.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу