Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс. Елімізде өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау шаралары қалай іске асырылуда


2020 жылы 4 маусымда Дүниежүзілік қоршаған ортаны қорғау күніне орай Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда жан-жануарлардың, құстардың, балықтар мен өсімдіктердің ондаған түрі жойылып кету қаупінің алдында тұр. Табиғатты қорғау – мемлекеттік маңызы зор іс», деп атап көрсетті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өзінің Твиттер әлеуметтік желісіндегі парақшасында адамдардың планетаны қоршаған ортаның ластануынан құтқару үшін бірігуі керектігін айтты. «COVID-19 біздің жауапсыздығымызды, табиғатқа ұқыпсыз қарайтынымызды көрсетті. Ұрпағымыз үшін осы әлемді таза әрі қауіпсіз күйінде сақтап қалайық», деді Президент. Бұл мәселе әсем табиғаты талайды тамсандырған Қазақстан үшін де аса өзекті болып отыр. Әсіресе, Қызыл кітапқа енгізілген жануарлар мен өсімдіктер дүниесін сақтап қалу үшін қандай іс-шаралар қолға алынуда? Браконьерлікпен күресіп жүрген табиғат инспекторларының өмірі қаншалықты қорғалған? Табиғатты қорғау заңнамасында жаңадан қандай нормалар қамтылды? Бұл туралы Рrimeminister.kz-тің шолуынан оқыңыздар.        

Қазақстан Республикасының Қызыл кiтабы – еліміздегі сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлар түрлерінің тізбелері берілген, олардың түрлі-түсті суреттерімен безендірілген басылым. Бұл кітап Қазақстан аумағындағы сирек кездесетiн және құрып кетудің алдында тұрған өсiмдiктер мен жануарлар туралы мәліметтер жиынтығын, оларды зерттеу, қорғау және өсімін көбейту жөнiндегi қажетті шараларды қамтиды.  


Қазақстанның Қызыл кітабында қандай деректер қамтылған 

Қазақстанның Қызыл кітабы сол кездегі үкіметтің шешімімен 1978 жылдан шығарыла бастады - омыртқалы жануарларға арналған бірінші бөлімі жеке кітап болып дәл осы жылы жарық көрді, онда омыртқалы жануарлардың 87 түрі қамтылған. Атап айтқанда, балықтың - 4, қосмекенділердің - 1, бауырымен жорғалаушылардың - 8, құстардың - 43, сүтқоректілердің - 31 түрі тіркелді. 

Қазақстанның Қызыл кітабының екінші бөлімі 1981 жылы елімізде қорғауға алынған өсімдіктерге арнап шығарылды, яғни бұл өсімдіктер дүниесіне арналған бірінші басылым болды. Онда өсімдіктердің 307 түрі тіркелген. Бұл өсімдіктердің қатарында жабық тұқымдылардың - 288, жалаң тұқымдылардың - 2, қырыққұлақ тәрізділердің - 3, мүктердің - 3, саңырауқұлақтардың - 10, қыналардың - 1 түрі берілген.

Қызыл кітаптың 1991 жылғы басылымына тіркелген өсімдіктер мен жануарлар түрлері екі санат бойынша топтастырылған. А санатында жойылып кету қаупі төнген өсімдіктер мен жануарлардың түрлері қамтылған болса, Б санатында олардың сирек кездесетін түрлері берілді. Ал 1996 жылы жарық көрген басылымында омыртқалы жануарлардың 129 түрі мен түр тармақтары тіркелді. Онда балықтардың - 16, қосмекенділердің - 3, бауырымен жорғалаушылардың - 10, құстардың - 58, сүтқоректілердің - 42 түрі мен түр тармақтары туралы мәліметтер берілген. Сонымен қатар онда алғаш рет омыртқасыз жануарлардың 105 түрі берілді, оның ішінде жәндіктердің - 96, шаянтәрізділердің - 1, ұлулардың - 6, құрттардың - 2 түрі туралы деректер тіркелген. 

Қазақстанның Қызыл кітабының үшінші басылымы қайта өңделіп әрі толықтырылып, қазақ тілінде жарық көрді. Бұл үшінші басылымның бірінші томы «Жануарлар», ал оның бірінші бөлімі «Омыртқалылар» деп аталды. Онда омыртқалы жануарлардың 125 түрі мен түр тармағы туралы деректер берілген. 

Қызыл кітаптың үшінші басылымында тіркелген жануарлардың түрлері 5 санат бойынша жіктелген. Оның бірінші санатында жойылып бара жатқан жануарлар болса, екінші санатында саны жылдан-жылға күрт азайып бара жатқан түрлері қамтылған. Ал үшінші және төртінші санаттары сәйкесінше сирек кездесетін және ғылыми тұрғыдан толық зерттелмеген жануарларды қамтыды. Бесінші санаттағы жануарларға қалпына келтірілген түрлер жатқызылған. 

Қазақстан Республикасының Қызыл кітабының үшінші басылымында тіркелген омыртқалы жануар түрінің қандай отрядқа, қандай тұқымдасқа жататыны және әрбір жеке түрге қатысты қысқаша қазақ, ағылшын тілдерінде деректер берілген. Сонымен бірге, тіркелген әр түрдің суреті, оның Қазақстан аумағында таралуы көрсетілген карта және сол жануардың түріне қатысты ақпарат көздері (кітаптар, мақалалар) ұсынылған. 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өсімдіктер мен жануарлар түрлерін Қызыл кiтапқа енгізу және одан шығару жөнінде ұсыныстарды ведомствоаралық ботаникалық және зоологиялық комиссиялар қарайды. Мұндай комиссиялар уәкілетті органға өсімдіктер мен жануарлардың белгілі бір түрлерін (қосымша түрлерін, таралымдарын) Қызыл кітапқа енгізу немесе одан алып тастау туралы ұсыныстарды енгізеді.

Қазіргі таңда Қазақстанның Қызыл кітабына Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2006 жылғы 31 қазандағы №1034 қаулысымен бекітілген, еліміздегі өсiмдiктер мен жануарлардың сирек кездесетiн және жойылып кету қаупi төнген түрлерiнiң тiзбесiндегі өсімдіктердің 387 түрі және жануарлардың 224 түрі енгізілген. Мәселен, олардың қатарында ақ тұңғиық, жаңғақты лотос, ұйқышөп, көктем жанаргүлі, Бетпақдала сылдыршөбі, Әулиеата қаңбағы, Алтай рауғашы, Тарбағатай кемпіршөбі, Талас қайыңы, ұсақ жемісті мүкжидек, аюжидек, Сиверс алмасы, кәдімгі өрік, Еділ майқарағаны, Қаратау түйетабаны, Іле үшқаты, таусағыз, Алматы ақжапырағы, Түркістан гүлкекіресі, Ұлытау түймешетені, дермене жусан тәрізді және т.б. өсімдіктер бар. 

Сондай-ақ сүйекті балықтардан Сібір бекресі, Каспий албырт балығы, Арал албырт балығы, ақбалық, Іле қарабалығы және т.б. осы тізімге енгізілген. Ал бауырымен жорғалаушылардан сары бауыр кесіртке, шұбар кесіртке, жолақты әбжылан жойылып кету қаупі бар жан-жануарлардың қатарында. Қызғылт бірқазан, сарықұтан, қоқиқаз, қара дегелек, сұңқылдақ аққу, ақбас үйрек, бүркіт, қарақұс, құмай, ақсұңқар, дуадақ, үкі тәріздес құстар да қорғауға алынған  құстар ретінде Қазақстанның осы Қызыл кітабынан орын тапқан. 

Сүт қоректі жануарлардан қызыл қасқыр, Тянь-Шань қоңыр аюы, орман сусары, қабылан, барыс, қарақұйрық, сондай-ақ Қазақстан арқары, Қаратау арқары, Қызылқұм арқары тәрізді арқар түрлері мен жалман, қосаяқ және т.б. жойылып бара жатқан түрлер болып саналады.     

Соңғы мәліметтер бойынша, сирек кездесетін тұяқты жануарлар мен ақбөкендердің санының жыл сайын артып келе жатқаны байқалып отыр. Қазіргі таңда Қазақстанда ақбөкендердің популяциясы 334 мың дараққа жетіп, өсімі 55%-ды құрады. Бұл туралы биылғы халық алдындағы есеп беру кездесуі кезінде экология, геология және табиғи ресурстар министрі мәлім етті. Министрдің айтуынша, ведомство осы динамиканы сақтап қалу үшін тиісті іс-шараларды қабылдауда.

Жабайы жануарлардың табиғи популяцияларына қысымды төмендету үшін аң-құс өсіруді дамыту қажет, бұл - аңшылық шаруашылықты дамыту саласындағы перспективалы бағыттардың бірі. Осы мақсатта заңнамалық актілерге тиісті түзетулер енгізілді.  

Сонымен қатар, сирек кездесетін жануарларды сақтау және санын арттыру үшін оларды тарихи мекен ететін жерлеріне қайта жерсіндіру бойынша жұмыстар атқарылуда. Мысалы, Түркістан облысында сирек кездесетін құстарды қайта өсіру үшін халықаралық дуадақтарды қорғау ұйымының қолдауымен орталық құрылды, онда биыл табиғатқа 6 мыңнан астам дуадақ дарағын ұшыру көзделіп отыр. 

Айта кетейік, Қызыл кітаптың әрі танымдық, әрі тәрбиелік мәні зор. Ол адамдарды табиғатты аялай білуге, оған қамқор болуға үндейді. 


Табиғатты қорғау заңнамасын күшейту

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің 2020 жылғы 30 шілдедегі мәліметі бойынша Қазақстанда 39 браконьерлік фактісі анықталған. Браконьерлерден 1571 ақбөкен мүйізі мен 513 ақбөкен еті тәркіленді. 

Жалпы,  биылғы жылдың І жартыжылдығында еліміз бойынша мемлекеттік инспекторлар табиғатты қорғау заңнамасын бұзудың 3 748 оқиғасын анықтады. Үш мыңнан астам адам әкімшілік жауапкершілікке, 12 браконьер қылмыстық жауапкершілікке тартылды, жалпы айыппұл сомасы 44 млн теңгені, келтірілген залалдың сомасы 1,6 млрд теңгені құрады.

Өкінішке орай, 2019 жылы браконьерлерге қарсы тұру кезінде үш инспектор қаза тапты. Осы қайғылы оқиғаға байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев браконьерлікпен күресудің түбегейлі және шұғыл шараларын қабылдауды тапсырды. Мемлекет басшысының табиғатты қорғау заңнамасын күшейту туралы тапсырмасын орындау мақсатында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Ішкі істер министрлігімен және Бас прокуратурамен бірлесіп 2019 жылы браконьерлік үшін жауапкершілікті күшейту бойынша қолданыстағы қылмыстық заңнамаға түзетулер енгізді. 

Қылмыстық кодекске табиғатты қорғау инспекторлары мен қорықшылардың өмірі мен денсаулығына зиян келтіргені үшін қатаң жаза қарастыратын жеке бап енгізілді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, табиғат инспекторларының ауыр еңбегін ескере отырып, инспектор мәртебесін көтеру жоспарланған. Осылайша, браконьерлікпен күресу үшін инспекцияларды қазіргі заманғы құралдармен  (арнайы техникамен, төс бейнекамераларымен, бронежелеттермен) қамтамасыз ететін жаңа нормативтер әзірленді.

 Атап айтқанда, 27.12.2019 ж.  «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық іс жүргізу заңнамасын жетілдіру және жеке адамның құқықтарын қорғауды күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» №292-VI ҚР  Заңымен балық ресурстарын, басқа да су жануарларын немесе өсiмдiктерін заңсыз алу (335-бап), заңсыз аң аулау (337-бап), сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерін, олардың бөліктерін немесе дериваттарын заңсыз пайдалану (339-бап), құқық қорғау бойынша жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторға, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның инспекторына қатысты күш қолдану (380-1-бап және 380-2-бап) баптары енгізілді.

Осылайша, 335-бапқа және 337-бапқа санкцияны қатаңдату бойынша түзетулер енгізілді, яғни “қылмыстық теріс қылықтар” “қылмысқа” өзгертілді, сондай-ақ 337-бап 10 жылға дейін бас бостандығынан айырумен жазалау көрсетілген жаңа 6-шы бөлікпен толықтырылды.

Сонымен қатар осы Заңның 339-бабына ақбөкенді, оның дене бөліктерін немесе дериваттарын, оның ішінде ақбөкен мүйіздерін заңсыз аулауды, сатып алуды, сақтауды, өткізуді, әкелуді, әкетуді, жөнелтуді, тасымалдауды немесе жоюды көздейтін жаңа 1-1-бөлім енгізілді, ол үшін заң бұзушының мүлкін тәркілеумен 3 жылдан 5 жылға дейін бас бостандығынан айыру немесе бас бостандығын шектеу жазасы қарастырылған.

Заңның 380-1-бабында жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспекторлардың және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйымның және табиғат қорықшысының өміріне қол сұққаны үшін қылмыстық жауапкершілік көзделген (бұрынғы редакциясында мұндай жауапкершілік тек құқық қорғау, арнайы мемлекеттік органның қызметкерлері мен әскери қызметшілеріне қатысты қолданылған еді). Атап айтқанда, жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік инспектор мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мамандандырылған ұйым мен қорықшыға қатысты күш қолданғаны үшін 12 жылға дейін бас бостандығынан айыру арқылы  қылмыстық жауапкершілікті көздейтін жаңа 380-2 бап енгізілді.

Сонымен қатар, ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің хабарлауынша, биыл шекара маңы аумақтарында киіктердің мүйізін контрабандалық тасымалдау орындарын, сондай-ақ болуы мүмкін ұйымдасқан қылмыстық топтарды анықтау бойынша жұмыс жүргізіледі. Дипломатиялық арналар арқылы Қытай, Ресей және Қырғызстанды дериваттарды контрабандалық тасымалдау туралы хабардар етіп, одан кейін бірлескен іс-шаралар кешенін әзірлеу жұмыстары қолға алынуда. Бұдан басқа, «Охотзоопром ӨБ» РМҚК жұмысының тиімділігін арттыру мақсатында кәсіпорынды дамыту тұжырымдамасы әзірленді, онда инспекторлық құрам жұмысын жақсарту шаралары қарастырылды.  

 

Жан-жануарларды қорғау шаралары

«Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 15-бабының 2-тармағына және 43-бабына сәйкес жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін қорғауды мемлекет жүзеге асырады.

Қазақстан Республикасының Үкіметі мен жергілікті атқарушы органдар жануарлар дүниесін қорғауды, өсімін молайтуды және орнықты пайдалануды жүзеге асыру үшін мамандандырылған ұйымдар құрады. Мәселен, тұяқты жабайы жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, оның ішінде киіктерді қорғауды қамтамасыз ету үшін Үкімет Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің «Охотзоопром ӨБ» РМҚК құрды. Кәсіпорында күн сайын жануарларды қорғау шараларына 225 инспектор, 95 автомобиль техникасы жұмылдырылады. 

Сондай-ақ, өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерін және басқа да табиғи кешендерді қорғауға 10 мемлекеттік табиғи қорықтан, 13 мемлекеттік ұлттық табиғи парк және 6 мемлекеттік табиғи резерватынан жалпы саны 4 207 инспектор тартылған. 

Бұдан басқа, 14 облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциялары өсімдіктер мен жануарлар дүниесін қорғау, олардың өсімін молайту және пайдалану саласында мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырады.

ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин ҚР Парламент Сенатының депутаты Д. Құстдәулетовтың жануарларды қорғау мәселесі туралы депутаттық сауалына берген жауабында осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды: «Полиция органдарының бөлімшелері табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылықтардың алдын алуға, анықтауға және жолын кесуге бағытталған іс-шараларды тұрақты түрде жүргізеді. Жыл сайын Ауыл шаруашылығы министрлігінің, Энергетика министрлігі мен ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен жоспарының негізінде «Бекіре», «Браконьер», «Нерест» және басқа да жедел алдын алу шаралары жүргізіледі. Ішкі істер министрлігі браконьерлік әрекеті үшін қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікті күшейту туралы ұсыныстарды енгізді, бұл ұсыныстар Парламент Мәжілісінің депутаттарының бастамасы бойынша «Агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша бірқатар заңнамалық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңының жобасы аясында енгізіліп және қарастырылып жатыр. Сонымен қатар, қазіргі кезде инспекторларды ынталандыру мақсатында өкілетті мемлекеттік органдар табиғатты қорғау мекемелерінің жұмыскерлеріне еңбекақы төлеудің келісімшарттық-сыйақы төлеу жүйесі бойынша мәселелерді, сондай-ақ  табиғатты қорғау мекемелерінің мемлекеттік инспекторларының ерекше қорғалатын табиғи аймақтар, жануарлар әлемін қорғау, жаңғырту және пайдалану саласындағы заңнаманы, орман заңнамасын бұзу салдарынан келтірілген зардаптың сомасын өтетуі үшін үстеме ақы алу мүмкіндігін пысықтап жатыр. Жалпы, қоршаған ортаны қорғауға қатысты аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында». 

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі жыл сайын көктемнен жаз маусымына дейінгі аралықта Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстарында «Бекіре» балықтарды қорғау акциясын өткізеді. 

Уылдырық шашу кезеңінде балықтың бағалы түрлерінің еркін қозғалуын қамтамасыз ету үшін, соның ішінде бекіре тұқымдас түрлерінің уылдырық шашу орындарына кедергісіз жетуіне мүмкіндік жасап, заңсыз балық аулау мен айналымына жол бермеу үшін құқық және табиғатты қорғау органдарының қызметкерлері бірлесіп жұмыс атқарады. Бұл ретте негізгі күштер Атырау облысының шегіндегі Каспий теңізінің жағалауы мен акваториясына және Жайық пен Қиғаш өзендерінің саға алды кеңістігіне жұмылдырылады, себебі осы жерлерде браконьерлік фактілері жиі тіркеледі.

Бұдан басқа, кедендік бақылау бекеттерінде, әуежайларда, вокзалдарда және ірі тасжолдарда  балық өнімдерін Қазақстан Республикасының аумағынан тысқары шығаруға бақылау жұмыстары қарқындатылып, заңсыз балық айналымы фактілері анықталып, тоқтатылады.

Қоршаған ортаны қорғаудың игі шараларының бірі ретінде Қазақстанның ұлттық парктеріндегі заң бұзушылықтардың жолын кесу мақсатында жуырда жедел желінің іске қосылуын атап өтуге болады. 2020 жылғы 28 шілдеден бастап ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің жедел желісі:  +7 777 678 52 52 whats app нөмірі жұмыс істейді. Яғни, енді кез келген азамат ұлттық парктегі заң бұзушылықтар, атап айтқанда заңсыз ағаш кесу, заңсыз балық аулау, аң аулау фактілері және басқа да заң бұзушылықтар туралы тікелей хабарлай алады. Мұнда келіп түскен әр шағым бойынша тексеріс жүргізіледі. Осылайша, елміздің әрбір азаматы жан-жануарларды қорғауға атсалыса алады. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу