Барлық елдердің тең құқықтық негіздегі өзара іс-қимылы: Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы өтті

Минскіде Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысы өтті. Шараға Армения Үкіметінің басшысы Никол Пашинян, Беларусь Үкімтінің басшысы Роман Головченко, Қырғызстанның Үкімет басшысы Ақылбек Жапаров, Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустин, Еуразиялық экономикалық комиссия алқасының төрағасы Михаил Мясникович және т. б. қатысты.

Шағын және кеңейтілген құрамда өткен кеңес отырыстарында Еуразиялық экономикалық одақтың біріктірілген ақпараттық жүйесін дамыту, тауарларды таңбалау, алкоголь нарығын реттеу және электрондық сауда кезінде салық салу мәселелері талқыланды. Бұдан бөлек, отырысқа қатысушылар «Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарында, оның ішінде Қытайдың «Бір белдеу, бір жол» бастамасы аясында ЕАЭО-ның көлік инфрақұрылымын дамытуды, өнеркәсіптің жоғары технологиялық салаларындағы кооперацияны, тұтынушылардың құқықтарын қорғау саласындағы бірлескен іс-қимыл бағдарламасын, трансшекаралық нарықтардағы бәсекелестіктің жай-күйін және басқа да бірқатар мәселені талқылады.

Жаңа сауда маршруттарын құру қажеттілігі туындады — Ә. Смайылов

Қазақстанның Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген құрамда өткен отырысында бүгінде барлық елдердің әлемдік сауданың трансформациясының куәсі және қатысушылары болып отырғанын атап өтті.

«Шиеленістің күшеюі, пандемия дағдарысы, жаһандық сауда-саттық және логистикалық байланыстардың үзілуі, гиперинфляция біздің елдердегі тауар өндірушілерге де, қызмет көрсетушілерге де кері әсерін тигізді», — деді ҚР Премьер-Министрі.

Қазақстанның Үкімет басшысының айтуынша, ерекшелігі сол, дағдарыс ауыртпалығы шағын, орта және ірі бизнес нысандарының барлығына да түсіп отыр. Дәл қазіргідей қиын-қыстау жағдайда өңірлік бірлестіктер туындаған проблемаларды шешуде жетекші рөл атқарады.

Мәселен, өткен жылы өзара сауда бойынша рекордтық көрсеткіштер тіркелді. ЕАЭО елдерінің тауар айналымы 31%-ға өсті.

«Біз осы қарқынды сақтап қаламыз деп үміттенеміз, бірақ статистика сауданың баяулағанын көрсетіп отыр. Биылғы 4 айда Қазақстан мен ЕАЭО арасындағы өзара сауда бар болғаны 5%-ға өсіп, $7,7 млрд-ты құрады. Үкіметаралық кеңестің осы отырысының күн тәртібінің жекелеген мәселелері ерекше өзекті. Мысалы, тауарлардың белгілі бір санатын ЕАЭО нарығына өткізуді оңайлату мәселелері. Мен олардың қағаз жүзінде бекітілуінің тез арада алынып тасталуына үміттенемін», — Ә. Смайылов. 

«Шығыс-Батыс» және «Солтүстік-Оңтүстік» бағыттарындағы еуразиялық көлік дәліздері мен бағыттарын дамыту бойынша бүгінде қабылданып жатқан тапсырма уақытылы болып табылады. Жаңа көлік артерияларын құру және дамыту жолымен Еуропа мен Азия жүктерін ЕАЭО елдеріне және сол елдердің аумағы арқылы тасымалдау уақытын қысқарту мен жеңілдету ерекше маңызға ие.

«Жаңа жағдай» Еуразиялық экономикалық одақ қызметін трансформациялауды қажет етеді», — деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының пікірінше, келесі фактілер мұндай трансформацияның басымдықтары болуы тиіс.

Бірінші. Қазақстан бизнесті дамыту үшін зор әлеуетке ие, алайда оны пайдалануға кедергілер бар, ол туралы бірнеше рет айтылды, бірақ олар іс жүзінде азаяр емес. Бір жағынан, келісімшарт базасының жетілмегендігі, екінші жағынан, елдік протекционизм кедергі болып отыр. Экономикалық бірлестіктің жетістігі оның барлық мүшелерінің әрекеттеріне байланысты. Бір кедергілер екінші тосқауылдарды тудырады.

«Мемлекеттеріміздің экономикасының өсуі мен азаматтардың әл-ауқатын арттырудың маңызды шарты болып табылатын еркін нарықты қамтамасыз етуде күш-жігерді біріктіруіміз қажет. Өз кезегінде Өз кезегінде Комиссия жұмысы Шартта кепілдендірілген төрт еркіндікті қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс», — деді Ә. Смайылов.

Екінші. Құрамдас бұйымдарды, шикізатты және дайын өнімдерді жеткізудегі іркілістер өнеркәсіп кооперациясының жеткіліксіз деңгейде екенін көрсетіп берді. Іс жүзінде өнеркәсіптің барлық салаларында – машина жасау мен жоғары технологиялық салалардан бастап тамақ өнімдері мен медициналық бұйымдар өндірісіне дейін нақты кооперациялық жобалар қажет. 

ҚР Премьер-Министрі нақты кооперациялық жобаларға, жалпы жоғары технологиялық, инновациялық және бәсекеге қабілетті өнім жасау мақсатында кооперациялық байланыстарды нығайтуға назар аударуды ұсынды.

Комиссияның ұстанымы осындай жобаларды тараптармен бірге іздестіру және пысықтау мәселесінде проактивті болуы қажет.

Үшінші. Үкімет басшысы әлемдік сауданың айтарлықтай өзгергенін атап өтті. Жаңа сауда бағыттарын құру қажеттілігі туындады.

«Біз баламалы жолдармен бірлесіп жұмыс істеуге дайынбыз. Алайда Одақтың бүкіл аумағы бойынша кедергісіз транзитті қамтамасыз ету, ЕАЭО-ның құрылтай құжатында жазылған теңіз портының инфрақұрылымына кемсітусіз қол жеткізу іс жүзінде жүзеге асырылуы тиіс. Бұл қазақстандық бизнес үшін аса сезімтал мәселе, оны шешпей жатып, ЕАЭО артықшылықтарын бағалау өте қиын. әріптестерімді жедел және жеңілдетілген транзитті, оның ішінде цифрлық технологияларды пайдалана отырып қамтамасыз ету мәселесінде неғұрлым икемді және сындарлы болуға шақырамын», — деді Ә. Смайылов.

Соңында Қазақстанның Үкімет басшысы әріптестеріне өзара түсіністік пен нәтижелі диалог үшін алғысын білдірді.

«ЕАЭО мүшелері Бірлестіктің негізгі қағидаттарына беріктігін сақтаған жағдайда, қазіргідей күрделі кезеңде еуразиялық экономикалық интеграцияның барлық қатысушылары үшін тиімді болатынына сенімдімін. Бұл ретте барлық елдерге тиімді болатын даму жолына түсуі үшін ұлттық мүдделер мен интеграциялық процестер арасындағы теңгерімді табу қажет», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.

А. Жапаров: Қаржы нарықтарының тұрақтылығын нығайту және көлік әлеуетін арттыру — жұмыстың маңызды бағыттары

Қырғыз Республикасы Министрлер кабинетінің төрағасы Ақылбек Жапаров өз сөзінде биылғы бес айдың қорытындысы ЖІӨ өсімінің оң қарқынын көрсетіп отырғанын атап өтті.

«2022 жылғы қаңтар-мамырда Қырғыз Республикасының ЖІӨ көлемі 270,2 млрд сом болды, ал нақты өсу қарқыны 105,7%-ды құрады. Еліміздің сыртқы сауда айналымы 2022 жылғы қаңтар-сәуірде $3 млрд-ты құрады және өткен жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 43,3%-ға ұлғайды. Интеграциялық бірлестікке мүше елдермен өзара сауданың өсуі 2022 жылғы 4 айда 16,3%-ды құрады, бұл орайда экспорт 26,4%-ға, ал импорт 13,3%-ға өсті», — деді А. Жапаров.

Оның айтуынша, Еуразиялық экономикалық одақтың экономикалық және қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін бірлескен күш-жігерді шоғырландыру қажет, ол осы жұмыс аясында бірқатар маңызды шараларды ұсынды.

«Біріншісі – қысқа мерзімді перспективада ЕАЭО-ның ішкі нарығында әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының тапшылығына байланысты тәуекелдерді азайту тетіктерін енгізу қажет. Сөз азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің үйлестірілген саясатының тетіктері туралы болып отыр, бұл орайда бірінші кезекте еліміздің нарығын молайту ескерілуі қажет», — деді А. Жапаров. 

Екінші шара ретінде Қырғызстанның Министрлер кабинетінің басшысы бұзылған кооперациялық бизнес-тізбектерді жедел қалпына келтіруді атады.

«Бүгінде Қырғыз Республикасында шығарылатын тігін-тоқыма өнімі сапасы мен дизайны бойынша танымал бренд киім өндірушілерден кем түспейді. Экологиялық таза балалар тағамын өндіру, машина жасауды дамыту, лифт жабдықтары мен құрамдастарын өндіру жөніндегі жобаларға қатысуға дайын кәсіпорындар бар. Осыған байланысты Еуразиялық экономикалық одақ аясында өнеркәсіптің басым және жоғары технологиялық салаларында кооперация және импортты алмастыру жөніндегі комиссия құру туралы бүгін біз қабылдайтын шешім барынша уақытылы болып табылады», — деді А. Жапаров.

Оның пікірінше, бірлестікке қатысушы елдердің қаржы нарықтары мен экономикаларының сыртқы күйзелістерге тұрақтылығын нығайту және қаржы ресурстарын тиімді жұмылдыру және инвестициялау үшін жағдай жасау – келесі маңызды шара.

«Сондай-ақ бастамалар аясында облигациялық қор, ЕурАзЭҚ-қа қатысушы елдердің ұлттық валюталарындағы облигацияларға инвестицияланатын қаржы ресурстарының пулы құрылуы мүмкін. Сонымен қатар осы бастаманың аясында ұлттық валютадағы облигациялар эмитенттеріне кепілдік агенттіктерін іске қосуға болады», — деді А. Жапаров.

ЕАЭО елдерінің транзиттік әлеуетін кеңейту мәселелері бойынша Жапаров жаһандық өзгерістер мен әлемдік экономикалық орталықтың шығысқа қарай ығысуы жағдайында жаңа логистикалық дәліздерді игеру және толыққанды көлік байланысын қамтамасыз ететін көлік жүйелерін құру маңызды екенін айтты.

Оның пікірінше, Одақтың көлік әлеуетін арттыру бойынша ЕАЭО-қа мүше барлық елдерді қамтитын толыққанды теміржол инфрақұрылымын дамыту мәселелері бар.

«ЕАЭО-қа мүше жекелеген мемлекеттердің аумағында теміржол инфрақұрылымының қажетті буындарының болмауы көлік дәліздерінің әлеуетін ашуға кедергі келтіреді. Мүше елдер аумағында теміржол көлігі инфрақұрылымын құру және одан әрі дамыту олардың экономикалық ілгерілеуіне де, әлемдік сауданың дамуына да жәрдемдесетін болады», — деді А. Жапаров. 

Ақылбек Жапаров биыл 26 мамырда Бішкек қаласында өткен Еуразиялық экономикалық форум қатысушыларына алғысын білдіріп, бұл шараның экономикалық интеграцияны дамытудың өте маңызды бағыттарын талқылауға мүмкіндік бергенін атап өтті.

«Сөзімді аяқтай келе, сіздерді жазғы кездесулердің дәстүрлі орнына айналған інжу-маржанымыз – Ыстықкөл жағалауында өтетін Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кезекті отырысына шақырамын», — деп түйіндеді А. Жапаров.

Никол Пашинян: Қазіргі заманғы экономикалық сын-қатерлер жағдайында ЕАЭО елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса маңызды міндеттердің бірі болып қала береді

Еуразиялық үкіметаралық кеңестің кеңейтілген отырысы аясында Армения Республикасының Премьер-Министрі Никол Пашинян сөз сөйледі.

Армения Премьер-Министрі атап өткендей, Еуразиялық экономикалық одақ бірыңғай экономикалық кеңістік құру мақсатында интеграциялық әлеуетін ашып жатыр.

Оның айтуынша, бұл ЕАЭО мемлекеттерінің тұрақты экономикалық өсуі, бәсекеге қабілеттілікті нығайту және оның экономикалық мүдделерін халықаралық аренада тиімді ілгерілету үшін маңызды.

Никол Пашинян өз сөзінде өзара саудадағы кедергілерді жою үшін диалогтың маңызды екенін ерекше атап өтті.

«Тәжірибе көрсеткендей, соңғы жылдары бизнестің алдынан шығатын кедергілердің едәуір бөлігі бірыңғай ережелердің жоқтығынан болған. Диалог, ашықтық пен айқындық қана осы мәселеде оң динамиканы сақтауға ықпал етеді», — деді ол.

Армения Үкіметінің басшысы заманауи технологияларға да ерекше назар аударды. Оның ойынша, озық цифрлық құралдарынсыз бәсекеге түсу қиын болады.

Арменияның Премьер-Министрі қазіргі экономикалық сын-қатерлер жағдайында ЕАЭО елдерінің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету маңызды міндеттердің бірі болып қала беретінін мәлімдеді.

«Қазіргі уақытта объективті себептерге байланысты жалпы аграрлық нарықта ауыл шаруашылығы өнімдерінің жекелеген түрлерін жеткізуге шектеулер қойылады, бұл біздің елдеріміздің ауыл шаруашылығының тұрақты жұмыс істеуіне және тұтастай алғанда Одақтың азық-түлікпен қамтамасыз етілуіне теріс әсерін тигізуі мүмкін», — деді Никол Пашинян.

Оның айтуынша, Одаққа мүше елдер азық-түлік тауарлары тапшылығының алдын алып, тәуекелдерге ұжыммен бірге қарсы әрекет етуі қажет.

Сонымен қатар ол бизнестің алдында тұрған кедергілердің едәуір бөлігі бірыңғай, үйлестірілген, келісілген ережелердің болмауынан екенін атап өтті.

«Алкоголь нарығы мәселесін де реттеу маңызды деп санаймын. Бірыңғай мақсаттар мен қағидаттарды, ортақ реттеу шараларын белгілеу өзара саудада кемсітуші шектеулерсіз және алып тастаусыз ортақ нарық құруға ықпал етеді. Армения үшін бұл басым бағыт саналады және кең экспорттық мүмкіндіктерге ие», — деп түйіндеді Арменияның Премьер-Министрі Никол Пашинян.

Одақ мемлекеттері өздерін азық-түлікпен және ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі түрлерімен толық қамтамасыз етеді – М. Мишустин 

Ресей Федерациясы Үкіметінің төрағасы Михаил Мишустин одақ ішіндегі тауар айналымы ұдайы артып отырғанын және өсу қарқыны бойынша басқа мемлекеттермен саудаға қарағанда озық екенін айтты.

«Биыл мамыр айында, Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа қол қойылғанына сегіз жыл болды. Халықаралық ұйым үшін бұл аз ғана уақыт. Бірақ қысқа мерзім ішінде ЕАЭО өзінің тиімділігі мен қажеттілігін дәлелдеді, түрлі сын-қатерлер мен тәуекелдерге уақытылы ден қоя алатынын растады», — деді М. Мишустин. 

Ынтымақтастықтың өнеркәсіп, қаржы және ауыл шаруашылығы сияқты басқа да негізгі бағыттары бойынша жақсы нәтижелер бар.

«Ең бастысы, біздің елдеріміздің азаматтары интеграциялық жұмыстың пайдасын күнделікті өмірде сезінеді. Бұл туралы Ресей мемлекетінің басшысы жақында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында сөйлеген сөзінде айтты. Еуразиялық интеграцияның одан әрі үдемелі дамуын қамтамасыз ету, жаңа күрделі геосаяси шынайылық жағдайында халықаралық экономикалық жүйе тұрақсыздығы салдарын бірлесіп еңсеру маңызды», — деп атап өтті РФ Үкіметінің төрағасы. 

М. Мишустиннің айтуынша, ұжымдық Батыстың «бестіктің» жекелеген елдеріне қысымы күшейе түсуде. Бұл одақтың барлық қатысушыларына әсерін тигізеді. Экономикалар бір-бірімен тығыз байланысты, сондықтан қиындықтарға тек бірлесіп қана төтеп беруге болады.

Негізгі міндет — санкциялардың азаматтарға әсерін азайту, макроэкономикалық тұрақтылықты нығайту. Қажетті шешімдер экономика тұрақтылығын арттыру жөніндегі шаралар тізбесін іске асыру шеңберінде қабылданады. Жаңа бастамалар жоғары деңгейдегі арнайы жұмыс тобында белсенді талқыланады. 

М. Мишустин ерекше назар аударуды қажет ететін маңызды бағыттарға тоқталды.

Ең алдымен, бизнестің қалыпты қызметіне жағдай жасауға бағытталған жұмыстар жалғасуы тиіс. Ол үшін бірыңғай кедендік, кедендік-тарифтік, тарифтік емес және техникалық реттеу ережелері түзетіледі. 

Осы орайда жеке халықаралық қаржы-есеп айырысу тетіктеріне көшуді жеделдету, өздерін сенімді әріптес ретінде көрсеткен елдермен сыртқы сауда операцияларында ұлттық валюталарды пайдалану практикасын кеңейту ұсынылды.

«Импортты алмастыру саласында да кооперацияны арттыру қажет. Бұл ретте әңгіме өнеркәсіптің басым жоғары технологиялық салалары туралы болып отыр. Шетелдік жеткізілімдерге тәуелділікті азайтып, сұранысы бар өнімдерді әзірлеу мен шығару бойынша өзіміздің бірлескен инновациялық жобаларымызды іске қосуымыз керек. Одақтың барлық қатысушыларының бәсекелестік артықшылықтарын пайдалану міндеті тұр. Есептеу қуаттары, авиақұрылыс, фармацевтика саласындағы өзара іс-қимылдың перспективасы бар», — деді М. Мишустин.

Бұл ретте цифрлық күн тәртібі бойынша өзара іс-қимылды жандандыру керек. Заманауи технологияларды енгізу арқылы шығындардың көп түрі азаяды. Ең алдымен – ақпарат алмасу, шешім қабылдау және оларды жүзеге асыру кезінде. Бұл орайда перспективалы бағыттардың бірі – ЕАЭО аумағында цифрлық таңбалау жүйесін дамыту. 

«Одақтың ішкі және сыртқы саудасының нормативтік құқықтық базасын одан әрі жетілдіріп, өнеркәсіп өнімдерінің заңсыз айналымына қарсы іс-қимыл жөніндегі қадамдарды үйлестіретін боламыз», — деді М. Мишустин. 

Тағы бір маңызды мәселе — азық-түлік қауіпсіздігі.

М. Мишустиннің айтуынша, одақ мемлекеттері өздерін азық-түлікпен және ауыл шаруашылығы тауарларының негізгі түрлерімен толық қамтамасыз етеді.

«Алдағы уақытта да өз өндірушілеріміздің мүдделерін қорғап, импортты алмастыруды ынталандырып, агроөнеркәсіптік кешенде ортақ нарықтар құратын боламыз. Санкциялық саясат әлемде логистикалық және сауда тізбегінің бұзылуына әкелді. Бұл алдымызға жаңа міндеттер қояды. Қазір «Шығыс–Батыс» және «Солтүстік–Оңтүстік» бағыттары бойынша халықаралық көлік дәліздерінің бір бөлігіне айналатын инфрақұрылымды дамытуды жеделдету маңызды. Оның ішінде, тоғысу аясында, бұл туралы әріптестер қытайлық «Бір белдеу, бір жол» бастамасында айтты», — деді М. Мишустин. 

Одақ ішінде тауарларды еркін өткізу, ішкі кедендік шекаралардың болмауы, көлік саласындағы интеграция және дамыған инфрақұрылымның болуы транзит үшін жаһандық бәсекелестіктің негізгі артықшылықтарына айналады.

Нарықтық экономика және адал бәсекелестік қағидаттарын сақтау – бұл төрт еркіндікті: тауарлар, қызметтер, капиталдар және жұмыс күшінің қозғалысын қамтамасыз етумен қатар, Еуразиялық экономикалық одақтың негізін қалаушы нормалар.

«Климаттық күн тәртібі шеңберінде одақ алаңында іске қосылған жұмыс қарқынын төмендетуге болмайды. Бұл ретте ЕАЭО-ның өзара іс-қимыл үшін елеулі әлеуеті бар. Осы жолда жалпы саясатты дайындау мен қабылдауды жеделдету қажет. Біз серіктестерімізді климаттық мәселелер, соның ішінде арнайы құрылған жоғары деңгейдегі жұмыс тобының желісі бойынша ынтымақтастықты тереңдетуге шақырамыз», — деді М. Мишустин. 

Өзбекстан ЕАЭО елдерімен сауда шектеулерін алып тастау және агроөнеркәсіптік кооперацияны күшейтуді қолдайды 

Отырыс барысында өзбек делегациясының атынан бақылаушы ретінде қатысқан Өзбекстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары Джамшид Кучкаров сөз сөйледі.

Өзбек делегациясының басшысы комиссиямен тығыз байланыс орнатылғанын, тәжірибемен және ақпаратпен жедел алмасу, сондай-ақ ЕАК-пен 2021-2023 жылдарға арналған бірлескен іс-шаралар жоспарын іске асыру бойынша құрылған өзбек жұмыс тобының жұмысын атап өтті.

«Біз техникалық регламенттер мен стандарттарды талдауға кірістік. Жалпы, ЕАК-пен және қатысушы елдермен бірлесіп әзірленген Жол картасы ынтымақтастықтың түрлі бағыттары бойынша құзыреттерді жақсартуға ықпал етеді. Барлық елдермен сауда-саттық айтарлықтай өсті», — деді Д. Кучкаров.

Сондай-ақ өзбек делегациясының басшысы былтыр Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңес отырысында Өзбекстан президенті Ш. Мирзиеев көтерген бастамаларды атап өтті.

«Қысқаша айтқанда, бұл сауда шектеулерін алып тастау, ЕАЭО елдерімен агроөнеркәсіптік кооперацияны күшейту, көлік дәліздері», — деді Д. Кучкаров.

Оның айтуынша, өзбек тарапы ең алдымен ЕАЭО елдерінің аумағында еңбек ресурстарын, жұмыспен қамтуды реттеу рәсімдерін одан әрі жеңілдетуге мүдделі.

Осыған байланысты, Өзбекстан Премьер-Министрінің орынбасары Ресей тарапынан қатысып отырған М. Мишустинге Өзбекстан азаматтарының Ресей Федерациясында болу мерзімін 7 күннен 15 күнге дейін ұзарту, сондай-ақ екі жаңа бағыт бойынша теміржол жолаушылар тасымалын қалпына келтіру туралы жақында қабылданған шешім үшін алғысын білдірді.

«Өзбекстан ортақ мүдделерге жауап беретін және барлық елдердің тең құқылығы, мүдделерін құрметтеу және ескеру қағидаттарында өзара іс-қимыл жасайтын ЕАЭО-мен өзара тиімді әріптестікке сенеді», — деді Д. Кучкаров.

Беларусь Министрлер кабинетінің басшысы ЕАЭО-да бірлескен өндіріс үшін корпорациялар құруға шақырды

Еуразиялық үкіметаралық кеңес отырысы аясында Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко құттықтау сөз сөйледі.

«Азық-түлік тауары саласындағы қолданыстағы ұлттық шектеу шараларымен байланысты проблемалар бар, бұл тауар нарығындағы еркін бәсекелестік пен еркін қозғалыс принциптерін бұзады. Сондықтан қалған проблемалық мәселелерді шешу үшін осы бағытта одан әрі жұмыс істейтін боламыз», — деді ол.

Р. Головченконың пікірінше, ЕАЭО Ресей мен Беларусь еліне қиындықтармен жалғыз қалуға жол бермеді. Беларусь Үкіметінің басшысы айтқандай, әлемде рецессия мен турбуленттілік, сондай-ақ әлеуметтік-саяси катаклизмдер кезеңі басталды.

«Әлемдік экономикадағы жағдай өзгерді. Экономикалық турбуленттіліктің жаңа және ұзақ мерзімді кезеңі басталды. Энергия тасығыштар, шикізат және тауар бағасының артуы әлемде көпжылдық рекорд орнатқан инфляцияның жалпы әлемдік шарықтауымен қатар жүреді. Әлемдік орталықтардың пікірінше, әлем жаңа экономикалық құлдырау дәуіріне кіріп келеді. Көптеген проблемалар, соның ішінде әлемнің бірқатар аймақтарындағы ашаршылық қаупі айқын болады, бұл әлеуметтік-саяси катаклизмдердің келесі толқынына әкелуі мүмкін. Беларусь пен Ресей үшін маңызды сынақ – бұл елдерімізді оқшаулауға және Одақтың ыдырауына бағытталған экономикалық соғыстың жариялануы. Алайда, ЕАЭО-ның болуының арқасында біз қиындықтармен жалғыз қалған жоқпыз», — деді ол.

Сондай-ақ әлемдік экономикалық тұрақсыздықтың ұзақ мерзімді кезеңі жағдайында Беларусь Министрлер Кабинетінің басшысы ЕАЭО-да бірлескен өндіріс үшін корпорациялар құруға шақырды. Осы мақсатта Роман Головченко осы салада пилоттық жоба әзірлеуді ұсынды.

Оның айтуынша, мұндай жоба «ЕАЭО тауарының алғашқы үлгілерінің бірі» болуы мүмкін. Ал болашақта «біздің елдеріміздің нарықтарында сұранысқа ие өнімдерді бірлесіп өндіруді қамтамасыз ететін белгілі бір еуразиялық консорциумдар, корпорациялар құруға» болады.

Роман Головченко, әлемдік экономикадағы елеулі өзгерістерге назар аудара отырып, «энергия тасығыштар, шикізат және тауар бағасының артуы әлемде көпжылдық рекорд орнатқан инфляцияның жалпы әлемдік шарықтауымен қатар жүретінін» атап өтті. 

Оның айтуынша, әлемдік орталықтар әлем жаңа экономикалық құлдырау дәуіріне кіріп келеді. Көптеген проблемалар, соның ішінде әлемнің бірқатар аймақтарындағы ашаршылық қаупі айқын болады, бұл әлеуметтік-саяси катаклизмдердің келесі толқынына әкелуі мүмкін. 

Ол ЕАЭО-ға мүше мемлекеттер экономикаларының орнықтылығын арттыру үшін жоғары деңгейдегі жұмыс тобы жедел құрылғанын еске салып өтті. Макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша шаралар да іске асырылуда, оның ішінде кедендік әкелу баждарының мөлшерлемелері төмендетілді, сыни импорт тауарларына тарифтік жеңілдіктер берілді, кедендік әкімшілендіру рәсімдері оңтайландырылды, бірқатар тауарларға техникалық реттеу саласындағы талаптар жеңілдетілді. Беларусь Министрлер Кабинетінің басшысы қабылданған шаралардың өз нәтижелерін беріп жатқанын атап өтті. 

«Беларусь мемлекетінің ЕАЭО елдерімен өзара сауда қорытындысы бойынша 2022 жылғы қаңтар-сәуірде тауар айналымы он пайызға өсті», — деп хабарлады министрлер кабинетінің басшысы.

Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко отырыс барысында тараптар барлық мәселелер бойынша шешім табатынына және кездесу еуразиялық интеграцияның одан әрі дамытуға ықпал ететініне сенім білдірді. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу