Үкіметте аграрийлерді сумен қамтамасыз ету жөніндегі шаралар қаралды

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында агроөнеркәсіп кешенінде су ресурстарын пайдалану жөніндегі міндеттер қаралды.

Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешевтің баяндауынша, осы жылы барлық тартылған судың шамамен 11,6 км3 тұрақты суаруға жіберілді, оның 97%-ы оңтүстіктегі бес облысқа – Алматы, Жамбыл, Түркістан, Қызылорда және Жетісу облыстарына тиесілі, жалпы суару ауданы 1,61 млн га (ел бойынша 73%) болды.

Аталған кезеңде трансшекаралық өзендер бассейндеріндегі 5 322 су шығару құрылыстарына жөндеу жүргізілді, 1 512 км магистральдық және шаруашылықаралық каналдарды реконструкциялау және механикалық тазарту жүзеге асырылды, суару үшін коллекторлық-дренажды суларды қайта пайдалану үшін 67 сорғы қондырғысы сатып алынды, 107 мың га ауданда су үнемдеу технологиялары қолданылды.

Бүгінгі таңда 2023 жылғы вегетациялық кезеңге дайындық үшін арнайы жоспар бекітілді, оның аясында алдын ала жұмыстар басталды.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, Қызылорда облысының әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды баяндама жасады.

Премьер-Министр еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі ауыл шаруашылығына қажетті судың жеткілікті болуына тікелей байланысты екенін айтып өтті. Себебі бүгінде тұтынатын судың жартысынан көбі аграрлық секторға тиесілі.

Оған қоса, АӨК-ті сумен қамтамасыз ету су жетіспеушілігіне байланысты жыл өткен сайын қиындай түсуде. Әлихан Смайыловтың айтуынша, бұған бірнеше фактор әсер етіп отыр: көрші елдердің аумағынан келетін суға тәуелдіміз, біздің өңірде судың аз жиналуы, каналдардағы судың шығыны жоғары, сондай-ақ суды үнемдеу технологиялары жеткіліксіз.

«Осыған қарамастан қабылданған шаралардың нәтижесінде биылғы вегетациялық кезең қалыпты жағдайда өтті. Көрші мемлекеттердің су қоймаларынан қосымша су жіберілді. Сумен қамтамасыз ету объектілерінде қажетті техникалық жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмысты әрі қарай жалғастырып, келесі вегетациялық кезеңге арналған жоспарларды бекітудің маңызы зор», — деді Әлихан Смайылов. 

Премьер-Министр трансшекаралық сулар бойынша үкіметаралық келісімдерді жетілдіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізу, каналдар мен су қоймаларын жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын күшейту, суармалы жерлерде су үнемдеу технологияларын және жалпы суды цифрлық есепке алуды енгізуді ынталандыру керек екенін айтты.

«Атап айтқанда, суды көп қажет ететін дақылдарды өсіру үшін жаңбырлатып және тамшылатып суару жабдықтарын қолдану тәжірибесін кеңейту қажет. Сондай-ақ коллекторлық-дренаждық жүйелер арқылы суды қайта пайдалану технологияларын көбірек қолдану керек», — деді Әлихан Смайылов. 

Сөз соңында Үкімет басшысы жалпы өңірлерді қажетті судың көлемімен қамтамасыз ету үшін сумен жабдықтаушы ұйымдардың жұмысын үйлестіру қажет екенін атап өтті.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу