Блок-бекеттер орнату және объектілердің жұмысын шектеу — ВАК Ақмола облысына қатысты бірқатар шара қабылдады

COVID-19-дың таралуына жол бермеу мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның төрағасы, Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жұмыс сапарымен Ақмола облысына барды.

Вице-премьер өңірдегі эпидемиологиялық жағдай бойынша облыс басшылығымен кеңес өткізді, коронавирус инфекциясының екінші толқынына дайындықты қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар туралы есебін тыңдады.

Премьер-Министрдің орынбасары өңірде тіркелген СOVID-19 фактілерінің саны ағымдағы жылдың қазан айының қорытындысы бойынша 2,7 есеге артқанын атап өтті.

Ералы Тоғжанов шектеу шараларының сақталуын бақылауды қамтамасыз ету жөніндегі мониторингтік топтар қызметінің тиімділігін атап айтқанда Көкшетау, Степногорск қалаларында және бірқатар аудандарда арттыру қажеттігін айтты. Вице-премьер СOVID-19 жұқтырғандармен байланыста болған адамдарды қадағалау жұмыстарын күшейту, сондай-ақ ПТР зертханаларының мүмкіндіктерін арттыру мәселелеріне ерекше назар аударды.

Ведомствоаралық комиссия төрағасы эпидемиологиялық жағдайды тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылдың 9 қарашасынан бастап облыс әкімдігіне бірқатар шектеу шараларын қабылдауды тапсырды, атап айтқанда:

  • Көкшетау қаласының периметрі бойынша блок-бекеттер орнатуды;

  • күн сайынғы өсімі 10-нан астам жағдайды құрайтын елді мекендерде санитарлық блок-бекеттер орнатуды;

  • Көкшетау-Алматы, Көкшетау-Ақтау бағыттары бойынша әуе қатынасын аптасына 2 рейстен 1 рейске дейін қысқартуды;

  • Көкшетау-Қызылорда бағыты бойынша теміржол тасымалдарын аптасына 7 реттен 3 ретке дейін қысқартуды;

  • жолаушылар темір жол құрамдарының облыс ішінде аялдауына тыйым салуды (облыс әкімдігі белгілеген жерлерді қоспағанда);

  • діни объектілердің, театрлардың, кинотеатрлардың, мәдениет объектілерінің қызметін тоқтата тұруды;

  • жұмыс күндері үй-жайлардағы қоғамдық тамақтандыру объектілерінің жұмысын бір мезгілде 30-дан аспайтын келушілер болған жағдайда, 30-дан кем орындық объектілер үшін есептік орындардың 50%-ынан аспайтын жағдайда сағат 8:00-ден 21:00-ге дейін, жұмыс режимін қысқарта отырып шектеуді;

  • жұмыс күндері сауда үйлерінің, сауда орталықтарының, көлемі 500 шаршы метрден астам азық-түліктік емес дүкендердің жұмысын сағат 10:00-ден 20:00-ге дейін шектеуді;

  • стратегиялық объектілер мен тіршілікті қамтамасыз ету объектілерінің өндірістік процесті қамтамасыз ететін жұмыскерлерін қоспағанда, облыс елді мекендерінің аумағы бойынша тұрғындардың қозғалысын сағат 23:00-ден сағат 06:00-ге дейін шектеуді;

  • 65 жастан асқан адамдарға азық-түлікті, бірінші кезекте қажетті тауарларды, дәрі-дәрмектерді және медициналық бұйымдарды сатып алу жағдайларын қоспағанда, аса қажеттіліксіз тұрғылықты жерінен шықпауды ұсынуды;

  • қызметкерлердің кемінде 80%-ын қашықтан жұмыс істеу режиміне көшіруді;

  • офлайн режимде кеңестер өткізуге тыйым салуды тапсырды.

 Жұмыс сапары барысында Премьер-Министрдің орынбасары жаңа модульдік инфекциялық ауруханының және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» аясында іске асырылған басқа да объектілердің жұмысымен танысты.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу