Қазақстанда экономиканың өсу құрылымында сапалы өзгерістер байқалады — ҚР ҰЭМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2021 жылғы қаңтар-сәуірдегі әлеуметтік-экономикалық дамуының және республикалық бюджеттің атқарылуының қорытындылары қаралды. Экономиканың дамуы туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев баяндады.

2021 жылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындылары бойынша ЖІӨ өсу қарқыны өткен жылғы наурыз айынан бері алғаш рет 0,7%-ды құрады. 

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, Қазақстан экономикасы өсудің қалпына келу серпініне өтуде. Қызмет көрсету саласының өсуі жақсарды. Ішкі сұраныс жақсаруда.

Өңдеу өнеркәсібі салаларында серпінді және тұрақты өсу байқалады. Сонымен бірге экономиканың өндіруші емес салаларында негізгі капиталға инвестициялар айтарлықтай өсуде. Жалпы алғанда, экономика өсімінің құрылымында сапалы өзгерістер байқалуда.

«Экономика дамуының басты драйвері – қазіргі жағдайда нақты сектордың тұрақты өсуі. Осы жылдың есепті кезеңінде тау-кен өндірісі өнеркәсібін есепке алмағанда, нақты сектордағы өсім 7,9%-ды құрады. Құрылыс, ақпарат пен байланыс, өңдеу өнеркәсібі, сумен және электрмен жабдықтау, ауыл шаруашылығы салаларында жоғарғы өсу жалғасуда. Бұл ретте, өңдеу өнеркәсібі соңғы он жылдағы ең жоғары өсуді көрсеткенін айта кеткен жөн», — деді ұлттық экономика министрі.

Қызмет көрсету саласы қалпына келуде. Сауданың 5,7%-ға өсуі аясында қызмет көрсету секторы оң өсім көрсетті.

Өңдеу өнеркәсібі салаларында қарқынды және тұрақты өсу байқалуда. Бұл осы саланың бәсекелестікке қабілеттілігін көрсетеді.

Атап айтқанда өсім машина жасауда 20,6%, оның ішінде автомобиль құрастыруда – 25,4%, құрылыс материалдарында – 26,5%, химиялық өнімдер өндірісінде – 11,2%, пластмасса өнімдері өндірісінде – 18,5%, фармацевтикада – 26,2%, киім өндірісінде – 23,6% және жиһаз өндірісінде – 19,5% деңгейінде тіркелді.

Өндіруші емес салаларда жоғары инвестициялық белсенділік байқалады. Бұл экономиканың тұрақты және сапалы дамуына диверсификация арқылы қол жеткізуге мүмкіндік береді. 

Кен өндіру өнеркәсібін есепке алмағанда, негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсуі 32,3%-ды құрады.

Инвестициялардың айтарлықтай өсуін өңдеу өнеркәсібі – 2,1 есе, құрылыс – 72%, ауыл шаруашылығы – 66%, ақпарат және байланыс – 61%, сауда – 28,3%, көлік – 27,6% және жылжымайтын мүлік операциялары – 27,5% деңгейінде көрсетті.

Қаңтар-наурызда сыртқы сауда тауар айналымы $19,7 млрд жетті, оның ішінде экспорт – $11,5 млрд құрады. Бұл ретте шикізаттық емес тауарлар экспорты 15%-ға өсіп, $4 млрд дейін жетті.

Тауарлар импорты $8,2 млрд құрады. Оң сауда балансы $3,3 млрд асты.

Ә. Ерғалиевтің айтуынша, жалпы өңдеу өнеркәсібі бойынша өсім 7,7%-ға дейін жеделдеді. 13 өңір оң өсім көрсетті. Ең жоғарғы өсім Алматы мен Нұр-Сұлтан қалаларында және Алматы облысында байқалады.

Көптеген өңірлерде жоғары инвестициялық белсенділік орын алуда. Ең жоғарғы көрсеткіштер Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларында, Түркістан және Жамбыл облыстарында байқалады.

Құрылыс саласы жоғары өсу динамикасын көрсетуде. Орындалған құрылыс жұмыстарының көлемі 12,5%-ға ұлғайды.

Батыс Қазақстан облысын қоспағанда, барлық өңірлер оң өсім көрсетті.

Құрылыс-монтаждау жұмыстарының жоғарғы өсуі Түркістан, Қызылорда облыстарында және Алматы қаласында байқалады.

Тұрғын үй құрылысы белсенді жүргізілуде. Биылғы қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша тұрғын үйді пайдалануға беру 13,3%-ға өсіп, 3,5 млн шаршы метрді құрады.

Павлодар және Алматы облыстарынан басқа барлық өңірлер оң өсім көрсетті.

Ауыл шаруашылығы тұрақты өсу қарқынын көрсетуде. Өнім шығару 3%-ға ұлғайды. 

13 өңірде оң серпін байқалып отыр. Ақмола облысы ең жоғарғы өсім көрсетті.

«Жалпы, тұрақты өсу қарқыны мемлекеттік қолдау шараларымен қамтамасыз етіледі. Олар ауыл шаруашылығы өңдеу саласын инвестициялауды ынталандыруға, ауыл шаруашылығы техникасының лизингіне, экономиканың өзіндік жеткіліктілігін арттыру бойынша инвестициялық жобаларды іске асыруға бағытталған», — деді ведомство басшысы.

7 экономикалық көрсеткіш бойынша өңірлік бөліністегі жалпы жағдай мынадай.

Барлық 7 көрсеткіш бойынша оң өсу 2 өңірде – Шымкент қаласы және Маңғыстау облысында байқалады.

6 көрсеткіш бойынша 5 өңірде өсу байқалады. Олар Ақмола, Ақтөбе, Жамбыл, Қарағанды және Қостанай облыстары.

9 өңірде 4-5 көрсеткіш бойынша өсу тіркелді.

Батыс Қазақстан облысында тек 2 көрсеткіш бойынша өсу байқалады.

Жалпы, сауда және көлік бойынша жағдай жақсаруда, бұл өңірлердегі іскерлік белсенділіктің артқандығын айғақтайды. Сауда бойынша 13 өңірде өсім байқалады. Бұл ретте, бөлшек сауда 6,2%-ға өсіп, ішкі сұрастың қалпына келуін көрсетеді.

Атырау облысынан басқа, Маңғыстау облысы және Шымкент қаласының көлік саласы бойынша қызмет көрсетуі жақсарды.

Орталық және жергілікті атқарушы органдарға мынадай шараларға назар аудару ұсынылып отыр.

  1. 2021 жылға арналған экономикалық өсімді қалпына келтіру жөніндегі өзектендірілген кешенді жоспарды тиімді іске асыру. 

  2. Экономиканың басым секторларында ірі компаниялармен инвестициялық келісімдерді іс жүзінде іске асыру.

  3. Ауыл шаруашылығы және құрылыс-монтаж жұмыстарының маусымын белсенді өткізу.

  4. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» және «Еңбек» бағдарламалары шеңберінде таргеттелген тұрақты жұмыс орындарын құру. 

  5. Жаңа «өсу факторларын» дамыту және өңірлердің экономикалық байланысын күшейту.

Министрдің айтуынша, жоғарыда көрсетілген шараларды іске асыру экономикалық белсенділікті ынталандыруға және осы жылғы экономикалық өсімді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу