Қазақстанда тұтынушылардың құқықтарын қорғау, масс-медиа және акваөсіру бөлігінде жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда

Бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды. Осы мәселе бойынша Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады.

Айта кетейік, Әділет министрлігі мемлекеттік органдардың ұсыныстары негізінде Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасын дайындады, ол биыл 15 қыркүйекте Заң жобалау қызметі жөніндегі ведомствоаралық комиссияның № 596 отырысында мақұлданды. 

«2023 жылға арналған жоспар жобасында 34 заң жобасын әзірлеу көзделген, оның ішінде бірінші жартыжылдықта Парламентке – 15 заң жобасын және екінші жартыжылдықта – 19 заң жобасын енгізу қажет. Жалпы, Жоспар жобасы Президент пен мемлекеттің стратегиялық құжаттарында айқындалған міндеттер негізінде қалыптастырылды», — деді Қ. Мусин.

Мәселен, Қала құрылысы кодексі және Бюджет кодексі, жер қойнауын пайдалану, мемлекеттік жекешелік әріптестік, көші-қон, мемлекеттік сатып алу, салық салу, сондай-ақ әкімшілік әділет, қылмыстық қылмыстық-процестік және әкімшілік заңнамаларды жетілдіру бойынша заң жобаларын әзірлеу Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық іс-шаралар жоспарынан туындайды. Бұдан басқа, Су кодексін, сондай-ақ тұтынушылардың құқықтарын қорғау, масс-медиа және акваөсіру бөлігінде жаңа редакциядағы заң жобаларын әзірлеу жоспарлануда. Жоспар жобасы барлық мүдделі мемлекеттік органдармен мақұлданды.

Әділет министрлігінің басшысы «Құқықтық актілер туралы» Заңға сәйкес Жоспардың жобасы Мемлекет басшысымен келісуге жататынын атап өтті. Жоспар жобасын Президент Әкімшілігіне жіберу қажет.

«Бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлықтың 13-тармағын және Мемлекет басшысының ағымдағы жылғы 11 қазандағы тапсырмасын іске асыру аясында Әділет министрлігі заңдарда артық (шамадан тыс) заңнамалық нормаларды регламенттемей алып тастау бойынша тәсілдер әзірленді. Осы тәсілге сәйкес заңдарда мемлекеттік басқару органдарының негізгі мақсаттарын, міндеттерін, реттеу қағидаттарын және базалық өкілеттіктерін ғана белгілейтін нормалар, ал заңға тәуелді актілерде оларды одан әрі регламенттеу бекітілетін болады», — деді ол.

Әділет министрінің айтуынша, осыған байланысты 2023 жылға арналған жоспардың жобасында көзделген заң жобаларын әзірлеу кезінде мемлекеттік органдар осы тәсілдерді басшылыққа алып, нормалар заң деңгейінде детализациялауға жол бермеуі тиіс.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу