Қазақстанда 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын құрумен 139 жобаны іске қосу жоспарлануда — Б. Атамқұлов

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында өңдеу өнеркәсібін дамыту мәселелері  қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев, ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев, «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов баяндама жасады.

ҚР ИИДМ басшысы Бейбіт Атамқұловтың айтуынша, 2025 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіп өсімін 1,5 есеге арттыру мақсатына қол жеткізу үшін екі негізгі міндет қойылды:

  1. Индустрияландыру картасы және ірі инвестициялық жобалар шеңберінде өңдеуші өнеркәсіп салаларында жаңа жобаларды іске қосу.
  2. «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасында көзделген өнеркәсіпті мемлекеттік ынталандырудың жаңа шараларын іске асыру.

«Биылғы 10 айдың қорытындысында еліміздің өңдеу өнеркәсібінде тұрақты өсім сақталды. Нақты көлем индексі 5,3% артып, 13,4 трлн теңгені құрады. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңіндегі көрсеткіштен артық. Іс жүзінде саланың барлық секторында оң динамика байқалады», — деді Б. Атамқұлов.

Өңірлер 2021 жылы Индустрияландыру картасы аясында жалпы сомасы 1,3 трлн теңге болатын 139 жобаны іске қосып, 12,7 мың жаңа тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Қараша айындағы жағдай бойынша жалпы сомасы 1 трлн теңге болатын 83 жоба пайдалануға беріліп, 9 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылды. 

Пайдалануға берілген жобалар:

  • Қарағанды облысындағы кен байыту фабрикасы, жаңа полиметалл фабрикасы қорғасын-мырыш кенін өндіру көлемін 2,5 есеге арттырады;
  • Қызылорда облысында желтоқсан айында табақ шыны өндіретін зауытын техникалық іске қосу жоспарлануда. Өнімділігі – жылына 197,1 мың тонна шыны. 226 жаңа жұмыс орны ашылады;
  • Шығыс Қазақстан облысындағы Ақтоғай тау-кен байыту комбинатын кеңейту жобасы іске қосылды. Ол сульфидті кенді қайта өңдеу қуатын 2 есеге арттырып, жылына 50 млн тоннаға жеткізеді, мыс өндірісін жылына 190 мың тоннаға дейін қамтамасыз етеді.
  • Қарағанды облысында Сарыарқа ферроқорытпа зауыты іске асырыла бастады;
  • Қостанай қаласында оқшаулау орталығында электротехникалық жабдықтар мен ауылшаруашылығы, автомобиль техникасына арналған компоненттер өндіретін тағы 2 жоба пайдалануға берілді.

Министрлік 2025 жылға дейін 13,3 трлн теңгеден астам сомаға өңдеу өнеркәсібінің 490 жобасын іске қосып, 102,5 мың тұрақты жұмыс орнын ашуды жоспарлап отыр. Жобалардың ең көбі: құрылыс индустриясында – 198, тау-кен металлургия кешенінде – 119, машина жасауда – 72.

Тау-кен металлургия кешенінде Қарағанды және Павлодар облыстарында жалпы инвестиция көлемі 166 млрд теңгеден асатын ферроқорытпа және жартылай кокс өндірісі бойынша жобаларды іске асырып, 3 800 жұмыс орнын ашу жоспарлануда.

Ақмола облысында инвестиция көлемі 105 млрд теңге болатын «RG Gold» ЖШС алтын өндіру фабрикасы іске асырылуда. Ең жоғарғы өңдеу қуаты жылына 5 млн тонна кенді құрайды.

Химия өнеркәсібінде бірқатар негізгі жобалардан ҚР ИИДМ басшысы келесілерді атап өтті:

  • Жамбыл облысында кальцийленген сода өндіру жобасы. Толық қуатына шыққанда жылына 500 мың тонна өнім шығарылады. Бұл ішкі нарықтың қажеттілігін толығымен өтеп, экспортқа шығаруға мүмкіндік береді.
  • Қуаты жылына 1 млн тонна минералдық тыңайтқыштар мен индустриялық өнімдер шығаратын жоба. Бұл өндіріс азық-түлік қауіпсіздігін арттырып, елдің экспорттық әлеуетін ұлғайтады. 

Қостанай және Қарағанды облыстарында экспортқа бағдарланған 3 жоба іске асырылуда. Олар - жүк автомобильдеріне арналған жетекші көпірлердің басты берілісін және шойын құймасын өндіретін бірлескен кәсіпорны және шиналар өндіретін жоба.

Павлодар облысында қуаты жылына 100 мың дана локомотив бандаждарын және 50 мың дана соғылған бұйымдар шығаратын ұста-бандаж кешені.

Құрылыс индустриясында керамикалық плиткалар өндіретін, қуаты жылына 6 млн шаршы метр болатын және қуаты жылына 3 млн шаршы метрге жететін зауыттарды іске қосу жоспарланып отыр.

Фармацевтика саласында Нұр-Сұлтан қаласында дайын дәрілік заттар, Алматы қаласында сұйық дәрілік заттар өндірісі іске қосылады. 

Жеңіл өнеркәсіпте – Шымкент қаласында «Альянс» сауда-өнеркәсіп компаниясының иіру-тоқу фабрикасы және жіп иіру фабрикасы іске қосылады. Сондай-ақ шұлық-ұйық бұйымдары өндірісі кеңейтіліп, қуаты жылына 2 млн бұйымға жеткізіледі.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша қойылған міндеттер жалпы сомасы $3 млрд болатын 50-ден астам өнімге елдің орташа жылдық қажеттілігін өтейді.

«Керамикалық плиткаларға, жылу оқшаулағыш материалдарға, алюминий радиаторларына, ламинатталған ағаш-жоңқа тақтасына, минералдық тыңайтқыштарға, кокс пен жартылай коксқа ішкі қажеттілік 100% өтеледі. Санфаянсқа қажеттілік 75% жабылады», — деді Бейбіт Атамқұлов.

2025 жылға қарай шикізат емес экспортты 1,5 есеге арттыру міндеті қойылды. Оған жету үшін өнімдері әлемнің 60-тан астам еліне экспортталатын 180 жобаны іске қосу жоспарланған. Осылайша, Қазақстан ферроқорытпалардың екінші экспорттаушысы болады.

Қазақстандық өндірістің әрбір 3 автомобилі экспортқа бағдарланады. Бұл ретте отандық компоненттерді өндіру есебінен жергілікті қамту үлесі 50% жетеді. Жаңа өндірістерде 164 орта және 121 жоғарғы қайта бөлу өнімдерін шығару жоспарлануда.

2025 жылға дейін жоғарғы қайта бөлу өнімін өндіру көлемі 2,7 трлн теңгеге жетеді. Бұл қазіргі өндірісті 2 есеге арттырады. Экспорт көлемі 65,3% өсіп, $1,6 млрд жетеді. Орта технологиялық өнім шығару көлемі 2,1 трлн теңге, экспорт $2 млрд құрады. Бұл өндірісті 12,5% және экспортты 14,3% арттыруға мүмкіндік береді. Бұл Қазақстанда иммундық препараттар мен дәрілік заттар, санфаянс, автокомпоненттер, тұрмыстық техника, теміржол машинасын жасау өнімдері, лак-бояу бұйымдары, құрылыс материалдары минералдық тыңайтқыштар өндірісін жолға қояды. 

Бәсекеге қабілетті өнім өндірісін ұлғайту және дамудың шикізаттық моделінен ауысу арқылы өңдеуші өнеркәсіптің тұрақты дамуын қамтамасыз ету үшін «Өнеркәсіптік саясат туралы» заң жобасы әзірленді. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес заң жобасын ағымдағы жылдың соңына дейін қабылдау қажет.

Заң жобасының негізгі жаңалықтары мынандай:

  • дайын өнімді өткізу және ішкі нарықты жаңа тауарлармен толықтыру үшін жер қойнауын пайдаланушылар мен ұлттық компаниялардың қатысуымен офтейк-келісімшарттар мен офсеттік шарттар пайдаланылады;
  • кәсіпорындардың сұранысы бойынша ынталандырудың жаңа құралы – өнеркәсіптік грант әзірленді. Ол қоса қаржыландыру арқылы өндірісті жаңғыртуға беріледі;
  • Заң жобасында ішкі нарықта ілгерілету шаралары көзделген. Бұл бағыттағы негізгі жаңалық - «жергілікті қамту» термині «ел ішіндегі құндылық» болып өзгертілді;
  • Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауы шеңберіндегі тапсырмасын орындау үшін, бәсекеге қабілетті баға белгілеу және шикізатты толық көлемде жеткізу бойынша, өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарын отандық шикізатпен қамтамасыз ету бойынша келісім жасасу жөнінде жұмыс жүргізілді;
  • тиімді кәсіпорындарға шоғырландыру үшін қолдау шаралары басым тауарлар тізбесіндегі өндірушілерге ғана көрсетіледі. Тізбе өңдеуші өнеркәсіп салаларын қалыптастыратын орта және жоғары деңгейдегі 4 мыңнан астам тауардан тұрады; 
  • Бәсекеге қабілеттілікті арттыру туралы келісім жасасу арқылы ынталандыру шараларының кешені көзделген. Бұл кәсіпорындарға өз қызметін орта және ұзақ мерзімге жоспарлауға мүмкіндік береді.

Жалпы алғанда, 2025 жылы жаңа жобаларды іске асыру және жаңадан шаралар қабылдау арқылы:

  • өңдеу өнеркәсібінің жылдық көлемі 19,7 трлн теңгеге;
  • өңдеу өнеркәсібінде негізгі капиталға салынатын инвестиция 3,5 трлн теңгеге;
  • шикізат емес тауарлар экспорты  $21,8 млрд жеткізіледі;
  • технологиялық жағынан күрделі тауарлар өндірісін және экспортты арттыру есебінен Қазақстан экономикалық күрделіліктің әлемдік индексінде 69 орынға көтеріледі.

2021 жылы 190 мың тонна мұнай-газ химиясы өнімін шығару жоспарлануда — М. Мырзағалиев

Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев отын-энергетика саласында өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша жүргізіліп жатқан жұмыс туралы баяндады.

«Мұнай өңдеу зауыттарын жаңғырту аяқталғаннан кейін өндіру көлемінің өсуі байқалады. Биыл 10 айда мұнай өнімдерін өндіру көлемі 11,3  млн тоннаны немесе 2020 жылдың ұқсас кезеңімен салыстырғанда 109% құрады. Мұнай өнімдерін өндірудің 2021 жылға арналған жоспары 13,1 млн тоннаны немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 105% құрайды», — деді М. Мырзағалиев.

Сонымен қатар қысқа және орта мерзімді перспективада өндірісті одан әрі арттыру үшін бірқатар іс-шаралар жоспарланған. Ағымдағы жылы Ақтау битум зауытында битум өндіру блогын жаңғырту аяқталады. Бұл өндіріс қуатын жылына 400 мың тоннадан 450 мың тоннаға дейін ұлғайтады.

Бұдан бөлек, Түркістан облысында жеке инвесторлармен мұнай өңдеу зауыттарын салу бойынша жобалар жүзеге асырылуда. Оларды 2023 жылы аяқтау жоспарланып отыр.

  • «Standart Рetroleum & Со» ЖШС. Жобаның мұнайды қайта өңдеу қуаты 2 млн тоннаға тең;
  • жылына 100 мың тонна көмірден қайта өндеу арқылы синтетикалық мұнай өндіруге мүмкіндік беретін «Стандарт Ресорсиз» жобасы. Ал кейін одан мұнай өнімдері шығарылады. 

2025 жылы Павлодар мұнай өңдеу зауытында депарафиндеу блогымен біріктіре отырып, гидротазарту қондырғысын реконструкциялау жөніндегі жоба іске асырылады. Реконструкция нәтижесінде бұрын зауытта өндірілмеген 160 мың тонна қыстық дизель отыны шығарылатын болады. Жоғарыда көрсетілген іс-шараларды іске асырудың арқасында мұнай өнімдерін өндіру көлемі 2025 жылға қарай 2,2 млн тоннаға дейін артып, 15,3 млн тоннаны құрайтын болады. Тартылатын инвестициялар көлемі 148,5 млрд теңгені құрайды.

Биыл қаңтар-қазан айларында 2,6 млн тонна сұйытылған мұнай газы өндірілді. Бұл 2020 жылдың ұқсас кезеңінің 100,3% құрайды. Ағымдағы жылы сұйытылған мұнай газын өндіру 3,2 млн тонна немесе 2020 жылғы көрсеткіштің 100% деңгейінде күтілуде. Ішкі нарықта сұйытылған мұнай газының 60% астамын автокөліктер тұтынады. 2019 жылдан бастап сұйытылған газға ауыстырылған автокөлік саны 2,2 өсіп, 310 мың бірлікке жетті.

Сұйытылған газ өндіруді арттыру мақсатында 3 жобаны іске асыру жоспарланып отыр: 

  1. Ақтау қаласында төмен қуатты газ өңдеу зауыты. Оның қуаты жылына  60 мың тоннаны, ал инвестициялар көлемі 1,5 млрд теңгені құрайтын болады. Жобаның аяқталуы ағымдағы жылдың соңына жоспарланған.  
  2. Жаңаөзен қаласында жаңа газ өңдеу зауытын салу. Оның қуаты 900 млн метр кубты құрайды деп жоспарлануда. Жобаның құны – 147 млрд теңге. Құрылыстың аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Зауыт шамамен 760 млн куб метр  тауарлық газ, 232 мың тонна сұйытылған мұнай газын және 82 мың тонна көлемінде пентан-гексан фракциясын өндіретін болады.
  3. Биыл Қашаған кен орнында қуаты 1 млрд куб метрді құрайтын газ өңдеу зауытының құрылысы басталды. Жобаның құны – 380,8 млрд теңгеге тең. Құрылыстың жоспарланған аяқталу мерзімі – 2023 жыл. Зауыт 800 млн куб метр тауарлық газын, 119 мың тонна сұйытылған газ, 35 мың тонна конденсат және 212 мың тонна күкірт өндіретін болады.  

Аталған жобаларды іске асырудың арқасында 2025 жылға қарай сұйытылған газ өндірісінің көлемі 300 мың тоннаға артып, 3,5 млн тоннаны құрайтын болады. Ал тартылатын инвестициялардың көлемі 530 млрд теңге болады деп жоспарлануда. 

Ағымдағы жылдың 10 айында мұнай-газ-химия өнімдерінің өндіріс көлемі 147 мың тоннаға тең болды. 2021 жылы 190 мың тонна өнім өндіру жоспарланған. Бұл 2020 жылғы деңгейдің 53% құрайды.

Ағымдағы жылдың жоспарлы көрсеткіштеріне қол жеткізбеудің негізгі себебі – қаңтар айында Атырау мұнай өңдеу зауытына электр энергиясын жеткізуде орын алған іркілістер болып табылады. Бұл бензол мен параксилол өндіретін технологиялық қондырғылардың авариялық тоқтауына әкеп соқты. Осыған байланысты бензол мен параксилол өндірудің жоспарлы көлемі 246 мың тоннадан 55,3 мың тоннаға дейін, яғни 5 есе төмендеді.  

Сонымен қатар 2021 жылы мұнай-газ-химия өнімдерін өндіру бойынша 2 жоба пайдалануға берілді. Олар:

  • қуаты жылына 57 мың тонна болатын бензинге арналған октан көтеретін қоспа шығаратын зауыт;
  • қуаты 57 млн куб метр азот және 34 млн куб метр құрғақ сығылған ауа өндіретін техникалық газ шығару зауыты.

2022 жылы қуаты жылына 500 мың тонна полипропилен өндіретін зауытты пайдалануға беру жоспарланған.

Бүгінгі таңда құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілуде, жобаны іске асырудың жалпы прогресі 96% құрайды.

Бұдан басқа, 2025 жылға дейін екі зауыттың құрылысын аяқтау жоспарлануда. Атап айтқанда:

  • Атырау облысында қуаты жылына 430 мың тонна полиэтилентерефталат өндіретін зауыт;
  • Батыс Қазақстан облысында қуаты жылына 130 мың тонна метанол өндіру зауыты.

Жоғарыда көрсетілген жобаларды іске асыру 2025 жылға қарай шығарылатын мұнай-газ-химия өнімінің көлемін 2 млн тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Ал тартылған инвестициялар сомасы 1,2 трлн теңгені құрайтын болады. Сондай-ақ мұнай-газ-химия саласында бірқатар ірі жобаларды, атап айтқанда полиэтилен және бутадиен өндірісі бойынша жобаларды іске асыру жоспарлануда.

Полиэтилен жобасы бойынша бүгінгі таңда «СИБУР»-мен ынтымақтастықтың базалық шарттары бойынша келісімдерге қол қойылды. Бутадиен жобасы бойынша ағымдағы жылдың мамыр айында «Татнефть» компаниясымен стратегиялық серіктес ретінде жобаны бірлесіп іске асыру туралы келісімге қол жеткізілді. Жобаның техникалық-экономикалық негіздемесін әзірлеу жүргізілуде. Бұл жобаларды іске асыру Қазақстан экономикасына шамамен $8,6 млрд тартуға мүмкіндік береді.

2009 жылдан бастап өндірілетін табиғи уран көлемі бойынша Қазақстан әлемде бірінші орын алады. Бүгінгі таңда Қазақстан табиғи уранды өндіруге және жеткізуге ғана емес, сонымен қатар жоғары бөліністегі уран өнімін өндіруге және өткізуге де мүдделі. Осы мақсатта ядролық-отын циклінің тігінен интеграцияланған кешенін құру көзделеді. 

«Үлбі металлургия зауытында» қуаты жылына 317 тонна уран диоксиді ұнтақтарын өндіру, 155 тонна скраптарды қайта өңдеу және 400 тонна отын таблеткаларын өндіру бойынша жобалар іске асырылды. Бұдан басқа, ағымдағы жылы «Қазатомпром» қытайлық әріптесі China General Nuclear Power Company-мен бірлесіп, «Үлбі металлургия зауытының» базасында қуаты 200 тонна жылу бөлгіш құрастырмалардың дайын ядролық отынын шығаратын зауыт салу жобасын іске асырды.

Министрлік машина жасауды дамыту бойынша бірқатар шаралар мен бастамаларды жүргізуде. Ағымдағы жылы мұнай-газ машинасын жасауды дамытудың халықаралық орталығы құрылды. Орталық жұмысының негізгі мақсаты – Қазақстан Республикасының мұнай-газ саласы үшін тауарлар өндірісін жергіліктендіру, атап айтқанда жаңа өндірістер ашу, сондай-ақ жұмыс істеп тұрған отандық тауар өндірушілердің мүмкіндіктерін кеңейту.

Ағымдағы жылы жер қойнауын пайдаланушылардың жалпы сатып алу көлеміндегі «Теңізшевройл» ЖШС, «Қарашығанақ Петролеум Оперейтинг Б.В.» және «Норт Каспиан Оперейтинг Н.В.» 3 ірі операторларының сатып алу үлесі 70%-дан астам немесе шамамен 3,8 трлн теңгені құрайды.

Қазіргі уақытта орталық ұсыныс бойынша үш тауар тобын талдауға және оқшаулауға назар аударды:

  • бекіту арматурасы (клапандар);
  • электротехникалық жабдық;
  • бақылау-өлшеу аспаптары және автоматика.

Сондай-ақ, жергілікті қамтуды дамытудың тікелей инвестициялар қоры құрылды. «Шеврон» компаниясы өзінің республика алдындағы реинвестициялық міндеттемелері шеңберінде жергілікті қамтуды дамытуға $248,5 млн мөлшерінде қаражат бөледі.

«Инвестициялар технология мен IT, базалық тауарлар өндірісі және мұнай-газ секторына арналған жабдықтардың жекелеген түрлерін құрастыру және қоршаған ортаны қорғау бойынша үш бағыт бойынша салынады. Бүгінде Қор "Астана” Халықаралық қаржы орталығының алаңында тіркелген. Өтінімдерді қабылдау бойынша электрондық портал әзірленуде», — деді ҚР ЭМ басшысы.

Осылайша, өңдеу өнеркәсібі саласында жалпы сомасы 5,6 трлн теңгеге 14 жобаны іске асыру жоспарлануда.

 

Биыл 10 айда елімізде тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсті — Е. Қарашөкеев 

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеев өз сөзінде ағымдағы жылдың 10 айында тамақ өнімдерін өндіру көлемі 3,6%-ға өсіп, 1,8 трлн теңгені құрағанын айтты.

«Есептік кезеңде тамақ өнімдері өндірісінің негізгі капиталына салынған инвестициялар көлемі 5,9%-ға ұлғайып, 81,8 млрд теңгені құрады», — деді Е. Қарашөкеев.

Оның айтуынша, заттай мәнде ағымдағы жылдың 10 айында жарма өндіру көлемі 5,3%-ға, крахмал өнімдерін өндіру көлемі 18,7%-ға, жеміс және көкөніс шырындарын өндіру көлемі 2,8%-ға, қант өндіру көлемі 2,6 есе, қышқыл сүт өнімдерін өндіру көлемі 5%-ға, сары май өндіру көлемі 9%-ға артты. Бұл ретте ұн өндіру көлемі 4,5%-ға, өсімдік майын өндіру көлемі 3%-ға, шұжық өнімдерін өндіру көлемі 0,4%-ға төмендеді.

Ағымдағы жылы ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласында 29 жоба пайдалануға берілді, оның ішінде жалпы қуаты 34 мың тонна ет өңдеу бойынша 6 жоба, жаңғырту және құрылыс есебінен жалпы қуаты 96 мың тонна сүт өңдеу бойынша 10 жоба, 530,0 мың тонна майлы дақылдар өңдеу бойынша 3 жоба және жылына 200 мың тонна бидайды тереңдете өңдеу бойынша 1 жоба, жалпы қуаты 23,5 мың тонна макарон және жарма өнімдерін өндіру бойынша 3 жоба іске қосылды.

«Бүгінде инвестициялық жобалар пулында шамамен 100 жоба бар, бұлар - өндірістің қосымша өсімін және тиісінше экспорттың қосымша көлемін қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін өңдеу жөніндегі жаңа жобалар, бұл сайып келгенде, өңделген өнімнің экспортын ұлғайту бойынша қойылған мақсатқа қол жеткізуге мүмкіндік береді», — деді Е. Қарашөкеев.

Ағымдағы жылдың 9 айында экспорт $950,5 млн құрады. Экспорт көлемінің өсімі 2,4% құрады. Сүт өнімдері бойынша 2%-ға, макарон өнімдері бойынша 37,4%-ға, күнбағыс майы бойынша 11,7%-ға ұлғаю байқалады.

Агроөнеркәсіптік кешен өнімдері экспортының жалпы көлеміндегі өңделген өнім экспортының үлесі 37%-ды құрайды. Бұл деңгейді біз өндіріс көлемін ұлғайту және экспорт үшін кедергілерді жою есебінен 70%-ға дейін екі еселеуге тиіспіз.

Экспорттың негізгі бағыттары – бұл Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер мен Орталық Азия елдерінің, Ауғанстанның, сондай-ақ Еуропа елдерінің дәстүрлі өткізу нарықтары.

Ұлттық жоба шеңберінде ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу саласына инвестициялар тартуды ынталандыру үшін шығыстардың бір бөлігін өтеу бойынша инвестициялық субсидиялар, агроөнеркәсіптік кешен субъектілерінің лизингі мен кредиттері бойынша сыйақы мөлшерлемелері, өңдеуші кәсіпорындардың шикізат сатып алуға арналған шығындарын субсидиялау сияқты мемлекеттік қолдаудың барлық шаралары сақталды.

«Жалпы, Ұлттық жобаны іске асыру нәтижесінде бес жыл ішінде тамақ өнімдерін өндіру көлемін 1,5 есеге ұлғайту, сондай-ақ салаға 700 млрд теңгеге дейін инвестиция тарту жоспарланып отыр, бұл қосымша 7 мың адамды жұмыспен қамтамасыз етеді», — деді Е. Қарашөкеев.

«Бәйтерек» холдингі экономиканың өңдеуші секторларына қолдау көрсету көлемін арттыруды жалғастырады — Ә. Мұхамеджанов

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Әділ Мұхамеджанов өз баяндамасында атап өткендей, «Бәйтерек» холдингі мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру бойынша Үкіметтің негізгі қаржы операторы болып табылады. Холдинг индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы, Бизнестің жол картасы, Өндіріс, Қарапайым заттар экономикасы, Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасы, сондай-ақ Ұлттық экспорттық стратегия сияқты мемлекеттік бағдарламаларды іске асыруда.  

«Осылайша, «Бәйтерек» ағымдағы жылы қолдау құралдары арқылы экономиканың шикізаттық емес секторларына 2 трлн теңгеден  астам инвестиция ағынын қамтамасыз етті, оның ішінде 855 млрд теңгені экономиканың өңдеуші секторларын қаржыландыруға бағыттады», — деді Ә. Мұхамеджанов.

Оның айтуынша, индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде а.ж. 1 қарашадағы жағдай бойынша өңдеу өнеркәсібінде 44,3 млрд теңге сомасына 4 жоба қаржыландырылды.

Екінші деңгейлі банктерге қаражатты орналастыру есебінен ағымдағы жылдың он айында 12,9 млрд теңгеге 19 жоба қаржыландырылды. Отандық автоөндірушілердің автокөліктерін сатып алу мақсатында қарыз алушылар жалпы сомасы 16,9 млрд теңгеге екі өндіруші қаржыландырылды. «Отандық экспорттаушыларды қолдау» бағыты шеңберінде 102,8 млрд теңге сомасына 14 жобаға қолдау көрсетілді.

Қазақстан Даму Банкіне тікелей кредит беру шеңберінде 2021 жылғы қаңтар-қараша аралығындағы кезеңде өз қаражатынан 52 млрд теңге сомасына өңдеу өнеркәсібіндегі 6 жоба қаржыландырылды. Ағымдағы жылдың соңына дейін 2021 жылға жоспарланған мәндерге сәйкес бекітілген жобаларды толық әзірлеу жоспарлануда. Осылайша, 10 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Даму Банкі бойынша өңдеу өнеркәсібіндегі жобаларға 229 млрд теңгеден астам сомаға қолдау көрсетті.

Шағын және орта бизнес желісі бойынша 2021 жылдың 10 айында өңдеу өнеркәсібі саласындағы мемлекеттік қолдау шаралары шеңберінде «Даму» қоры сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы жалпы сомасы 247,8 млрд теңге болатын 2 058 жобаға қолдау көрсетті, сондай-ақ кепілдік беру құралы арқылы 917 жоба бойынша жалпы сомасы 42,2і млрд теңге болатын шарттарға қол қойылды, шартты орналастыру бағдарламалары арқылы жалпы сомасы 87,2 млрд теңге болатын 165 жобаға қолдау көрсетілді. Осылайша, өңдеу өнеркәсібіндегі шағын орта бизнес жобаларын қолдаудың жалпы сомасы 377,2 млрд теңгені құрады.

Лизингтік қаржыландыру аясында өнеркәсіпті дамыту қоры 01.11.2021 жылғы жағдай бойынша жалпы сомасы 100,1 теңге болатын жобаларды қаржыландырды, жалпы ағымдағы жылда  229,5 млрд теңгеге қаржыландыру жоспарланған.

«Қазіргі таңда «Экспортқа бағытталған жобаларды лизингке беру» бағыты бойынша 4 жоба келісу сатысында. Ағымдағы жылдың соңына дейін 2021 жылға жоспарланған мәндерге сәйкес жобаларды толығымен әзірлеу жоспарлануда», — деді Ә. Мұхамеджанов.

01.11.2021 ж. жағдай бойынша KazakhExport қызметіне қатысты 116,9 млрд теңге сомасына сақтандыру міндеттемелері қабылданды, ал жоспарланғаны – 200 млрд теңге, экспорт алдындағы қаржыландыру 13,1 млрд теңгеден астам сомаға жүзеге асырылды, жоспарланғаны – 5 млрд теңге және екінші деңгейлі банктерге қаражатын тарта отырып, 12,7 млрд теңгеге сауда қаржыландырылды, ал жоспар бойынша – 32,1 млрд теңге.

«Холдинг ағымдағы жылдың соңына дейін өңдеуші өнеркәсіпті қолдауға бөлінген қаражатты толық көлемде игеруді қамтамасыз етеді, сонымен қатар келе жатқан жылдары Холдинг экономиканың өңдеуші секторларына қолдау көрсету көлемін арттыруды жалғастырады», — деді Ә. Мұхамеджанов.

Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов өз сөзінде айтып өткендей, облыс экономикасының негізгі секторларының бірі өңдеу саласы болып табылады. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша 876,5 млрд теңгеге өнім өндірілді, нақты көлем индексі 113,5% құрады. Саланың өсуі машина жасау, металлургия өнеркәсібі және тамақ өнімдері өндірісін ұлғайту есебінен қамтамасыз етілді.

«Өңдеуші сектор соңғы 10 жыл ішінде өндірістің тұрақты өсімін көрсетіп отыр, мәселен, 2010-2020 жылдар аралығында өнім өндірісінің көлемі жалпы көріністе артты», — деді облыс басшысы.

Автомобиль өнеркәсібінде өндіріс көлемі белсенді түрде артып, жаңа брендтер мен модельдер игерілуде. 2017 жылдан бастап 2020 жылға дейінгі кезеңде автомобиль өндірісі 10,2 есеге ұлғайды және 60 000 бірлікті құрады, ағымдағы жылдың 10 айында 44,3% өсіммен 44 115 бірлік өндірілді, оның ішінде 6 231 автокөлік экспортталды.

Автомобиль жасаумен қатар ауыл шаруашылығы машинасын жасау да дами бастады. Ағымдағы жылдың 10 айының қорытындысы бойынша шығарылатын тракторлар саны 63,9%-ға, комбайндар 14,2%-ға, дестелегіштер 14,8%-ға ұлғайды.

Өңдеу өнеркәсібін одан әрі дамыту мақсатында облыста бірқатар инвестициялық жобаларды, оның ішінде машина жасау саласындағы жобаларды іске асыру жоспарлануда. Атап айтқанда, индустриялық аймақ аумағында «КАМАЗ» компаниясымен жалпы құны 160 млрд теңгеден асатын және шамамен 700 жұмыс орнын ашатын жобалар іске асырылуда.

Бұл ретте, «КАМАЗ» компаниясымен бірлесіп көпір картерлерін өндіру кезінде оқшаулауды тереңдетуге бағытталған тағы бір жоба пысықталуда.

Бұдан басқа, индустриялық аймақ аумағында келесі жылы Минск трактор зауытымен бірлесіп «Беларус» маркалы тракторларға арналған кабиналар өндірісі іске қосылады, сондай-ақ ресейлік «Луидор» компаниясымен бірлесіп коммуналдық техника өндірісі жолға қойылады.

Облыста ауыл шаруашылығы машиналарын жасауды белсенді дамытуды ескере отырып, «AutoRecycling» ЖШС ауыл шаруашылығы техникасын кәдеге жарату және қайта өңдеу бойынша зауыт құрылысын жүргізуде.

«АгромашХолдинг KZ» АҚ базасында ауыл шаруашылығы машинасын жасау саласында оқшаулау орталығы іске қосылды, соның арқасында машина жасау кәсіпорындарын жергіліктендіру деңгейін арттыру және автокомпоненттер импортынан жалтару жоспарлануда.

Алдағы уақытта «СарыркаАвтоПром» ЖШС, «УзавтоСаноат» АҚ және «General Motors» бірлесіп «Chevrolet Nexia» автомобильдерін ұсақ торапты әдіспен өндіруді, сондай-ақ осы автомобильдерге шанақ бөлшектерін штамптауды жолға қоюды жоспарлап отыр.

Сонымен қатар, агроөнеркәсіптік кешен саласында бірқатар перспективалық жобалар бар. Мысалы, «Олжа Агро» агрохолдингімен жалпы саны 10 200 бас ІҚМ бар 7 сүт-тауар фермасы және қуаттылығы тәулігіне 240 тонна дайын өнімді құрайтын балалар тағамы мен ашыған сүт өнімдерін шығаратын зауыт салынады.

Әкім облыста ет өндірісі бойынша жобалар белсенді дамып жатқанын атап өттіі. Биыл өңірде жалпы қуаты жылына 28 мың тонна ет өңдейтін 2 ірі ет өңдеу кешені іске қосылды.

Арқалықта «Алюминстрой» ЖШС астық өңдеу элеваторының құрылысы жүргізілуде, оның құрамына құрама жем зауыты мен диірмен кешені кіреді.

«Облыс үшін жаңартылатын энергия көздері саласы перспективалы бағытқа айналуда. Қостанай ауданында қуаты 50 МВт «Ыбырай» жел электр станциясы салынуда. Бұл жел паркі облыс үшін бірінші, бірақ соңғы емес. Арқалық қаласында қуаты 50-ден 100 МВт-қа дейінгі тағы 2 жел паркін салу жоспарлануда», — деді А. Мұхамбетов.

Сондай-ақ, қуаттылығы 20 МВт, құны 20 млрд теңге болатын күн электр станциясын салу мүмкіндігі пысықталуда.

Өңдеу өнеркәсібін дамыту жөніндегі жұмыс тұрақты негізде жүргізіледі және облыс әкімдігінің ерекше бақылауында.

Ақтөбе облысында жыл басынан бастап өңдеу өнеркәсібі көлемінің тұрақты өсу қарқыны байқалуда, атап айтқанда, 10 айдың қорытындысы бойынша өңдеу өнеркәсібінің көлемі 650 млрд теңгені құрап, 10,2% өсті. Жалпы, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Орзалиннің айтуы бойынша, өсім барлық салалар бойынша тіркелді.

«Жылдың соңына дейін өңдеу өнеркәсібінің көлемін 750 млрд теңгеге немесе нақты көлем индексін 105%-ға жеткізуді жоспарлап отырмыз. Оған қажетті бізде резервтер бар. Өсім экономиканың қайта қалпына келуінің және мемлекеттік бағдарламалар аясында мемлекеттік қолдау көлемінің артуының арқасында қол жеткізілді», — деді облыс басшысы. 

Атап айтсақ, ағымдағы жылы 24,6 млрд теңге көлемінде 157 жоба мемлекеттік қолдауға ие болып, өткен жылмен салыстырғанда 2 есеге артқан.

Жалпы соңғы 5 жылда өнеркәсіп құрылымындағы өңдеуші сектордың үлесі 28-ден 37,4%-ға дейін ұлғайды. Бұл облыстың шикізатқа тәуелділіктен арылуының негізгі дәлелі болып табылады.

Бүгінгі күні облыстың өңдеу өнеркәсібі саласында 1000-ға жуық кәсіпорын жұмыс істейді. Онда 16 мыңнан астам адам жұмыс жасайды.

Осы жылы 500 жұмыс орнын құрумен 14 млрдтеңгеге 9 жаңа жобаны іске қосу жоспарланған. Бүгінде 5 жоба жүзеге асырылды, аталған жұмыс жалғасын табады.

Жалпы 2025 жылға дейін өңдеу өнеркәсібі саласында 6400-ден астам жұмыс орнын құрылуымен 850 млрд теңгеге 35 ірі жобаны іске асыру жоспарлануда.

Аталмыш жобаларды іске асыру арқасында еңбек өнімділігін 1,6 есеге, экспорт көлемін 1,9 есеге, негізгі капиталға инвестициялардың көлемін 2,3 есеге арттыру және тауарлар номенклатурасын кеңейту жоспарлануда.

Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек атап өткендей, өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі биыл қаңтар-тамыз айларында 1,5 есе өсіп, $3,7 млрд құрады.

«Облыста өндірілетін өнім әлемнің 40-тан астам еліне экспортталады. Өңделген экспорттың негізгі тауарлары металдар мен олардан жасалған бұйымдар: жалпақ илек, тазартылған мыс, химия өнеркәсібінің өнімдері, құрылыс материалдары, сондай-ақ машина жасау өнімдері мен жиынтықтаушылар болып табылады. Жыл қорытындысы бойынша экспорт көлемі 33%-ға өсіп, $5,2 млрд құрайды немесе $1,3 млрд артық», — деді облыс басшысы. 

Өңделген экспорттың оң өсу серпіні жүйе құраушы кәсіпорындардың – «АрселорМиттал Теміртау» мен «Қазақмыс»  корпорациясының тұрақты жұмысының есебінен сақталады. Олардың үлесі экспорттың жалпы көлемінің шамамен 90% құрайды. Сондай-ақ іске қосылған және іске қосу жоспарланып отырған жаңа экспортқа бағдарланған жобалар есебінен жүзеге асырылады.

Мәселен, индустрияландыру жылдарында 2010 жылдан бастап өңдеу өнеркәсібінде 68 жоба іске асырылды , оның ішінде 20 экспортқа бағдарланған. Оның ішінде ең ірі экспортқа бағдарланғандары:

  •  «Бёмер Арматура» тиекті арматура өндірісі бойынша жоба;
  •  «Seven Refractories Asia» отқа төзімді материалдар өндірісі;
  •  «Kaz - Metiz» болат арқандары мен сымдарын өндіру;
  •  YDD Corporation ферросилиций өндіретін зауыты;
  •  Қазқарбон ферроқорытпа зауыты.

Сондай-ақ, 2021 жылдан бастап 2025 жылға дейінгі кезеңде өңдеу өнеркәсібінде 604,3 млрд теңге сомасына, 8 мыңнан астам жұмыс орнын құрумен 32 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарлануда. Оның ішінде 14 экспортқа бағдарланған.

Облыс басшысы ең ірі, стратегиялық маңызды жобаларды атап өтті:

  •  «Татнефть» ресейлік компаниясымен бірлесіп автокөлік шиналарын өндіру;
  •  «Шұбаркөл көмір» арнайы коксын өндіру зауыты;

«Сондай-ақ, облыс кәсіпорындарына отандық өңделген өнім экспортын арттыруға бағытталған мемлекеттік қолдау көрсетіледі», — деді Ж. Қасымбек.

2021 жылдың 10 айында «QazTrade» сауда саясатын дамыту орталығы» желісі бойынша облыс кәсіпорындары жалпы сомасы 427,3 млн теңгеге тауарларды жеткізуге байланысты шығындар бойынша өтем алды.

«KazakhExport» желісі бойынша 5,5 млрд теңге сомасына экспорттық келісімшарттары қолдау тапты және сақтандырылды.

Өңдеуші өнеркәсіп секторларын дамыту, оның ішінде экспорттық әлеуетті ұлғайту жөніндегі жұмыс жалғасатын болады.


 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу