Үкіметте «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын іске асыру барысы қаралды

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен ҚР Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің қатысуымен Жаңғырту жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті.

ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес институционалдық реформасын іске асыру жөніндегі «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауының орындалу барысы қаралды.

Атқарылып жатқан жұмыстар туралы ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев, ауыл шаруашылығы министрі Сапархан Омаров, қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, энергетика министрі Нұрлан Ноғаев, индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов, еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шәпкенов, денсаулық сақтау министрі Алексей Цой, экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев, мәдениет және спорт вице-министрі Ғабидолла Әбдірахымов және басқа да жауапты тұлғалар баяндады.

Бүгінгі таңда Ұлт жоспарының 100 қадамының ішінде 72 қадам іске асырылды: «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» бағыты бойынша – 15 қадамның 13-і, «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» бағыты бойынша – барлық 19 қадам, «Индустрияландыру және экономикалық өсім» бағыты бойынша – 50 қадамның 27-сі, «Біртектілік және бірлік» бағыты бойынша – 6 қадамның 3-уі, «Есеп беретін мемлекетті қалыптастыру» бағыты бойынша – барлық 10 қадам.

Биыл «Кәсіби мемлекеттік аппарат құру» және «Индустрияландыру және экономикалық өсу» бағыттары бойынша 9 қадамды орындау жоспарлануда.

Отырыста бюджеттен тыс қорлардың қызметін қамтитын «кеңейтілген бюджетті» енгізу, зейнетақы мен жәрдемақыны тағайындау және төлеу процестерін цифрландыру, отандық фармацевтиканы дамыту, Әлеуметтік Кодекстің тұжырымдамасын және Қазақстанның 2050 жылға дейінгі төмен көміртекті даму тұжырымдамасын әзірлеу мәселелері қаралды.

Премьер-Министр Ұлт жоспарын және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауын іске асыру жөніндегі Жалпыұлттық шаралар жоспарын толық және сапалы орындау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды тапсырды.

Стратегиялық инвесторларды, бірінші кезекте, жаңа жұмыс орындарын құруды қамтамасыз ететін экономиканың басым секторларындағы жаңа ірі жобаларға тарту жөніндегі тармақтарға ерекше назар аударылды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу