Қазақстан өңірлерінде шамамен 188 мың вакцина дозасы бар — А. Цой

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында елдегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай қаралды. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой қазіргі жағдай, халықты вакцинациялау барысы және қабылданып жатқан шаралар туралы баяндады.

Әлемде COVID-19 ауруы мен өлім-жітімі бойынша жағдай әлі де күрделі. Бүгінгі таңда әлемде КВИ-дің 141 млн-нан астам жағдайы тіркелген, тәулігіне 700 мыңнан астам жағдай тіркелген. 3 млн-нан астам адам қайтыс болды, өлім көрсеткіші 2,1% құрады. ДДСҰ-ның алты аймағының бесеуінде аурудың өсу тенденциясы байқалады. 221 ел қатысатын әлемдік рейтингке сәйкес, Қазақстан сырқаттанушылық көрсеткіші бойынша 110-орында, ал өлім-жітім көрсеткіші бойынша 107-орында тұр.

Бүгінде Қазақстанда COVID-19 оң нәтижесімен 292 250 науқас және - КВИ бойынша 51 890 жағдай тіркелген.

«Эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес республика 22 күн бойы қызыл аймақта тұр. Сондай-ақ, қызыл аймақта 8 өңір бар. Жасыл аймақта тек Түркістан және Қостанай облыстары бар. Қалған өңірлер сары аймақта», — деп атап өтті денсаулық сақтау министрі.

Оның айтуынша, наурыз айының соңынан бастап эпидемиологиялық жағдайдың нашарлауы байқалады, ол кезде апта сайынғы ауру алдыңғы аптаға қарағанда 46%-ға өсті.

Алайда, осы аптада алдыңғы аптамен салыстырғанда апталық сырқаттанушылықтың өсу қарқынының наурыз айының соңынан 46%-дан өткен аптада 6%-ға дейін төмендеу үрдісі байқалады. Өткен аптада өлім-жітімнің өсуі алдыңғы аптаға қарағанда 22%-дан 8%-ға дейін төмендеді. Бүгінде барлық өңірлер күшейтілген санитарлық-эпидемиологиялық шаралар қабылдады.

«Дәстүрлі формат енгізілгеннен бері оқушылар арасында КВИ ауруының өсуі байқалады. 4 тоқсанның басталуымен 3 706 оқушы ауырып қалды, оның ішінде офлайн оқитын оқушылар арасында – 1093, онлайн режимде – 2613. Оның ішінде дәстүрлі форматта оқитын оқушылардың ең көп пайызы 4 тоқсанда Қарағанды, Қызылорда және Солтүстік Қазақстан облыстарында байқалады. Онлайн режимде оқитындар арасында: Нұр-Сұлтан және Алматы қалалары», — деп хабарлады Алексей Цой.

Осыған байланысты әкімдіктер білім беру ұйымдарында санитарлық-эпидемиологиялық талаптардың сақталуына және КВИ профилактикасының негізгі шараларының орындалуына тұрақты бақылауды қамтамасыз етуі қажет. Мысалы, таңертеңгі сүзгі өткізу, персоналдың маска тағу режимін сақтауы, үй-жайларды ылғалды жинау және дезинфекциялау, сондай-ақ қызыл аймақтағы өңірлерде офлайн режимде оқытуды бастамау.

Өңірлер бөлінісінде төсек-орындардың күнделікті толтырылу мониторингіне сәйкес биылғы 20 сәуірдегі жағдай бойынша республикада инфекциялық төсек-орындарының жүктелуі 41%, реанимациялық төсек-орындары 27% құрайды.

Инфекциялық төсек орындарының ең көп пайдаланылуы Батыс Қазақстан облысында 63%, Алматы облысында 61% және Алматы қаласында 56% байқалады. Реанимациялық төсек орындарының ең көп жүктелуі Алматы қаласында – 53% және Нұр-Сұлтан қаласында – 56%.

«19 сәуірдегі жағдай бойынша ҚР стационарларында 14 147 пациент жатыр, олардың ішінде ауыр және өте ауыр жағдайдағы науқастар арасынан реанимацияда 775 адам немесе 5% жатыр. Ауыр жағдайдағы науқастардың Алматы қаласында – 32%, Нұр-Сұлтан қаласында – 13%, Алматы облысында – 6% жатыр. 2021 жылы 2 мыңнан астам шалғайдағы ауылдық елді мекендердегі 2,6 млн астам тұрғынды жылжымалы медициналық кешендер арқылы медициналық көмекпен қамту жоспарлануда», — деп нақтылады денсаулық сақтау министрі.

Ауыл тұрғындары үшін вакцинацияның қолжетімділігін арттыру мақсатында вакцинация жылжымалы медициналық кешендерді пайдалана отырып ұйымдастырылады. Бүгінгі таңда өңірлерде шамамен 188 мың доза вакцина бар. Вакцинаны жеткізу кестеге сәйкес кезең-кезеңмен жүзеге асырылады. Вакцинациялау қарқынының өсуі байқалады, вакцинациялаумен қамту тәулігіне 70 мыңнан астам адамға дейін ұлғайды. Айдың соңына дейін шамамен 2 млн азаматтың вакцинацияға қол жеткізуін қамтамасыз ету жоспарлануда. Өңірлерде вакцинациялаудың күнделікті жоспарын орындау мониторингі қамтамасыз етіледі.

Кестеден кешігу 3 өңірде: Нұр-Сұлтан қаласында, Маңғыстау және Қарағанды облыстарында байқалады. Осыған байланысты аталған өңірлердің әкімдіктері вакцинация кестесінің сақталуын қамтамасыз етуі қажет және вакцина пайдаланылмаған жағдайда оны басқа өңірлерге қайта бөлу бойынша шаралар қабылданатын болады. Қажеттілікті ескере отырып, егу пункттерінің саны үнемі артып келеді. Бүгінгі таңда өңірлерде иммундау 1051 егу пунктінде жүргізілуде.

«Сонымен қатар алыс аудандарда, ұйымдасқан ұжымдарда, адамдар көп жиналатын жерлерде КВИ-ға қарсы вакцинация жүргізу үшін 303 көшпелі егу бригадалары жұмылдырылды. Иммундау науқанына 10 мыңнан астам медицина қызметкері тартылған. Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Көкшетау, Қостанай, Қарағанды қалаларында егу пункттері сауда орталықтарында, базарларда, ұйымдастырылған ұжымдарда ашылды, онда вакцинация демалыс күндері де қолжетімді, бұл халықтың вакцинацияға қолжетімділігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деп хабарлады Алексей Цой. 

Денсаулық сақтау министрлігі халықты вакцинациялаумен қамтуды ескере отырып, КВИ таралуының даму болжамын өзектендіруде.

Оптимистік сценарий бойынша вакцинацияны кестеге сәйкес жалғастырған жағдайда сәуір айының соңында шарықтау шегімен тәулігіне 3000-ға дейін жағдай тіркеледі деп күтілуде.

 Нақты сценариймен және кестеге сәйкес вакцинациямен қамту арқылы тіркелу мамыр айының ортасында шарықтау шегімен күніне 4000 жағдайға жетуі мүмкін.

 Вакцинациядан болатын әсер бірінші кезеңде иммунитетті қалыптастыруға қажетті уақытпен және халықтың көп санын бір мезетте вакцинациялаудың мүмкін еместігімен шектелетін болады. Кейіннен вакцинацияның әсері күшейіп, елдегі эпидемиологиялық жағдайдың тұрақтануына әсер етеді.

Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин өңірдің эпидемиологилық жағдайы бақылауда екенін атап өтті. 

Ақтөбе облысы 3 апта бойы қызыл аймақта. Өкінішке орай науқастардың саны өсіп бара жатыр.

Пандемия басталғалы облыста 7 690 жағдай тіркелді.. Тәулікте КВИ 206 және пневмония 15 жағдайы тіркелді. Бүгінгі күнге 5 646 науқас жазылды.

Облыс бойынша инфекциялық ауруханаларда 612 адам, оның ішінде жан сақтау бөлімшесінде 46 науқас ем алуда. Төсек орындарының жүктелуі 57% құрайды.

Коронавируске қарсы шараларды күшейту мақсатында жаңа медициналық жабдықтарды сатып алуға қосымша 1,6 млрд теңге бөлінді.

Сондай-ақ, облыста инфекцияның таралуына жол бермеу үшін шектеу шаралары күшейтіледі. Мысалы, сауда орталықтарында жексенбі күнімен қатар сенбі күні де шектеу шаралар қолданылатын болады.

Сонымен қатар, жаппай жиналатын орындарға баруды бақылауға мүмкіндік беретін «Ashyq» қосымшасын пайдалануға енгізілді. Қазіргі таңда аталған қосымша 11 нысанда қызмет етіп тұр, жақын арада тағы 50 қосылатын болады.

Жалпы, өңірде 47 мониторингтік топ жұмыс істеп жатыр. Нәтижесінде 297 құқық бұзушылық анықталды, оның ішінде 231 адамға 32,5 млн тг айыппұл салынды. Мониторингтік топтардың жұмысы жалғасады.

«Осы жылдың ақпан айынан бастап облысқа “Спутник V” вакцинасының 45 400 дозасы жеткізілді. Барлығы – І компонентпен 26 214 адам және II компонентпен 5 950 адам екпе алды», — деп түйіндеді әкім.

Сондай-ақ Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов эпидемиологиялық жағдай күрделі, бірақ әкімдіктің қатаң бақылауында екенін айтты.

Шымкент қаласында жыл басынан COVID-19 ауруының 2 832 жағдайы тіркелді. Емделіп шыққандар саны – 1 644, қайтыс болғандар – 23.

20 сәуірге COVID-19 инфекциясын жұқтырудың 49 жағдайы тіркелді (32 симптоммен, 17 симптомсыз).

1 165 адам емделуде, оның ішінде 274 стационарда, 891 үйлерінде карантин режимінде.

Соңғы 14 күнде «COVID-19» жұқтырған науқастармен қатынаста болған 4 110 азамат амбулаторлық бақылауда.

«Қала тұрғындарына қызмет көрсететін 11 ПТР зертханасы жұмыс жасауда. Зертханаларда 1 күнде 6 200 тест жасауға мүмкіндік бар. Барлығы 349 518 ПТР тест өткізілді», — деді Шымкент қаласының әкімі. 

19 сәуірде 1 312 ПТР тест жасалған.

«COVID-19-дың ықтимал толқынына үш сценарий бойынша дайындалдық. А – ағымдағы жағдай 1 290 төсек орынды қамтиды. В – маусымдық эпидемиологиялық жағдай нашарласа, төсек-орын санын 4 016-ке дейін артады. С – эпидемиологиялық дағдарыс орын алса, 5 416 төсек-орын ашылады. Бүгінге, қала А сценариймен жұмыс жасап жатыр. Жалпы қаланың В және С сценарийлеріне дайындығы 100%», — деді ол.

Қалада мамандандырылған инфекциялық 1 290 төсек-орын бар. Стационарда 444 азамат ем қабылдауда. Төсек-орын толымдылығы 34% құрайды, 846 төсек орны бос.

Жаңсақтау бөлімінде 75 төсек орын бар, онда 19 азамат ем қабылдауда.

Эпидемиологиялық жағдай нашарлағанда саны 5 416-ға төсек-орын жеткізіледі, оның 604 жансақтау бөлімінде.

Бастапқы медициналық санитарлық көмек бойынша, 36 емханада 119 мобилді бригада жұмыс атқаруда. Жыл басынан 10 420 науқас дәрі дәрмекпен қамтылды.

Сонымен қатар 101 724 симптомсыз және декреттелген контингенттерге қоңырау соғылып, қарым-қатынаста болған 4 110 азамат бақылауда.

Вакцинациялау бойынша өңірге ақпан айынан бастап 1-компонент 74 700, 2-компонент 14 700 дозасы жеткізілді.

Азаматтарды вакцинациялау үшін 38 бекет ұйымдастырылған, бүгінге 1-ші компонент 67 906, 2-ші компонент 6 918 азаматқа салынды.

Вакцинациялауға 753 медицина қызметкері оқытылып, жұмылдырылды.

Дәрі-дәрмек бойынша қаланың медициналық ұйымдарында COVID-19 індетіне қарсы екі айлық дәрілік заттар және медициналық бұйымдар қоры бар.

Тұрақтандыру қоры шеңберінде бөлшек саудаға арналған дәрі-дәрмектерді сатып алуға дәріханалар айналымына және қорларын толықтыруға 200 млн теңге бөлінді.

Қалалық әкімдік резервінен дәрі-дәрмектің жетіспеушілігін болдырмау мақсатында 5 дәрі-дәрмек сатып алуға 180 млн теңге бюджет қаражаты бөлінді.

Карантин режимін сақтау бойынша, жыл басынан 427 рейдттік тексерулер жүргізіліп, 11 657 нысан мониторингпен қамтылды.

Мониторинг қорытындысымен 1 352 жауапты тұлғаға хаттама толтырылып, жалпы сомасы 83,5 млн теңгеге айыппұл салынды. 

«Шымкент қаласының «қызыл аймаққа» кіруіне байланысты осы жылдың 19 сәуірінде жергілікті бас санитариялық дәрігердің Денсаулық сақтау министлігімен бекітілген алгоритмге сәйкестірілген шектеу шаралар туралы қаулысы шықты. Екі апта осы шектеу шараларының тиімділігін бақылап, эпидемиологиялық жағдай нашарлаған жағдайда қатаң шектеу шаралары енгізіледі», — деді әкім.

Бұқаралық ақпарат құралдарында санитариялық-эпидемиологиялық нормаларын сақтау және короновирус инфекциясына қарсы вакцинациялау бойынша кең ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.

Қала әкімдігі жанынан ашылға call-center тәулік бойы жұмыс жасауда. Қаладағы бизнес субьектілері үшін «Ashyq» жобасы енгізілуде.

Сонымен қатар Маңғыстау облысының әкімі Серікбай Трұмов жалпы облыс бойынша эпидемиологиялық жағдай тұрақты екенін хабарлады. Облыста COVID-19 вирусын жұқтырғандардың саны 5 042 құрады, бүгінгі күні 4 461 азамат немесе 88%-ы жазылды.

Соңғы тәулікте КВИ 80 адамда анықталды, репродуктивті көрсеткіш – 1,3. Денсаулық сақтау объектілері штаттық режимде жұмыс істейді. Қазіргі уақытта халыққа 432 инфекциялық және 54 реанимациялық төсек орны бар 11 стационар қызмет көрсетеді.

«Бүгінгі таңда стационарларда 184 адам емделуде, оның ішінде 14 адам реанимацияда. Төсек орын жүктемесі 42% құрайды. Қажет болған жағдайда резервте толық жабдықталған қосымша 2452 төсек-орын, 131 реанимациялық төсек-орын бар. Дәрі-дәрмектермен және жеке қорғаныс құралдарымен қамтамасыз ету мәселесі де ерекше бақылауда. Медициналық мекемелер мен дәріханаларда 2 айға дәрі-дәрмектер мен жеке қорғаныс құралдарының қоры құрылды. Облыстың жедел жәрдем автопаркі 100% жаңартылды», — деп атап өтті Маңғыстау облысының әкімі.

Бұдан өзге, медициналық ұйымдар қажетті жабдықтармен толық көлемде қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта облыс бойынша 1 жылжымалы және 10 зертханалық орталық жұмыс істейді, ПТР әдісімен 340 мың адам тексерілді. Олар 1 тәулікте орта есеппен 1300-ден астам тест жасай алады.

КВИ-ға қарсы вакцинация жұмыстары жалғасуда. 417 медицина қызметкері аттестациядан өтіп, вакцинациялауға дайын. Аймаққа барлығы екі компонент бойынша 39550 доза вакцина жеткізілді, оның ішінде 15729 вакцина егілді. Облыс бойынша вакцинациялау үшін ірі өндірістік объектілер мен әлеуметтік объектілерде 28 егу кабинеті және 3 жылжымалы егу пункті ашылды. Сондай-ақ мұнай компанияларының вахталық қалашықтарында вакцинация басталды.

Халық арасында вакцина туралы ақпараттық-түсіндіру жұмыстары белсенді жүргізілуде. Өңірлік коммуникациялар орталығында осы тақырыптың маңыздылығы туралы 11 рет брифингтер өткізілді.

Бұқаралық ақпарат құралдарында және әлеуметтік желілерде 10 мыңға жуық ақпараттық материалдар жарияланды, телеарна бойынша вакцинациялаудың маңыздылығы туралы бейнероликтер тұрақты түрде көрсетілуде, әлеуметтік желілер арқылы тарату бойынша жұмыстар жалғасуда.

Сондай-ақ, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу үшін спикерлер пулы және арнайы медиажоспар құрылды. Облыста осы бағытта көшеде 28 билборд орнатылған. Облыс, қала және аудан жастарының қатысуымен 20 000 дана вакцина бойынша парақшалар-жадынамалар таратылды. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасатын болады.

Мониторингтік топтардың жұмысы күшейтілді. Жыл басынан бері 24 мониторингтік топ пен полиция қызметкерлері 2348 рейдтік іс-шара өткізді. Соның нәтижесінде 95 карантиндік талаптарды бұзу фактісі анықталып, 19 хаттама толтырылды.

Эпидемиологиялық жағдай тұрақты бақылауда, жедел шешуді талап ететін мәселелер штабтың күнделікті отырысында қаралады. Осы бағыттағы бірлескен жұмыс одан әрі жалғасатын болады.

Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов жалпы жыл басынан бері 65 мың рейд жүргізіліп, 400 мыңнан аса объекті қамтылғанын, оның аясында 12 мың бұзушылық анықталғанын атап өтті.

Бұл ретте мониторинг топтарының тиімсіз жұмысы келесі өңірлерге тиесілі.

Атырау облысында 30 мың объектіге жүргізілген рейд барысында небәрі 123 ғана бұзушылық тіркелген.

Батыс Қазақстан облысында рейдпен қамтылған 17 мың объектінің 47-сінде ғана бұзушылық анықталған.

Маңғыстау облысында рейдпен қамтылған 6,5 мың объектінің 18-інде ғана бұзушылық фактілері тіркелген.

Павлодар облысында 29,5 мың объектіге жүргізілген рейд барысында небәрі 165 бұзушылық анықталған.

Жыл басынан бері барлық өңірлер бойынша азаматтардың қоғамдық орындарда жаппай жиналуымен байланысты 5 мыңға жуық «өрескел» бұзушылық анықталды.

Оның ішінде 4 мың факті мейрамханалар мен түнгі клубтардың шектеу уақытынан тыс жұмыс істеуімен, 1 мыңға жуық факті тойлар өткізумен байланысты.

Жалпы өткен аптада аталған өңірлерде шектеу шараларын бұзудың 957 фактісі анықталды, оның ішінде 247 «өрескел» бұзушылықтардың жолы кесілді.

Қалған 11 өңірде мобильдік топтардың жұмысы төмен деңгейде ұйымдастырылды.

Оның ішінде «қызыл» аймаққа енген өңірлерде:

Батыс Қазақстан облысында - 5, оның ішінде 1 ғана «өрескел» бұзушылық фактісі, Ақмола обылысында 13, оның ішінде 5 «өрескел» факті, Қарағанды облысында 22, оның ішінде 6 өрескел «факті» тіркелген.

«Баяндалғандардың негізінде, облыстар, Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалалары әкімдері – қабылданған шектеу шараларының тиімділігін қамтамасыз ету мақсатында: біріншіден, мобильді мониторинг топтарының жұмысын жандандыруы қажет; екіншіден, бизнес объектілерімен жұмыс жүргізе отырып, азаматтардың жиналуымен байланысты «өрескел» фактілердің алдын-алу шараларын қамтамасыз етуі қажет; үшіншіден, тұрғындар арасында шектеу шараларын сақтаудың маңызы туралы ақапарттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастыры қажет; төртіншіден, шектеу шаралары жағдайында бизнестің қалыпты жұмысын қамтамасыз ету мақсатында «Ашық» жобасын қолдануға кәсіпкерлерді тарту жұмыстарын күшейту қажет», — деп сөзін түйіндеді Е. Тоғжанов. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу