ТМД Экономикалық кеңесінің 95-отырысында сараланған және өзара тиімді сауда саясаты мәселелері талқыланды

2022 жылғы 23 қыркүйекте Мәскеуде ТМД Экономикалық кеңесінің 95-ші отырысы өтті. Бұл – Қазақстан Республикасы төрағалық ететін жылы өтіп жатқан Достастық елдерінің жоғары органдарының үшінші отырысы.

Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы Экономикалық кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин алғы сөзінде Достастық елдерінің нарықтарды азық-түлік тауарларымен қамтамасыз ету үшін ортақ өзара ынтымақтастықта болуы керек екенін айтты.

«Ұлттық экономикалық және азық-түлік қауіпсіздігі тұрғысынан біздің нарықтарымызды бірінші кезекте қажетті өнімдермен, ең алдымен, азық-түлік тауарларымен молықтыруға назар аудару қажет. Жеткізуді кешіктіру тауарлардың қолжетімділігіне, бағаның негізсіз өсуіне және тиісінше, Достастық елдеріндегі инфляциялық қысымға әкеледі. Бірқалыпты, өзара тиімді сауда саясаты халықтың әл-ауқатының өсуіне ықпал етеді. Бұл үшін мүмкіндіктер мен әлеует бар», — деді Серік Жұманғарин.

Экономикалық кеңес отырысының қарауына ұсынылған негізгі мәселелердің қатарында Қызметтерінің еркін саудасы, құрылуы, қызметі және инвестициялары туралы келісім жобасы бар. Құжат сараптамалық деңгейде келісілді, қазіргі уақытта мүдделі тараптар нарыққа қол жеткізу бойынша міндеттемелерді айқындайтын қосымшаларды, сондай-ақ әрбір мемлекетке нақты пайда әкелетін инвестициялар туралы бөлімді талқылап жатыр. Осы Келісім Достастық елдерінің сауда-инвестициялық қызметін нығайту үшін қосымша мүмкіндіктер беруге арналған.

Күн тәртібінде ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің 2030 жылға дейінгі кезеңге арналған инновациялық ынтымақтастығының мемлекетаралық бағдарламасын іске асыруға ерекше назар аударылды.

ТМД Экономикалық кеңесінің келесі отырысын 2022 жылдың 9 желтоқсанында Мәскеуде өткізу туралы шешім қабылданды.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу