Солтүстік Қазақстан облысында 5 жыл ішінде сүт өңдеу көлемі 57%-ға артты — Қ. Ақсақалов 

2021 жылы Солтүстік Қазақстан облысында сүт фермаларының құрылысын және ауыл шаруашылығы жабдықтарын сатып алуды қаржыландырудың пилоттық бағдарламасы іске қосылды. Бағдарламаның қандай нәтиже көрсеткені, жергілікті агрономдар оның нәтижесіне қаншалықты қанағаттанғаны туралы өңір әкімі Құмар Ақсақалов айтып берді.

«Бұл шынымен өте жақсы жоба. 2017 жылмен салыстырғанда ұйымдастырылған шаруашылықтарда өндірілген сүт көлемі 30%-ға артты. Сүт мөлшері артып, сәйкесінше көбісі өңдеуге жіберіледі. 5 жыл ішінде біздің зауыттарымыз жаңғыртыла бастады және екі ірі кәсіпорнымыз 15 млрд теңгеге ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізді. Соның арқасында сүт өңдеу көлемі 57%-ға ұлғайды. Өндіріс 30 пайызға артты», — деді облыс әкімі.

Қ. Ақсақаловтың айтуынша, өңірде 300, 400 және 600 мал басына арналған фермалар салынуда. 600 басқа арналған ферма жылына шамамен 3 мың тонна сүт өндіреді.

«Елімізде жылына бір адамға арналған медициналық норма шамамен 300 литр сүтті құрайды, бұған май, қаймақ, ірімшік те кіреді. Бұл фермада 35 адам жұмыс істейді, яғни, 35 адам 10 мың қазақстандықты сүтпен қамтамасыз етеді деп айтуға болады. Сондықтан бұл өте маңызды жоба, өйткені елімізде әлі күнге дейін сүт өнімдері, әсіресе, ірімшік сырттан импортталады. Біз бұл жобаларды жыл сайын іске асыратын боламыз. Жылына кемінде 10 ферманы іске қосу міндетін қойдық. Бір фермада жыл бойы 35-40 ауыл тұрғыны жұмыс істейді. Алдағы 5 жылда мұндай қарқын сақталса, 2 мыңға жуық ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылатын болады», — деп түсіндірді өңір басшысы.

Еске сала кетейік, биылғы 6 мамырда СҚО-ға жұмыс сапары барысында ҚР Премьер-Министрі сүт-тауар фермасына барып, өңірдің ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерімен кездесті, онда көктемгі егіс жұмыстарына дайындық және субсидиялау мәселелерін талқылады.

«Әлихан Смайылов субсидиялар тек өнімділікті арттырып, қайтарым беретіндерге ғана берілуі тиіс деген ұстаным білдірді. Шын мәнінде, солай болуы керек. Субсидия барлығына бірдей берілмеуі тиіс, тек өнім өндіретіндерге, түсімді арттыратындарға, инвестиция салатындарға және т. б. берілуі қажет», — деді облыс әкімі.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу