Жұмыспен қамтудың жол картасында басты назар тұрақты жұмыс орындарын құруға аударылды — ҚР ЕХӘҚМ

ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Серік Шапкенов дағдарысқа қарсы шаралар пакеті шеңберінде Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыру туралы баяндады.

2020 жылы Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде құрылыс, реконструкциялау, күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары бойынша 6,6 мың инфрақұрылымдық жоба іске асырылды.

Барлығы 239 мың адам жұмыспен қамтылды, оның ішінде 120 мың адам жұмыспен қамту орталықтарының жолдамалары бойынша жұмысқа орналастырылды.

«Жұмыспен қамтудың жол картасы үш ауысымды, апатты мектептердің мәселесін ішінара шешуге, ауыл тұрғындарының білім алуға, денсаулық сақтауға, таза ауыз суға қол жеткізуіне, суармалы, жайылымдық жерлер көлемін ұлғайтуға және ауылдық елді мекендерді газдандыруға мүмкіндік берді», — деді еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі.

Сондай-ақ, жұмыссыздықтың 4,9% деңгейінде сақталуына ықпал етті.

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасын іске асыруға 300 млрд теңге көзделген. Оның ішінде Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ұлттық банктен облигациялық қарыз есебінен 200 млрд теңге бөлінді.

Жол картасы төрт бағыт бойынша іске асырылуда:

Бірінші. Халықтың өмір сүру сапасын арттыру.

Екінші. Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру;

Үшінші. Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту;

Төртінші. Өңірлерде бизнесті дамыту көзделген.

Қаржыландыру лимиттері анықталып, өңірлер бойынша  жұмыс күшінің үлесіне сәйкес бөлінді.

Қаражаттың 42,5%-ы халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, 33,3%-ы агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға, 24,2%-ы өңірлерде бизнесті дамытуға және шағын несие беруге бағытталған. Шағын несиелер «Атамекен» ҰКП мен жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған микроқаржы ұйымдары арқылы берілетін болады.

Бірінші бағыт бойынша барлығы 136 жоба іске асырылып, 19 мың жұмыс орны, оның ішінде 7,5 мың тұрақты жұмыс орны құрылады.

«64 жаңа мектептің, 13 денсаулық сақтау нысанының құрылысы, суару кешенін және тұрғын үй коммуналдық шаруашылық жүйесін жаңарту бойынша жұмыстар жүргізілетін болады», — деді Серік Шәпкенов.

Жобаларды іріктеу кезінде тұрақты жұмыс орындарын құруға және 3 ауысымды және апатты мектептерді азайтуға, денсаулық сақтау нысандарына, суармалы жерлердің көлемін ұлғайтуға басты назар аударылды.

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес «Шағын және орта бизнес үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыру» екінші бағыты бойынша жеңілдетілген шарттармен 6%-ға дейінгі мөлшерлемемен шағын несие беру көзделген. 

Жалпы сомасы 22,5 млрд теңгені құрайтын 5,4 мың жобаның алдын ала тізімі әзірленді, оған ет, сүт, азық-түлік өнеркәсібі өнімдерін өндіру және өңдеу, қызмет көрсету және тағы басқа салалардағы бизнес жобалар енді. 

Шағын несиелендіру құралын іске асыру тиімділігін арттыру үшін өңірлерде 15 шағын қаржы ұйымы құрылды. 

Микрокредит алушылар 10,6 мың қосымша жұмыс орнын құратын болады. 

Агроөнеркәсіп кешенін дамыту бағыты бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігімен және «Бәйтерек» холдингімен бірлесіп жалпы құны 100 млрд теңгені құрайтын 42 инвестициялық жоба іске асырылады. Соңғы қарыз алушы үшін сыйақы мөлшерлемесі субсидиялау арқылы 6%-дан аспайтын  болады. 

Жобаларды іріктеуде:

  • жұмыспен қамтуды қолдау және жұмыс орындарын құру; 
  • пысықталуының жоғары деңгейі; 
  • азық-түлік тауарларын импорттаудың қысқаруы критерийлеріне баса назар аударылды.

2,2 мың уақытша және 3,8 мың тұрақты жұмыс орны құрылады. 

«Бизнесті дамыту шеңберінде өңірлерде бизнес субъектілеріне жеңілдетілген шарттармен кредиттер және қарыз беру, жарғылық капиталға инвестициялау, қаржылай емес қолдау көрсету есебінен шамамен 6 мың жұмыс орны құрылатын болады», — деді еңбек министрлігінің басшысы. 

Биыл Жұмыспен қамтудың жол картасы шеңберінде: 

  • 35,6 мың жұмыс орны, оның ішінде 55%-дан астам тұрақты жұмыс орны құрылады. Отбасы мүшелерін есептесек шамамен 80 мың адам тұрақты табыспен қамтылады.
  • әлеуметтік активтер құру арқылы әлеуметтік инфрақұрылым жақсарады; 
  • нарық жаңа өндірістерді құру арқылы отандық азық-түлік тауарларымен толығады;
  • жалпы ішкі өнім құрылымында шағын және орта бизнестің үлесін арттыруға қол жеткізіледі.

«Бәйтерек» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Айдар Әріпхановтың айтуынша, холдинг бизнес-бастамаларды дамытуды ілгерілету және азаматтардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында қолданыстағы тетік шеңберінде ҚР Ұлттық Банкінің қаражатынан айналым мерзімі 10 жыл және жылдығы 7% сыйақы мөлшерлемесімен 200 млрд теңге көлемінде облигациялық қарыз тартуды жоспарлап отыр.

Сондай-ақ холдингтің облигацияларын орналастырудан түскен қаражат осындай 10 жыл мерзімге мынадай бағыттар бойынша бөлінетін болады:

  • ЖАО қаржыландыруға 100 млрд теңге;
  • АӨК қаржыландыруға 100 млрд теңге.

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов хабарлағандай, пандемия кезінде Жұмыспен қамтудың жол картасын уақытылы жүзеге асыру жұмыссыздықтың өсуіне жол бермей, облыс тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған көптеген мәселелерді шешуге мүмкіндік берді.

Мәселен, ЖҚЖК-2020 бойынша 82 жоба ауылдық жерлерде іске асырылды.

Алматы облысының 2021 жылға арналған қаржыландыру лимиті 31,8 млрд теңгені құрайды, оның ішінде 8 инфрақұрылымдық жобаны іске асыруға 13,1 млрд теңге, АӨК жобаларын кредиттеуге 14,3 млрд теңге және бизнесті қолдауға 2,4 млрд теңге көзделген.

Тұрақты жұмыс орындарын құрумен инфрақұрылымдық жобалар жүзеге асырылды.

Бүгінгі күні 7 мектептің құрылысына жер телімдері бөлінді, мемлекеттік сатып алу конкурстары өткізілді, мердігерлік келісімшарттар жасалды.

«Агроөнеркәсіптік кешенде биыл 29 млрд теңге сомасына 24 жобаны іске қосу жоспарланған. “Бәйтерек” ҰБХ” АҚ арқылы жеңілдікті несиелендіру оларды іске асыру үшін жақсы қолдау болады», — деді А. Баталов.

Қазіргі уақытта 18,8 млрд теңге сомасына 9 жоба қаралуда, оның 14,3 млрд теңгесі ЖҚЖК бағдарламасы бойынша берілетін болады.

Шағын несиелендіруді іске асыру үшін «Атамекен» ҰКП және «Жетісу» ӘКК бірлесіп шағын қаржы ұйымын құрды, сол арқылы 480-нен астам жобаны қаржыландыру және 550-ге жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда. Барлық ұйымдастырушылық мәселелер шешілді.

Жалпы, ЖҚЖК аясында 500-ден астам жобаны жүзеге асыру және қосымша 2,8 мыңға жуық тұрақты жұмыс орнын құру жоспарлануда.

Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, өңірде Жұмыспен қамту жол картасы іске асырылуда, соның арқасында өткен жылы 6 893 жаңа жұмыс орны құрылып 36 млрд теңгеге 360 жоба жүзеге асырылды. Бұл қаражат 5 әлеуметтік нысанды салуға, 143 әлеуметтік маңызы бар объектіні жөндеуге, сондай-ақ 50 ауылды абаттандыруға жұмсалған. 

Әкімнің айтуынша, 2020 жылғы жобалар тұрғындардың жалақы түрінде 2,7 млрд теңге табыс алуына, отандық өнім шығарушыларға 29 млрд теңгеге қолдау көрсетуге және 3,6 млрд теңгеге бюджеттің кіріс бөлігін толтыруға мүмкіндік берді.

Биыл 3,9 млрд теңге сомасына 12 жоба іске асырылады. Қаржының 75%-ы –  әлеуметтік объектілерді, 25%-ы инженерлік инфрақұрылым салуға жұмсалады. 

«1 млрд теңге көлемінде кредит беру үшін 250 адамнан пул айқындалды. “Атамекен Қызылжар” шағын қаржы ұйымы құрылды. Орташа несие мөлшері – 4 млн теңге. Қарызға алынған қаражаттың 80%-ы ауыл шаруашылығы саласындағы бастамаларды қолдауға; 20%-ы қызмет көрсету саласын дамытуға жұмсалатын болады. 500 жаңа жұмыс орны құрылады», — деді Қ. Ақсақалов.

Сонымен қатар, өңірде 1,1 млрд теңгеге 2 сүт фермасын салу көзделген. 

Бизнеске қолдау көрсетуге 720 млн теңге жұмсалатын болады. 

«Жалпы өңірде барлығы 1,5 мың жаңа жұмыс орны ашылып, бюджетке 600 млн теңге салық құйылмақ», — деп нақтылады облыс басшысы.  

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов 2020 жылы Шымкент қаласы бойынша Жұмыспен қамту жол картасы шеңберінде 44,7 млрд теңге бөлініп, 239 жоба іске асырылғанын хабарлады. Нәтижесінде өңірде 8 753 жұмыс орны ашылып, 634 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. 

Сонымен қатар тозығы жеткен 15 білім мекемесінің ғимараты күрделі жөндеуден өткізілген. Үш аусымда білім берудің алдын алу мақсатында екі мектептің жанынан қосымша 300 орындық оқу корпусы салынды. 9 мектепте спорт алаңы жасақталған. 

М. Әйтеновтің сөзінше, бұдан басқа,  27 мыңға жуық адам сапалы ауыз сумен қамтылған. Кәрізбен қамтылған тұрғындар саны 12 мың адамға артып, қамтылу көрсеткіші 50,2%-ға дейін өскен. Ұзындығы 10 шақырымды құрайтын, 369 га жерді сумен қамтамасыз ететін «Өтеміс» каналының арнасы және  109 автомобиль жолы жөндеуден өткізілді. 106 көпқабатты тұрғын үйдің аулалары абаттандырылып, балалар ойын алаңы орнатылды.

«2021 жылы Шымкент қаласы бойынша жалпы 33 мыңнан астам адамды, оның ішінде “Жұмыспен қамтудың жол картасы” шеңберінде 1,5 мың адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Осы мақсатта 14,1 млрд теңге бөлінеді деп күтілуде», — деді М. Әйтенов.       

Биыл бағдарлама 3 бағыт бойынша іске асырылатын болады: 

  • 5,5 млрд теңгеге 13 нысанның құрылысын жүргізу; 
  • 1,5 млрд теңгеге микрокредиттер беру;
  • 7,1 млрд теңгеге бизнес субъектілеріне қолдау көрсету. 

Бірінші бағыт бойынша жалпы құны 13,8 млрд теңгені құрайтын 13 нысанның құрылысы жүргізілетін болады. Аталған нысандардың екеуі 2020 жылдан өтпелі, олар бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде, ал қалған 11 жаңа нысан бойынша мемлекеттік сатып алу конкурстары аяқталып, келісімшарттар түзілуде. 

«Нәтижесінде, 6,5 мың адам таза сумен және 17,6 мың адам электр жүйелерімен қамтылып, 392 жұмыс орны құрылатын болады», — деп нақтылады әкім.  

Екінші бағыт бойынша, яғни шағын несие беруге 1,5 млрд теңге бөлінген. Орта есеппен 4,2 млн теңге мөлшерінде 6%-ға дейінгі сыйақы мөлшерелемесімен 357 жобаға шағын несие берілген жағдайда 757 тұрақты жұмыс орны құрылады. Сонымен бірге, бюджет кірістеріне кемінде 45 млн теңге салықтар түседі деп күтілуде. 

«Бүгінгі таңда микроқаржы ұйымы құрылып, 250 әлеуетті несие алушылар тізімі жасақталған», — деді әкім. 

Бағдарламаның үшінші бағыты бойынша бизнес субьектілеріне несиелер беру, жарғылық капиталын ұлғайту, қаржылай емес көмек көрсетуге 7,1 млрд теңге бөлініп, 70-ке жуық жобаны іске асыру және 280 адамды жұмыспен қамту жоспарлануда. 

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу