ҚР Үкіметінің отырысы, 15.11.2022

15 қарашада Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында осы жылдың 10 айындағы Қазақстанның әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары қаралды, аталған тақырып бойынша Премьер-Министрдің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев, ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, сондай-ақ Ұлттық банк төрағасының орынбасары Берік Шолпанқұлов баяндама жасады.

— Баяндамашыларды тыңдап болған Премьер-Министр бағаның өсуін тежеу жұмыстарын тұрақты бақылауда ұстау керек екенін айтты. Себебі азық-түлік тауарлары бағасының өсуі инфляцияға айтарлықтай әсер етіп келеді. Өңірлер осы жылдың соңына дейін әлеуметтік-экономикалық дамудың жоспарланған көрсеткіштеріне қол жеткізіп, Мемлекет басшысы қойған міндеттердің тиімді іске асырылуын қамтамасыз етуі қажет.

— Сонымен қатар отырыс барысында жылу беру кезеңінде өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелері қаралды.  Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин, Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітов және Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов баяндама жасады.

— Әлихан Смайылов жылу беру кезеңінде өрттің алдын алу бойынша мүдделі мемлекеттік органдар мен әкімдіктердің жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етуді, әлеуметтік объектілердің жұмысын ерекше бақылауға алуды, сұйытылған газды сату кезінде талаптарды қатаңдату жөнінде шаралар қабылдауды, сондай-ақ халықпен профилактикалық және түсіндіру жұмыстарын күшейтуді тапсырды. 

— Сонымен қатар отырыста Үкіметтің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы қаралды. Осы мәселе бойынша Қазақстанның әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады.

— Талқылау қорытындысы бойынша Үкімет ұсынылған Жоспар жобасын мақұлдады.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу