ҚР Үкіметінің отырысы, 27.12.2022

27 желтоқсанда Үкімет үйінде Қазақстан Үкіметінің отырысы өтті.

— Алдымен кәріз және тазарту құрылыстарын салу және жаңғырту мәселесі қаралды. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев, Алматы облысының әкімі Марат Сұлтанғазиев және Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек  баяндама жасады. Премьер-Министр бүгінде еліміздегі кәріз-тазарту құрылыстарының тозу деңгейі 60%-дан асып кеткенін атап өтті. Ал кейбір қалаларда, тіпті 90%-дан асады. Осыған байланысты бір ай мерзімде әрбір жобаны іске асыру кестесін бекіту және олардың орындалу барысы туралы Үкіметке тоқсан сайын хабарлап тұру, кәріз-тазарту құрылыстарының жобаларын уақытылы іске асыру үшін қажетті техникалық құжаттамаларды жедел әзірлеу мен бекіту, сондай-ақ екі ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеуді және тазарту құрылыстарының қалдықтарын одан әрі өңдеу жөнінде ұсыныстар енгізу тапсырылды.

— Күн тәртібіндегі екінші мәселе әлеуметтік қамсыздандыру жүйесінің тиімділігін арттыру болды. Әлеуметтік кодекс жобасын еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова ұсынды. Әлихан Смайылов Әлеуметтік кодекс азаматтардың өміріндегі, яғни адамның туғаннан бастап қартайғанға дейінгі базалық әлеуметтік құқықтарын белгілейтін аса маңызды құжаттардың бірі болып табылатынын атап өтті. Кодекс қабылданған соң жаңа әлеуметтік саясат өтініш беру формасынан проактивті форматқа көшуі керек. Бұл халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік кодекс жобасына дауыс бергеннен кейін Премьер-Министр оның ҚР Парламенті Мәжілісіне уақытылы енгізілуін қамтамасыз етуді тапсырды.

— Үшінші мәселе – ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2022 жылға арналған жоспарының орындалу барысы және ҚР Үкіметінің заң жобалау жұмыстарының 2023 жылға арналған жоспарының жобасы. Жоспарлардың орындалу барысы туралы әділет министрі Қанат Мусин баяндама жасады. Үкімет басшысы биыл конституциялық реформа мен Президенттің сайлауалды бағдарламасы аясындағы бастамаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізілгенін атап өтті. Алдағы жылы да бұл реформалар жалғасын таппақ. Сонымен қатар әзірленіп жатқан заң жобаларының тізбесіне уақытылы енгізу үшін Мемлекет басшысының заңнамалық тапсырмаларына тұрақты негізде мониторинг жүргізіп отыру қажет.

Қазақстанның Премьер-Министрі мен Үкіметі жаңалықтарынан хабардар болыңыз — ресми Telegram-каналға жазылыңыз

Жазылу